Әдебиет
Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.
Қалекеңнің үйінде
Қалекең үйіне біз екінді әлетінде келдік. Құжыраңдаған қара шал, білекті сыбанып жіберіп, дәрет алып жатыр екен.
— Жоғары шығыңдар, балалар! — деді.
Бұл жақ Қостанай елінің әдетіндей, келген кісіге көрпе салуды білмейді. Қай үйге барсаң да сәкі. Сәкінің үстіне ескі-үскі алаша, киіз төсей салады. Малдас құрып отырсаң, тақтай тобығыңа батып, әрі-беріден соң тыпыршып көлбеуге айналасың. Үй иесі әйел аласа аяқты дөңгелек үстелді әкеліп, алдыңа тартады. Бұл - тамақ ішетін үстел. Бұған жазу жазуға да болады. Мұнысы кентке еліктегендік. Бірақ, кемістік бар: мына үстелдің аяғы биік болса, келген кісі отыра кеткендей жай тақтайдан-ақ істелген, орындықтар болса, тіпті келісті болар еді-ау.
Қартаң тартқан қара торы әйел, көне дастарқанды үстелдің үстіне төсеп жатып, Қали отағасыға көзінің қиығымен қарап алды:
— Намаз оқитын болсаң, оқысайшы, шай қайнады,— деді ақырын ғана.
— Әкел, әкел шайыңды, балалардың қарны ашып отырған шығар,— деп Қалекең қалбаңдап, қант әкеліп шағуға кірісті.
Күн батып барады. Енді кешіксе, екінді намазы өтіп кетпек Қалекеңнің дәреті — екінді дәреті ғой. Енді неге оқымайды?
— Шайға үлгіресің ғой, намаз оқитын болсаң, оқып ал,— деп әйел тағы құлақ қағыс қылып еді, Қалекең бізге қарап арсалаңдап күлді:
— Әй, шырағым-ай, ағаңдікі қай бір сопылық дейсің, әшейін бір әдет қой, оразасын ұстамағанда, намазын қай бір оқып жарытады дейсің. Өзім молданың алдын көрген адам емеспін, ертерек кезде `ақсақ молда` дейтін болды. Бір жағынан `тәуіптігі` де бар ма еді, қалай еді, сол кісі намаз үйретем деп бірсыпырамызды намазға жыққан болар. Содан бері ара-тұра оқитыным бар. Әдет қой, болмаса сонымен жұмаққа барады екем деген ойым жоқ...
Қалекеңнің мұнысы риясыз шығар дедім, өйткені өтірік айтатын кісінің түрі емес, бұрыс болсын, дұрыс болсын ойына келгенін айтып салып, қарап тұратын кісінің кейпі.
— Шырағым, іздеп барып жолығатын бала едің, жақсы келдің, сізден сұрағалы жүрген бір сөзім бар,- деді Қалекең салмақтай сөйлеп.
`Қойсаң еді, бүлдіріп алып жүрерсің, сөз білуші ме ең сен`— деген пішінмен әйелі Қалекеңе қарады.
Сұрауға кірместен бұрын Қалекең бірсыпыра өзінің тарихын айтып алды: әкесінің әкесі, ата-бабасы, тіпті айта берсең жеті атасынан бері кедей екен. Кедейлік орнаған тұқым екен. Қожақмет деген бір жақын ағасы 21-жылғы аштықта қаңғып кетіп, содан бері дерексіз екен. Өзі ептеп тігін тігіп, сонымен тамағын асырап келеді екен.
— Асқан өнер болмаса да, шүкір, тамақ асырарлық жайым бар. Мына көрші қаланың келіп орнағаны біз сияқты кедейге жақсы болды: кәсіп табылды, жетпегенімізді алып тұратын болдық... Өзім сол қаланың тігінін тігіп, қыстық азығымды жиып алумен келем,— деп бұл жағын бір сүре әңгіме қылып өтіп, Қалекең енді негізгі мәселеге, өзінің сұрауына көшті:
— Үкімет өзіміздікі, үкіметтің бастаған жұмысын шын ынтамызбен құттықтаймыз... Осы біз ғой кәлектип болып жатырмыз. Малды ортаға салып жатырмыз. Қарсылығымыз жоқ, көппен көрген ұлы той. Менің жалғыз-ақ түсінбей жүргенім бар: малдың бәрі ортаға салынды екен, ертең жаз шығады, сонда малдың ағын қалай пайдаланамыз? Тамақты бір жерден ішеміз бе? `Игілік` артеліне кіріп отырған 66 үй екеміз. Сол 66 үйдің бала-шағасы бір қазаннан неғып жарады? Осы жеріне тіпті түсіне алмай-ақ қойдым,— деп Қалекең күрсінді.
— Түсінбесең, жайыңа ғана отыр, сені біреу зорлады ма? — деп кемпірі тағы алара қарады.
Мен артельдің мақсатын, қалай құрылатындығын түсіндірдім. Калекең де, әйелі де бетіме тесіле қарап, менің аузымнан шыққан сөздің бір түйірін қалдырмай ұғып алғысы келіп отырған тәрізденді. Қалекеңе менің сөзім қымбат емес, кәлектип құрылысындағы өзі шеше алмай жүрген жұмбақтың кілті қымбат. Жұмыстың қызу кезінде астын-үстін кетіп, сап-сара жұмысты елге жұмбақ қылып қойғандар жоқ емес. Соның бірі осы Қалекеңнің түсінбей отырған жұмбағы. Бұл жұмбақ кәзірше шешіліп отыр. Колхоз құрылысы туралы шығарған Орталық партия комитетінің қаулысы талай аурудың бетін ашты. Жергілікті орындар қолмен істеген қатесін жаңа сезгендей болып, енді соны жөндеуге жан ұшырып кірісіп жатыр. Осы қатеден Бейнетқор ауданы да сау емес, малды түп-түгел ортаға түсірген! Ортаға түсірудің жөні осы деп бар малды тіркеп жаза берген. Кәлектип боламыз деп тілегін білдірген Қалекеңдер жұмбаққа белшесінен батып қала берген. Мынаның жөні былай деп айырып, түсіндіруші де болмаған.
— Біз қайтейік. Бізді адастырған өкіріктік союз,— деп аудан шулайды.
Мен Қалекеңе жаңа уставты түсіндіріп едім, мәз болып қалды:
— Міне, шешілді, міне, шешілді! — деп қайта-қайта айта береді. — Бәсе осылай болса керек еді. Түбінде біріктіріп жіберсе, кім болса да қарсы емес. Өзіңіз айтып отырсыз ғой, колхоз тұрмысы түбінде сондай қызықты болса, не керегіміз колхоздан табылып тұрса, ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда болса, ондай атты күнге жетсек, малды қайтпекшіміз? Тіпті ортаға салма десе де, өзім апарып салып жіберер ем... Әзірге балаларға сүті қиын ғой... Бір жиылыста осыны айтам деп бәлеге қала жаздадым: `Қалекеңнің мұнысы `оңшылдық` деп, `солшылдық` деп Кәреней тұра даурықты. Шырағым-ау, осы оң мен солымызды білсек, енді біле бастап отырмыз ғой, бізге не деп кінә тағатындарын білмеймін. Кеше есіттім: Көтек ауылының қатындары жиналып, өкілді ортаға алыпты: `Басқа малда жұмысымыз жоқ, кәлектипке қарсы емеспіз, бірақ сауын сиырымызды бере алмаймыз` депті. Келіндердің осынысын қарсылық деуге бола ма? Басын кессең де, енді солар кәлектипке шықпайды. Бірақ күні ертең кездескелі отырған қиындықты айтса, оны қарсылық деп білмеу керек. Кәреней құсап: `Оңшыл да солшыл` деп соға бергенмен болмайды... Құдай ұрған Кәренейге осы екі сөзіңнің біреуімен ғана айыпта десем болмайды: Жә `оңшыл` деп айыптасын, жә `солшыл` деп айыптасын.
— `Оңшыл` мен `солшылдан` хабарыңыз бар екен ғой,— деп едім, Қалекең күлді:
— Кәренейдің осынысы не деген сөз екен? — деп ауылға келген бір өкілден сұрасам, екеуі де жағымды сөз емес екен. Содан бері біреу өзіме `оңшылсың` десе, суға итеріп жібергеннен жаман қынжылам,— деп Қалекең жымың етті.
Ертеңіне жүргелі жатқанымызда, Қалекең тағы кеңесті.
— Үш бұзаулы сиырымыз бар еді, шырағым, жеңгеңмен сөйлесіп, соның біреуін өзімізге қалдырып, екеуін ортаға салмақ болдық,— деді...