22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Естай ауылы






... Күн бата Бектас ауылына келдік. Өзен бойындағы шоқы тастың түбінде, қалың көңнің арасындағы жапырайған қыстауларға іргесін тыға бес-алты үй қатар қоныпты. Ауылға жақындағанымызда ескі сабалақ жүні үстінен түспеген бұралған арық иттер ерініп үріп қарсы алды. Бес-алты бала қыстау тақырында ойнап отыр екен.

— Мына бір орыстар келе жатыр, — деп итпен бірге олар да қарсы шықты.

Шеткі қара үйдің жанында ұзын бойлы қара қатын тұр екен, ол балалардың қонаққа қарсы шыққанын ұнатпады білем, жекіре сөйледі:

— Қағынғырлар, жүргінші көрінсе алдынан шығады, базардан келе жатқан әкесі дей ме екен, — деді.

Бүкшиген бір кемпір есіктің алдында дәретін алып жатып:

— Жүргіншіде де ар жоқ, өзі жарымай отырған ауылда не бар деп келеді екен... — деп күңкілдей түсіп, ашуының аяғын «астағпыралдаға...» апарып тіреп аузын күбірлетті.

— Біз Естай дегендікін іздеп келеміз, деді жанымдағы жолдасым.

Бектас ауылында Естай деген бар. Олай-бұлай өткенде біздікіне соқпай кетпейді. Келгенде езі шықырайып адамсып болады... соның үйіне бір қонақ болып сәулетін көрейік, деп келе жатқан.

Біреуді сынау үшін қонуды мен ұнатпасам да, бір жағынан маса, екінші жағынан далаға қонғанда ішетін азығымыз болмағандықтан Естайға қонуға мен де көндім.

— Естайдың үйі қайсы, — деп балалардан сұрасақ, мұрнынан боғы аққан қара балалар «айтайық па!» деп екі ойлы болғандай біріне бірі қарады.

Қайтадан сұрап едік, балалар тағы үндемеді. Балалардан түңілген сол жолдасым есік алдында тұрған қара қатынға қарай бұрылып еді, Естайдың үйін сұрай бергенде-ақ, есітпеген адамға салынып үйіне кіріп кетті.

Ендігі қалған кемпір. Кемпір дәрет алып жатыр. Кемпірден сұрап білмесең, басқа айтатын адам жоқ. Жолдасым одан «Құдағи»деп Естайдың үйін сұрады.

—Қайдағы құдағи, неше қызыңды беріп ең. Одан да «шеше» деп сұрасайшы! деп мен оны тәлкек қылдым.

Кемпір байғұс жөнін айтты, қара үйлердің орта шеніндегісі Естайдікі екен.

* * *

— Ойпырым-ай, сендер ме едіңдер! — деп жолдасымды көргенде Естай орнынан ұшып тұрды. Жақсы таныс екен...

Кішкене ғана қараша үй, төрінде бір-екі ескі абдыра бар. Бір-екі ескі тулақты төсек қылып төсеп қойыпты. Үйдің оң жағында да, сол жағында да бүркеніп жатқан адам бар. Ыңқылдайды. Ауру... ауруды керген соң жүрегім тітіркенейін деді.

Естай дегеннің қатқан қара шоқша сақалы бар. Екі қолын шолтаңдатып көтере береді. Астындағы төсеулі қырық жылғы көне тулақты қайта-кайта қолымен сипап тазалаған болады. Қолымен сыпырған сайын тулақтың шаңы бұрқ-бұрқ ете қалады.

— Қасымжан қайда екен, үйді бір сыпыратын еді. Сіздерді келеді деп ойлаған да жоқ едік, — деп дайындығының жоқтығына кешірім сұрағандай болды. Содан кейін өзінің күйін айтуға кірісті: үйінде аурудың бірі өз әйелі, бірі келіні екен. Екеуі де көптен ауру екен, — әйел ауырған сол үйде береке бола ма?, Азып-тозып отырғанымыз, оның үстіне мал да жоқ, — деп күрсіңді. Жолдасым ауруының түрін сұрап еді:

— Басында қотыр болып еді... бәріміз де болдық. Содан мына келініміздің көзі кетті. Мына қатын қыстан бері әр жерінен тесіліп жатыр, — деді.

Ішім шұрқ ете қалды, «сифилис» екен дедім. Сифилис бар үйге неғып қонарсың, ығысуға айналдық.

***

Салқындап отыруды сылтау қылып тысқа шығып, арбаның қасына отырдық. Естай бірге отырды. Қолын тарамдап, бөркін ысырып қойып, жоқтан-бардан сөз қылып отырды. Өз ауылының жайын әңгіме қылды. Бұрын бай, басты ауыл болған екен, алдымен басы кетіпті. Ауруға шалдығып төрт-бес жылдан бері коп адамдары өліпті. Бір жағынан жұтқа шалдығып, малы бітіпті.

— Бір кезде Жалбыр тұқымы деп даңқымыз шығып еді. Он бес шақты үй едік. Осы ауылда жүзден аса жан болушы еді. Содан қалып отырған бес-алты қараша үй, деп Естай күрсінді.

— Қазірде қанша адамдарыңыз бар, — деп сұрап едік:

— Бала-шағасымен жиырма-отыздан аспас, — деді.

Қасымжан деген жас жігіт, Естайдың інісі екен. Бұл да сыпа, бірақ сыпалығын жара бұзып түр, мұрнының орта жері тесілуге бет алыпты, ажары қатыңқы...

Естай әлгі мені еспелей отырып бір кезде інісіне бет бұрды:

— Мына қонақтарға өлең айтшы, көңілі көтеріліп отырсын, — деді.

Мұнысы ауруды, құрып жатқан ауылды көріп ренжігенімізді білген секілді еді...

Қасымжан домбырасын әкеліп, зарландырып тартты. Қараша үйдің қайғысын, ауылының ауыр күйін домбыра күй қылып сарнап отырған секілді. Күй ырғағына Қасымжан да түсіп домбырамен бірге қозғалады.

Бір кезде өлеңге кірісті:

«Көк атым күнде мінсем арымайды,

Көңілім қалайынша налымайды.

Меңдеген дерт бойды алып, еңсе түсіп,

Қанша дару қылсам да дарымайды...»

— Ержан деген бір тәуір жігітіміз бар еді, ауырып жатқандағы соның шығарған өлеңі ғой, — деп Естай түсінік берді.

Қасымжан мұны арнағандай қылып айтып отыр, нақ осы күй Қасымжанның, ез басында бар. Ауруы меңдеген, анау-мынау емді елейтін емес...

Домбыраның сарыны, Қасымжанның қарлыққан даусы есіткеннің құлағын елеңдетерлік. Бірақ елең етіп өлең тыңдауға келген адам болмады, тегінде осы ауыл адамдары жалпағынан ауру, өлеңмен жұмыстары аз-ау дедік.