22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Заман






Заман кімге күле қарап жүр: мыңды айдаған байды, үріп ішкен мырзаны. керіле басқан кербез сұлуларды табанына шәліні илеп жүн қылып, ішер ас, киер киімге зар қылып жүр.

Қырық үйлі қарық болдың ішінде Жайлыбайдан артық кім бар еді? Жайлыбайдың әкесі Сырлыбай — «Киелі бай, түйелі бай» атанған төртбақ келген, жұмыр, жуан кісі еді. Сырлыбай өлген соң қырық үйлі қарық болдың ішінде Сырлыбайдың аруағын аттаған бенде жоқ: кемпір-шал намаз артынан бата қылғанда «Сырлыекеме тие берсін» дейді; үлкен-кіші сапарға шыққанда Сырлыекесінің аруағына сиынады. Жас қатындары басын кесіп алса да «сыр» деген сөзді ауыздарына алмай, «сырлы аяқ» дегенді «бояулы аяқ» дейді. Бала таба алмаған қатындарға емші кемпірлер Сырлыекеңнің таспиғын суға шайып береді. Сөйтіп заманындағы Сырлыекеңнің өзі де, аруағыдасыр бере қоймаған.

Оның бер жағында Жайлыбай болды. Аруақты атаның баласы бай еді, төрт түлігі сай еді. Жұрт айтқанына көнді, айдағанына жүрді. Ел арасында сыйлы мүшесі, әкімдік билігі Жайлыбай қолында болды.

Жайлыбай кіріспеген іс — іс болудан қалды...

Заман құбылмалы дейді қарттар. Құбыла келе түрлі күйлер шығарды. Жұрттың астын үстіне келтірді, сұрапыл лайсаңда аяқ-бас, бас-аяқ болуға айналды. Көппен бірге заман шалығы Жайлыбайға да тиді: қоралаған мал бітті, қотандағы қой кетті; мал біткен соң сөн бітіп, әкімдік биліктің қызығы қалмады.

Жайлыбай өзінен-өзі сырылып шетке шыға бастады. Бір кезде бас иіп шұлғып, айтқанынан шықпайтын жұрт тілін.сирек алуға айналды.

Кедейлер басынды.

Жайлыбай басылды.

Оқта-санда еткен күнін көксеп:

— Ой-қой, заман! — дейтін болды.

Бір айналдырған құдай шыр айналдырады, шыр айналдырса, тым айналдырады. Ата бағынан, мал дәулетінен айрылып, ендігі мақсаты аштан өлмей тамақ, асырау болып отырған Жайлыбайға ауылнай мықты кесір болды. Нәлөкті көп салады, жиынның бәрін Жайлыбайдың ауылы істейді.

Жайлыбайдың бәйбішесі кең пейілді-ақ адам ғой, шыдайын десе де жаны төзбеген соң:

— Жұрт құдайды неге ойламайды екен. Бізде не қалды деп жүр екен, дейді.

Желіккен кедей бетің бар — жүзің бар дей ме. •

— Берсең өзімізден жегеніңді бересің. Баяғыдан бері төбемізге көтергеніміз аз ба еді?! Біз үн шығармай-ақ шыдап ек қой, — дейді.

Бұған шараң бар ма?!

Бақ малда деген рас-ау, малы кеткен соң бағы кете бастады. Киелі атаның баласы деп жұрт сыйлауын кемітті... Қойшы-қолаңның қатындары да бояуды «сырға» айналдырды.

— Аруағыңнан айналайын қайран атаекем-ай, киелі атын жаман-жәутіктерге қол жаулық болды-ау! Ой-қой, заман!.. — деген бай мен бәйбішенің жүрегі қарс айрылды.

Өзгерген заман өзгергендігін қылады, Көңілге ұнайтын бір іс жоқ, заман өзгерген.

Міне, сайлау, жұрт жиналған. Жиынға келетін кілең жарлылар, ши аяқ балалар жиналған. Бұрынғы кең құрсақ билердің, кербез мырзалардың орнына, тері киген, бұрынғыдай үлкенге сез беріп, әдеппен тыңдап отыруда жоқ; жап-жас балалар сақалы қауғадай біреулерге:

— Жұрт бүлдіргіш, жебір жауызсың, — деп шақ ете қалады. Мынау шетте отырған, арық пішінді, шоқша сақалына ақ кіре бастаған Байқасқа. Бір кезде аруағы арындап жұртты аузына қаратқан еріңнің бірі еді. Ендігі қалпы мүгедектікке айналған.

Көптің сөзіне қосылып бірдеме айтайын деп еді:

— Сізге сөз берілмейді, шешендігіңізді ұсталған ұрыны босатуға жұмсамаңыз! — деп біреуі жекіріп тастады.

Бай болмаса да, байдың салтанатын құрып елге бас болуға тырысып жүрген Ерқожа «мен...» деп шығып сөйлей беріп еді:

— Ерқожа ұры ұстайды, ұрының серігі, — деп жұрт шу ете қалды.

Қайтерсің.

Заман бұзылған!

Талдырмаш бақа сары жігіт әкімсіп книге көтеріп жүр.

— Жайлыекең қайда?

— Жай сұрадың ба?

— Соттан қағаз бар.

— Не қағаз?

— Малайыңызға ақы бермеген екенсіз, сол ізденіп сізге мың сом алтын «решение» салғызыпты...

— Бұл не деген сұмдық! Апыр-ау, құдайдан қорқып, аруақтан ұялмағандарың ба?!. Өгешеден-бүгеше малай ақысын бермеген үшін мың сом алтын айып тартқан кісі көрдіңдер ме?!

Жайлыбай жылады. Бәйбіше дауыс қылды. Бір кезде алты алашты тітіреткен «Жайлыекеңнің» қара шаңырағы, көне тартқан құрымы айыпқа төленуге айналды.

Ой-қай, заман, заман!..