22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Өңгелбай






Өңгелбай биылғы сайлауда болыс болды. Мұның болыс болушылығына жұрттың көзқарасы бір-ақ түрлі:— Қайткенмен еті тірі, пысық, табанды. Олай деушілікке себеп — Өңгелбайдың азырақ шикілігі бар.

Бұдан 4-5 жыл бұрын қатардағы дәулетті үйдің бірі болған. Жалпыға келген жұт Өңгелбайды да ақ сирақ қылып кеткен. Әсіресе, өзі қатарынан мұның құлдилап кетуіне себеп: ол жылдары елде карта ойыны көп болып, Өңгелбай `кон` деп жүргенде малдың біткенін бір-ақ білген.

Өңгелбай жынынан айырылған бақсыбай бірер жыл бос жүріп байқаса да, қысқа жіп күрмеуге келмей бара жатқан соң, ежелден келе жатқан ептілігіне салып, атқа мінген.

Түрлі жиналыстарда, ауылнай сайлауларында кедейдің жағына шығып, байларға шоқпар дайындаған.

Бұрын `кедей` десе жынданатын жұрт, осы күні `байсың` десе жым болып жүр ғой. Кедей мен байдың айырмасын жалпы жұрттың түсінуінше, мал екенді айдаған мырзалардың бүкіл малы жұтаса, `кедей` болып шыға келуі керек. Өңгелбайдың өзінің түсінігі де, Өңгелбай туралы жұрттың түсінігі де осы.

Кедей — жалшылар ұйымын сайлағанда Өңгелбай солардың қақ ортасында болған. Оған кейін тұр дейтін жан жоқ. Кейін тұр дейтін еді, қай бір бұзаулы, бір атты кісіні неменеңе бай дерсің.

Биыл сайлау басталғанда Өңгелбай кедей-жалшы ұйымының мүшесі болып үлгерген. Кедей-жалшының азынан сөз сөйлегенде таңдайы тақ-тақ етеді.

Бұрынғы болыс орнынан түсіріліп, кедейлердің арасынан болыстыққа адам іздегенде Өңгелбайдан басқасы жарамайтын болып шығады. Әрі пысық, әрі қазақша хат таниды. Әліпті таяқ деп білмейтін қалың көпшілік арасынан жазу танығыш бір кедей тауып сайлаған соң, сайлаушының төбесі көкке жетіп қайтпай ма?

Міне, содан бері Өңгелбай болыс. Бірен-саран байлар — жуандар бір кездегі үзеңгі жолдасы таққа мінген соң, қайта-қайта құтты болсын айтқансып, бағының таймауын, әкім алдар ісінің былықпауын көздеп, баяғы болысекеңнің писары Алексейді хатшылыққа ұсынған.

Шұбартөбеде Алексейді білмейтін кім бар?

Алексей Иванов дегенде бір кезде жұрттың ішкен асын жерге қоятын да кезі болған. Сол Алексей хатшы жұмысын қолына алғаннан бері бұрқырап кетіп барады. Талай адамға `бротокол`1 жазылды, талай адамға `постанауление`2 кезде жазылып жатыр.

Алексей жазып болып, судырлатып орысша оқығанда, бір ауызына түсінбегендердің де айызы қанып:

— Шіркін, Алексейдей жазатын адам бар ма екен!— деп риза болысады.

Өңгелбайдың үйі ертеңгі шәйін ішіп отырғанда Кемелбайдың малайы кіріп келді. Ашулы, сұп-сұр дүлей ғой, келе Әлекеңе арызын айтып жатыр:

— Менің мазам кетті. Кетейін десем ақымды бермейді, кетпейін десем боқтап, ұрып-соғып, мазамды алып барады,— деді.

Алексейдің мұрты тікірейіп кетті.

— Маған айтпа арызыңды, сотқа айт. Сендерді табыстырмақ түгіл, жоғарғы өкіметтен келген қағаздарды да бола алмай жатырмыз.

Өңгелбайдың үйіне биылғы сайлауға келген жігіттің `ауылдық-болыстық кеңсе адамдары ел ішіндегі кедей-жалшылардың жалыбына3 айрықша назар салсын` деген сөзі түсіп кетті. Сондықтан Алексейдің сөзін жұртқа қаратып:

— Көп басты қатыра бермеңдер. Іс те көп, мойын бұра алмай жатыр,— деді.

Өңгелбай үстелдің басына келіп, Алексейдің дайындаған қағаздарына қол қойып жатқанда, 2-іншінің ауылнайы келіп: `Здрасти, Алексей Иваныш!` деп хатшының қолын алды.

Орыс шіркін басшы-кеңесімен бейнелеп амандасуды біле ме, салғаннан-ақ жұмысты тықсыра бастады:

— Спесіктерді әкелдің бе?

— Бұйрықтарыңды әкелдім, спесік жоқ,— деп ауылнай бүктеулі қағазды үстелге тастай берді. Әлекеңнің қолымен жазылған сұп-сұлу орысша қағаздың үстіне қиқайтып-сиқайтып қазақша бірдеңе деп жазып қойыпты. Қазақша тілін әдемі білгенмен, жазуды танитын Әлекеңде құдірет жоқ. Не екенін біле алмай сұрланып кетеді.

— Бұл не, мазақ қылғыларың келді ме?— Алексейдің ажарынан ауылнай қорқайын деді. Сондықтан кінәні хатшысына аударды:

— Хатшысының ісі. Орысша жазылған бұйрықты орындауға міндетті емеспіз дейді.

— Арестую!— деп Алексей жұдырығымен үстелді қойып қалғанда, ауылнай селк ете қалды.

— Бұл қай азаптарың? Жоғарғы өкімет бізді қысады,—деп Өңгелбай Алексейдің алдындағы бұйрықты алып, үстіндегі кесек жазуды оқыды: `Ауыл` газетінің 29-санындағы губаткомның тығыз бұйрығы бойынша 1-ғинуардан бастап істің қазақша жүруі керек. Сіздердің бұйрықтарыңыз бойынша орысша спесік жіберсек өзіміз жазалы болатын көрінеміз. Сондықтан мына бұйрықтарыңызды қазақша жазып жіберулеріңізді тілейміз...`

Болыс апалақтайын деді.

— Алексей, І-ғинуардан бастап бұйрықты қазақша жазу туралы приказ келді ме?

— Никакой приказ жоқ!

— `Ауыл` газетінде бар дейді ғой. Ол қайда?

— Қандай газет?

— Қазақша.

— Бәйбіше майлыққа қағаз сұрағасын мен бәрін бергем.

Болыс қысылды.

— Қатын, ау, қатын!

— Немене?

— Газет алдың ба?

— Газеті несі?

— Антұрған, мұсылманша тасқа басылған жазуы бар қағаз.

— Алексей берген қағаздар бар еді, қол сүртіп бітірдік.

— Тіпті қалғаны жоқ па?

— Жыртық біреуімен сенің темекіңді орап қойып едім.

— Соны әкелші.

Жапырақ темекінің сопақ сабағы шұрқ-шұрқ қылып тескен бір ескі газетті бәйбіше алып жетті. Абыройға қарай, 29-нөмірі екен. Өңгелбай тығыз бұйрықтың бас жағын тапты. Аяқ жағы жыртылып қалыпты. `І-ғинуардан бастап қазақ ісін қазақша жүргізу міндетті` деген сөзді оқыды. Алексейдің түсі бұзылып сала берді:

— Менің хатшы болуымның керегі қалмаған ғой.

— Жоқты айтпа, сен кетсең, істі кім істейді?

— Қайтіп істемекпін. Бәрін алып жұрт қайтарады. Қазақша жазуды мен білмеймін.

— Бір жөні болар. Өзім дуанға барып реттермін.

— Болмайды. Кетемін, — деп Алексей киіне бастады.

— Алексей Иваныш! Алексей Иваныш!

— Алексей Иваныш!

Ұзын қара тонын бастыра киіп алып:

— Не могу, прощай, — деп басын бір шұлғып, Алексей есіктен шығып та кетті.