Әдебиет
Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.
Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры
Колхоз басқармасының бастығы Күлзайра дейтін әйел, қара, бөкебайды басына тұмшалап орап тымырайып отыратын адам. Сирек сөйлейді. Сөйлегенде дауысы зілді, ашық шығады.
— Сізден бір нәрсе сұрайын деп едім,—дейді Күлзайра.
Не сұрар екен деп құлағыңды түре қойсаң:
— Осы бізді неге әуре қыласыңдар, от басында отырып, құн шығарудан басқа, біз неменеге жараймыз?! —дейді.
— Олай демеңіз, әйелге теңдік заманы, әйел теңдігі қағаз жүзінде болмасын, іс жүзінде болсын. Сіз сияқты әйелдерді жұмысқа баулып үйрете беру керек, — десең:
— Тыныш отырғызса, сол «тендігін» сұрамай-ақ қояр едік. Баяғыңнан бері асыраған еркектер әлі де болса да асырай берсе болмай ма? — дейді.
Теңдік туралы сөзді айта берсең, Күлзайра шалқалақтап жуымайды. «Мұның себебі не?»десең:
— Бұрын мұндайды көрмеген әйел ғой, ел жұмысы оңай ма, біреу іреп, біреу сойып, басын қатырады, сосын, кейігеннен айтып отыр ғой, — деседі.
Шыны солай: Дайрабайдың көк сиыры, ұлы дауға ұласқан көк сиыр дауы кімнің болса да басын қатыратын...
...«Алғабас»артелінің мүшелері мектепке жиналсын деп хабар айтылған. Жұрт бірен-сарандап келіп жатыр. Артелье ұйымдасқан 63 үй, қоныстары төрт бөлек: бір ауыл мен екінші ауылының арасы 8—10 шақырым.
— Көлік арық, көбі көтерем, жаяу-жалпы үлгіре алмай жатыр ғой, деседі.
Артель жиылысы екі күннің бірінде болады. Өкіл қаптап кеткен кезде күніне екі рет жиылысы болып қалуы да мүмкін.
Coнау 10 шақырым жердегі мүшелер бұл жиылыстың бірінен де қалмайды.
Бүгінгі жиылыс — бұрынғы жиылыстардан өзгеше. Бүгін артельдің жаңа уставы тексеріледі: уставтың қосымшалары әңгіме болады. Жаңа уставта толып жатқан өзгешелік бар, колхозшылар өміріне сәйкес келе кетейін деп тұр. Бірақ осының өзін тарсынып жүргендер бар.
— Ерік деп айғып ғой, кірмеуге болатын көрінеді той,— деп шоқпар бет қара бұртаңдайды.
«Ерік» болғанда артельден қашу керек пе?.. Қашып отырған себебін біреулер артель басқармасына жапқысы келеді:
— Артель болып едік, көз ашудан қалдық: малымызда, жанымызда ерік болмады, — деседі.
Аудан қызметкері асыра сілтеп, малдың бәрін ортаға түсіріп, артельді коммунаға айналдырыпты. Артель басқармасы мұны өзінше соқалап, мүлде кедітіп әкетіпті. Біреудің торпағын, біреудің тайыншасын, біреудің тайын албарынан шығарып алып сатыпты, сойыпты. Соның ішінде, «баласынан артық көріп» бағып отырған Ахметтің қызыл құнажыны да кетіпті. Бір өзі бір шелек сүт беретін Дайрабайдың көк сиыры да кетіпті... Жұрт үрпиіп, артелые деген ынтасы су сепкендей басыпа түсіпті... Сосын, «артелые кіру де, шығу да ерікті» деген сөзді жұрт өзінше түсініп, екінші мағына шығармақшы.
— Садуақас дейтін атқамінер қуымыз бар еді, сол кедейлердің арасына іріткі салуға кірісті: жұртты үйіне жинап алып, «артельден шығындар, тараңдар» деп ақыл беріп жатыр, — деді Жасыбай жүгіріп келіп.
Садуақас шынымен атқа мінер екен. «Садуақас ортамызға кірмесе екен!» деп кедейлер көпшілігі бір кезде оны орталарынан аластаған екен. Сол Садуақас бүгін «қамқор» болмақ! Кешегі ұйымдасқан кедей бүгін Садуақастың азғырынды сөзіне ерсе, не болмақшы?..
Астыңғы жағын мал белдеулеп жеп, шоқитан шөптің ығында үш кісі сөйлесіп тұр. Біреуі — кедей, екеуі орташаның-пысықтары. Не сөйлесіп тұр екен: артельден шықпау керек деп тұр ма екен? Әлде, шығуды мақұлдап сөз байласып тұр ма екен?..
— Ана екі қу Дүтпайды ортаға алыпты ғой, жиылысқа қайрап салайын деп тұр ғой,— деді Уәли.
Сөйлеспесін деген жоқ. Сөйлессін, шүйіркелессін. Бірақ, Уәлидің айтқанындай кеңеске кірсе, ол оңбағандық.
Жұрт жиналды. Мектептің кішкене бөлмесіне сығылыса толды. Орын таба алмағандар балалар оқитын партаның үстіне шығып кетті. Мектепке үйін жалдаған кісі:
— Партаның үстіне отыра көрмеңіздер, сындырасыңдар, — деп безің деп жүр.
— Сынса сен төлемейсің ғой, айына алатын ақшаңды білсейші, — дейді біреулер.
— Олай деме, мектеп көптің мүлкі, сынбасын! — дейді екінші біреуі.
Мәжіліс ашылды. Басқарушы сайлау керек.
— Үстелге жақын отыр екен, Ырысты бастық болсын, Әбіш хатшы болсын! —деген ұсыныс кіріп қалды.
Ырысты мәжіліс ағасы болып, үстелдің орта беліне отырды. Өзі күлімсірейді.
— Мәжілістің күн тәртібін жариялаңыз, — десең:
— Өздеріңіз айта берсеңіздерші, — дейді күлімсіреп. Дабырлаған жұртты тәртіпке шақыру керек.
— Әй, дарылдақ-ау, қойсаңдаршы, мына кісі сөйлеймін деп тұр, —дейді Ырысты.
Бір сағатқа созылған баяндама: шаруашылық артелінің не екендігі, қалай құрылатындығы, жаңа уставқа үстелген өзгерістер айтылып жатыр.
Сұрауға сөз берілді.
Менің сұрауым бар! деп, түксиген қара кісі орнына, ұшып тұрды. Ел тірі қара тымақты партаға алып ұрды. Бұл Дайрабай еді.
— Ал көк сиыр басталды! —деді жұрт.
— Көк сиырдың дауынан құтылар күн болар ма екен?
— Айта беріп қайтеді екен?
— Уа, алыс жерден келген кісі екенсің, мүмкін болса айтатынарызым бар, — деді Дайрабай өкілге.
Дайрабайдың айтқалы тұрғаны жарыс сөз.
— Жарыс сөзді қоя тұрып, алдымен сұрау болса екен! —дейді, біреулер.
— Қақпайлама, жолдас, неге қақпайлайсың? Мен айтсам мұңымды айтам. Мұңымды айтуға еріктімін!.. Мына кәзет не деп отыр. Оқышы! —деп, Дайрабай бүктеулі газетті қалтасынан суырып алды.
Сұрау сөзді доғарып, Дайрабайға елден ерекше сөз беруге тура келді. «Тәртіппен сөйле, сұрау біткен соң сөйле» десең, Дайрабай ерін бауырына алып тулауға дайын. Үйткені «көк сиырдың кегі» Дайрабайдың жүрегіне беріп болып қатқан тәрізді.
— Уа, жолдас, «Көк сиырдың дауы» деп жұрт кулер. Жұртқа күлкі болғанмен маған күлкі емес, мен жолсыз істі айтпай тұра алмаймын. Жүздерін жырта-жырта айтамын! — деп бастады Дайрабай.
— Қысқалап айт, — деп тағы біреу күңк етіп еді.
— Апырмау, енді сөйлейін де. «Ерік» дегені қайда осы? Өкіл жолдас, мыналарға айтсаңызшы сөзімді бөлмесін, — деп Дайрабай бұрынғыдан да ашуға мінді.
Жұрт жеңілгендей тына қалды.
— Уа, жолдас, мен өзім кедеймін, кедей болғанда батырақпын. Тоғыз жыл Семен аудың қойын жалаң аяқ жүріп бақтым. Өтірік десе, осы отырған ел айтсын... Кеңес үкіметі орнағалы ептеп есімді жинадым... Бірді-екілі қарам болды, үй көтеріп алдым. Өзім сияқты кедейдің бірі болып түтін түтеттім. Содан 29-жылдың басы шығар деймін, осы Жасыбайлар бас болып: «кәлауния (трактор колониясы) боламыз!» деді. Болыңдар, болайық дедік. «Кәлауниясы» болдық. 4—5 трактор келді. Тракторыңды бұрын кім көрген: құлындар үркіп, желіні суырды сауынды сиырлар үркіп, шелектегі сүтті ақтарып, әйелдерді басып кетті. Ауылдағы малдың бәрі үркіп далаға босты... Трактор жаңа нәрсе ғой, ескі мен жаңаның үйлеспей жатқаны ғой деп күлістік. «Кәлауния» болған 40 үй мен 68 үйдің жері тұтас. Бізге жерді бір жерден аудару керек. Қара томардың басынан шыға тартайық деп едік, Жәкең ауылы қарсы түсе кетті... «Өзіміз де кедейміз, ата мекен жерімізді ешкімге бере алмаймыз» деді. «Кәлаунияға кіріңдер» десек, кедейлері асқырып жоламайды. Бұл ауылда аты шулы Садуақас бар ғой, бұл соның лаңы екен дедік. Қара томардың басына тракторды әкеп қаптатып едік, манағы қарсы болған кедейлер бақан-сойылын сүйретіп әкелді. Бізден төбелесетін адам шықпаған соң, жерді жыртқызбаймыз деп трактордың алдына кесе-көлденең жатып алды. Жатқандарын жолдан көтеріп тастадық... Осыным өтірік десе, мынау отырған Жасыбай айтсын. Коммунист қой, жасырмас... Содан трактор 20 шақты күн жүріп, 200 десе жер жыртты. Тұқымның кемін қазына берді. «Осы егін шығатын күн болса төбемізден олжаға батамыз ғой» деп мұртымыздан күлеміз... Бір кезде егін пісті. Жиналып бір жерден ордық. Бастық өлшеп едік, жеті мың пұт астық шықты! Бұған нанарсыз ба? Бұл кедейдің көрмеген байлығы ғой... Бірақ осы байлықты көз көріп, қолымыз ұстамаған сияқты болды. Оның себебін айғайын, жолдас. Жеті мың пұттың ішінен 2500 пұтын алдағы жылға тұқымға деп шығардық. 35 процентін «кәлауния» алды. Ішіп-жеуімізге 12 пұттан тиді деп еді, «Қазақстанның тәртібі өзгеше екен, Қазақстандағы артель мүшелері жылына жеті пұттан ғана алады екен» деген шықты. «Кедей, жарысасың» деді. Жарыстық, екі-үш пұттан астық бердік. Осы астықтың ақшасын күншатыстағы қызыл әскерлерге сәлемдемеге жібердік. Мұны шын жүрегімізбен істедік. Аз нәрсеміздің көпке жарағанына өзіміз мәз болып қалдық... Сүйіп отырғанымызда «Сақтық қор» деген шықты. Одан да бас тартқан жоқпыз, бердік. Әйтеуір тұқымы дайын ғой, ішудің бір жөні болар дедік. Қолдағы азық бітіп қалып еді. Сатып алатын күш қайда... Оның үстіне артеліміздің түрі өзгеріп кетті. Жасыбай былғыр «кәлаунияға» кіргізгенде, адам күші мен жұмыс көлігі ғана ортақ болады деп еді. Ауданнан бір дудар бас өкіл келіп (өзін «төтенше өкіл» деді ме — бірдеме деп еді) «Малың да ортақ, жаныңда ортақ, үйің де ортақ» деп әлекті салды. Бұзау-торпақта, көк сиыр да ортаға түсіп кетті де барды... Әңгіме — малдың бәрінің ортаға түсуіңде емес, мына тұқымды табуда болды. «Осының жөні қалай, біздің тұқымымыз дайын еді ғой?» деп күңкіл десеміз. «Жоқ, табасың!» деп өкіл қыса түседі... Тағы бір қызығы бар; мен өзім басқа тапшы адаммын. Бір үйде жеңгеңмен екеуіміз ғанамыз. Жаның аз болған соң, бір-екі малың, бір-екі десе жерің болған соң салыққа ілігіп кетеді екенсің, бір сом 70 тиын салық түсті маған. Осы салық қырсық болып жабысып, тұқымды салық тартқандарға пай қылып бөлгенде, маған 21 пұт тұқым қоры түспесін бе! Ал, Дайрабай, енді белсенді болып кер! 21 пұтты төлеп құтылмасаң белсенділік қайда? Жан мұрынның ұшына келді. Сатып алуға ақша жоқ, айналдырған екі қараны коллектив жазып қойған, маңына да бара алмаймыз. Қатынның үйінен келген көнетоз кілемі бар еді, сатайын десем қатын бажылдап маңына жуытпайды. Енді не қылмақ керек...
— Апырым-ау, біздің тұқымымыз дайын емес пе еді? Осы, биылғы тұқымымыз қайда? Сонау кілетке 2500 пұт астықты тазалап тұрып құйып, күні-түні күзетіп отырған жоқпыз ба?.. — деймін.
—Онда жұмысың болмасын, ол загатовканың астығына есеп болып кетіпті. Аудан солай қылыпты, — деседі.
Дайрабайдың еңсесі түсейін деді, «белсенді» жойылайын деді. «Адал кедей болам десең 21 пұтты төлеп құтыл» дейді өкілдер. Батыр-ау, шамасы келсе, қолында бар тұрса, Дайрабай кедес үкіметіне арам кедей болар ма? Шамасы келмеді, табылмады, сонда не қылмақшы, арам болмақшы ма?..
Үйде тұра алмадым. «Арам кедей боласың!» деген сөз жүрегімді тітіркендірді. Жан ұшырып іздейін, не қылса да, «адал» болуға тырысайын дедім. Бірақ ақша жоқ, кім берсін, салым суға кетіп үйге келіп отыр едім, қатын мазаны ала түсті:
— Азық бітті, тамақ тап! — дейді.
Тұқымның үстіне тағы азық іздеу керек!
— Жаяулықтан өлмеспіз, күрең атқа айырбастап соғым тауып алып сой, —дейді қатын.
Тірі болып күрең атты қолдан шығарамын ба? Тап соның ертеңіне, өзім кейіп отыр едім, Сейіт келіп:
— Көк сиырды контрақа,—деді.
— Көк сиырда қандай әкеңнің құны бар? — дедім.
— Тіліңді тарт, жолдас, қарсылық қылсаң, алушыға сиырды бермесең, мал әзірлігіне қарсылық қылған адам деп сотқа береміз, — деді.
— Оның ар жағында беретін орның бар ма?—деп едім, қалам қағазын даярлап жаза бастады.
Сотқа бергелі жатыр екен дедім. Соттың ар жағы түрме ғой. Түрме менің көрмеген орным ба, 25-жылы, айғырымды ұрлады деп жала салып, Есмұқамбет мені түрмеге салдырған болатын... Түрмеге кіріп барсам, кәдімгі өзіміздің ұры Қойшығұл сонда отыр екен: «мені ұры деп көрсеткеннің бірі сен едің, бәлем қолыма түстің бе?» деп Қойшығұл жұдырықты салмасын ба... Сондағы түрме, сондағы жеген таяқ көзіме елестей қалды, өзім ызақормын, ашу қысса, көтеріліп кетемін.
— Ә, бәлем-ай, баратын сотқа сені бір жайлы қылып барайын! — деп, Сейіттің үстіне міне түстім...
Басқарма адамына қарсылық қылды деп, ертеңіне мені осы отырған басқарма ауданға жаяу айдады... Күн суық, боран. Жел алдымыздан... Арық қара кердің орта белінде жарбиып Күсебай келе жатыр. Күсебай дейтін— мына отырған бұжыр, мені айдаған осы... Жаурап, әлсіреуге айналған соң:
— Мына ауылға барып жылынайық,— деймін Күсебайға... Мұның бір қалшия қалатыны бар:
— Болмайды, срочный апар деген,—деп Күсебайкөнсейші...
Ашу керней бастады. Бұрылып қарап қоям, Күсебайым қиқайып келе жатыр, қолыңда қамшыдан басқа дымы жоқ, бір кезде жалт бұрылып жабыса түстім, Күсебайды аударып тастап, қара керге өзім мініп тартып бердім...
Ауданға келдім. «Түрме қайда?» деп көрінген адамнан бір сұраймын. Бетіме ажырайып бір қарайды да бәріде өте шығады. Мекеме басындағылардан сұрап көрейінші деп жағалап келе жатыр едім, еңгезердей бойлы сары жігіт алдымнан өте берді. Қолыңда папкесі бар. Бастықтың бірі болуға тиіс деймін, бірақ менің бұрын көрмеген жігітім.
— Шырағым, түрмелерің қайда болады? — деп едім, бұрылып қарады да:
— Жай сұрадыңыз ба? — деді.
Мен түрмеге жатуға келгенімді айттым.
— Бай ма едіңіз, жатуға жалғыз келген себебіңіз қалай? — деді.
— Кедеймін, шырағым, 3-ауылдағы бір кездегі Дайрабай белсендің менмін. Басқарма мүшесін сабадым. Жолда айдап келе жатқан орындаушының атын аударып міндім, сонымен жалғыз келгенім, — дедім...
Бетіме бірсыпыра қарап тұрды да:
— Мекемеге барайық, жүріңіз, — деді.
Райком үйіне апарды, үстел беріп отырғызды. Өзі қарсы алдыма отырып:
— Қане, басынан сөйлеңіз, — деді.
Мед соға бердім, ол тыңдай берді. Бірсыпыра сөзімді жазып алып жатыр... Әлде слидитель ме екен, менен жауап алып жатқаны несі деп те ойлаймын. Бірақ, слидительдің жауап алғаны бөлек болушы еді, жауапқа кірісерде, алдымен ата-бабаңнан қазып сұрап алушы еді...
— Сізді ұстауға ешкімнің қақы жоқ, өзім тексерейін, сіз үйіңізге қайтыңыз, — деді әлгі жігіт бір кезде.
Қуанғаннан күлімсірейін дедім. Жөнін сұрап едім, райкомның жаңа келген хатшысы екен. Енді мұңыңды айтуға кірістім:
— Шырағым, 21 пұт тұқым пәле болып жабысты маған. Төлемесем «арам кедей» болатын көрінемін. Осы мені «адалдап» алуыңызға болмас па екен? — деп едім:
— Артық астығыңыз болса, төлеңіз, жоқ болса, таба алмасаңыз қысылмаңыз, адалдық осы, — деді...
Ауыз сөзіне сеніңкіремей отырып едім, орнынан тұрып барды да, бір газетті алып келді: «тұқым сұрап орынсыз қысқан адам болса, осы газетті оқытыңыз, осының ішінде орталық партия комитетінің қаулысы бар» деп, газетін маған берді. Сондағы берген газеті, — деп Дайрабай «Кедес ауылы» газетін обыратып жаза бастады.
—Өзім хат танымаймын, мен туралы айтқаны осы бір жерде болса керек,—деп Дайрабай газетін ұстап өкілдің қасына келді.
Отырған жұрт дабыра сөзге кірді.
— Жолдас өкіл, Дайрабайдың арызын тыңдайсыз ба, әлде жиылыстарыңызды өткізесіз бе? — деді біреу.
— Осындай арыз бәрімізде де бар. Дайрабайдан тыңдасаңыз, бәрімізден де тыңдарсыз, — деді екінші біреу.
— Менің ұсынысым — арыз тоқталса екен, алдымен жиылыс өткізілсе екен. Күн кеш болып барады. Үйде өзімізден басқа мал қарайтын адамымыз жоқ. Көтереміміз бар, арық-тұрағымыз бар, жаман мезгіл, соқтығып, өліп қалуға мүмкін, — деп бір кісі уайым соқты.
Дайрабай даурыққанмен, көпшілік жеңіп арыз тоқтатылып, сұрау басталды:
— Осы коллективтен шығуға бола ма? — деді біреу.
— Болады.
— Мен шығам.
— Себебі?
— Себебі мынау, —деп әлгі кісі ілгері таман келді. — Дайрабайдың кебі менің басымда да бар, мал-мүлікте ерік болмады. Биыл тіккізіп киген бір жаңа тоным бар еді, ең арғысы соған иелігім болмады. Қайранбай дейтін ініміз ауданға баратын едім деп бір сұрап киді де, қайтып берместен кетті. Берірек келген соң сұрасам: «жұмысың болмасын, мүлік ортақ» деді. О да ойыншық. Атам өлсе атамайтын бір семіз алатайым бар еді. Жақсы айғырдың баласы еді, түбінде жақсы ат болады ғой деп жүретін едім... Бір күні қатын даладан ойбайын сала кірді: «ала тайды әкетіп бара жатыр» деп, жүгіріп шықсам, басқарманың адамдары.
— Ау, қалай алып бара жатырсыңдар, себебін айтсаңдаршы, — деген едім.
— Мал сенікі емес, коллектив малы, кедейлерге сойып береміз, — дейді... Не дерімді білмей ақтарылып тұрып қалдым. Ала тай шырқырап ол барады, енесі шырқырап албарда ол тұр. Адамнан артық көріп бағып тұрған мал. Сойып, етін жесем, менің тамағымнан өтпеп пе? Менің дәулетім — қанша екенін осы отырған жұрттың бәрі біледі. Сегіз қара былтыр да бар еді, биыл да бар. Күзді күні орыстың бір мәстегін сатып сойдым. Осы күні үйде ет жоқ, екі сиырым бұзаулап еді, соның ағын талшық қылып отырмын... Азығы таусылған кедей жоқ демеймін, бар шығар, табылар, бірақ ала тайдың еті сол нақты кедейге тиіп отыр ма? Біз күн ұзақ маңдайымыздан тер сыпырып жүріп кесіп істегенімізде, әлгі тегін жегендер ауыл қыдырып бос жүрді...
— Ол кім, ашып айтсайшы, —деді қасындағы біреу.
— Ашып айтса несі бар, айтам: Ер жақыпты қайтесің? Ержақып кесіп істеді деп айта аласың ба? Тепсе темір сындыратын жақсы-ақ жігіт. Жаз кесіп істесе, айналдырған үш жанға азық тауып алмас па?!. Міне, осындайларды тексерсеңіз екен... Сондықтан мен шығамын деп тұрмын, — деді.
— Жолдас өкіл,—деді тапал бойлы сары кісі, — коллективке еріксіз кірген кісілер шыға алады деп жазыпты газетке, соны сіздер қолданасыздар ма?
— Әбден қолданамыз.
— Орташа дәулетті адам шығамын десе, ұрыспайсыз ба?
— Ұрыспаймыз.
— Ендеше мен шығам. Неге шығатынымды мен айтпаймын, сіз сұрамай-ақ қойыңыз.
— Айтсын айтсын, — деген дауыстар шыға бастады.
— Жолдастар, зорлау жоқ деген үкіметтің ұранына сүйенемін, зорлауға қақыларың жоқ...
— Ол кісінің шығатын себебің мен айтып бере алар едім, — деп Жасыбай орнынан тұрды.
— Айтсын ба?
— Айтсын!
— Жасыбай айтпасын, өзі айтсын.
— Жоқ, Жасыбай айтсын!..
Бір сыпыра жаң-жұңнан кейін Жасыбайға сөз беріледі:
— Жолдастар, мен басынан айтамын, —деді Жасыбай, мұрнының ұшы тершіп. — Бұл азаматтың аты Айсары, әкесі Жанбура деген кісі. «Жанбура атқа мініп билік құрғанда, ел сілтідей тынды» дейтін шалдар...
— Әкесінде нең бар?
— Жасыбай жүрген жер бүлік!
— Жасыбай араздықпен айтып тұр,—деген сөздер көтеріліп кетті.
— Жоқ, жолдастар, мен араздықпен айтпаймын, білгенімді айтамын, Жанбураны білмегенмен Айсарыны білемін, Николай кезінде Айсарының алты жыл ауылнай болғанын білемін; ауылнай кезінде параны түйдек-түйдегімен алғанын білемін... Жалғыз мен емес, бәріңде білесің... Дұрыс, қазір ауқаты орташа деп орталарыңа алып едіңдер, тұзын ақтады ма? «Бүліктің басы бурылдан»деп, кедейдің арасына іріткі салып, толқытып отырған осы емес пе?.. Іріткі салмаса, үйіне неге жасырын жиылыс шақырады? Ерсілі-қарсылы шаптырып, орыс-қазақтың есебін неге жинайды?..
— Жолдас, бір ауыз сөзге рұқсат етіңіз! — деп Айсары орнынан тұрды. — Жасыбайдың мені құртам дегені жалғыз бүгін емес, бұдан он жыл бұрын еді, құдай сақтап әлі келем. Ажалым жетпесе, әлі де болса күн көрермін деймін. «Артелые кіру кірмеу ерікті» деп партия орны айтыпты ғой, мен соған сүйендім... Ал, мен кеттім! — деп Айсары есікке қарай жүрді.
— Өзің кетпесең де, кетірейік деп отыр едік, — деді Жасыбай.
— Жасыбай осы сөзін бәрімізге де айтады ғой, одан да өзіміз кетейік,—деп Өмірзақ түрегелді.
— Мен де кетем, — деп Жауке қозғалды.
Жұрт біртіндеп тұра бастады. Біреумен біреу ұстасып ілінісіп жатыр. Жаң-жұң дауыс. Жиылыс бастығы Ырысты аузын ашып аң таң:
— Батыр-ау, бұлары несі? — деді ол.
Дүрліккен жұрт бірін-бірі жетектей келе, алпыс сегіз үйдің адамынан жиырмаға жетпейтін кісі қалды. Жасыбайдың, тері самайынан сорғалай бастады. Қалған жиырма үйдің сегізі партия мүшесі, тоғызы комсомол. Партия ұясының, комсомол ұясының, сонау көпшілікке аз болса да басшылығының болмағаны ма?..
— Бұл қалай болды, — деді Жасыбай сасып.
— Қалай болсын, Айсары мен Садуақастың лады. Үгіт жүргізіп, бәрін толқытып отырған солар, — деді Дүтпай.
— Сендердің үгіттерің қалай? Ұйыстырған кедейлерің қайда? Айсары құрлы болмағандарың ба?.. — деп, өкіл оларға жармаса түсті.
— Жоқ, олай түсінбеңіз, ол қате, — деді Жасыбай терін сүрте түсіп, — біздің ұйыстырған кедейіміз жоқ емес, кедейдің арасында біздің беделіміз күшті еді. Бірақ, осы науқан қатаң тиді.
Шоқпарды кедейге салып алды. Кінәні ауданға артам, ауданның өкілдеріне артам, — деп елде істелген бір сыпыра жолсыздықтардың Жасыбай тамырын ашты...
Дайрабай үйге үрпиіңкіреп кіріп:
— Ау, сендер неғып отырсыңдар? — деді.
— Не болды?
— Не болсын, Садуақас пен Айсары жұртты иіріп, артельден шығындар деп азғырып жатыр ғой.
— Алдымен сөз шығарған, бүлік салған өзің, Айсары азғырмай қайтсін?!.
— Қой, Жасыбай, орынсыз кінәлама, — деп Дайрабай жәбірленіп қалды. Мен айтсам, артель басқармасының жолсыз жұмысын айттым. Қашан да болса айтам, райкомда да айтам... Артельден шығам деп айтқан жерім бар ма? Неге шығам артельден?.. Қуаласаң да шықпаймын!.. Әлгі Тыныбайлар қайда, солар да даурығып жүр ме? — деп Дайрабай асығыс тысқа шықты...
Жұрт сан-сапалақ: бір шығып, бір кіріп жатыр. Жамала жамала жұрттың басы тағы құралды.
— Жолдас өкіл, келетіндер келіп болды. Мен арызымды айтып бір сыпыра ашуымды тарқаттым. Ендігі қалғанын райкомге айтармын. Сіз жұмысыңызды бастаңыз. 68 үйде носы жерде 50 үй отырмыз. Бір колхозға аздық қылмас, қане, айта беріңіз, — деп Дайрабай күлімсіреді.
— Уа, құрып қалғыр, манадан бері соныңды айтсаң еді, — деді Әліш.
— Әлеке-ау, осыдан басқа менде сөз болушы ма еді? Кедейлер тобын көркейтпей, партияның етегінен ұстамай, Айсарының етегінен ұстайды деп пе едіңіз? — деді, кішкене ойланып тұрды да:
— Жолдас екіл, осы мен партияға кірсем ала ма, — деді.
— Алғанда сізді алсын, деді өкіл.
— Ендеше мен партияға кірем! Өй, Жасыбай, тізбеде жазып қой: Дайрабай 1930 жылдың 1 апрелінен бастап коммунист болды де. Отырған жұрт ду күлді. Өкіл ортада тұрып артельдің жаңа уставын оқыды.