22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Бисекеңнің үйінде






Қалмақ ерін қара сүр жігіт бізбен саудаласқысы келіп, ынтығы құрып барады. Біз аудан орталығынан Есіл бойындағы елге бармақшымыз.

— Ара қонып жеткіземін, елу сом бересіңдер, — дейді қара сұр жігіт. Таутан отыздан аспай отырып алды.

Көтеремнің аз-ақ алдындағы екі арық атты жегіп алып келді. Қара тондарды нығыздап арбаға тиеп жатырмыз. Әпірел іші болғанмен аспанның шырайы қатаң: өкпек жел ұйтқып, ұшпалы ақ бұлт төбеге келе беріп, мамықтай ақ қарын бұрқыратып шашып келіп жіберді. Жаз белгісі бар ғой деп жалаң киіммен жүрейін десең, іші-бауырың қалтырап сала береді.

Сырымбет тауының саласы қалың ағаш. Түбі ұстасқан күртік қар. Ауыл шаруасына ағаш пайдалы-ақ шығар, бірақ арық атпен жол жүргендерге онша қол емес екен. Арбаның тегіршігі белшесінен қарға шомбыса, күрең ат пен торы ат мықшия тартып барып, төрт тағандап тұрады. Не арба емес, не шана емес — осы кезде жүргеннен жексұрын не бар дейсің.

Күн бата күмістей жалтырап көктің жиегінен арқан бойы ай көтерілді. Жел құлаққа ұрған танадай тынды. Шытқыл аяз дененің әр жерін бір шымшып өтіп, мазаны ала түсті. Ағаш-ағаштың қойнындағы ауыл. Анадайдан жапырайып, манауратып, көкшіл түтіні көлбей ұшып жатқан аз ғана үйлерді көресің. Сығырайған терезеден шам жарығы жылтылдайды. Сонау үйлердің әрқайсысына да осы күні кіріп барсаң, майлы дастарқанды қоршай, төрт тағандай отырысып, маңдайлары тершіп, шайға бас қойғандарын көрер едің.

Көшір мен Таутанның арасында шәлкем-шалыс сөз күшейді.

— Атың жарамайтын болған соң әуре қылып нең бар еді? — деп Таутан кейіді.

— Мен қайдан білейін, ішіне кіріп шығыппын ба, — деп көшір күмілжіп жауап қайтарды.

Көшірдің сөзінің де жаны бар. `Мен жолда болдырамын` деп ат шынын айтты бұлаудай дейсің бе? Ақша үшін емес, бірер жейтін тамағы үшін-ақ атын бұлаудай тер қылып, ел қыдыратын қазекең емес пе?!

Аязды түнде бүлкілдеп жаяу жортқаннан әдемі не бар?! Бойың қыж-қыж қайнайды, ауыздағы демің будақ-будағымен шығады. Таза ауаны еркінше жұтып, бойың көтеріліп, өзің мүлде қунап қаласың. Әлдеқайдағылар еске түседі. Жастық өмір, балалық шақ елестейді. Көтеріле-көтеріле, көкіректі бір кенеп алып, `Жаңа ауыл` деген әнге басып жібересің.

— Иә...ә! — дейді көшір тынық түнді жаңғыртып, шыбыртқы сарт-сұрт. Аяғын шалыстанып басып келе жатқан арық аттар бөксесін зорға көтеріп, бүлкілдеп жортқан болады. Бірақ жаяудан озар дәрмені жоқ. Семіз ат болып есіп кетсе, аптама белден кем болмас еді-ау деп кейде кейіп те аласың.

Түнгі сағат тоғызда кеңсе тұрған ауылға келдік. Кеңсе хатшысы, төраға орынбасары біз түсетін үй қарастырып, бір шалдау кісінің үйіне алып келді. Шым үйдің тарлау бір бөлмесі, есік алды тар, адам аяқ алып жүргісіз, шашылған, құман, шелек, шашылған тезек, төгілген су. Ми болып жатқан кең, қазық басына таңылған бір уыс шөпті малданып жатқан қозы-лақ, бұзау.

Төр алдында теңкиіп жатқан шал `белім-айға` басып, төңкеріліп басын көтерді. Жалаң аяғын көрпеден шығарып соза көсілді.

— Уа, қайдағы балаларсыңдар? — деп кіреукеленген көзін сығырайтып қарай қалды.

— Дүріс, дүріс... солай еді десеңізші. Бәрекелді-ай, мезгілсіз келтеңдеріңді қарашы. Кемпір, тұрып бақ! — деп ірге жағында жатқан кемпірін бір нұқып қалды.

Қара кемпір бүкшеңдеп шай қойып жүр. Еншісі басқа келіні бар екен, о да келіп қолғабыс тигізген болып жатыр.

— Тамақ істетіп әуре қылмай-ақ қойыңыз, — десек.

— О не дегеніңіз, қонақты аш жатқызу масқара емес пе? — деп шал өршелене түсті.

Шалдың аты Бисембай болып шықты. Алпыстың үшеуіне келіпті. Қолы епсекті екен: тігін де тігеді, ағаш та шабады, темір де істейді.

— Балалар, биыл жаңа жұмыс істеп жатырмыз. `Көмегіңізді тигіз` деген соң, кәрілікке қарамай `Алғабас` қалқозының барлық соқа-сайманын бір өзім істеп шықтым, — деп Бисекең шал қутың-қутың етеді.

Ауыл адамдары біртіндеп жиналып құралып жатыр. Комсомолдар, кеңес мүшелері, ауыл белсенділері оны-мұны сұрап, пікір алысып отыр. Сөздің дені — егіс жайы: тұқым дәріленген бе, соқа-сайман әзір ме, көлік бағулы ма?

— Шырағым, егісіңді қоя тұршы. Баяғыдан бері салып келе жатқан егініміз ғой. Құдай берейін десе, көделі жерге сексен де шыға салады. Осы күні орташаны кәмпескелеу, қалқозға еріксіз кіргізу дұрыс емес екен дегенді айтысып жүр. Қалқоз қылған да `жырық етектер`, кәнпеске қылған да `жырық етектер`. `Қатадан кәнпескелеген екеміз` деп малымызды қайтарып берген де сол `жырық етектер`. Қараңғымыз, қарсы келуге қаймығамыз. Сіздердің алдыңызда шынымды айтайыншы: малға ие болған құрлы өзім қысылып, сорлап жүр едім, кәнпескелеп малымды алған күні көңілім жайланып, семіріп сала бердім.

Мұны айтып отырған мына бір ат жақты сары кісі. Аузы жып-жып етеді. Сөзі салаланып, шумақталып түседі. Бисекеңе қарағанда мына бір елді мүлт еткізбей меңгеріп алып кетерлік.

— Осеке, әңгімеңізді кейін айта жатарсыз, бұл кісілер әзір мұнда ғой, бүгін жатып тынықсын, — деп бізге таяу отырған тыртық бет қара жігіт Осекеңді бір қайырып тастаған сияқты болды.

— Әне, көрдіңіз бе? Осылардың өзі сол `жырық етектермен` тамырлас, — деп Осекең кекете күліп, ала көзімен оған бір қарап қойды.

— Болса, қайтеді? — деді ана жігіт.

— Қайтсін, бүлдіре бер. Әлде де алынбаған өшің болса, ана малды қайтып ал. Әйтеуір басыма ерік бересіңдер ғой, сонсын көремін да... — деп Осекең сөзін қойыртпақтатып, зілдендіріп жіберді.

Тыртық бет қара — Тайыр дейтін жігіт екен, комсомол, ауылдық кеңес хатшысы.

— Оспан кетті ғой, енді айтайыншы, — деп Тайыр сөз бастады. — Байға шабуыл жасаймыз, бай табын құртамыз дейміз, бұл үкімет ұраны. Осы ұранды орындау үшін біз не істедік? Кедейлердің жалпы жиналысына салып отырып біз әлгі Оспанды кәнпескеледік. Кәнпелескелеген дәлелдеріміз: 1) Оспан жеті атасынан уызы арылмаған бай, 2) Некәлай тұсында алты жыл бай болған кісі, 3) ауыл-аймақты сірідей бүріп, құлданған кісі, 4) Кеңес құрылысына, жаңа жұртшылық жұмысына астыртын өсекпен, сыбырмен орасан кедергі келтірген кісі, 5) ел кәллектіпке жұмылған кезде жүзден аса қарасы бар еді, бірер айдың ішінде судай сапырып, сонша малдың көзін жойып отырған кісі. Біз осыған сүйеніп кәнпескелеп едік. Бірақ, білмеймін, ауданның қандай ойы болды екен? Әйтеуір осы кісіні босатып жіберіпті, — деп Тайыр күрсінді.

— Ырыс, солай болды, — деп Бисекең де күрсінді.

Ауданның Оспанды қандай жолмен босатқандығы бізге де қараңғы. Тайырдың, Бисекеңнің, осы үйде отырғандардың қынжылуына, бет әлпеттеріне қарап отырсаң, `Оспан тегі қарадан босатылған-ау!` дейсің.

Бисекеңнің ықыласпен берген шайы бізге сары қазынадан бетер болды. Жаяу жүріп алқынғандық бар ғой, маңдайдан тер сорғалап аққанша іштік.

— Бәрекелде-ай, бұл кісілердің келетінін білгенде күндіз іздестіріп, қант тауып қоятын едім ғой, — дейді Бисекең.

Мұнысы рас, шыны, Бисекең үйі — бұрын қонақ түсетін емес. Қонақ түспейтін үй, қантсыз, салақ келеді. Оны Бисекеңнің өзі айтпай-ақ, үйі айтып тұр.

— Уа, құрып қал, Зейнеп. Ана күлді төктің. Сен құнтты, пысық болсаң, күніне бір келіп, осы кемпір-шалдың үйін жинап берер едің-ау, — деп Тайыр самауырын жанындағы жас әйелді қағытып өтті.

Зейнеп — қабағы қалың, түксигендеу адам екен, беті күреңденіп ұялыс табу ойына да келмейді, бес саусағын малып шыны аяқтарды шақырлатып жуып, бес батпан кір орамалмен жуған шыны аяғын `тазалап` сүртіп жатты.

Бисекеңнің үй тұрмысында, сырттан қарағанда, ешбір өзгеріс жоқ сияқты. Бірақ тереңге бойласаң, тамырын тартсаң, өзгеріс күшті: осы тұрмысқа мықты наразы. Осы тұрмыстан құтылғанша асық болып отырған түрі бар. Олай болса, Тайыр жаңа жұртшылық іскері. Тайырдың әлгі айтқаны әзіл емес, шыны. `Зейнеп келін, ана көңді күрей сал, аяқ-табақты жинап қой, тазалыққа үйрен, салақтық-ескіліктің мұрасы`. Тайыр айтса, осы жағын ойлап айтып отыр.