22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Жол кеңесі






Октябрьдің сұр бұлты түйдек-түйдек шығып, аспан жүзінде салбырап төніп, дүниені қараңғылықпен қаптап жіберетіндей терістен соққан ызғарлы желі денеге де салқын тиіп, жамаулы киімділердің иегін сақылдатады.

Біз кеше Тоқанның үйіне келіп қонғамыз. 3-4 үйдің ішіндегі екі бұзаулы сиырдың басын қосып сауып отырғаны осы үй. Басқаларына қарағанда бұл езіне байлық атын тағудан да тайынатын емес. Жамаулы жыртық үйдің іші толған түтін, бықсып жанған тезекті көсеп жіберіп:

— Бәрекелде-ай, қонақтарға ет болмады-ау, — деді.

Таң атысымен жүру жабдығына кірдік. Дөңгелек біткені қаусап қирауға тұрған қырық құрау арбасын майлап, Тоқан көк шолағын жегіп жатқанда, тымағын желкесіне жыпыра киіп, үстіндегі тоны май-май Айдарбек келді:

— Жол болсын!

— Мына қонақтарды Сәкен байдыкіне апарам.

— Бәрекелде-ай, арбаң керек еді, базарға ет апарармын деп едім, — деп өкінген тәрізденді.

Орталарындағы жалғыз арбаны жегіп кеткендігі үшін Айдарбектен ғапу өтіну бізге тиіс секілденді. Сөзге айналдырып көңілін жұбатпақ болдық:

— Ет сатудан пайда көп шығар-ау.

— Ой, шырақтарым-ай, пайда қылып баюға ойлап жүр дейсің бе. Бәрі жоқшылықтың даңы тамақ асыраудың жабдығы ғой, — деді.

Тоқанның ұзын бойлы, арық қара қатыны бар, біз келместен бұрын, әлде ерлі-байлы екеуінің арасында бір салқындықтың бар екендігі еріксіз көзге шалынарлық еді: екі-үш жасар бір домалақ қара баланы қатыны қайта-қайта ұрып жылатады, Тоқан бір сөз айтпастан баланы тонына тығып жұбатады.

Айдарбек сөйлегенде Тоқанның қатыны тыста жүр еді. Кезі келгенде бір өшімді алайын деді білем:

— Жұрттың еркегі пайда дегенде өліп кете жаздайды; бұған керегі төрелік, ертең екі мешке мен шолақ аттан айырылған күні жайың білінер, — деді.

Жас кісілердің көзінше жарлылығын айту Тоқанға ұнаңқырамады. Тымақ бау байлап жатып қатынға ашулы кезімен қарады.

Ұзамай біз жүріп кеттік. Сабалақ жүнді ала төбет шоқаңдап артымыздан ерді. Уақыт сәскелік. Алашабыр бұлттан оқта-санда күннің көзі көрініп кетеді. Өзен бойына ұзыннан салынған ауылды жағалап келеміз. Кейбір жер үйлерден түгін шығып жатыр. Жалаң аяқ, жалаң бас, азған-тозған кедейдің қатындары қолдары тілім-тілім болып үй сылап жатыр. Ауылдың шет жағыңда, оңашарақ быжырқай тастар, тебесіз құлауға тұрған ағаш үйлер көрінеді. Бір қарағаннан-ақ мола екендігі белгілі: көңілге салқын, көзге жат тұйлады. Иректеліп салынған қара жол неше бұрылып отырып, ақырында сол молаға соқты. Тоқан көк шолақты ұруын сиретіп, қатарласа беріп тоқтады.

Арбадан түсіп бізге қарады:

— Зиратқа бата қылмаймыз ба?

— Жүрген дұрыс қой, тоңып тұрмыз, — дедік.

«Бұлары несі!» деп таңырқаған тәрізденді де:

— Кішкене кідірейік, — деді.

Жүгініп отыра қалып «ағузы, бісмілданы» шұбыртты. Дауысы тарғылданып барылдап шықты. Құран оқып болып арбаға мінісімен-ақ бірдеме айтқысы келген кісідей жыбыршып бізге қарай берді.

— Бұл зират сіздің ауылдікі ғой.

— Біздің ауылдікі.

— Мына бір жаңа бейіт кімдікі?

— Ой, не қыласын, ол бір сабаздың бейіті, — деп арбадан қырындаңқырап отырды:

— Мына ұзын ауыл Алшаң атанады. Бізді Қоспақ дейді. Алшаң, Қоспақ — аты қатар шыққан бір кісінің баласы. Шешеміз Күнетай деген кісі «Алшаңды көтергенде бойыма керіктік пайда болды, бейілім кеңіді, ерімнің кеңесіне құлақ салғыш болдым, сірә осы бала ел билеп, жұртты аузына қаратар, жеті атасына шейін көже тоғы үзілмес» деген екен. Сол Алшаң кісі болғанда алты алашта одан асар бенде болмады: ханы да, қарасы да Алшаңмен ақыл салып іс істепті деуші еді әкем. Сол Алшаңның тұқымынан жаңағы ауылда 12 үй бар. Қалған 10 шақты үй солардың қоңсылары. Осы уақытқа шейін ата дәулеті кеміген жоқ. Ат арқасына мінген жігіттері өте пысық, жолдас-жораға қайырымды. Әсіресе ішіндегі сырбазы Уәли еді. Жаңағы бейіт соныкі. Қайтқанына ай жарым шамасы болады. Кешегі дүниенің түзу кезінде 6 жыл болыс болды. Мен онда раселнай едім. Заманы өтсе де кемдік көрген жоқ, өле-өлгенше ел жұмысын қолынан атқарумен кетті. Орысқа жұмыс жіберуді өлімнен артық көруші еді...

Марқұм былтырғы сайлауда мені шақыртып алып: «Бәріміз бір атаның баласымыз, өзіміз бүгін тұрсақ, бізді жау оңайлықпен ала алмайды; мына сайлау болғалы түр. Өзім десем, ешкім қолымды қақпас еді, бірақ осы күнгі үкіметке біз онша сүйкімді көрінбейміз ғой. Кедейді жарылқайтын болса, кедейдің бірі сенсің. Басқаның болғанынан, әйтеуір ақылдасып іс істеуге, сенің болғаның артық. Ауылнайлықты алып берейін, сен ауылнай бол!» — деді. Бұрын сөзін қайырып көрмеген адамымыз болған соң ләм-мим деместен бола салып едім. Енді ол марқұм қайтып кетті. Ендігілердің ішінде жұртқа тұтқа болып, ел билігін ала қояды дейтіні жоқ. Арқа сүйерің болмаса, ауылнайлықтан не пайда, шынында біздікі әурешілік қой...

Тоқан ауыр күрсінді. Өткен күндері, Уәлимен бірге сүрген өмірлері көз алдына елестегендей болды. Жасы елудің шамасына келіп қалған болса да, әлі де көңілі жас, орындалмаған тілегі көп тәрізді. Ендігі қалған елге, кейінгі бала-шағаға өзін аға қылғысы келгендей... Әңгіме билігін қолына алып, жалпы елге Уәлиді жоқтатпаспын дейтін адамның пішіні бар, Онысы, көбіне, болыс-билер секілденіп тамағын зілді қылып қырып қақырынып қоқырайыңқырап отыруынан сезіледі.

Ұзын аққан Тобыл өзенін жағалап отырып, түс кезінде Сәкен байдың ауылына келдік. Төбелеген ағаш үйлер көрінгенде:

— Іргесі бұзылмай тұрған ауылдың бірі осы, мал мен басы қатар өсіп-ақ тұр, — деді Тоқан.

1924