22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Кеңес ағасы Кәмила






..Аудандық кеңсеге кіріп келсең, жасаған табақтай қатарланған үстелдер, сеңдей сапырылысқан адам, айнала алмайсың, аяқ алып жүре алмайсың.

— Жолдас, мына бір арызым,— деп адырақ көзді, апсағай арық кісі төрағаға келіп төніп тұр.

Жаңа әріппен ойқы-сиқы жазыпты, тегі жаңа үйренген біреудің жазуы екен дейсің.

Төраға шұқшия үңіліп, көзін қыдырта жүргізе алмайды. Арыздың бас жағы мүдіртіп жібермей жатыр. `Оқи алмаймын` деп айту ұят, оқиын десе, жазу көнбейді, жаңа әріпке ынта салмағандықтың салдары, міне осы.

— Арызыңызды ауызбен айтыңызшы! — деді төраға бір кезде күрсініп.

Әлгі арызды оқи алмай қысылғандығын маңдайынан бүршіктенген тер еріксіз білдірді.

Арыз иесі, салмағын екі аяғына алма-кезек салып теңселе түсіп:

— Бала өзіміздікі, мен ешнәрсені білмеймін! — деді.

Бұл арызының басы да емес, ортасы да емес, аяғы. Төраға ерінбей екшеп сұрауға айналды. Екшеле келе арыз толықты: бұ кісінің аты Нұржан екен. Орта шаруа екен. Кәмила деген әйелі бар екен.

— Кәмиланы білетін шығарсыз, ауылнайыңыз ғой,— деп Нұржан бет-аузын тыржита күлімсіреген болды.

Бұл күлу де емес, күлімсіреу де емес, сықақ, кекету сияқты бірдеме еді.

- Бала өзіміздікі, баламды бере алмаймын! — деді Нұржан тағы.

Кәмиламен отасқанына он жыл. Кәмила соңғы кезде белсенді болып кетіпті. Белсене келе ауылдық кеңес ағалығына сайланыпты. Колхоз жұмысына кірісіпті. Ауылының бәрін колхозға мүше қылыпты.

— Мен колхоз емеспін! Мені сырттан жазыпты. Мен малыма өзім иемін! — деп Нұржан шірене түсті.

Кәмиламен арасындағы шатақ колхоз туралы екен.

— `Колхозға кірмесең, мен сенен айрыламын!`— дейді Кәмила.

— `Сенен айрылсам да кірмеймін!`— депті Нұржан отағасы.

Екеуі айрылыпты. Екеуінің ортасында бір ұл, бір қыз бар. Екі бала бірдей Кәмиланың қолында. Нұржан сол балаларды даулап жүр...

- Айрылмай тұра беруіңізге болмады ма? Колхоздан мұнша неге қаштыңыз? — деп төраға сөз тартып еді.

— Колхоздан қашпаймын ғой, бірақ болғым келмейді,— деп Нұржан тұжырымсыздау жауап беріп, оң қолын бүйіріне таяна түсті.

Сүйтті де үлкен көзін төңкеріп, үйі ішіндегілерге бір қарап өтті. Қатпарланған бетінде ашу ізі бар. Ашуды туғызған Кәмила. Қазақшылық кез болса, Кәмила мен Нұржан бұлай айырылысар ма, Кәмила қамшының астында шіриді ғой. Жаңа заманның ісі осы. Жаңалық үй тұрмысына да кірісіп отыр.

Нұржанның дауы халық биіне жөнелтілді. Билік кімнің пайдасына болады, ол Нұржанға қараңғы.

— Бір беткей қатты адам ғой, шаптап отырған Нұрмағамбет. Нұрмағамбетке жолдас керек. Әзірге ашумен айрылысып отырған шығар, түбі бұлар қосылады. Кәмила мұны жібермейді, Кәмила мұны жақсы көреді,— деді хатшы.

...Аудан жұмысы қайнап жатыр. Аудан қызметкерлері жұмыстың астында. Таңның атуы, күннің батуы кеңседе көресің. Жұмыстары асығыс, айлап істейтін жұмысты бірер күнде бітіру керек! Ауданның о шеті мен бұ шеті 200-300 шақырым жер, осынша бытыраңқы елдің бәрін уысқа ұстап, істеліп жатқан жұмысқа бес күндік қорытынды үлгерту керек.

— Әй, қиын-ау! — деп төраға күрсінді.

Рас, қиын. Бірақ қиын екен деп жұмыс қарқынын бәсеңдетуге бола ма? Болмайды, істеу керек, істелуі керек!

— 10-ауылға бір адамды шаптыр, 8-ауылға бір адамды шаптыр, бір жақсы атты әзірлеп `Қан томар` поселкесіне жібер, телеграмма соғып келсін! — деп төраға орынбасарына тапсырып жатыр.

Түнгі сағат екіде түскен пәтеріме келдім. Үй қожасы жас жігіт, болпиғандау әйелі бар.

— Самаурынды үш қайнатып, үш сөндірдім. Ерте келу деген жоқ, ылғи көретінім осы, түн күзетіп отырғанымыз,- деп әйел алдыңғы үйде күңкілдеп жүр.

Әйелдің сөзін естіп қалды ма дегендей, жас жігіт жалтаңдап қарай түсіп:

— Осы әйелдер ақылсыз болады білем,— деп күрсінді.

Әйел неге ақылсыз болсын. Әсіресе мынау әйел ақылсыздыққа қиятын адам емес. Көп мініліп шиқан жауыр болған арық атта қиқаң шығармай ма, бұл әйелдікі де сол. Жұрттың бәрі тәтті ұйқыда жатыр; самаурынын быжылдатып, мына собалақ сары баланы күтіп бұл әйел отырады да қояды. Отасқандарына жыл да толмаған. Ойын-күлкіге батып жайраңдайтын кезі ғой шыны... Сары баланың келіншегін еркелетер жайы жоқ, жұмыс басып, жақ жүні үрпиіп кетіпті. Бір кесе шайды ішіп, екіншіге келгенде, сары бала қалғыды. Осы күйі төсекке барып жығылады, етінен ет кесіп алсаң білместік болып ұйықтайды. Ертең күн шығар-шықпаста, келіншек тәтті ұйқыда жатқан кезде, сары бала көзін уқалап ашып, қабыл-құбыл киінеді: кеңсеге тез бару керек, кешеден қалған тығыз жұмыс бар... Күндегісі осы.

Сирек сақалды, имек тұмсық, бақа сары кісі, біз келгенде пеш жанында бүк түсіп жатыр еді. Быжылдаған самаурынды көрген соң сүйретіліп басын көтерді. Ұйқысы қанық кісі ғой, жадырап отырып шайға бас қойды.

— Менің атым — Мұқан, шырағым, 4-ауылдікімін, мына сары баланың әкесі боламын... дәм бұйырып ол жаққа бара қалсаң, басқа жерге түспе, өзіміздің үйге түс; кемпірім бар, бала-шағаларым бар, өз алдымызға үйміз,— деп сары іші үйірілтіп әкетіп барады.

Мұқан — кедей екен. Жасы 45-те екен. Колхоздың белсенді мүшесі екен.

— Шырағым, қолқоз, қолқоз дейсіңдер, қолкоз болсаң оңасың деген соң, өзім алдымен кірдім. Біздің ауыл — оңбаған ауыл. Жарбосын дейтініміз бар, ауылды бүлдіреді де жүреді. Өзі бұрын сәудегер еді, антұрған,— деп Мұқан ауылымен таныстырып шықты.

— Шырағым, осы заман сендердікі болған соң етектеріңнен ұстап жүрміз, жастан миымызға сіңген бір `құдайымыз` бар еді, одан да айырылып қалдық,— деп Мұқан шал жымың-жымың күледі.

Ауылындағы комсомолдар сауық кешін қойыпты. Ойнайтын адамдары жетіспепті. Сосын балалардың біреуі келіп: `Мұқа, сен шал болып ойнайсың`,— депті. Мұқан ойнаған екен, айтатын сөзін ұмытып қалып, тыңдап отырған жұртын да күлдіріпті.

— `Пайғамбардың жасына келгенде шайтан ойынына араласты` деп мені жұрт кінараттайды. Мені `кәпір` деп жүргендері де бар. Мейлі, мен оларға ерген емеспін ғой, не көрсем осы қалқаларыммен көрсем екен деп жүрмін,— деп Мұқаң жайраңдап, шайын ұрттай түседі.

...Таңертең көзімді ашып алсам, сары бала асығып киініп жатыр екен. Келіншегі шымылдықтың ішінде жатыр:

— Саған жұмыс болса болады, басқаның не керегі бар! — деп күңк етті.

Сары балаға жұмыс керек екені рас, келіншекке керегі не екен?..

Бірер жеті өткен соң, ел аралап жүріп, мен 8-ауылға соқтым. Ауылдық кеңес ағасының үйі ауылдың орта шенінде екен. Бір бала бастап алып келді. Еңірейген қара кісі есік алдының қарын күреп жатыр екен, мені көрген соң, күрегін көкірегіне тіреп, қарсы қарап алшия тұрды. Мен шырамытып, тани кеттім, бұл — Нұржан отағасы еді.

— Е, шырағым, денің сау ма? Біздің ауылдан да келіп шықтың ба,— деп Нұржан жымың-жымың етеді.

— Кәмила, ә, Кәмила, қонағың келді,— деп үйіне қарап бұрылып дауыстады.

Орта бойлы ақ құба әйел, ақ бөкебайға оранып, күлімсіреп үйден шықты. `Кәмиламын` деп маған қолын беріп амандасып, танысты. Оқымаған қазақ әйелінде өзін таныстырып амандасу деген бұрынды-соңды бар ма еді?..

— Таңырқап тұрсың ба, жолдас? Ауданға арыз апарған мен едім ғой. Оны тастағанбыз, табысқанбыз. Қатын жеңді. Айып менде екен, мен мойныма алам, қазір колқоз мүшесімін,— деп Нұржан отағасы күлімсіреп, қутың-қутың етті.

Арбиған саусақпен күректі қапсыра ұстап, тау болып үйілген күртік қарды текшелеп үйді. Сандық сияқты төрт бұрыштанған қардың кесегін ағаш күректің алақанына салып алып, `эр` деп ырғытып келіп жіберді.

— Әйелміз ғой. Оқығандығым да жоқ еді. Ел сайлаған соң болып отырмыз. Жұмыстың өзі ауыр деді Кәмила.

Жаңа дәуірдің жұмыс қарқыны әйел түгіл еркегіңді де жүн қылып жібергендей. Жұмысының шумағынан айрылып, былығыта жүрген еркектерің толып жатыр. Кәмила пысық көрінеді, именетін емес.

Жастау жігіт қойнынан бүктелген қағазды шығарып, Кәмилаға қарап күлімсіреді:

— Мынаған доңғал басыңды басып жіберші! — деп.

— Жоқ, жолдас, кеңсеге бар, мөрді қалтаға салмаймын, кеңседе болады,— деп Кәмила жауапты қысқа берді.

Жігіттің созған қолы шарасыз кейін қайтты. Тәртіп деген осы. Тәртіпке бағынбаймын, қазақшылық қыламын деп сып-сыпайы жігіт ұялып қалды.