22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Қарасы батты






Берекең ауылында жиылыс болады деген соң, Тасберген сопы, Белденбоқ молда, Итаяқ би үшеуі басын қосып шыға қалды. Берекең ауылы Ұзыншырпыда, өзенмен екі арасы 10 шақты шақырым жер. Декабрь ішіндегі ызғырық суық, ысқырған боран бүрліктіріп еріксіз ыққа қаратады.

— Тоңып барғанымызға қарай Ұлбосын бәйбіше етке тойдырса жарар еді,— деп Белденбоқ молда сүйекке кіріп алған түйе жүн күпісінің жағасын құлағына таман көтеріп қойды.

— Жетесі жарымаған неме ғой, аузын қу шөппен сүртеді де отырады. Баяғы күніміз болса, осындай итке күніміз түсер ме еді... Итаяқ сенің есіңде бар шығар, баяғы талас ыштатта Жәпекем үйінде он күн ұдайымен жататынымызда, күніне екі мезгіл етін үзбестен беріп тұрады-ау! Ой, сабаздардың қонақжайы-ай!.. Бақты іздесе, сондай адамдар іздесін`,—деп Тасберген сопы өткенді қозғап, күрсініп қойды.

Үшеуі де күрсінді. Үшеуі де өткен күннің `қызықтарын` көз алдарына елестетті...

Берекең үйінде оншақты адам сөйлесіп, даурығып отыр. Итаяқ би сөзін кестелей сөйлеп, `Бәленшекем сүйдеген екен` деп тақпақ мақалын да кіргізіп жібереді.

— Сонымен, сөздеріңіздің қорытындысы не болды?— деп бір бүйірде отырған мұртты қара Тасекеңе қарай емпеңдей түсті.

— Бізде екі сөз бола ма? Ауылнайлықты Берекеңнің босағасына байладық,— деп түнеукүні-ақ айтқамыз. Сол сөзімізден шығамыз. Ал, `кандидатын` өзіміз аламыз, бізде де дәмелі балалар бар...

— Мына немелерді қайтеміз? `Кедейміз, бірталай елміз, үкімет біздікі` деп ертең шуылдайды ғой.

Итаяқ би мырс етіп күлді. Табақтан шегініңкіреп отырып, саусақтан аққан майын жалай түсіп:

— Үкімет кедейдікі болса, кедейін өзі жарылқай жатар. Сайлау өзіміздікі ғой. Біз қалаған адамымызды сайлаймыз,— деді...

— Уа, Жылқыбай, қайдан жүрсің?

— Қаладан келем.

— Не хабар бар?

— Тыныштық.

— Сайлаудан не білдің?

— Сайлау жақында білем, Ыбырайдың баласын көріп едім, сол соғып отырды: `Биылғы сайлауға байлар, болыстар, молдалар, төрелер қатыспайды. Сайлау еркі кедейлерге берілетін болды`,—деді.

Сопы, молда, би, үй иесі Берекең — бәрі де Жылқыбайға аңғарыла қарай қалды.

— Бекер шығар...

— Жоқ, рас, мына газетіңде де бар,— деп бүктеулі қағазды қалтасынан суырып алды. Газеттің үшінші бетіндегі `Кеңес дұшпандары` деген ірі жазу көзге шалынды. Жазудың астында сайлауға араласа алмайтындардың сүгіреті басулы еді.

Бүйірде отырған мұртты қара сүгіретті ары-бері айналдырып қарады да:

— Апырмай, газет басатындар да қу-ау, бұлжытпай салуын қарашы. Мына біреуі біздің Итекеңнен айныған жоқ. Баяғы болыс болған кезіңіздегі, губернатордың алдынан шыққандағы түріңіз секілді,— деп газетті Итекеңе ұсынды. Итекең ұстамады, көзінің қырымен ғана қарап, сәлделі молданы көргенде, ішінен: `мынау Белденбоқ молда сияқты екен`— деп ойлады.

Белденбоқ молда, Итаяқ би, Тасберген сопы — үшеуі сүйретіліп Берекең үйінен шығып бара жатқанда, газеттегі сүгіретке түрлері келді де қойды. Мұртты қара мырс етіп күліп жіберді.

— Газет басатындар пәле ғой, осыларды қайдан білді екен?— деді. Берекеңнің бәйбішесі еркін демін алып:

— Ауылнайлығы құрысын. Аз ғана малымызды иелендіріп қойса, бізге төрелігінің керегі-ақ жоқ... Қашанғыдан бұрын, шұбап, етімді бітіріп еді, қарасы батқырлардың қарасынын батқаны-ақ дұрыс болған екен,— деді.