22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Шапайдың хаты






... Көптен сақтаулы сыр еді. Ескірген бір жыл еді. Ел талқысына салып, әлеумет сынына берейін десем де, кезі келмей жүреді. Бүгін Толқынай бәйбішенің қарғысын естіген соң, сыр ақтарылғалы отыр, жыр төгілгелі отыр...

Қатынға шай қойдырып, жамаулы кеседен ыстық шайды ұрттай отырып хатымды жазуға кірістім...

Толқынай бәйбіше қарғап жатыр деп бала-шаға шулап жүр. Қарғыс жақсы нәрсе емес, «жүйелі қарғыс жүйесін табар, жүйесіз қарғыс иесін табар» деген үлкендердің нақылы барі Толқынайдың қарғысы қандай қарғыс, бала-шағалардың көбі білмей аптығып жүруі де мүмкін-ау... Қайдан білсін, онда дүние екінші түрде еді. Онда бұл күнгі бала-шағалардың көбі туған да жоқ еді...

Біз не көрмедік! Тоқберлі баймен түйдей құрдаспын. Тоқберлімен жасымда бірге ойнап өстім. Бері келген соң мырза болып атқа мінді де, мен жалаң аяқ қойдың соңына түстім. Сол Тоқберлінің қойшысы болдым, соған міне биыл елу жыл болған екен. Жасым биыл алпыс бесте. Елу жылдық малайлық өмірдің жиырма жылы қой бағумен өтті. Қалған өмірде жылқышы болдым. Биыл мені шығарып жіберді. Шығарғанда, мені жұмысқа жарамайсың, «шалсың» деп шығарған жоқ. «Малай көп болса, бай деп атайды» деп үкіметтен қаймығып шығарды.

...Көктемнің кезі еді. Түс әлетінде жылқыдан келіп, су болып киімдерімді жайып кептіріп жатыр едім. Байдың үйіне орысша киінген бір жас жігіт келіп түсе қалды. Тамағы бар үйге кім келді, кім кетті дерің бар ма, толып жатқан жүргіншінің бірі шығар деп онша назарымды сала қоймап едім, бір кезде байдың немересі жаныма жетіп келіп:

— Жылқышы, сені үйдегі кісі шақырады, — деді.

Орысша киінген адам шақырған соң әдепкі кезде сескеніп те кеттім. Былтыр Ермағамбеттің дауында өтірік куә болам деп бір жеті отырып шыққаным да бар еді. Кемпірім есітіп, о да үрпиіп тұр екен.

— Құрысын, пәлесіне қаларсың, барма! — деп ол сорлы баж ете түсті.

Шақырған соң бармай қиын ғой деп орнымнан тұрып жүре беріп едім, Тоқберлі бай таяғын ұстап қарсы келе жатыр екен. Қабағы шытыңқы, бір нәрсеге қапа болған адам секілді. Маған тесе қарады да:

— Сен білесің бе, төре неге шақырып отыр, — деді.

— Білмеймін, — деп шынымды айттым.

— Ендеше бұл төре малайларды жазып жүрген көрінеді. Жазып не қылатынын білмеймін, менен «малайың қанша?» деп сұрап еді, қойшы-қолаңдарды жаздырғаным жоқ, замандас еді, жасы қартайғанда бір нәрсеге кіріптар болып жүрмесін деп ойладым, — деді.

Мен байдың мұнысына риза болып кеттім.

— Төре сұраса, «малай емеспін, баймен бірге өсіп келемін, еншілеспін» деп айт, деді бай.

«Еншілеспін» деп айт дегені маған жат болды: бір суыртпақтеіін алып пайдалана алмаймыз, сөйтіп отырып еншілестік бола ма?

Төре жас қана жігіт екен. Қағаз салған кенеп дорбасы бар. Байдың ақ жастығын шынтақтап, төр алдында шалқасынан жатыр. Мені көрген соң бұрылып қарады.

— Сіз кім боласыз? — деді.

— Шапай Сандықбаевпын,— дедім.

— Малайсыз ба? — деді.

— Жоқ, — дедім. «Еншілеспін» деген сөзді айтуға аузым бармай-ақ қойғаны.

Жұмсақ жігіт екен, екшелеп сұраған жоқ.

— Жүре беріңіз! — деп иегін көтерді де қойды...

Бұл бұрнағы жыл еді. Содан былай менде аздап өзгеріс бола бастаған секілденді. «Еншілес!» деген сөз көз алдымнан елестеп кетпейтін болды.

«Еншілес» қазақ сөзі. «Еншілестің» мағынасы — бірнеше адамның еңбегімен жиналған мал-мүлікті сол еңбек сіңірген адамдардың бөліп алуы. Олай болса байдың сөзінің жаны бар. Тоқберлінің малына менің еңбегім аз сіңген жоқ. Еңбектің бәрі біз сияқты малайлардікі. Елу жыл ұдайы мен есігінде жүрген екем. Қатыным бір жағынан малын сауып, күлін шығарады. Сөйтіп жүріп екеуіміз де бүгін киім кигеніміз жоқ, я тойып ас ішкеніміз жоқ. Елу жылғы еңбек қайда? «Еңбектенсең емерсің» деген бұрынғының сөзінің бекерге шыққаны ма?.. Тоқберліде еншім бар деген қиялға мен имандай ұйыдым, Қашан да болса бір алармын деген тілек пайда болды.

...Қыс еді, сақылдаған аяз. Жер үйіміз отынсыздықтан жүдеп, іші қарауытып кетті. Оның үстіне қартайған сайын өзімді ыңқыл-сыңкыл айналдыратын болды. Суық ұстаса ауырам да қалам. Ойқой, жастық-ай, өтіп кеттің-ау. Күн құлақтанып шаңдатқан аяздарда, арқадан тер бұрқырап жылқыға талай тебін ашып беріп едім. Онда ауру дегенді кім білген...

— Отын азайып қалды деп бәйбіше отын бермей жіберді, — деп кемпірім үйге кейіп кірді.

Күн ұзаққа байдың малын қарап шаршап келген адамда не күй болсын. Оның үстіне бой жадырап жіпсімеген соң, құрысып терім тарылып отыр еді, бәйбішенің отын бермеген хабары маған мылтықтай тиді.

— Сөзінің керегі жоқ, ол отында менің де еншім бар, құшақтап әкел де жақ! — деп кемпіріме ақырдым.

«Енші» деген сөзге кемпірім түсіне қойсын ба, әрі бәйбішенің ызғары өтіп қалған ғой, беттемеді. Ашумен өзім кеттім. Мая жондап үйген тезектің бір жағын опыра құлатып бір тастап едім. Құшақтауға келгенде тайсақтай бердім. Біреудің нәрсесіне қол сұққан секілді болдым. Жеңіл қолтық отын әкеліп үйді жылытқыздым. Кемпірім жаққан құрлы жаны шығып, безек болды...

Ертеңіне, сәске кезінде сиырдың қорасын тазалап жүр едім, кішкене баласын жіберіп бәйбіше шақырып алды. Төрт қабат көрпенің үстінде дөңбектей болып отыр екен. Ашуланғанда бетінің тыржаңдап кететін әдеті еді, кіргеннен-ақ бетін тыржаңдап.

— Алжыған қақбас! Пайғамбардың жасына келіп отырып не деп ұрлық қылдың? Баяғыдан бері дәм-тұзымды татып келесің, құдайдан, аруақтан қорықсаң қайтетін еді? — деп бәйбіше шаптығып сала берді.

— Бәйбіше, тіліңді тарта сөйле. Мен ұрлық қылғаным жоқ. Тезек алсам, ол тезекте менің де еншім бар, — деп едім, Толқынай бәйбіше көкпеңбек болып сұрланды да қалды. Ашуланғаннан сөз тауып айта алмады. Бірдеме деп былдырлап екі қолымен жерді төмпештей берді...

— Закүл үйрене бастаған көрінесің, біз заңның адамы емеспіз. Кәрі адам ғой, ептеп тамағын асырасын деп жүр едім, енді өз обалың өзіңе, бар, жөніңді тап! — деді.

Елу жылдық еңбегіме Тоқберлі байдың берген ақысы осы болды...

Көрші ауылда мектеп бар еді, сондағы комсомолдар малайларға болысады-мыс деген хабарды есіткен соң, бір күні салып ұрып соған бардым. Сүйесін деген мұғалімі бар екен. Жас баланың оңдысын сонда көрдім. «Атекелеп» іші-бауырымнан өтті. Мұңымды бастан-аяқ айтқызып отырып жазып алды.

— Сіз жүре беріңіз, сотқа да берем, газетке де берем, — деп өз үстіне алды. Бірер айдан кейін мен туралы газет шықты деп естідім, бірақ сот жағынан әлі билік алған емеспін. Неше рет шақырса да Тоқберлі бір барған емес. Мен қысқы аязға қарамай салпақтап дуанға үш рет бардым. Әй, ауылнай-ай, оңбассың-ай, әкең Тыржық байға құйыршық болам деп жүріп өліп еді, сен де соның жолын қудың. Сап-сау отырған Тоқберліні ауру деп қағаз қайтарып, менің жүйкемді құрытады да қояды...

Ия... бұл ұзақ жылдың бір ғана саласы болған, кеңес үкіметі орнағаннан бергі жердегілер ғой. Одан арғыларды айтсам, айтпақ түгіл ойласам, ұйқымнан шошып оянғандай болдым. Жалғыз мен емес. Тоқберлінің есігінде мен секілділердің талайы тұрды. Соның қайсысы игілік көріп шықты дейсің, бәрі де көзінің жасын қол қылып, жүйкесі құрып жөнелетін...

Толқынай бәйбіше отының басын төпеп, қарғысты жаудырып жатыр дейді. Себебі не?

Себебі — байдың малы алынсын! — деп үкімет заң шығарыпты. Алынған мал кедейлерге бөлініп берілсін депті. Әділ заңды шығарған үкіметтен айналсаң болмас па!..

Толқынай сілкінді. Үкіметті бір қарғаса, елдің кедейін екі қарғайды. Бірақ дұрысына қалса, қарғайтын нежоні бар? Кедей алса, еншісін алады! Мен алсам — еңбегімді алам! Осы ауылда оннан аса үй кедей бар. Соның ішінде Тоқберлінің жұмысын істеспегені жоқ. Соның бәріне де еңбегі төленіп керген жоқ еді. «Борыш көркі төлеуде» — деген ғой, төленбеген еңбектер жиылып-төгіліп енді төленгелі жатыр...

Мейлі, қарғай берсін, Толқынай қарғады екен деп, еңбегімізді алмай тұра алмаспыз. Баяғыдан бергі шалқып,-шаптыққаны да жетер. Дүние кезек деген, біреуге әзірлеген орына өзі де түсіп көрсін...

...Мен хатымды аяқтаймын. Жұмыс басталды. Ендігі күшті елді үгіттеуге, түсіндіруге, бала-шағаларды даурықтырмауға салсақ деймін...

1928.