22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Аманкелді






Тоғыз cyретті драма



ҚАТЫСУШЫЛАР:


Аманкелді – он алтыншы жылғы қозғалыс бастығы, батыр.
Мұқан. Сейіт– Аманкелдінің үзеңгі жолдастары.
Андреев – орталықтан келген жұмысшы, коммунист.
Мәмбет – оқытушы, коммунист.
Баян– бұл да.
Қамар – оқытушы қыз.
Әсия– қызметкер қыз.
Абдол – наборщик.
Қайдар,
Серке,
Құлатай – ауыл қазақтары.
Кәрім – Аманкелдінің көмекшісі.
Ахмет
Міржақып,
Шоңмұрын,
Мырзағазы,
Кенжеқара – «Алаш» бастықтары.
Тайбай – Міржақыптың көшірі.
Әбіш – Міржақыптың адъютанты.
Айбала– Міржақыптың әйел і.
Аманбай – болыс.
Әзірет.
Хан.
Тағы басқалар.

БІРІНШІ СУРЕТ

Ортада кеңсе бөлмесі. Екі есігі бар, бірі тысқа, екіншісі бөлмеге шығады. Кеңсе бөлмесінде Сейіт пен Мұқан. Сейіт қамшы ондап отыр. Мұқан жалбаланған ескі қысса оқып тұр. Аз тыныс.

Сейіт (орнынан тұрып, қамшысын білемдеп). Жаңа келісті білем... Мұның да керек орны болады, шырағым. Оқып тұрғаның «Қыз Жібек» емес пе, әй? Төлегенмен қосылған жерін соғып жібересің бе?

Мұқан. Ғашық па ең?

Сейіт. Қыссаның екі-ақ жерін жаратам: бірі соғыс, екіншісі ғашықтығы. Бірақ сол ғашық болғандардың мұратына жете алмай қалғандары-ақ өлтіреді.

Мұқан. Сен болсаң қайтер ең?

Сейіт. Мен болсам ба? Жауымның бәрін қырып салып сүйгеніме қосылар ем. (Жан-жағына қаранып, сыбырлап.) Біреуге көңілім ауып жүр, әй.

Мұқан. Кімге?

Сейіт. Осындағы Әсия дейтін қызға...

Мұқан. Сенің тәлкегіңе көнбес ол қыз.

Сейіт. Неге? Әлде өзіңді құдай ұрып қалып па еді? Кешегі күлісулеріңді жек көріп ем. (Мұқанды иығынан тартып.) Әй, шыныңды айт, түйісіп қалып жүрмейік. Мен саған одан зорын да қиям. Қайтейін... (Сейіт қайғырған болады.)

Мұқан (қадала қарап). Мазағыңды қоймасаң менен бір тартарсың сазаңды!

Сейіт (күліп). Қойдым, қойдым... Өзі соқтыққан әйел болмаса, сен... (Тыстан Әсия кіріп,үй ішін жиюға айналады.)

Сейіт (Мұқанды түртіп қойып, Әсияға). Қабағыңыз тым жабыңқы екен, қайғырудан саумысыз, қарындас?

Әсия (кеңсе үстелдерін дұрыстап қойып жүріп). Орынсыз қайғыру өз басыңыздан кетпесін!

Сейіт. Қыз қарғаса семіре беретін сайтаным бар.

Әсия. Байқаңыз, жазым боп жарылып кетіп жүрмеңіз.

Сейіт (Мұқанға сыбырлап). Шыға тұр деймін, сөзім кетіп барады. (Сейітке кейіген түрмен қарап Мұқан шығады, Сейіт Әсияға.) Көмекейіңде бір нәрсе бар секілденіп сөйледің-ау қарындас.

Әсия (бұрыштағы үстелге отырып). Жоққа дәмеленеді екенсіз.

Сейіт (орындық әкеп Әсияға жақындап отырады). Қызға салған қармағым қаппай қалған жігіт емес ем.

Әсия. Бұл отырысыңызға жол болсын!

Сейіт. Қолдамақ сізден болсын. Қарындасқа көңілдің қалауын сездірсем деп...

Әсия. Сезе алмай қалып жүрмесек.

Сейіт. Әңгіме – сездіре білуде ғой.

Әсия орнынан тұрып кете берем дегенде, Сейіт шап беріп білегінен ұстайды.

Әсия (сұрлана түсіп). Мұныңызды не деп білемін?

Сейіт. Сездіре бастағаным... Отыршы өзің.

Әсия (қолын жұлқа тартып). Тәлкек керек болды ма? Кім көрінгеннің тәлкегінде жүретін қорғансыз қыз деп отырсың ғой ойың? Жақсы, Көкемнің алдында сөйлесейік.

Сейіт (шошынып). Ау, Әсияжан... Әзілге ашуланғаның ба?

Әсия. Әбден ашуланам! Айтпай қоймаймын Көкеме!

Сейіт (қысылып). Апырмай, енді... тым болмаса арам көңілім болса екен-ау. (Көпке қарап.) Көкемнің құлағына тисе, сорымның қайнағаны ғой! (Күрсініп, кетуге айналғанда Мұқан кіреді. Сейіт оған сыбырлап.) Бүлдіріп алдым. Көкеме айта көрмесін, сен ие бол.

Сейіт кетеді. Мұқан Әсияға күлімсіреп қарайды.

Мұқан. Ұрсысып қалдыңдар ма?

Әсия. Жоқ-ау, мінезі өрескел өзінің, тарпа бас салады кісіге.

Мұқан. Арамдық ойы жоқ болар, ауыр алып жүрме көңіліңе.

(Мұқан босағада тұрған мылтықты алып, шығады.)

Әсия (аз тұрып, күлімсірейді). Тым қысып жібердім бе байғұсты. Көкеме айтам дегенімде көзі ұясынан шыққандай болды. Жоқ, сөйтіп сескендіріп қоймасам, өзі тым... (Кішкене үстелге отырып, қағазға айналысады. Аз отырып басын көтереді.) Әлде шын ойы бар ма екен? (Күлімдеп.) Шын ойын дұрыстап сездіре алмайтын топас жігіттер жоқ дейсің бе. (Бірсыпыра жазып, қолы илікпей, жазғанын оқиды.) Әсия Шыныбай қызы... Енді не жазсам екен? Тоқта, өлең шығарайын оған.

Көрші бөлмеден Қамар шығады.

Қамар. Әсия-ау, Мәмбет бір жаққа кеткен бе? (Әсия жазып отырған қағазын жасыра қояды. Қамар жақындап.) Неге жасырасың? Жазғандарыңды көрсетіп отыр дегенім қайда?

Әсия. Әшейін еді.

Қамар. Әшейін болса да көрсет. Жаман жазған екенсің деп кетеді деймісің?.. Қатаң болса, дұрыстап берем. Кітабыңды оқыдың ба бүгін?

Әсия. Қамар-ау, соған тіпті, уақытым жоқ.

Қамар. Уақыт табу керек! Бәріміз де сен құсап жүріп оқығанбыз.

Әсия. Сен де мендей болдың ба, Қамар-ау?

Қамар. Сенен де ауыр күйде болдым. Әбдіғалім деген учительдің балаларын арқалап есіріп, тамағымды асырадым. Сөйтіп жүріп орыс тілін үйрендім.

Әсия. Бәтір-ай... (Қамар өз бөлмесіне кетуге айналады.) Қамар-ау, сенен бірдеме сұрармын деп ем.

Қамар. Не туралы еді. Сұрай ғой. (Әсия ұялған адамның түрімен төмен қарайды, Қамар оған жақындай түсіп, шашын сипайды.) Ұялшақсың Әсия. Менен ұялуың орынсыз ғой. Әкел жазуыңды көрсетіп берейін.

Әсияға жазу көрсетіп беріп, Қамар кетеді.

Әсия (аз отырып). Туған апамдай көрем-ау. Тіпті одан да жақын көрем бе-ay өзін... Жылап өскен сорлы ем, көз жасың құрғады-ау ақыр. Мәмбетті туған ағам секілді көрем; «қызым, ә қызым» дегенде, төбем көкке екі-ақ елі тимейді. (Ойланып, күлімсіреп.) Мәмбетті сұрайды келіп, сұрайды келіп. Қамарды айтам-ау... Қызық өздері: бетпе-бет келсе, «сіз-біз» деп сызылады да қалады. Әзілдесіп ойнағандарын бір көрген емеспін. Одан да Сейітке ұқсап... (Кенет бұртиып.) Қойшы,. соны несіне дәріптеймін..

Қағазына үңіледі. Тыстан Қайдар мен Серке кіреді.

Серке (Қайдарға). Сұрашы деймін: біреудің пәтеріне кірген болмайық.

Қайдар. Амансыз ба, қарындас... Қаталаспасақ, осы үй мәкәмә болар, ә?

Әсия. Қаталасқан жоқсыз.

Қайдаp. Мәкәмә болса, мұның бастықтары қайда деп білеміз?

Әсия. Кім керек еді?

Қайдар. Кім деп... Қайсысын біліппіз. Атап көріңізші, танитынымыз табылар ма екен.

Әсия. Ең үлкен бастығы Аманкелді деген кісі.

Қайдар. Ә... Іздегенім сол кісі еді? (Серкені түртіп қояды.)

Әсия. Одан соңғысы – Мәмбет дейтін учитель.

Қайдаp. Ә... Оның да керек кісінің бірі еді.

(Тағы Серкені түртедi.)

Әсия (сәл күлімсіреп тұрып). Сосын... Сейіт дейтін жігіт бар!

Қайдар(Серкеге). Әй, Сәтпектің Сейіті емес пе екен?

Әсия (көпке). Сейітті білмейтін қазақ болсайшы! Қалада жалшы боп жүріп таныса берген білем бәрімен.

Қайдар (Серкеге). Іздегеніміздің бәрі алдымыздан шықты-ау, тегі жолымыз болар. (Әсияға.) Ал, бұ кісілерді қайдан таптық?

Әсия. Ол кісілерді ме? Жүріңіздер, тауып берейін.

Қағаздарын жияды.

Қайдар (Серкеге сыбырлап). Ашығын көрдің бе өзінің... Сенің қатының секілді қабағынан қан жауған адам емес екен. Дұрыс сөзіне жауап бермейді-ау ол әлі.

Серке. «Ойық желке, көк ерін» деп өзің мазақ қыласың, неге жауап берсін саған.

Қайдар.Шынының өзі де сол, менің қатыным, сенің қатының, ана Әбдірақтың қатыны – бәрі бір сортты қатындар ғой.

Әси . Қане, жүріңіздер.

Қайдар. Ал жүрдік.

Бұлар кетеді. Сахна бірсыпыра бос. Міржақып, Шоңмұрын, Тайбай үшеуі кіреді. Тайбайдың қолында қамшы, ол босағада ілулі тұрады. Міржақып пен Шоңмұрын интеллигент киімінде.

Міржақып (жағалай қаранып). Ешкіні апа, текені жезде деген заман болды ма? «Алаш» тілегі үшін бұлардың да босағасын аттадық...

Шоңмұрын. Жақа! Мен мынаны сұрар ем сізден: өзгерістің бастапқы жылы сонау Ақтөбеде болатын съезде сіз осы Әлібиді съезден қудырып шығып едіңіз-ау.

Міржақып. Менің дегенім болса, бүкіл қазақ топырағынан қумақшы ем Әлібиді. (Күрсініп.) Қайтейін, құдай қай тілекті беріп отыр. Аңқау қазақ пен надан мұжықты әуелендіріп алып, енді мынау төбемізге қамшы ойнатып отырғаны.

Шоңмұрын. Әлі де болса айтар ем сізге: «Алаш» өкіметін құрып алмай, бізге күн жоқ деп.

Міржақып. Соның үшін де алдымен осыларды тізгіндеуіміз керек: бір жағынан желіккен мұжықпен, екінші жағынан бұлармен алысып отырып, біз «Апаш» бола алмаймыз. (Жағалай қаранып.) Қайран школа! Ақырында келіп большевиктің ойнағы болған екенсің.

Шоңмұрын. Сіз мынаны білесіз бе: бұл школды кеңсе қылу себептері – оқытушылармен қоян-қолтық отырып...

Қамар (көрші бөлменің есігін кенет ашып). Әсия! Әсия деймін! (Міржақыптарды көріп таңырқанады.)

Міржақып. Келіңіз, келіңіз... Ұмытпасам, сіздің атыңыз Қамар болар? (Қамар қол ұстасып амандасады.)

Міржақып (күлімсіреп). Қазақ даласына сыймаған кейбір қыздар большевик кеңсесінен бостандық дәме етіп жүр деп естіп ек. Бірақ сізді үйтеді деуге...

Қамар. Менің пәтерім осында ғой.

Міржақып (басын шайқап). Сізден күтілмеген жұмыс еді: ұлтын сүйген оқытушының большевик кеңсесімен бірге отыруы... Сен қалай дейсің, Шоңмұрын?

Шоңмұрын.Әрине, большевик өкіметі заңды өкімет болса мен қарсы болмаған болар ем.

Міржақып (күліп). Мәселенің түйінді жері де осы емес пе?

Қамар. Пожалуйста кіремін десеңіздер... (Қамар бөлмесіне кетеді.)

Міржақып (Шоқмұрынға сыбырлап). Сыңайын байқайық өзінің... (Екеуі Қамардың бөлмесіне кіреді.)

Тайбай (жалғыз). Әйел құтылар ма екен Жақаңнан сірә. Әлгі байғұсты екі ауыз сөзбен үйірілтті. (Үстел үстіндегі Әсияның жазуына үңіліп.) Мына бір жазудың ірісін-ай, бір-бір таяғының өзі сырықтай болмағанмен, бақандай бар екен.

Сырттан Әсия кіріп, жазуға үңілген Тайбайға таңырқай қарап тұрады.

Әсия (Тайбайды иығынан қозғап). Былайырақ тұрыңыз. (Тайбай шегіне түседі, Әсия үстелге отырып, қағазын дұрыстап.) Жұмысыңызды айтыңыз.

Тайбай (көпке). Осының өзі жауап алатын адам секілденіп...

Әсия. Жұмысыңызды айтыңыз деймін.

Тайбай. Әу... Жұмысым ба?.. Түк жұмысым жоқ.

Әсия (қадала қарап күлімсіреп). Жұмысың жоқ болса, кім шақырды?

Тайбай. Әу... Мені ме? Жақаңа еріп келгенім ғой.

Әсия. «Жақасы» кім?

Тайбай. Алты алашқа белгілі Міржақып дейтін кісі.

Әсия. Белгілі болса өзіңе белгілі шығар, бізге белгілі емес. (Әсия жазуға кіріседі.)

Тайбай. Қалай белгілі емес сізге? Өлеңдері кітап боп шыққан кісі.

Әсия. Не деген өлең, айтшы.

Тайбай. Әу, не деген өлең дейсің бе? (Аз тұрып, тамағын қырынып.)

Қазақтың қандай еді мағишаты,

Бір күнде көшіп қонған рақаты!..

Әсия. Әй... Жындымысың өзің? Мекемеде тұрғаныңды, білемісің? (Тайбай аңырып тұра қалады. Аздан кейін Әсия.) Хат танимысың?

Тайбай. Қайдағы хат... Әкем марқұм тірісінде молдаға беріп еді. Молда болғанда – атасының көрі жаңғыр еді бір: сабақты біліп отырсам да, мені ұратын ғой... сосын тастадым да кеттім. Содан әкем өлді. Әке өлген соң, қашырдым да қалдым. Содан сүйтіп, Міржақыптың, босағасында жүре бердім, жүре бердім.

Сейіт кіріп,Әсияға қарамай үстелдің жанынан бірдеме қарап жатады.

Әсия (елеңдеп). Не іздедіңіз?..

Сейіт үндемей, бірдемені алып, шығып кетеді Әсия күлімсіреумен қалады.

Әсия (күлімдеп). Тағы қандай өлең білесің?

Тайбай. Әу... Мен бе? (Ойланып.) «Бақытсыз Жамалды» бастан-аяқ білем.

Әсия. Әндетпей ғана айтып көрші.

Тайбай (тақпақтап).

Міржақып төмендердің аласасы,

Сөзімнің бар ма, жоқ па тамашасы...

Әсия. Бақа кісі ме өзі?

Тайбай. Орта бойлы, дембелше ғана.

Тыстан Аманкелді, Қайдар, Серке кіреді.

Әсия (Тайбайға сыбырлап). Жүр, алдағы үйге шығайық.

Екеуі кетеді.

Аманкелді (сөйлей келеді). Сонымен елдерің не деп отыр?

Қайдар. Ел не десін, аң-таң. Біреулер «қызылдар орнайды екен»,–дейді; біреулер «ақтар орнайды екен», –дейді. Сіз осында деген соң атқа міндік те жүре бердік.

Аманкелді. Ендеше... Қызылдың өкіметі – мына мен! Сымсыз телеграммамен сонау Мәскеуіңмен сөйлесіп жатырмын. Онда Ленин деген данышпан кісі бар, Көкең солардың жолдасы болып алды!.. Торғай өлкесіне советті орнатып, елді өзің биле деп отыр маған. Кедейлердің басын қос дейді. Әй, осы сендер кедей ме еңдер?

Қайдар. Менің өз басым, нағыз сіңірі шыққан кедеймін. Ал мына Серке...

Серке. «Бай» демекшімісің?

Қайдар. «Бай» демеймін, орташа дәулетің барын жасырамысың?

Аманкелді. Серкені қойшы, ол өз адамым... (Ойланып біраз отырады.)

Қайдар. Ал, не істе дейсің бізге? Бірдеме айтамын деп едің ғой.

Аманкелді. Айтсам... Қазір елдеріңе жөнеңдер. Менің өкіметімді орнатындар. Мен айтты дендер...

Қайдаp. Дерміз ғой, бірақ...

Аманкелді. Немене?

Қайдар. Елді меңгеріп, бауыр басып қалған адамдар бар. Серке екеуміз көбінің есігін ашуға да қаймығамыз.

Аманкелді. Мен дейтін болсаң – именбе! Мен көрмеген құқай жоқ. Жайсаң қасқа мен жағаласпай бәйге алмайсың, біреуіңді болыс, біреуіңді ауылнай ғып сайлап берем. «Аманкелдінің әкіміміз» деңдер де, бұрқыратыңдар! Кәрім, уа Кәрім! Қайда кеткен шіркін, сендерге куәлік жаздырып берейін деп ем...

Қайдар. Кәріміңіз... Тоқтар бидің баласы емес пе?

Аманкелді. Әкесінің би болғанын қайтейін, өзі іскер бала көрінеді: орысша-қазақшаға ұста. Жазусыз күн жоқ көрінеді ғой. Әсіресе осы күні керегіп барады. Қайдар шырақ, басыңа бақ орнаса, дұшпаның алдыңа мысық жорғалайды... (Аз отырып.) Сол «бақты» орнататын да өзің, ешкім әкеп бермейді. (Аздан кейін.) Кәрімге барып «Аманкелдінің адамы» дегізіп қағаз жаздырып алыңдар, сосын өзім мөр басармын.

Қайдар мен Серке кетуге ыңғайланады.

Серке (сыбырлап). Қағаз аламыз деп қараланып қалып, жүрмеспіз бе? Аударыспақтың кезі...

Қайдар. Қорықсаң кете бер елге. Мен өзім Көкеңнің қағазымен барамын!

Серке. Жоқ-ау, ақылдасып алайық дегенім ғой.

Екеуі кетеді.

Аманкелді (терезені ашып желпініп). Ай, айқай, арқамның самал желі-ай! Жан жадырап сала бергендей... (Желпініп отырып, алысқа қарап, ыңылдап ән салады):

Алыстан мұнарланған асқар тауым,
Сағымның сәнді сұлу, бұлақ-шәйім.
Асынып сауыт-сайман, сарбаз ертіп,
Сарыарқа! Ақтөсіңді аймалайын

Көрші бөлмеден Міржақып пен Шоңмұрын шығып, Аманкелдіні көріп, аңырып тоқтайды. Аманкелдінің оларға қадала қарайды. Тыстан Кәрім кіреді, Міржақыптарға ишарамен амандасады.

Амакелді (жүзін суытып). Ым... Сөйле, Міржақып мырза!

Міржақып (кенет жылмаңдап). Алдымен сәлем беріп, саулық сұрасып алайық, батыр.

Аманкелді. Сәлемің сатулы болса, бермей-ақ қой... Ал менің саулығыма тілектеспін деп өзің де айтпассың.

Міржақып. Олай демеңіз, батыр, ие... «Өсер елдің жігіті бірін-бірі батыр дейді» деп... Атыңыз алты алашқа әйгі болған батырымызсың...

Аманкелді. Бірақ сенің батырың емеспін!

Міржақып. Киіз туырлықты қазақ абыройыңызға ортақ болса, ие, мен де сол қазақтың бір баласымын деп жүрмін...

Аманкелді. Міржақып мырза, түлкі мінезділікпен атағың шыққан жігіт ен. «Алды-артын білмейтін аңқау шал ғой, алдап кетейін осыны» деп тұрған шығарсың. Алдай алмассың! Сенің тұзағыңа ілігуден кеткен шалмын! Он алтыншы жылдың ылаңында орыстың солдатын соңыма салып, ой-шұңқырды қалдырмай қуғызатының менің есімнен оңайлықпен шыға қоймайды!.. (Аз тұрып.) Келген жұмысың не, соны айтшы алдымен?

Міржақып. Сәлемдесу, дидарласу...

Аманкелді. Сәлемің өзіңе! Дидарымды көрдің. Енді ұзамай жөніңді тап! Әйтпесе... Ашуыма тие берсең...

Міржақып. Бұл қалай, батыр? Шүйіркелесіп сөйлесудің орнына...

Аманкелді. Сенімен шүйіркелесе алмаймын! Ашық далада кездессең екінші түрлі сөйлесер ем, әттең, үйіме келіп тұрсың. (Міржақып пен Шоқмұрын біріне-бірі қарайды.)

Аманкелді. Мына жаныңда тұрған бітік көз сарың кім?

Міржақып. Шотпай бидің баласы. Білмейтін шығарсыз. Бұл жігіт бұрын Орынборда окружной соттың переводчигі болып тұрды.

Аманкелді. Ым... Ығаймен Сығай екенсіңдер ғой. Енді білдім, есте болар.

Шоңмұрын шошыған түрмен Міржақыптың сыртына ысырылады. Тыстан Әліби мен Мәмбет кіреді. Міржақыптар сәлем беріп, қол алысып, амандасады. Мәмбет қолын самарқау береді.

Міржақып (Мәмбетке күлімдеп). Үйдей өкпең бар адам құсап...

Мәмбет. Саған не деген адам өкпелер?

Әліби. Мәмбетжан ба? Сені аузынан тастамайды.

Міржақып. Бірақ мақтамайтын болар.

Мәмбет. Әрине.

Әліби. Жай келдің бе, Міржақып?

Міржақып. Сәлем беру. Дидарласу. Батырмен екеуіңізге Ақаңның айтқан сәлеміде бар еді. Батыр өкпесін айтып, маңына жуытар емес.

Әліби. Ашу үстіне кездескенсіңдер ғой. Ашуланса, батыр сөйлеспейді. Жүріңдер, сөйлесейік. Батырдың ашуы басылар.. (Әліби үйден кетеді. Міржақып пен Шоңмұрын Аманкелдіге ала көздерімен қарап, олар да шығады, Мәмбет жазу үстеліне отырады).

Мәмбет. Міржақып тым жылмаңдап кетіпті, қысылып келді ме екен бірдемеден?

Аманкелді. Атқа мініп, елге беттеп бір шығайын, қысылудың әкесін сосын көрсетермін оған!

Кәрім. Көке, біреулерге қағаз бер деген екенсіз...

Аманкелді. дедім.

Кәрім (аз бөгеліп). Байқағаныңыз жөн емес пе: кім көрінге далақтап шауып, ел ішін бүлдіретін болып жүрмесін.

Аманкелді (күрсініп). Кәрімжан, осымен үш рет қайтардың-ау сөзімді. Мен айтпайтынмын; айтсам қайтпайтынмын! Мен сенетін адамымды білемін. Менің адамым еш нәрсені бүлдірмейді. Бер қағазды, тоқтатпа!.. (Кәрім үндемей кетеді.) Уа тоба, осының өзі...

Мәмбет. Көке, есіттіңіз бе, бізге Петроградтан Андреев дейтін басшы келетін болыпты ғой.

Аманкелді.Е, оны кім шақырыпты? Басшы сұрап па ем мен? Қазақ даласын менен жақсы біле ме екен?

Мәмбет. Андреевті бізге Петроград жұмысшылары өкіл ғып жіберіп отырған көрінеді. Сізге ылғи айтам ғой: орыс жұмысшыларымен қол ұстасып бірлессек қана біз дегенімізге жетеміз. Мен Әлекеңнің, жанына барайын, Міржақып не жұмыспен келді екен.

Мәмбет кетеді.

Аманкелді (жалғыз). Тоба... Қолға түспей жүрген адам еді, қотаныма келіп тайрандауын... Не істесем екен бұған? (Ойланып.) Апырмау, әлгілердің мына бөлмеден шыққаны қалай? Бұл есік неге бекітілмейді осы күнге шейін? (Дауыстап.) Қызым, ә қызым! ( Тыстан Әсия кіреді.) Мына бөлмеде тұратын біз өкшенің мынадан басқа есігі бар ма?

Әсия. Ар жағында бір есігі бар.

Аманкелді. Бар болса, мынау есік неге бекітілмейді?

Әсия. Қамар айтады, бекітпе дейді.

Аманкелді. «Қамар айтады...» Ол қайдан шыққан әулиешілік? Менің кеңсемді билейтін сол ма екен? Мәмбетке айт, бекіттіріп тастасын! (Аз отырып.) Қызым, Сейітті шақырып жіберші маған. (Әсия кетеді. Аманкелді терезеге қарап желпініп біраз отырып, ыңылдап баяғы әнін қайта салады.)

Кемсеңдейді, әйелдер қыңсылайды.
Атым бар әлем білген – Аманкелді!
Сарыарқа сирек көрді мендей ерді.
Қыр мен Сыр құбылам да Алатауым
Қадайын қызыл туды қылып белгі!..

Сейіт пен Әсия кіріп, есікте тұрады. Аманкелді оны сезбейді.

Әсия (Сейітті түртіп сыбырлап). Әлгіңді Көкеме айттым, жағынды ұсатамын деді, бәлем!

Сейіт өкпелеген түрмен бір қырын тұрады.

Аманкелді (әнмен)

Аймағым Арғын, Қыпшақ өскен елім,
Қыс қыстап, жаз жайлауға көшкен елім!
Салғанда мен ұранды, атыңа мін!
«Біз дайын, сен шақырсаң» дескен елім...

Ән соңынан артына бұрылғанда Сейітті Әсияның жұлқылап ойнап тұрғанын көреді.

Аманкелді (күлімдеп). Уа, шіркін ит жастық! Ойнап-күле беріңдер, қарақтарым, мен батамды бердім. (Сейіт кенет жайраңдап Әсияға бұрылады. Әсия алыстайды. Аманкелді аздан кейін орнынан тұрып.) Сейітжан! Ертең таңсәріден Торғайға аттанамыз. Қару-сайманымыз қандай екен, қарап өтейікші. Әліби жүруге ыңғайланды ма?

Сейіт. Қазір жүреді..

Аманкелді. Ендеше шығарып салайық, Мұқан қайда жүр!

Аманкелді шығуға ыңғайланғанда тыстан Қайдар, Серке, Мұқан кіреді. Қайдарлардың қолыңда қағаз.

Аманкелді. Е,жаздырып алдыңдар ма?

Мұқан. Зордың күшімен жазылды білем.

Аманкелді. Неге? (Өзі мөрін ыңғайлайды.)

Мұқан. Сіздің ұйғарған адамыңыз Кәрімге ұнамай қала береді-ау деймін.

Кәрім келеді. Мұқанның сезін естіп қалады.

Кәрім. Көкеме жамандап жатырсың ба мені? (Күлімдейді.)

Мұқан. Шынын айтсам да ма?

Кәрім. Түсінбейсің, Мұқан, Көкемнен ауызекі сұрамай, көрінген кісіге мандат беруге қақым жоқ.

Аманкелді (мөрін басып). Мөрің өте жақсы басылды, жолдарың болады екен. Болыс болған қайсының?

Қайдар. Мына Серкенің тұқымы шикілеу еді, осының аруағы көтерілсін деп...

Аманкелді. Неліктен шикі?

Қайдар. Білмейтін бе едіңіз: мұның түбі құл той.

Серке.Жер жүзіне жар салып-ақ болдың-ау.

Күлісіп, бәрі шығады.

Әсия (аз тұрып). Бетім-ау, ұят бола жаздағанын, Сейіттің ашуын тарқатам деп тұрып... Шын айтты ма әлгі сөзді? Әлде кекетіп айтты ма екен?

Жазуға отырады. Тыстан Мәмбет, Баян кіреді. Мәмбет Әсияның сыртында тұрып, жазуына үңіледі, Әсия сасып қалып, жазуын тыға қояды.

Мәмбет. Мұның не, Әсия-ау? Бүйтіп жүріп жазу үйренесің бе?.. Жазғаныңды көрсетіп, білмегеніңді сұрап алсайшы.

Баян. Қожанасыр айтқан көп қой: өзім білмеймін, білгеннің тілін алмаймын деп.

Мәмбет. Қожанасырды қоя тұр, жиылыс өткіздің бе?

Баян. Кірпіш зауытында өткіздім. Енді тері зауытына барамын. Күніне он доклад. Доклад сайын бір жарым сағаттан сөйлегенде, он бес сағат сөйлейді екем күніне. Қожанасыр айтқан көп қой: сөз бір бұлақ, сөз тыңдаудан тозбайды құлақ деп.

Мәмбет. Сен осы большевик партиясының программасын түсіндірудің орнына, Қожанасырдың сөзін соғып жүрген жоқсың ба?

Баян. Ретті жері болмаса, өзі де қыстырылмайды. Ретті жерінде қайдан ұстап тұрасың. (Қалтасынан махоркенің сабағын шығарып, пышақпен жонуға кіріседі.) Міржақып келді деп есіттім бе? Не арызы бар екен?

Мәмбет (күлімдеп). Ағайыншылық ымыраны ұстап келіпті: «Ат төбеліндей қазақтың баласы ек, ала қойды бөле қырықпайық» деген теория тауып алыпты.

Баян. Өй дайт дейсің-ау... Қожанасыр айтқан көп қой...

Тыстан Абдол кіреді.

Мәмбет. Жай келдің бе, Абдол?

Абдол (қағаз ұстап). Вот, Мәмбет ибдаш, қара әлі, мінә бұ жері бірде келіп шықми... Мінә, нәрсе дигән: «большәбикләр партиясы бибауырмал ди, яғни иш кімни жаратми тұрған жәбрәйлар партиясы» ди.

Мәмбет. Мұны кім жазып жүрген?

Абдол. Кімдер жазған енді шолай шатасып... шұқынғыр тігі кәрәктір: «сакласный аргинал жибірергә» деп азғына падбалит етмәдиұри, мен әйтәм, Мәмбет еғдәшка көрсәтәргә дейім.

Мәмбет (Баянға). Оқымай жіберіп пе ең мына мақаланы?

Баян.Хатшы оқыдым деген соң, сене салмаймын ба... Қожанасыр айтқан көп қой: мен қатынға сенем, қатын маған сенеді деп.

Мәмбет. Қожанасырың бар болсын! Контрреволюционерге жұмысыңды тапсыр да, өзің темекі жонумен отыр.

Баян. Көбірек әзірлеп алмасам. (Трубкеге темекіні толтырып жатады.)

Мәмбет. Мынаны қарап шық өзің.

Баян. Кешігіп қалам, былғары зауытында сағат алтыда баяндамам бар. (Сағатына қарап.) Он минуты кем алты. «Ұшпақ болсаң зымыра» деп Қожанасыр айтқандай.

Мәмбет. Кімге қаратсам екен мұны?

Баян (трубкесін тұтатып, көрші бөлмені нұсқайды). Қамар қарындасқа бер, қарап шықсын.

Мәмбет. Жетістіреді екенсің партияда жоқ адамға газет, материалын қаратып.

Баян. Партияға кіргізіп ал өзін.

Мәмбет. Жоқты айтады екенсің...

Баян.Жоқты айтпаймын, барды айтамын: жолдас қып алсаң, жап-жақсы қызметкер болады. Өзің ебін таба алмасаң маған довернис бер.

Мәмбет. Баян! Бала боп кетемісің?

Баян. Бала емей, шал ма ек. Жүр, Абдол, кеттік. (Шығуға ыңғайланып.) Ячейкелерінің жиылысы қашан?

Абдол. Ертәгә сағат алтыға назначит етіләр. (Екеуі кетеді.)

Мәмбет (ойланып). Кімге қаратсам екен мұны? Өзімізге тән қызметкердің аздығы-ай!.. Ең арғысы оқытушылар да нейтральный боламыз дегенсіп, бойларын аулақ салады. (Сәл отырып.) Әсия, Қамарды шақыршы... (Әсия Мәмбетке қарай жүріп, Қамарды шақырып шығады. Мәмбет амандасып болып.) Сізге бір жұмыс тапсырсам деп ем.

Қамар. Пожалуйста. Тапсырыңыз.

Мәмбет. Әрине, сізге сенгеннен тапсырам.

Қамар(күлімдеп). Сенбесеңіз, тапсырмаған болар едіңіз.

Мәмбет. Рас, солай екен-ау... (Қағазды ұсынып.) Мына бір мақаланың аудармасын орысшасына салып, праверит етсеңіз. Сосын маған тапсырар едіңіз.

Қамар қағазды алып, Әсияға барып сыбырласып сөйлесіп, өз бөлмесіне кетеді. Аздан кейін.

Мәмбет (жұмыс істеп отырып). Әсия, Қамар бірдеме дей ме?

Әсия. Әшейін...

Мәмбет. Мен жоқта да келе ме кеңсеге?

Әcия. Ылғи келеді.

Мәмбет. Не туралы сұрайды? (Әсия үндемейді.) Ұялшақ болма, Әсия. Айтамын деген сөзіңді жарып айтып шығатын бол.

Әсия (көпке). Өзінен ұялшақ адам жоқ, Қамармен жөндеп бір әзілдескен емес.

Мәмбет (жұмыс icтеп отырып). Сен келешекте үкімет адамы боласың, Әсия. Мемлекет жұмысын басқарасың. «Әсия Шыныбай қызы» деген атағыңды Қазақстанның сексендегі шалы, сегіздегі баласына шейін білетін болады...

Әсия. Шын ба, Мәмбет аға?

Мәмбет. Шын!

Әсия (аз отырып). Ендеше, айтайын, Мәмбет аға, Қамар ылғи сізді сұрайды.

Мәмбет. Мені. Мені қайтеді?

Әсия. Оншасын білмедім, Мәмбет аға. Керексінсеңіз, сұрап білейін.

Мәмбет. Қой, оның балалық болады. (Аз тыныс, Мәмбет жұмысымен болады.)

Әсия. Міржақып деген кісі келіп, бірсыпыра отырды сонда.

Мәмбет(басын көтеріп алып). Қамардың пәтерінде ме? Не айтыпты?

Әсия.Оншасын білмедім, Мәмбет аға. Керексінсеңіз, сұрап білейін.

Мәмбет (aз отырып күрсініп). Жоқ, сұрама.

Қaйтaдaн жұмысына кіріседі. Далада «Амангелді» әніне салған әскер өлеңі.

Шымылдық

ЕКІНШІ СУРЕТ

Дала тігілген шатырлар. Ортадағы шатыр штаб. Ту, самсаған мылтықтар. Пулемет. Ортадағы шатырда Кәрім кітап оқып отыр. Сахна ортасында Аманкелді, жаныңда жұпыны киімді қазақ. Аманкелді сахна сыртына қараумен тұр. Сахна сыртында «Аманкелді» әніне салған әскер өлеңі. Бірен-саран мылтық атылған дауыс.

Аманкелді (аздан кейін). Қап!.. Мына шіркіндердің қор қылғанын-ай. Теңгеге ата алмады деген не масқара! Маған ертең жігіт мергендікте алдына жан салмауы керек! Менің көңілім сонда ғана бітеді. Әй... Сонау кім өзі... Мылтықты ұстауың келіспеді, шырақ, тоқта, өзім көрсетіп берейін.

Аманкелді мен жанындағы қазақ кетеді. Сахна сыртында, Аманкелдінің мылтық атқан даусы. Жігіттердің таңданып даурығуы.

Кәрім (аздан кейін басын көтеріп). Мергендігімен мақтанып шалқып-ақ болды-ау осы. Мерген болған кісінің бәрі көсем бола берсе... Сорлы жұртпыз ғой.

Сахна сыртында дабыр сөз. Кәрім қайтадан кітабына үңіледі. Сахнаға екі жігіт ертіп Мұқан шығады.

Мұқан. Кәрім-ау, мына жігіттер байдың есігінде жүрген батырақтар екен, Көкеңе жігіт боламыз деп маған еріп келді.

Кәрім (бірсыпыра үндемей отырып). Не өнерлері бар?

Мұқан. Не өнер сұрайсың бұлардан? Не көрді дейсің сорлылар.

Кәрім. Арамтамақтың керегі жоқ.

Екі жігіт қынжылған түрде біріне-бірі қарайды. Мұқан Кәрімге қадала қараумен тұрады. Аз тыныс.

Бір жігіт. Ең болмаса әскердің атын бағар ек.

Кәрім. Әскер атын өзі бағады.

Мұқан. Сонда... Мұндайларға маңымыздан жүрме демекпіз бе?

Кәрім (ашулы). Мұқан! Сен өз жұмысыңды біл. Әскер үшін Көкеңнің алдында мен жауаптымын. Орынсыз әкіреңдеп мазамды ала берсең Көкеңе айтармын да...

Мұқан (кекеген түрмен). Қаңғыртып жіберерміз де... Ол бола қойса...

Кәрім Мұқанға алара бір қарап, қайтадан қабына үңіледі.

Мұқан(жігіттерді оңашалап). Жүріңдер, Көкеңе жолықтырайын, алмағанын көрейін мұның!

Екі жігітті ертіп Мұқан кетеді.

Кәрім (Мұқанның сыртынан). Апырмау, осының өзі неткен болар! Бір емес, екі емес – қыр соңымнан қалмағаны-ақ өтті-ау осының.

Асамбай келеді. Алқынған. Кәрім онымен сыпайы түрде амандасады.

Асамбай. Ойпырмай, Кәрімжан-ай... «Атаң өлсе өлсін, атанды көрген өлмесін» деп еді. Атаң Тоқтар биді көре қалған кісі ем. Бірсыпыра желбас жігіттер, рас-өтірігін білмеймін, сендердің адамдарың деп есітем, тал түсте талқанымды шығарды. Аруақты шаңырағымның үстінде әлдекімдердің қамшысы ойнады.

Кәрім. Тым қызбай сөйлеңіз.

Асамбай. Қайтейін-ау, Кәрімжан. Туасы көрмеген қорлығым еді, құр шыбыным келді алдыңа.

Кәрім (жымиып). Сарыуайым ғой.

Асамбай. Апырмай, Кәрімжан-ай, сенің де айтқаның ба бұл сөзді.

Кәрім. Басқа не айтайын? «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмайды» деп өздеріңіз айтатын едіңіздер. Сіздің шаңырағыңызға қамшы ойнатқан екен деп біз жігіттерімізді жазалай қоярмыз ба?

Асамбай. Қайткенде жазаланады, соны ғана айтсайшы!

Кәрім (күлімдеп). Бұрын білетін секілді едіңіз, қартайып кеткеніңіз бе?

Асамбай (жайраңдап). Е... Түсіне бастадым. Солай екен - ау... Дұрыс, оны ойлап табуға болады. Онда құдай берді.

Асамбай кетеді. Кәрім кітабын жинап, аздан кейін о да кетеді. Сахна сыртында әскер өлеңі. Сахнаға Аманкелді келеді, жанында манағы қазақ.

Аманкелді. Құлатай-ау... Құлатай! Сені қандай төрелікке сайласам екен? Болыс боламысың?

Құлатай. Болдыра алмаспын, Көке. Он алтыншы жылы өзіңізге еріп шығатынымда байда жалшылыққа жүрген кезім еді ғой. Өзіңіздің жаныңызда жүрсем, маған ең әдемісі сол болар еді.

Мұқан келеді. Жаныңда әлгі екі жігіт. Олар сәлем беріп, Аманкелдімен керіседі.

Аманкелді. Жай келдіңдер ме, шырақтарым?

Мұқан. Мен ертіп келдім, Көке, сізге жігіт боламын дейді.

Аманкелді. Әбден жақсы, қабылым бар.

Мұқан. Кәрім алмаймыз деп бұларды...

Аманкелді. Е, сүйтеді ол. Алдымен маған жолықсын деген шығар. (Кәрім келеді.) Кәрім, мына екі жігітті жазып ал: ат бергіз, қару бергіз екеуіне.

Кәрім. Мен бұл жігіттерді алмай жіберіп ем.

Аманкелді. Есіттім.

Кәрім. Есіткенде – себебі бар, Көке. Осы жігіттерді жанына ертіп, мына Мұқан елді шулатты деп – арыз түсіріп отыр үстерінен. (Аманкелді шошынады, Мұқандар аң-таң.)

Аманкелді. Не істепті?

Кәрім. Арыз иелерінің өздері келсін дедім, өз құлағыңызбен тындарсыз.

Аманкелді. Мұқан, бұл не сөз?

Мұқан(шошынған түрде.) Бұл жала, Көке!

Кәрім. Жала болса ақталып шық, соның керек бізге. Әйтпесе... «Аманкелдінің жігіттері сүйтіпті» деген ат бізге оңай емес.. Онсыз да дұшпандарымыз біздің жұмысымызды неше саққа жүгіріп жүрген болар.

Сейіт келіп, Мұқандармен қатар тұрады. Аманкелді бірсыпыраға шейін үндемей отырады.

Аманкелді. Неше жылдай жаныма ертіп баулып ем шіркін, не көрінді нақ бір кезенді сапарға атыма кір жұқтырып.

Мұқан (қалтырана сөйлеп). Бұрынды-соңды бұзықтығымды көрген жоқ едіңіз, Көке, нақақтан қаралаймын деген біреу болмаса, мен қараланбаймын!

Сахна сыртында бажылдаған, ойбайлаған дауыс. Отырғандар елеңдеседі.

I- дауыс. Ойбай-ау, неғып қана шыдаймын бұл қорлыққа! Қайда барып аламын теңдікті?

II- дауыс. Қойындар деймін, қан жауғырлар! Батырмен өзім барып сөйлесейін.

Аманкелді. Бұл не сұмдық?

Кәрім. Арызшылар бұлар. Бұл басы ғана шығар.

Алқынып Асамбай келеді. Сәлем беріп, Аманкелдінің қолын алмақшы болады.

Аманкелді (қолын алмай). Айта бер жұмысыңды!

Асамбай.Уа, әшейін... Ел бүлініп, Еділ бұзылған ешнәрсе жоқ. Сіздердің елге шыққан жігіттеріңіз еркелік істеген бе-ау. «Ондай-ондай хан қызында да болатын, қайтыңдар елге!» – деп шулаған жұртқа ұрыстым.

Аманкелді. Ым, түсіндім. «Аманкелді сендерге тендік бермейді» дедің ғой?..

Асамбай. Атай көрмеңіз, батыр. Оларды шулатып жүргенше, өзім-ақ сөйлесейін деп.

Аманкелді (ашулы). Тарт тіліңді. Мынадай тентегім бар деп мен саған билік айтушы ма ем? Кәрім! Келсін де мында.

Кәрім кетеді. Аз тыныс.

Сейіт.(Мұқанға сыбырлап). Неден құдай атып жүр?

Мұқан. Түк істемесем де ме?.. Көкеңе тіл тигізіп отыр деп естідім де, мына жуанға қамшыны батырыңқырап ем, соның кегі болар.

Сахна сырты тап шулайды. Көрімге еріп екі еркек, екі әйел келеді. Шулағанда бәрі бірден шулайды да, бірден тынады.

Аманкелді. Не жәбір көрдіңдер менің жігіттерімнен?

Көктұқыл. Несін сұрайсың батыр, бәрібір... (Кемсеңдейді, әйелдер сыңсылайды.)

Асамбай. Қойындар, батырдың мазасын алмай. Қан жауғырлар...

Аманкелді (Асамбайға). Әй, тек отырамысың?

Асамбай (шегініп). Қан жауғырлар, сендер үшін мен өлетін болдым ғой.

Бір кемпiр. Тым болмаса он беске де жеткен жоқ еді. Қалқам-ай... Жылап... Шыңғырып...

Аманкелді. Мұқан! Айт шыныңды!

Мұқан. Көке... Нансаңыз, нақақпын! ,

Аманкелді. Нанбаймын! Ниеті қара, бейбіт елді шулатып... (Арызшылар сыңсылаумен тұрады. Аманкелді басын бүгіп бірсыпыра отырады. Бір кезде басын көтеріп.) Сейіт! Көрсетпе мынаны көзіме! (Сейітке қарап.) Неге орындамайсың айтқанымды! Мені өлтіретін жерің осы ма еді.

Сейіт дереу жігіттерін шақырып, Мұқанның құралын алып, қолын артына байланды. Жігіттер Мұқанды әкетеді. Арызшылар дереу кетеді. Аз тыныс. Аманкелді ауыр қозғалып орнынан тұрады.

Аманкелді. Сейіт, бері келші. (Сейітті оңашарақ алып шығып, иығынан ұстайды.) Мұқан екеуің бірің қанат, бірің құйрық секілді ең. Қайтейін... Ел өсегін арқалап қайда сиямын. Жаныңа бірсыпыра жігіт ал. Денесін дұрыстап тәрбиеле. Басына белгі қой. (Сейіт кетеді. Аманкелді сол орнында бірсыпыра тұрады. Бір кезде Асамбайға.) Әй, сен болыстығыңнан түсесің! Кәрім, мына Құлатайға қағаз жаз: «Аманкелдінің болысы» де, «Аманкелді осыған сеніп тапсырды» де. «Кімде-кім Құлатай бес күрекке қарсы келсе, ол кісіні Аманкелді аямайды» де... (Кәрім қағаз жазады. Аманкелді Құлатайдың иығына сүйеніп аз тұрады.) Құлатайжан! Арамдық істеп, елді шулатып жүрме. Бір кедей үстіңнен арыз әкелсе, мен аямаймын сені!

Аманкелді ойланған түрмен отырады. Кәрім жазған қағазын Аманкелдіге береді. Аманкелді самарқау қозғалып, мөр басып, Құлатайға береді.

Аманкелді. Мә, енді болыс болдың. (Асамбайға.) Әй, қиқандамай ғана мынаған ісінді тапсыр! Егер о деп, бұ деп жүрдің бар ғой, миыңды шағамын! Қылыштың жүзінен өткіземін.

Аз тыныс. Бір жігіт пен бойжеткен қыз келеді, Аманкелді елеңдейді.

Аманкелді. Жұмыстарың не, шырақтарым?

Жігіт. Көке, құлдығымыз бар: бостаншылық іздеген жастармыз.

Аманкелді (аз отырып, көпке). Уа, шіркін ит жастық! (Қызға.) Мына жаман жігітке өзің риза болдың ба, қызым? Зорлап әкеп жүрмесін. (Қыз ұялып үндемейді.)

Жігіт(қызға сы