22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Қысқы ауылда






...Біз үйге кіріп келгенде, сары самаурынды ортаға алып, төрт-бес кісі шайға бас қойып жатыр екен. Ат жақты келген, шүңірек көзді қара кемпір күпісін жамылып, ыстық шайға нанды малшып жеп отыр. Екі жас жігіт жалаң бастанып, терлеп-тепшіп шайды ұрттап жатыр. Екі келіншектің біреуі шай құйып отыр, біреуі жас балаға сүт ішкізіп отыр...

— Кеш жарық...

Бәрі де ажырайысып қарады. Жігіттер ығысып орын берді. Ала дастарханның бұрышын созып, алдыма таман тартты. Бірер минут тұнжырасып отырғаннан кейін сөзге кірісті: олар менің аты-жөнімді, қайдан келе жатқанымды, не жұмыспен шыққанымды сұрады.

— Е, солай де, Қызылордадан шықтым де...

Қара кемпір бетіме тесіле қарап отырды да:

— Шырағым, қашан шықтың?.. Сол жақта біздің бір жаман баламыз болушы еді, одан хабар білесің бе?!— деді.

— Әй, әже-ай, жоқты сұрайсың-ау, Қызылордада кімдер жоқ дейсің, бұл жігіт қайсысын біле берсін,— деп самаурынға таяу отырған бақа сары жігіт кейіңкіреді.

Кемпір жым болды. Жас әйелдер өзара күңкілдесіп, жас баланы сылтау қылып, бірдеме айтып күліседі.

— Бетіңнің кірін қара, балаң сүймеймін дейді, жүр, бетіңді жуайын,— деп біреуі баланы жетелейін деп еді, бала көнбей бұртиды.

— Тұр, қалқам, жуғыз, ұят болады, мына кісіні көрдің бе,— деді әжесі.

— Қойыңдаршы, баланың бетін жуғанды қайдан шығарғансыңдар, жуып керегі не?— деп кемпір де кірісті.

Бұл жолы кемпірдің сөзін ерсі көріп балалары ешнәрсе айтпады...

Шайдың артынан бірен-саран қыдырмалар келді. Сұлу мұрны, қара торы жігіт есіп сөйлеп отырды. Қуландырып жұртты күлдірген болды. Үй иесі жігіт онымен шәлкем-шалыс сөйлесіп, ілінісіп отырды.

— Үкіметке ризамыз. Совет үкіметі келгелі адам қатарына қосылдық... Бұрын елге шыққан оқыған адамдар, қайда бай болса, соны таңдап қонушы еді. Бұл күнде іздеп келетін болды, мұнысына шүкіршілік,— деді үй иесі.

Сұлу мұртты жігіт аз-кем бөгелген секілденді. Бірдеңе айтуға ыңғайланған қалпы болса да, менен қаймықты ма, әлде үй иесі жігіттен қаймықты ма, айтпады.

Қыдырманың біреуі шоқша сақал, сары кісі — дыбдырлап сөйлейді. Бес батпан кір орамалды қалтасынан шығарып, бұрышына түйген құмалағын киіздің үстіне төкті, `я, бісмілла!` деп быртиған саусағымен құмалақты шашып жіберіп, ежірейіп, үңіле қалды.

— Құмалақты кімге салып жатырсың, Ержан?

— Өзіме салам. От басының амандығына салам.

— От басыңа бірдеңе көрінер дейсің бе, жалғыз сиырың бар еді, ол өлді, енді, құдай сенің неңді алады?.. Одан да маған сал, мен ертең базарға барғалы отырмын, не бітіріп қайтар екем?—деп сары жігіт ұмтылып жақын барып, жер бауырлап, көсіліп жатты.

— Әй, Орман, тұрсайшы, кісінің алдына сұлап жатып алғаның не?— деп сұлу мұрт оған ала көзімен қарады...

Ас артынан қыдырмалар тарады. Үй иесі жігіттер қонақтың атын жайласуға шығып кетті. Пеш жанында шынтақтап құмалақшы жатыр еді, қара кемпір оған қарай түсіп, сыбырлап қана:

— Біздің үйдің амандығына құмалағыңды тартшы,— деді.

Құмалақшы тартып болып: `Кірер кіріс болмаса, шығын жоқ...`— деп атап келе жатып, көзі маған түсіп, мүдіріп қалды. Қысылып, қызарғандай болды. Әлгі сөзін өтірікке шығаруға тырысқан адамдай:

— Құмалақ не білуші еді, әшейін `кәләкәйт` да... дым да білмейді. Бір құдайдан басқа кім білуші еді?— деді.

Бұл сөзді маған естіртіп айтты. Өзінше әлгі сөзін осымен жудым деп ойлады...

Оңашаланған соң, үй иесі жігіттен елдің шаруашылығын сұрадым; жүріп жатқан науқанның жайына қандым:

— Ауданда ұйым дүкені бар еді. Соның бөлімшесін ашқан болдық. Отыз бес мүшеміз бар. Товардың келуі жақсы. Ел товарға молықты. Әсіресе, кедей-батырақ артық астығын төгіп, керегін дүкеннен алып, қарық болып жатыр... Дүкен осы біздің үйде. Ертең жүрерде көріп кетіңіз,— деді.

Үй иесі жігітім сол дүкеннің приказчигі болып шықты. Белсенді кедей екен. Астық дайындау науқанына едәуір көмегі тиіпті.

— Елде артық астық жоқ емес, бар, көбі бұқпантайлық қылып бермей отыр. Бірсыпырасы артық сатып, керегіне жаратып қойып отыр... Біздің елде соғым сою деген бәсекең бар. Өлмелі кедей де, жылқы тауып соймаса, көңілі көншімейді. Семіз жылқы сатып алуға күштері келмеген соң арық жылқыны алып, бар астығын соған жұмсайды, көбінің сонымен тілеуі құрып отыр,— деді кейіп.

Соғым жемдеу хабарын есіткен соң, мен сол үй иесінің өзін қазбалап сұрай бастадым, өйткені табаққа салған қазысы білектей еді.

— Өзіңіз де соғым жемдегенсіз ғой?— деп ем, қызараңдап отырды да, шынын айтты:

— Жемдеп едім,— деді.

— Қанша астық жегіздің?

— Сексен пұттай!

Кедей шаруа. Ішерлігі мен тұқымдығынан артық астығын соятын соғымына жегізген. Соғымы семіз, қазысы жарты қарыс. Бірақ үкіметке беретін артық астығы жоқ. Артығының барлығын қазыға айналдырып, бес саусақтан майын тамызып жеп отыр. Мен бірсыпыра түсіндіріп айтып едім, түсінді, қатесін мойнына алды.

— Наданбыз ғой, ешнәрсенің жайын білмейміз, елден қалмаймыз,— деп даурығып кеп күрсінді.

— Түсіндірсе, үгіттесе ел елпеңдеп дайын тұр. Бірақ, түсіндіруші кем. Осындағы кеңес қызметкерлері ерте бастан елді түсіндіріп, артық астығын үкімет орнына төккізіп отырса, жоспар әлдеқашан толып қалмай ма?!..

Түн қараңғы. Қатты жел. Боран. Күртік қар. Қар астында өмір бар. Күртік қардың ара-арасынан жылтыраған от көрінеді. Бұл терезе сәулесі. Мал да, жан да үйде, жылы қорада ұйықтап, мүлгіп жатыр...

Қысқы ауылды біраздан бері көрген жоқ едім, сағынып қалған сияқты болдым. Жылы төсекте, тастай қараңғы үйде жатып, ысқырған желдің даусын тыңдап, маужырап ұйқыға шомдым.