22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Кедей теңдігі






1917 жыл, ноябрьдің іші, ел арасында жүріп Қауқымбайдың үйіне кездейсоқ болып қонғам. Менімен бірге дуаннан келе жатып Тәңірберген де қонған. Шам жаға шайды алып келді. Біз бай, бәйбіше, мырзамен бір дастарқандамыз. Самаурынның есік жағына кірлі майлық орамалды жайып жіберіп, үсті басы далба-дұлба, бір жігіт отыра кетті. Шоқпақ бұжыр қара, қолы тілім-тілім жарық, байдың малайы екенін адам айтпай-ақ, пішінінен, отырыс-тұрысынан білетін.

Бізге өзінің байлығын, малай ұстайтындығын білгізгісі келді білем, Қауқымбай бай көтеріліңкіреп қойып:

— Әжі өгіздерді байладың ба?— деді.

Бәйбіше байдың сөзін көтермелейін дегендей:

— Қыс болса жақындап келеді, тезек жанындағы жалаңның шомын дұрыстау керек еді, сүмеңдеп қыдырумен-ақ ұзақ күнді кеш қылады,— деп ілді.

— Сүмеңдеп қайда бардым,— деп есік жақтағы жігіт күңк ете қалды.

Бай мен бәйбішенің екі аралығында отырған мырза күлімсіреп:

— Балалармен доп ойнағаны болмаса, ешқайда барған жоқ,— деп кекетті.

Ата-енесінің, байының ізінен шығайын деген секілденіп келіншек:

— Жұмысының көптігінен ағаш жарып беруді де қойды, бүгін шайға суды өзім әкелдім,— деп бір түйреп өтті.

Айыбын мойнына алған секілденіп жігіт үндемеген соң, сөзді соза беруді лайық көрмеді білем, бай кеңесті екіншіге аударды.

— Тәңірберген, сөйлей отыр, дуанда не хабар бар екен?

— Мен хабарын білем бе, апарған бір-екі қойымды сатып қайтқанша асықтым... Дуанда бұрынғы күй жоқ. Қауіп-қатер күшті. Әжі екі торы ат жегіп меліш сата беретін Сани дейтін ноғайды көріп едім, сол айтып отырды: `большевик деген келе жатыр, байдың малын тартып алып кедейлерге береді екен; менікі, сенікі деу болмай, не бар мүлікті ортаға салады екен...`— деп, өзі көп болса керек, ішкі қалалардан шыққан дейді ғой...

— Естіп едім, түнде Рахмет қонып кетіп еді,— деді бай, жүзінде біртүрлі мысқыл аралас күлкі пайда болған секілденді.

Хабарына байдың ренжімегенін білген соң, Тәңірберген соза берді.

— Оқыған мына Кәрімдер білмесе, біз қайдан білейік, өзін түрмеде жатқан кілең бір бұзықтар дейді ғой, патша түскен соң босанған білем.

— `Кәрімдер білмесе...` дегенде мырзаның көңіліне `білем` түсіп кетіп, білетіндігін Тәңірбергенге сездірейін дегендей бейнелеп айтуға кірісті.

— Ылғи ақшаға жалданған құл-құтандар ғой. Мына Бұқабайға ақша беріп, біреуді өлтір десең, өлтірмес пе? Жаңа биліктің бәрін кедейлерге алып берем деген соң, өңкей малайлардың құтырып жүргенін көрмейсің бе? Бәрі бір әурешілік қой, күні ертең жойылады...

— Біздің Бұқабай ауылнай болады екен ғой,— деп келіншек мысқылдап күлді.

— Болса, қайтер дейсің,— деді Бұқабай, — көрінген жерге мөрін тастап кететін Сарыбайдың баласы құрлы бола алмас дейсің бе?!

Бәйбіше де, бай да Бұқабайға тесе қарады.

— Дәмесінің зорын!

* * *

1922 жылы, май ішінде, жол үстінде Бұқабай кез бола кетті. Жаяу, үстінде шоқпыт-шоқпыт шапаны бар, иығында жамаулы қап.

— Бұқабай, жол болсын!

— Ауылнайдың аулына барам. Қазынадан үн келген екен, өзім барып алмасам, көрінген жеп қойып, бос қалатынмын. Биыл тұқым келгенде аштықтың әлегінен жүре алмай, бара алмап ем, маған тиісті тарыны Кәрім бермей кетті,— деді.

Жүзі ашаң, сүзектен тұрған адам секілді. Кішкене түрегеліп тұрып сөйлескенді көтере алмай, жерге отырып демін алды. Мен бастан-аяқ жайын сұраған соң, байдың өзін қуып шыққандығын, қатынымен екеуі алты айғы қыс тілек тілеп, ит, мысықты жеп күн көргендігін айтты.

— Жаз жетті, енді өлмеспіз. Байдың соқасын айдап бір жер тары салдым, тірі болсақ күн көреміз де,— деді.

* * *

Сол жылы қырман үстінде Бұқабайға тағы кездесті. Аз ғана тарысын күрекпен ұшырып жатыр екен.

— Қырман тасысын!

— Айтсын, тасығаннан ұраға сыймай бәрі нәлөкке кетейін деп жатыр,— деп Бұқабай күлді.

Сұрастыра келсем, ауылнай тұқымды бөлгенде мұның мойнына екі пұт тары жазып, екі жер салды деп қойыпты.

— Маған деген тарыны Кәрім алып бермей кетті. Қатыннан келген жалғыз алашаны қысты күні ашыққанда сатпай сақтап едім, соған жарты пұт тары алып сеуіп едім,— енді, мынау, бәрі нәлөкке кетейін деп отыр... бірақ, әйтеуір елде бар ғой, қайыр сұрасақ та өлмеспіз,— деді.

Бар тарысы нәлөкке кетіп ашығатын болса да, нәлөкті шығарған үкіметке ренжу сөз айтпады.

— Кедейді теңгереді дегенге мәзбіз, қашан теңелгенше де байлар жанды шығарып болатын шығар,— деп күрегін алып жұмысына кірісті.

* * *

1923 жылы, октябрь ішінде 4-ауылдық сайлауына кездестім. Жиналған жұрттың байынан кедейі ден. Үйдің ортасында бір салқам столға қағазын салып, мұрны үлкендеу бір қара сұр жігіт отырды.

— Жолдастар! Мені сайлау басқару үшін үкімет жіберді. Сіздерді сайлауға жиып отырмыз. Сондықтан бұл мәжілісті басқаруға президиум сайлауларыңызды өтінем,— деді столдағы қара сұр жігіт.

Жағалай отырған жұрт түсіне алмай біріне-бірі қарады.

— Шырағым, `презден` дегенің не нәрсе?

— Президиум деп мәжілісті басқаратын адамдарды айтады және естеріңізде болсын, мәжілісте кілең кедейлер ғана болуы керек; байлардың бұл уақытқа дейін тонын айналдырып киіп арамызға кіріп, алдауы жеткен. Сондықтан, ондай адамдар болса, араларыңыздан шығаруларыңыз тиіс!

— Мырза, маған сөз бересіз бе?— деді Бұқабай.

— Айта қойыңыз.

— Айтсам, біздің ішімізде пәлен жыл мені құлданып отын, суын тасытқан Қауқымбайдың мырзасы Кәрім отыр. Николай заманында бірнеше жыл ауылнай болған. Мүмкін болса сол мырзаның арамыздан шыққанын тілер едім.

— Әбден дұрыс, Қауқымбаев кім? Өкшеңізді көтеріңіз,— деді нұсқаушы.

Орта бойлы келген, семіздеу қара жігіт жүзі құбылып үйден шығып кетті, отырған жұрт біріне бірі қарап жымыңдасып, мәз болып қалды.

— Қане, мәжіліс басқаратын адамдарың кім?

— Бұқабай болсын!

— Бұқабай!

— Бұқабай!

Жұрт шу ете түсті.

Нұсқаушымен қатарласа столға Бұқабай отырды.

Нұсқаушы көп сөйледі. Басқа мәселелер бітіп, сайлау басталды. Бұқабай өзін өзі ұстай алмады, сөзге кірісті.

— Мына жігіттің сөзін естіп отырсыңдар, істің кілті өзіміздің қолда көрінеді ғой. Үкіметтің бұл берген теңдігінен пайдалануымыз керек. Бүйтіп санға кіріп жиылыс басқарамын деу өңімде көремін деген ісім емес еді. Өздерің де білесіңдер, жаңағы Кәрім мырза маған не қылмап еді? Бес жасымда әке-шешемнен кетіп қалып, соның есігіне кіргеннен отызға дейін құлдығында болдым. Сол өмірімнің ішінде не жарытып ақы алғаным жоқ, не алда разы болсын жоқ, ылғи боқтау, сөгумен келді. Басқасын қайтейін, былтырғы ашаршылық жылы қаңғытып жіберді-ау... оның үстіне тұқымды жеп қойып, салығын маған тартқызды. Айта берсем ісі көп, оны өздерің де білесіңдер; ендігі менің айтатыным `ауылнайлыққа кедейдің пайдасын қарастырған, кедейге жаны ашитын адамды сайлай көріңдер`,—деп Бұқабай тоқтады.

— Сені сайлаймыз.

— Бұқабай ауылнай!

— Ауылнай!

— Ауылнай!

— Тоқтаңдар, дауысқа салайық,— деді нұсқаушы.

— Дауысқа салсаң да, салмасаң да ауылнай.

— Ауылнай, ауылнай!

— Жасасын, кедей теңдігі!— деді біреу.

— Жасасын, кедей теңдігі!