Әдебиет
Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.
Ел ермегі
Елде кәсіп жоқ. Қар кетісімен тырбанып бір-екі жер егін салса, жазғы кәсіпті сонымен бітті деп санайды. Көлеңкеге жатып, айран-шалабын ішіп, ұзақ күнді тек жатумен кеш қылады. Өзі қарап жатқан соң, жұмыс істегенді жақтырмайтын әдеті ғой, қит етсе орыстарды ермек қылады:
— Апырмай, орыс деген жан тыныштығын білмейтін `мақұлық`-ау. Шілденің ыстық күнінде шыжып жұмыс істеп жүргені. Бүйтіп тапқан малы құрысын! — дейді.
Орыстың кәсібі өнімді. Егінді көп салған соң, күзді күні астықты көп алады. Жаздай дамыл көрмей, тырбанып шөп жияды. `Жан тыныштығын` білгіш қазақтың бір-екі жер егіні қыс ішуіне жетпей қалып, бір күні дорбасын қолтығына қысып тамырына барады.
— Ай, тамыр, менікі ұн біткен. Сен маған бидай бер, менікі саған жер береді!..
Міне, оңай сауда!
Аз ғана жерінің таңдауын алмақшы болып орыс бидай береді. Қазақтың таңдаулы жеріне салған соң, орыстың егіні тағы бітік болады!..
Жалқау елдің баққаны көбіне әңгіме-өсек. Әңгімесінің де түр-түрі бар. Жазғытұрғы кезде жаңбырды әңгіме қылушы еді:
— Биыл қоян ғой. Егін-пішен болмас-ақ. Ел шұбырады ғой,— деп күрсінеді.
Егін-шөптің болмасын, елдің шұбыратынын білсе, күн бұрын неге қам қылмайды? Кәсіп қылып қысқы азықты тауып алудың қамына неге кіріспейді? Жоқ, оны ойлаған адамды көре алмайсың. Қысты күні бала-шаға аштан өледі екен деп жазғы ыстықта жанды неғып қинасын!
Бері келе әңгіменің түрі өзгерді. Әскерлікке дайындауға жастарды алу науқаны келді. Онымен қабат шабындық жерді болу жұмысы басталды. Жұрт `қоянның уайымын` тастай беріп, бетті осыған бұрды:
— Салаумалайкүм!
— Әликсалам. Е, не хабар? Балаларды не ғылыпты? Соғысқа айдамай ма екен?
— Балалар амандық дейді. Ойнатады дейді. Таңертең суға түседі дейді. Түсте бөрте береді дейді...
— Ай, орыста ақыл болсайшы! Текке әуре қылып, балаларды алмай-ақ қойса қайтеді екен?!..
Бұдан кейін бөліске көшеді:
— Немене, сіздердің жерлеріңізді бөлді ме?
— Болыстан біреулер шығып, бөлеміз деген болып жүр еді. Соған адам болмады білем. Әшейін әурешілік қой. Баяғыдан бері орысты араластырмай да шабынды бөліп шауып жүр едік қой...
— Мына Бөлекбай ауылы үй басына бөліп алыпты деген хабар бар, одан не білдіңіз?
— Ой, шырағым-ай, ол ауылда не болмас дейсің. Ауылында коменес болған соң, солай болады ғой...
Бұл — ымырашыл, ата жолын бұзбайтындардың кеңесі. Осы кеңес елдің көбінде бар. Көлеңкеде жатып, ұзақ күнді кеш қылу үшін осыны ермек қылады. Кертартпалықпен күні өтеді...
Әскерлікке алынған жастар елге келді. Шабындық бөлісі өтті. Ендігі ермегі не?
Саспаңдар, ел табар. Шабындықтан туған бірталай дау бар. Күзге шейін сол ермек. Күзге қарай, егіс шықпаса, аштық ермек болмас па екен?