22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Құрымбайдың жігітшілігі






I

Күзгі күн еді.

Күн ұзаққа екпіндетіп соққан долы жел кешке қарай тынып басылып, әлем жүзі құлаққа ұрған танадай мүлгуде. Күн батып бара жатыр. Батар күннің сәулесі қызарып шашырап, дөңес жерлер қарауытып, қабағын жауып түнеріп тұр. Күншығыс жақтан құшағын жайып кележатқан қою қараңғылық — жапан даланы ұзатпай бүркейін деп тұрған сияқты.

Дала бос. Дала көңілсіз. Сарғайған шөп, мал тұяғымен қырқылып тақырланған жер жүректі тартпайды. Жүрек әлденені іздеген секілді. Қызықты жаздың құлпырған жерін жоғалтқан секілді. Мынау жол жанында жатқан кішкене шалшық су — бұдан екі-үш ай бұрын шалғыны балбырап ұйысып жатқан көгал еді. Енді таздың басындай аламыштанып, ұйысқан шалғынның әр жерінде бір түбірі ғана қалыпты. Мына түріне қарағанда бұған көгорай шалғын бітті, кемерінен асып суы шалқыды деп кім айтар?

Күн бата Ырысбайдың белесіне жалғыз атты қақпалап; қорапсыз арбаға мінгесе мінген екі адам тырмысып келе жатыр. Жеккен аты арық, көтеремге шалдыққан малша, сүйектері ыржыңдап түр. Барынша шабан, шыбыртқы тисе бар денесін салып жіберіп, солқылдап жортқан болып, кішкене жүргесін тағы аяңдай бастайды. Арбаны қиқая бір жақ иығымен тартып, бір көзін айдаушының шыбыртқысынан айырмайтын сияқтанады. Шыбыртқы көтеріле бергеңде-ақ аз қымсынып жүре бастайды.

Арбадағының алдыңғысы домалақ бетті, көзі кішірек келген, бақа қара кісі. Көрінер-көрінбес мұрты бар. Ернінде бұлтиған насыбайы. Ағын шаужайлап бірер рет шыбыртқылап қойып шырт-шырт түкіреді. Үндемейді. Екі көзі алдында, терең ойға шомып келе жатқан кісі секілді. Бұл — бесіншідегі пысық жігіт, осы күнгі ауылнай Кебекбай еді.

Кейінгі отырған қызыл шырайлы жас жігіт, үстінде көнелеу қара шинель, басында фуражка, мойнында асынған қылыш, арбаға аяғын салбыратып жіберіп, қылышты алдына кесе қойып келе жатыр. Бұл болыстық милиция. Атымен таныс болғыларың келсе Қайың болысына келгелі «Құрымбай», «Құреке!» аталған.

Бұлар белеске шыққан кезде шашыраған нұры семіп, күн ұясына кірді. Меңіреу қараңғылық жер жүзіне қанат жайған секілді болды. Түсе беріс ылди ауыл екен. Мұнарланған түгін, үрген ит, ыңырсыған мал. Ауылда ма, әлде өрістен мал құлатып келе жатып па, біреудің ән салған даусы естілді.

«Торышам семіреді жем бергенде,

Жоқ еді тук алаңым сен дегенде.

Ренжимін, жан серігім, қан жұтамын,

Жеріңе уәделі келмегенде!..»

Кешкі ән, жігіттің қызына өкпелеп айтқан әні — Құрымбайдың жүрегін қытықтағандай болды. Жүрегінің әлдеқайдағы түкпірінде жасырынып жатқан ескі сырлар біртіндеп бас көтеріп, «мен ше, мен ше» деп көз алдына елестеп келген секілді болды...

... Я, ол кезде Құрымбай жас еді. Жастығының үстіне ауылдың жабайы адамының бірі еді. Құрымбайды адам екен деп елеуші жан жоқ секілді еді. Басқаныкі басқа болсын,

Байкөбектің тоқалына не жоқ еді? О да теріс қарады-ау! Теріс қарамақ түгіл, «әдіра қал, бұда адам болып, кісіге сөз айтпақшы ма екен?!» деп нос та берді ғой. Сол тоқалдарға осы күні көрінер ме еді? Не дер еді?..

Құрымбайдың сол жүргенде, жұмыстан қолы босағанда ойлайтыны ылғи әйел жайы. Кейде төсекке жатқанда ойға шомып қиялданып, көрер таңды көзінен атқызатын да күні болады. Құрымбайдың ойынша дүниеде әйелден қадірлі нәрсе жоқ. Әйелі бар адам дүниедегі бақытты адамның бірі саналуға тиіс. Өз ауылындағы Жұман кедейліктен зарланып мұңын айтқанда, Құрымбай күлуші еді, «құшақтап жататын қатыны бар, енді бұған не керек екен?..» деуші еді.

Құрымбай милициялыққа жеткен соң ойлаған мақсатқа жетем бе деп еді. Бұрын көзге ілмейтін әйелдер енді, ашылып сөйлесер, тандап жүріп біреуін аламын деп ойлап еді. Милиция болғанына қазір бесінші ай. Содан бері көп ел аралады. Қайып болысында бармаған ауылы жоқ. Әсіресе сұлу қызы бар, сұлу келіншегі бар деген үйге арнап та қонып жүрді. Бірақ арылмайтын бір қырсық, реті келген емес; кейде қыздың шешесі ұйықтамайды, кейде қызымен бөтен үйге барып жатады. Әйтеуір Құрымбайға дегенде сылтау табылады.

Құрымбай біраз ойға шомып отырды да, басын кетерді, жан-жағына бұрылып қарады.

— Күн батпай жетеміз деп едің, өзі алыс екен ғой, — деп есінеп, керілді.

Обыраған шинелін дұрыстап, тақымына қымқырып басты.

— Алыс емес еді, мына арам қатқырдың аяғын баспай келе жатқанын көрмейсің бе? — деп Кебекбай атын шыбыртқымен сираққа тартып-тартып жіберді. Өзі қоқилаңқырап отырып:

— Кедейшілік те басып кетті. Бұрын мұндай атты жеге қоймайтын едім. Тор бесті деген атым болып еді. Ой жануар, мал еді-ау, ауыздығымен алысып отырушы еді.

Ерніндегі насыбайын сұқ қолымен іліп алып жерге секіртіп жіберді де, бірер түкірініп алып Құрымбайға қарап күлімсіреді:

— Асықпаңыз, жетеміз. Бүгін ырымымыз жаман емес қой, ретіне келер, деді.

II

— Күләшжан, құйшы, қаным кеуіп қалыпты ғой, — деп кесесін итеріп жіберіп Нұржан шапанының түймесін ағытты. Жұмыстан алқынып келген адам, оның үстіне ыстық шайды ішкен соң сасық тер бұрқырап шыға бастады. Қатпарланған маңдай, имиген ұзын тұмсығы тершіп, самайынан, сақалының арасынан тер сорғалап аға бастады.

Шайды Күләш құйып отыр. Қатыны Меруерт, байы мен Күләштің екі ортасында, жұлығынан шұлғауы шығып жүрген бастамалы мәсіні көсіліп жіберіп, құрсаулы ала кесемен шайды сіміріп отыр. Байына жаны ашитынын білдірейін дегендей, байының шаршағандығына қынжылғандық қалпын көрсетейін дегендей, самайынан шығып тұрған шашын жаулығына тығыңқырап қойып, сөзге кірді:

— Байғұс-ай, өзің қартайғанда жоқ нәрсені шығынсынбай-ақ жалдап үйдіретін шом еді ғой, — деді.

Кейіп отырғанда Меруерттің сөзін шам көретін Нұржанның әдеті еді. Бұл жолы да сол күйге басты. Шынтақтап жатқан күш Меруертке ажырайып қарады.

— Еш нәрсенің жәйін білмейсің-ау, байғұс, кісі жалдайтын не сиқымыз бар. Айналдырған үш сиыр, бір ат, бір-екі қой бар екен. Оның төлі жаз бітеді. Азғана егін ішуден артылмайды. Борыш бастан асып жатыр. Бәнкеден алған биылғы 50 сомды төлейтін уақыт та болып қалды. Киім жоқ, тұттай жалаңаш отырғандарың мынау...

Меруерт жеңілді. Байының ашуын жадыратайын деген кісідей мұңына сәйкес келе сөйледі.

— Қайтейін, жазған, шаруашылығыңды мен білмей жүрмін, бе? Өзіңді аяғаннан айтам. Жасың болса 50-ден асып кетті. Жұмыс істейтін не жәйің бар. Нақұрыс қылып берсе де құдай бізден бір жаманды аяды ғой... Мына құрып қалғыр қызға, әкеңе барып жәрдемдес, шом үйіс десем, өзімді тәлкек қылады... Жұмыс істеудің не айыбы бар, ертең біреудің үйіне барғанда, осындай ылғи бойыңды бағып отырамын дейсің бе?! Кісі үйіне барғанда отымен кіріп, күлімен шығарсың, — деп қызына ақыл қылып айта бастады.

Күләш ерке өскен балалары еді. Еркек балалары болмаған сол кемпір-шал ұлдан артық мәпелеп өсіріп, жастай жұмысқа үйретпеген өздері еді. Күләш есі кіріп бойжеткелі әкесін аяса да, әкесімен қосылып жұмысын істегісі келсе де, ауылындағы қыздардың, қатындардың сөздерінен қашушы еді. Көңілінде «менмендік» бар еді. «Пәленшенің қызы кедейліктен жұмыс істеп жүр», — деп айтады деп намыстанушы еді. Кейде, әкесін аяп кеткенде, жоғарғы ойын қатеге шығарып, жұмыс істеуге бой ұрса да, енді істеуге келгенде беттемей шыта беруші еді. Бірақ әке-шешесін алдауға, олардың көңілін табуға ұста еді, қандай жабырқап отырғанда да оларды күлдіріп, мәз-мейрам қылушы еді. Шешесі қарқылдап күліп, қызының мінезіне риза болып: «қарағым, жұмыс істемесең де тірі бол!» — дейтін еді...

Лапаста жатқан Жолдыаяқ арсылдап үрді. Есікте сыбдыр білінді. Біреу сипалағандай болды. Үй адамдары шайын тоқтатып есікке қарады. Кескек байлаған қойша мойнындағы қылышы салақтап, винтовкасын сүйретіп, Құрымбай мен Кебекбай артынып-тартынып үйге кірді.

— Кеш жарық!

Қылышты, мылтықты көргенге ме, үй іші үрпиісіп қалды. Әсіресе Меруерт үрпиді. Жақын арада Сылқымның қызын милициямен келіп алып кетті дегенді есітіп еді. Сондай бір сойқанға ұшырамасақ игі еді деп зәресі қалмады.

Сығырайып жанған бестік шамның сәулесі қара көлеңкеленіп, келген кісілердің бетін ашық көрсетпеді. Әйтсе де ауылнайды жоспарлап тануға мүмкін еді.

Қонақтар төрге шығып, қыз айттыра келген сыпайы құдадай, шірене барып отырды.

— Ауылнаймысың, аман ба?

— Шүкіршілік.

— Мына жігіт кім?

— Болыстық милиция ғой.

— Жол бола берсін, қайдан шықтыңдар?

— Берекең ауылынан шықтық. Биылғы берілген нәлөктің спескесін кем жазылған деп, болыс нанбай жатыр. Қайтадан жүріп жазыңдар деп, мына кісіні жіберген екен, соған шыққанымыз ғой, — деді.

Үйге кіріп отырғаннан Құрымбайдың көзі Күләшта болды. Алдымен Күләштің мәнерлі қызыл тақиясын көрді. Қою қара шашын маңдайынан екі айырғандағы ағарған жігін көрді. Одан темен жазық мандайын, күлімсіреген қара кезін, мұрнын, аузын, тағы-тағыларын көрді. Әсіресе көзі, мұндай көзді Құрымбай өмірінде көрмеген секілді болды. Әлде көрді ме екен? Жапақтың үйіне қонатында бойжеткен қызы шай құйып беріп еді. Оның кезі де осы сияқты емес пе еді? Жоқ, ол — өлген балықтың көзі секілді бозғылт еді. Мына көз басқа!

Құрымбай Күләштан көзін алмады. Қайта-қайта қарай берді. Бастапқы кезде, қандай жігіт екен деп Күләш та қарап көріп еді, тікірейген ала көз, жұтып қоятындай болып қадала қойған соң, мына шіркіннің қарағаны қалай еді дегендей, оз жұмысымен болып, шәйін құя берді. Қадалып отырған ала көзді елемеді, елеу ойында да болған жоқ...

Төсек салатын кез жақындағанда Меруерт қонақтарына жөн айтты:

— Ағаларың шал. Кәсіп қылатын адамымыз жоқ. Бір-екі қойдың телін жазды күні сойып қойғамыз. Күзгі келген қонақтарға ұяттымыз.

Ауылнай:

— қой, — деп ернін жыбыр еткізген болды...

ІІІ

— Қой деймін, сізге не болған?! деген Күләштің бәсеңдеу даусы шықты.

Үй іші қараңғы. Сығырайған терезеден азырақ саңылаусымақ жарық шалынғандай болады. Үй іші қалың ұйқыда. Бүргенің шаққанына шыдай алмай аунап түсіп, Нұржан мен Меруерт қорылдап үйді басына көтеріп жатыр. Әке-шешесінің бас жағындағы бұрыштағы қуыста Күләш жатыр еді. О да ұйықтаған секілді еді. Бірдеме төс жағында жыбырлағандай болған соң, қымсынып оянып еді.

— Қой деймін... қойыңызшы! — деп көрпесін қымтап жамылды.

Күләштің бас жағына таман қалтыранып, жүрегі алып-ұшып үңірейіп Құрымбай отыр. Сол қолы жерді тіреген. Тырнап алар деп қорыққан адамдай ол қолын ептеп қана созады. Көрпеге жақындата бергенде, Күләш жиырылып игеріп тастайды.

— Қойыңызшы!..

Алқынған жүрек, ынтыққан тілек ерікке қоймайды. Үміт үздірмейді. «Адам баласы ғой, заты әйел ғой, елжіремес дейсің бе, жібімес дейсің бе?!» деп ойлайды. Елестеген тәтті үміт баяғы қолды еріксіз тағы создырады; тілек тілеген қайыршыдан жаман елердегі сөзін айтатын пішінмен өлімсіреп созылған бақытсыз қол, жылы көрпеге жақындай бергенде, әлденендей белгісіз бір күш итеріп келіп тастайды.

— Қойыңызшы!..

Құрымбай сескеніп, қалтыранып кетті...

Үй тастай қараңғы. Терезеден жылтырап бір жұлдыз көріңді. Жұлдыздың сәулесімен есік жақтағы пеш ақ аяң тартып бұлдырланған секілді болды. Пеш жанында бұйығып ұйықтап жатқан ала мысық пырылдап оянып, Құрымбайға қарай аяндады. Жанына келіп еңкейіп отырған Құрымбайдың бетін құйрығымен сипап өтіп, Күләштің көрпесіне барып кіре бергенде, белең алған Күләш оны да итеріп жіберді. Ала мысық Құрымбайдың алдына келіп түсті. Құрымбай ала мысықты сықақ қылғандай, «байғұс-ау, сен түгіл мені де жоламай жатыр», — дегендей езу тартты. Бірақ ала мысық Құрымбай секілді жалтақтық қылмады. Күләштің көрпесіне қайтадан барып кірді. Күләш бұл жолы тимей, ала мысықты көрпесіне кіргізді. «Апырым-ау, мысық құрлы болмағаным ба? Мені мысық құрлы көрмегені ме?!.» деген ой Құрымбайдың мазасын алып барады.

Ой теңіз ғой. Шарықтай отыра аяқты жоғары салды. Құрымбай бір болыс елдің милициясы. Бір болыс ел сыйлап отыр. Әйел түгіл еркектер қарсы келіп көрген емес. Еркектің де дәулерімен алысып көрді. Қайың болысындағы жеті атасынан уызы арылмаған Бықырия дейтін кісі ұрлықпен былғанып, соны ұстауға тура келгенде, еңкілдетіп алдына салып айдап-ақ келген Құрекең еді. Бір ауылнай ел жиналып, бір күн қондыр деп сұрағанда да, көнбеген кісіні осы заңды дұрыс орындауда, атқа мінерлердің, жуандардың алдауына ермеуде Құрымбай бәйге алып-ақ жүрген жоқ па? Милиция бастығы мұнын, қызметін жақсы деп мақтап отырған жоқ па?.. Ендеше... Осынша қарысқандай бұл қызға не жоқ?

Құрымбай ашуға да мінгісі келеді. Бірақ, белгісіз бір күш еркін алып, жуасытады. «Ашудан еш нәрсе өнбейді, жалынып бақ» дегендей болады.

Неге екенін өзі де сезбеді, Күләштің жанына жанай жатты. Күләштің жастығының бұрышына басы тигенде, бойы еріп кеткен секілденді... «Осындай қараңғы түнде, мынадай бойжеткен қызды құшақтап жатса, содан қызық не бар екен?!» — деген ой баста тайталасып жарысып, мазаны алып барады...

Алқынып, тығылып зорға дегенде үнін шығарды:

— Сіз мені танымай жатырсыз ғой деймін...

— Жоқ, таныдым.

— Ендеше замандас емессіз бе?

— Болса қайтеді? Әлде, замандастығыңызды сатасыз ба?

— Сатпаймын ғой... Замандастыққа лайық іс қылсақ деймін.

— Мен тілемеймін...

— Сіз менің сөзіме түсінбей жатырсыз. Мені — елдегі жабайы жігіттің бірі деп ойлайсыз. Оныңыз қате. Мен іс басындағы адаммын. Мен әйел затын теңгеруге қарсы емеспін. Соның үшінде өзім келіп отырмын. Менің ойым... Менің ойым... деп Құрымбай сөзін аяқтамай тоқтады. Өзінің не айтқанын, не айтайын дегенін білмеді.

— Жұмыс адамысыз ғой, ұйқыңыздан қалмаңыз, барып жата қойыңыз, — деп Күләш ірге жаққа аунап жатты.

«Жұмыс адамысыз ғой...» Бұл әзілдеген СӨЗ емес пе? Я, әзілдеген сөз. Әзілге келген соң енді не тұрыс бар? — деп ойлады... Жатқан күйі басқа сөзді қойып, құшақтай берем дегенде, белең алған Күләш сескеніп, қолын көтеріп қалғанда, Құрымбайдың маңдайына сақ ете қалды. Басын белең алған атша Құрымбай кекел еткізді. Тұла бойы суынып, денесіне суық суды құйып жібергендей болды. Не болғанын, не қылғанын сезбестен қалтыраған күйі аз-кем төніп отырды да, жылжып төсегіне келді.

Ауылнай ұйықтаған жоқ екен:

— Немене, іс бітті ме? деді.

Құрымбай көрпесін жамылып жатып күрсінді:

— Болмайды! — деді.

IV

— Қане, Нұреке, малыңызды айта қойыңыз, — деп ауылнай қысып барады.

Нұржанның тезек қалалының ішінде он шақты адам қатарынан отыр. Ішінде байсымақ Кәрім, сүбе би — Дәуіт бар.

Нұржан кібіртіктеп мүдірді. Сырттан қарап тұрған Меруерт төзе алмады білем, шалына болыса бастады.

— Ауылнай қайным, ағаңды тым қысып кеттің ғой. Бір-екі сиыр мен бір аттың барын езің де білесің, оның несін сұрай бересің?

— Мен ешкімнің малын түгендеп жүргенім жоқ. Ісімде не барын мен білмеймін. Айтқандарыңды жазам, айтпай жасырсаңдар, ертең айып тартасыңдар, малың қазынаға түседі...

— Оның дұрыс қой, бірақ менде жасырылып отырған мал бар ма? Бір-екі қараның есебі өз қолында. Мені қыса бергенше, мына Кәрім, Дәуіттер де отыр, алдымен солардан-ақ сұрасайшы...

— Бай-бай, Нұржан-ай, қыршаңқы тілің қалмайды-ау. Біреуді шалдырмай-ақ өз малынды жаздыра берсейші, — деп Дәуіт кейіп қалды.

— Қайным-ау, нені жаздыр дейсіндер?

— Жаздыр, ана қойыңды! Әкеңе ас бересің бе? Қазынадан мал ұрлайтын қайдан шықтың?

— Өзің жаздырмайсың, сенің қойың жоқ шығар?

— Мен қойымды кімге жаздыратынымды білем.

— Біз де білеміз.

— Әңгімені қой, жаз, мына Нұржанның екі қой, бір ешкісі бар.

— Ендеше мына бидің он бес қойы бар, алдымен соны жаз, — деп Меруерт тағы килікті. Дәуіт Меруертке ала көзімен қарады...

Ауылнай Нұржанның екі қой, бір ешкісін жазды. Дәуіттікін жазбады. Дәуіттікін жазған-жазбағанын Нұржанда, Меруерт те қазбалап сұрай алмады. Дәуіттің ашулы ала көзі өңмендерінен өтіп кетті. Бір пәлеге ұшыратар деп қорықты...

V

Нәрсе-қарасын алып, жүрейін деп жатқанда үй жанында тұрған Күләшқа Құрымбай кездесіп қалды. Күләш жымиып күлді. Түнде ашуланса да, неге екенін өзі де білмей күлді.

Құрымбай да күлді.

—Түндегіге ашуландыңыз білем.

—Жоқ,ашуланған жоқпын.

—Ашуланбасаңыз айып алуыңыздың жөні қалай?

—Қайдағы айып?

—Айып емей не, байлардың жүздеген қойын көрмей, біздің үйдің екі қойын жазып кетіп отырсыздар, төрелігіңді былай қоялық, мұның тіпті жігітшілігіңе лайық емес қой.

Құрымбай апалақтап қалды. Істеген істерінің бұрыстығын жаңа сезгендей болды. Ұялып бетінен оты шықты...

Арбаға мініп, ауылдан шыға бергенде Құрымбай артына қарады. Екі шелегін иығына салып Күләш суға кетіп бара жатыр еді.

—Но, маладес қыз екен, әттең оқымай қор болған екен!.. деді.

***

Ауылға салық қағазы келгенде, кім жазғаны белгісіз, Дәуіттің он бес қойына салық салынып келді. Мұны естігенде Нұржан миығынан күліп:

— Оқасы жоқ, көппен бірге тарттың ғой, — деп кенеліп қалды.

Шай құйып отырған Күләштің есіне Құрымбай түсті. Құрымбайдың кетерде ұялғаны, құлағына дейін қызарып, қайырып жауап бере алмағаны көз алдына келді, өз-өзінен жымиып:

—Қалай да жігіт екен, жарады! деп риза болды.

1925.