22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Түйебай






Біздің ауылдың жайлауы Қоржынтомар дейтін жер. Қоржынтомар екі жағы қоржын секілді бүйірлі, ортасы үзіліс -алшақ. Томардың ортасы Қүрақты көл; біздің ауыл ылғи күншығыс жағында отырады. Ауыл отыратын жағында томардың кезең суаты бар. Бала-шаға күн ұзаққа сол суатқа суға түсіп, ішіміздегі бойшандарымыз орталықтағы құраққа да барады; ең жаңа көшіп келген әзірде, құрақтың ішінде, ескі қамыс саңылтырларды судың бетіне жинап үйіп, шағала жұмыртқа салады. Өзіме тете ағам бар; менен екі-үш жас үлкен болғанмен, менің бойым оныкінен аласа емес. Суға түскенде көбіне соған ілесіп, қамысқа барам. Жалтыр тайыздап сала береді. Жұмыртқа іздейміз... кей жерлерде су бетінде калқыған ұя, шағып тастаған жұмыртқаның қабықтары кездеседі.

- Балапанын шығарып әкеткен ғой, - дейміз.

Кей кездерде ырысымыз жеңсе, қалқыған ұяның үстінен тап-тарғыл болып жатқан шағаланың кішкене сопақ жұмыртқасы кездеседі.

Ел биыл жайлауға соңырақ көшіп келген. Екі-үш күннен бері Қоржынтомарды аралап бітірдік. Мәз жұмыртқа тапқамыз жоқ. Қоржынтомардың күнбатыс жағындағы өзектің аңғарында Қарақоға дейтін кішірек көл бар. Қарақоғаның суы тайыз, қоғасының арасы түйенің өркешіндей бұйраланып жатқан томар. Сол томарларға шүрегей үйректер жұмыртқа салады. Басқа үйректер де кенже салатын болғандықтан шүрегейдің жұмыртқасы ел жайлауға қанша кешігіп келсе де, уыз болады.Талай аралап алғанымыз бар, томардың қуысына салып бетін шөппен бүркеп кетеді екен...

Қарақоға көз ұшында көрінгенмен біздің ауылдан екі-үш шақырым шамасы бар. Оған барған адам кешсіз келе алмайды. Бұрын кол бос кезде кілең бала қосылып, салып ұрып жүре беруші едік.

Менің тәугі оқыған жылым ғой, молданың қандайының жақсы, қандайы жаман екенін мен қайдан білейін: менен басқа бұрыннан мектеп көрген балалар өзара: «Өте қатаң молда» деп сөз қылысады. Мен әжемнің кенжесімін. Кенжесі болғандығымнан шығар деймін, бөтен балаларынан гөрі мені еркелеткен секілденетін еді. Киіз үйге шыққан соң мені молдаға тәу апарып бергенде де:

- Молдекесі, кенже балам еді, өзі өте қорқақ, тым ұра бермессіз, - деген. Оның үстіне бейсенбі сайын тоң май болса, жұка нан пісіріп, молдекемді конақ қыламыз. Конаққа ылғи мен өзім шақырамын.

- Молдекесі, шәкіртіңе батанды берші, - деп, келген сайын әжем бес тиындық қара бақырды бармағына қыспай жіберген емес.

Осындай мәпелегеннің арқасында мен таяқтан сау болдым. Басқа балалардың бәрі де жұма сайын шақырады, шақырмайтын жалғыз-ақ Түйебай. Түйебайдың әкесі көрші ауылдағы Ермағамбет дейтінде малайлықта. Қатыны, екі баласы біздің ауылда. Жұлым-жұлым қара үйі бар. Ата жөнінен бәрімізбен тумалас.

Қатыны Есмағамбеттің үйінің малын сауады. Түйебайды шешесі молдаға берді. Түйебай тентектеу, көбіне шешесінің тілін алмайды. Сол өшін алайын дегендіктен бе, шешесі молдаға тәу апарғанда:

- Тентек болса, ұрып-ұрып қой, еті сенікі, сүйегі менікі, - деді.

Бәріміз бірге оқыдық, сабақтаспыз, зеректігі бізден кем емес, бірақ бастап оқығаннан-ақ Түйебайға молданың қылығы келіспеді. Алғашқы кездерде «ақымақ, хайуан!» деп сөгетін болды. Жүре-жүре құлағын бұрайтынды шығарды. Бірқатар окыған жиырма шақты баланың ішінде Түйебайдан бұрын таяқ жегені болмады. Кешкілік жат сабақ жаттатады. У-шу болып ауылды басымызға көтереміз.

Екінді әлетінде, биені ағытып жатқан шамада, тындатады. Алдымен кезек Түйебайға келеді. Мүдірмей айтып шығып кетсе амал жоқ, әйтпегенде қамшымен сыдырып салады. Бірақ Түйебайдың бір қасиеті, қанша таяқ жесе де, көп жыламайды, мұқап жасымайды.

Жайлауда ел арасы жиі. Бір белестің астында апам ауылы бар. Бір күні әжем екеуіміз сонда барып қонып, ертеңіне келдік.Кешірек келсек сабаққа бармайтын едім, екіндіден жоғары болған соң әжем:

- Сабағыңа бар, - деді. Бір күн болса да, мойным босап, босаңсып қалған екем, имандығымды қолыма ұстап, еріне басып келе жатыр едім, артымнан біреудің даусы естілді. Карасам Түйебай екен.

- Сабаққа барасың ба, - деді, жаныма ентігіп жүгіріп келіп. - Әжем бүгін науқастанып қалып, бұзау кетіп қалған екен, соны жаңа зорға тауып әкелдім, - деді.

Кешігіп қалған баланы молданың ұратын әдеті. Мен қорықпаймын, әжем кеше сұрап алған, Түйебайдың сылтауы шамалы, сондықтан оның таяқ жейтініне менің де, өзінің де көзі жетеді.

Бетіне қарап:

- Молда сені ұрады ғой, - дедім.

Үндемеді. Келе жатырмыз. Анадайдан балалардың бір шуылдап, бір басылған әндері естілді. Адамның беттегісі келмейді, бірақ амал жоқ.
Мен алдында, Түйебай кейін, сәлем беріп кіріп келдік. Молда тізерлеп, тізесінің үстіне кітап қойып, қауырсын қаламмен бірдемені жазып отыр екен. Көзін сүзе қарап, Түйебайға қадала қалды. Ашуланғанда, ортасын қырқып тастағандықтан делдиіп тұрған мұртының жебесі тікірейіп қозғала беретін. Бұл жолы да солай болды. Кітабын сандықтың үстіне қойып:

- Неге кешіктің? - деді.

Түйебай үндемей тізелеп, бүкірейіп отырып, имандығын аша бастады. Үндемеген сайын молданың ашуы үдейін деді.

- Неге үндемейсің, доңыз, жат бері, - деп қолындағы екі айыр қамшысымен сандығының жанын көрсетті. Түйебай барып жата алмады, сен тіл алмайтын кім едің деп молда қамшымен осып жіберді.

Түйебаймен қатар отыратынмын. Екі айыр қамшының бір тармағы көйлекшең иығыма тиіп кеткенде, ыршып түстім. Түйебай «молдеке» деп өкіріп қоя берді.

Басқа балалар таңсық көргендей, алғашқы кезде баяулаңқырап оқыса да, қамшы тарсылы шыққан соң бәрі де дауыстарын үдете бастады. Түйебай өксігін баспай кешке шейін жылады. «Оқы!» деп молда құлағын бұрасада, алақанмен шапалақтасада, жылауды үдетпесе, қойған жоқ.

Екінді әлетінде жат сабақ тындатты. Мен білмей қалдым. «Акымақ!» деп молда қамшысын көтеріп алғанда, жаным шығып кетті ме екен деп едім, еңіреп қоя беріппін. Бірақ ұрмады, басқа балаларды жіберіп, Түйебай екеуімізді алып қалды.

Екеуіміз жылап отырмыз... Күн бата босатты. Бәледен құтылғандай жүгіре басып жөнелдік. Түйебай өксігін әлі басқан жоқ. Ауылға жақындай бергенде маған қарап көзін жеңімен сүртіп:

- Сен ертең келесің бе? - деді.

- Сен ше?

- Келмеймін, - деді. - Шоқынып кетсем де, енді молданың алдын көре алман! - деп өкіріп қоя берді. Аяп кеттім, менің де көзіме жас келді.

Түйебай содан кейін молда бетін көрмеді. Он-он бес күн елде бос жүргеннен кейін әкесі келіп, «оқымайтын болсаң мен сені қойдың соңына салайын» деп апарып біреуге жалдағандығы естілді.

Ә дегенше жаздың қызықты кезі кетіп, жұрт шөп шабуға кірісті. Әлі келетін үйлер қостап шықты. Біздің үйдің қостап шығаратын әлі жоқ. Шөп шабарда жылда өзенге көшетінбіз. Биыл да көшпек болды. Көшумен бірге менің оқу мәселем де қозғалды. Бірсыпырасы: «Байдың үйіне тастап кет, оқысын!» деді; әжем онша сыңай бере қоймайды. Әжемнің қалпын сезген соң «қалмаймын» деп қиғылық салдым. Ақырында менің тілегім қабыл болып, үймен бірге кететін болдым.

Байдың үйінен көшуге пар өгіз сұрап алды. Түс ауа үй жықтық. Бізбен бірге көшетін 45 үй. Бесін кезінде көш женелді. Құлын күнінде жездемдікі берген торы құнанды ерттеп мініп алып, Тәңірберген шалмен екеуіміз сиыр айдадық. Күн ыстық, бұрқыраған жолдың шаңы тіп-тіке аспанға ұшады. Ұзамай Алакөлдің тақырына жеттік. Жолдың күншығыс жағында бір кішкене қара қоға бар. Қара қоғаның басында жусаған қой көрінді. Сиырдың аяңына ішім пысып келе жатқандықтан, құнанымды борбайлап жіберіп, шауып отырып жетіп бардым. Шетте жатқан қойлар дырылдап үркіп жігірісті. Қойдың көл жағынан «шәй-шәйлап» бір бала түре келді.

- Түйебай!..

Шұрқырастық та қалдық. Өзі жаяу, жалаң аяқ, ерні кезерген, тілінген. Үстінде шоқпыт-шоқпыт кима шапанның жұрнағы бар. Елді, балаларды сұрады. Менің жаныма келіп құнанымды мақтады. Әлденеге қызығып, телміріп қарады. Көз қарасында «Сен бақыттысың ғой» деген сөз бар еді. Жазды күні молдадан таяқ жеп, күн бата екеуіміз кайтқанда Түйебай маған осы көз қараспен қарап еді. Онда да «Сен бақыттысың ғой» деген сөзді аузымен айтпаса да, көз қарасы еріксіз білдірерлік еді.

Мен көп тұрдым. Көш ұзап кетті. Мардымды еш нәрсе сөйлесе алмадық. Бірақ, бірімізді біріміз қиып кете алмайтын секілденіп тұрдық
Мен:

- Қойды неге ат мініп бақпайсың, - дедім. Аты болса екеуіміз жарыссақ, адам айтқысыз қызыққа бататын секілдендік.

Ол күрсінді.

- Ат бермеді, - деді.

Молданың ұрып жәбірлегені секілді, байдың да ат бермей, жәбірлегені көрінді. Бірақ «шоқынып кетсемде, молданың алдын көрмеймін» деп айтқаны секілді, «аштан өлсем де, байдың қойын бақпаймын» деп сол сағатында Түйебай айта алмады. Оны айтатын өзінде құдірет жоқ секілденді. Мен жүріп кеттім. Көз ұшындағы белеске шығып артыма қарасам, көлдің кабағына қарай өрген қойының артында, екі көзі менде, Түйебай әлі қараумен тұр екен...