23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Бейбіт Сарыбай

Бейбіт Шегебайұлы Сарыбай — 1983 жылы 3 қаңтарда Алматы облысы Райымбек ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген.

Өліара






Кешқұрым шақ. Қарағайлы сайдың басынан бас-аяғы отыз алты ұл-қыз құлдилап келемiз. Бiразы ат мiнген. Ендi бiразы қаражаяу. Атқа мiнген жiгiттер бiр-бiр қыздан мiнгестiрiп алған. Жаяулары қыздың иығына қолын артып құшақтап барады. Осы бiр “алқакөл сұлама, ақтабан шұбырындыдан” маңызы бөлек шұбырған топқа қарап көңiлiм босап кеттi. Неге десеңiз бiз осы сәтте мәңгi бақи дәл осылай толыққанды басымыз қосылмасқа тарап бара жатырмыз.

Ұзақ жылдарға созылып, бiтпестей болған мектептi де бiтiрдiк. Кеше түнде қолымызға орта мектептi толықтай бiтiрдi деген куәлiгiмiздi алдық. Басқа-басқа осы аттестат Айбол екеумiзге де бұйырды-ау. Мектептен әне қуып жiбередi, мiне қуып жiбередi деп жүргенде әупiрiмдеп осы күнге де жетiп тындық. Түндегi салтанатты кештен соң бүгiн барлық сыныптастар тауға демалысқа шыққанбыз. Ертең барлығы жоғарғы оқуға құжаттарын тапсыру үшiн алып қалаға аттанбақ. Әрқайсысы әр қиырға тартады. Демек, бiз ендi ешуақытта осылай бас қоса алмаймыз. Жеке-жеке кездесiп тұруымыз, мектептi бiтiргенiмiзге пәленбай жыл толу құрметiне он-жиырмамыздың басымыз қосылуы мүмкiн-ау. Ал бiрақ дәл осылай төрт көзiмiз түгел жиналмасымыз мен үшiн анық. Мен бұны мектептi ерекше куәлiкке бiтiрiп масайрап бара жатқан анау секпiл бет сары қыздан да жақсы түйсiндiм. Ауылға жеткенде әркiм әр көшеге бұрылып, үйдi-үйiмiзге бытырап тарап кеттiк. Бiттi. Қандай аянышты.

Ертеңнен бастап барлығы жолға шығады. Алматы мен ауылдың арасындағы 347 шақырымдық жол өзiнше бөлек, олар үлкен жолға аттанады. Алдында кiмдi не күтiп тұрғанын уақыт көрсетер. Бiреу бағы жанып студент атанып, ендi бiреуi қолорамалын сулап қайтар. Бағы жанғандардың ата-анасы Гүлшаттiкiне бала жүгiртiп, қарызға арақ алып, атап өтер. Сүрiнгендердiң ата-аналары келер жылға үмiт артар. Кейбiр қыздар басына бас бостандығын ала сала күйеуге шығар. Оны уақыт көрсетер. Не де болса бiз үлкен өмiрге бет алдық. Шешем айтпақшы “Әркiмдi Құдай есiркесiн”.

Қалың топпен бiрге мен де “базарға барып бағымды сынап қайтпақпын”. Менiң оқуға тапсыратынымды естiгенде орыс тiлiнен сабақ берген Абайдылданова жағасын ұстап: “Саған не жоқ?..” деген. Десе дей берсiн. Ең құрымаса қала көрiп қайтармын. Оқу оқып, қарық қылайын деп тұрғаным шамалы. Онсыз да он жыл бойына бекерге бас қатырғаным жетер. Құдай-ау «А қаласынан шыққан әлдеқандай велосипедшiнiң Б қаласына қанша уақытта жететiнiн табу» үшiн бекерге уақыт өткiздiк емес пе. Ом заңын бiлмей-ақ оңалып кетiп жатқандарды көзiмiз көрiп жүр ғой. Соның барлығын ойлап, он жылымның бекерге өткенiне өкiнiп жүргенде, ендi тағы бiр төрт жылымды құрбан қылғым келмейтiнi анық. Мен осылай ойлағанмен әке мен шеше көнер емес. Олар менi қайтсе де оқуға түсiрмек. Әне, анау соғымдай семiз екi сөмке менiң ертең жолға шығатынымды айғақтап тұр. Ішiнде құрт, май, бiр жапырақ ет пен екi-үш келi картоп бар. Қалада менi оқудың түбiн түсiрiп, қазiр әлдеқандай қызмет iстеп жүрген ағаларым күтiп алмақ. Ағам менi оқуға түсiру үшiн пара беремiн деп қомақты қаржы ұстап отырғанын да естiгем.

Ертең қалаға жүретiнiмдi естiген Айбол таңға дейiн бiрге болайықшы деген ниет танытқан. Жалғандағы жалғыз адал досымның тiлегiн жерге тастағым келмей, келiсiмдi бергенмiн. Қора жақта жинаулы тұрған қарағайдың үстiне отырып алып iштiк. Айбол қызыңқырап қалды. Көңiлi босады-ау деймiн, үйге кетпек болғанымда Айбол қолымды алып тұрып:

— Жолың болсын. Менi ұмытпа. Ертең тауға кетем. Әкемнiң жолын жалғап, мыңғырған қой айдаған шопан боламын, — дедi ықылық атып.

Дала тастай қараңғы едi. Бiраз жер ұзағанымда аңғал досымның айқайын естiдiм.

— Алмат, адасып кетпе. Қазiр өлiара ғой, — дедi. Иә, шындығында өлiара кезең бұл. Мезгiлдiң ғана емес, бiздiң өмiрiмiздiң де өлiара кезеңi. Адаспауым керек деп ойладым аяғымды тәлтектеп әрең басып келе жатып.

* * *

Ұлттық қауiпсiздiк комитетi қаһарына мiнiп тұрғандықтан менi оқуға түсiрмек болған адам жеме-жемге келгенде бас тартыпты. Ағаларым өзiмнiң тапсырып көргенiмнiң жөн екендiгiн, тест дегеннiң бiр қызық жерi бейберекет белгiлей берсең болды, бағың жанып түсiп кетудiң мүмкiн екендiгiн айтып, сынаққа кiргiзген. Неден бастап, неден аяқтарымды бiлмей отырғанымда алдыма сәл қиғаштау жайғасқан қыздың қалтасынан тiлдей қағаз шығарғанын көрдiм. Дайын жауаптар екенiн сездiм. Ол ешкiмге бiлдiрмей көшiре бастады. Одан қалыспай мен де көшiрдiм. Барлық жауабым дұрыс болып кетсе, сенбей қайта қарап жүре ме деп қорқып, ара-арасында бiрдi-екiлi қате жiберiп қоямын. Жүз жиырма сұрақтың жиырмасын өз бiлгенiммен (яғни қате қылып) белгiлеп, қалған жүз сұрақты айна-қатесiз көшiрдiм. Бар шаруаны тындырып бiтiсiммен сыртқа шыққым келдi. Алғашқы бiр-екi адам шығысымен мен де сыртқа тап бердiм. Оқуға түсетiнiме сенiмдi болдым. Сыртта күтiп тұрған туыстарымның сұрағына:

— Қорықпаңдар. Бiлетiн сұрақтарым келiптi. Түсетiн шығармын, — дедiм.

— Сен де бiрнәрсе бiлесiң бе? — дедi әпкем таң қалып.

— Бiлмегенде ше. Ертең көресiң, — дедiм маңғазданып. Ағам болса:

— Айналайын, айды аспанға шығармай-ақ, қырық балл жинашы, соған ырза болайық. Ең болмаса ақылы оқуға iлiгерсiң, — дедi.

Сөйтiп ақшалы әкенiң тәлейлi қызының арқасында үлкен үмiтпен ұйқыға бас қойдым.

Ертесi күнi өзiм сынды қаптаған талапкерлердiң бiрi болып кешегi тапсырған тесттiң қорытындысын бiлу үшiн университетке келгенмiн. Тақтадағы тiзiмнен өзiмнiң аты-жөнiмдi iздей бастадым. Бiр кезде өзiмнiң қанша балл алғанымды көрiп, көзiм шарасынан шықты. Ағам қолы тимейтiн болғандықтан менiң өзiмдi жiберген. «Аты-жөнiңнiң тұсындағы цифрға қарасаң болды. Басқа жұмысың жоқ» деп жiберген. Менiң аты-жөнiмнiң тұсында 117 деп тұр. Демек 117 балл. Бойымды сенiмсiздiк билеп, қайта-қайта қараймын. Тұп-тура 117. Айналып қана кетейiн тәлейлi қызым-ай, сенiң арқаң деп қоям iштей. Сонда деймiн-ау өз бетiммен жауап берген жиырма сұрақтың он жетiсi дұрыс болғаны ма. Шынымен-ақ тест дегеннiң осындай құдiретi бар екен-ау. Егер белет алып тапсыратын болсақ, жұмған аузымды ашпай-ақ қайтар едiм ғой. Ағама хабарластым. Қуанышы қойнына сыймаған ағам:

— Құдайың бар екен, — дедi.

— Әжемнiң әруағы қолдаған шығар, — дедi жеңгем, қазақы түсiнiкке салып.

Сонымен жеңгемнiң тiлiмен айтқанда “Құдай оңлап, әруақ қолдап” оқуға түстiм де кеттiм. Ағам менi оқуға түсiрген адамға беремiн деп жиған ақшасын өз күшiңмен түстiң ғой, өзiң жұмса деп қолыма ұстатты. Ағамның да, менiң де, ауылдағы әке-шешемнiң де қуанышында шек жоқ. Ел қатарлы оқуға түскенiме, түсе алғаныма ғана қуандым. Әйтпесе, түсуiн түскенiммен оқи алмайтын шығармын деп қорықтым. Ең бастысы түстiм ғой. Абайылданова естiдi ме екен-ей, деп қоям iштей.

Қалаға келген кластастарымның бiр-екеуiн шақырып, айда кеп жудық. Әбдән қызған кезiмiзде, көзi ашық, көкiрегi ояу Абзал деген досым:

— Осы сен шынымен жоғарғы балл алдың ба? — дедi сенiмсiздiк танытып.

— Сенбесең өз көзiңмен көр, — дедiм.

Өзiмнiң де тағы бiр көргiм келiп кеттi. Таксимен университет алдына келiп тоқтадық. Сүйкiмдi тақтаға жақындаған сайын көңiлiм өрекпи түстi. Асқарұлы Алмат 117 балл деп тұр-ау шынымен. Досым қарап тұрды да үнсiз қалды. Бiраз уақыттан кейiн қарқылдап күлдi. “Есуассың, кещесiң” деп балағаттады. Сөйтсем оның күлетiндейi бар екен. Балл деп қуанып жүргенiм, рет саны екен. Мен 117 балл жинамаппын. Бар болғаны 117-нөмiрлi талапкер екенмiн. Көзiмнiң алды тұманданып кеттi. Әлден кейiн есiмдi жиып, бәсе дедiм тiстенiп. “Бәсе, менi қай Құдай жарылқай қалды?“ десем.

Алып ұшқан қуаныш ұзаққа созылмай, арты өкiнiшке айналды. Ең құрымаса жұртқа келеке болмай, ағам армандағандай ақылы бөлiмге лайық балл да жинамаппын. Яғни рет саны бойынша 117 тұрған Асқарұлы Алмат бар болғаны 22 балл жинапты. Өлiм болды. Маған дұрыс жауабын көшiрткен тәлейлi қызымның варианты басқа екен. Вариант деген пәленi мен қайдан бiлейiн. Менi сөйтiп қара басыпты.

Сонымен ауыл елдi шулатып, сенсация жасаған менiң ауылға қайтуыма тура келдi. Әкем мен шешем: “Жұмыс iстесе де сол жақта жүрсiн. Биыл келмесiн”, — дептi. Досқа күлкi, дұшпанға таба қылған баланы кiм жақсы көрсiн. Менiң қалғым келмейдi. “Келме” деген әкенi де, “қал” деген ағаны да тыңдамай ауылға тарттым. Ауылға келсем менiң Қожанасыр атағым дүрiлдеп тұр екен. Кездескен адамдардың барлығы күледi. Намыстанатын несi бар, мен де күлдiм. Тек шешем байғұс жұрттан ұялып, бiрер күн жиын-тойларға бара алмай жүрдi…