23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Бейбіт Сарыбай

Бейбіт Шегебайұлы Сарыбай — 1983 жылы 3 қаңтарда Алматы облысы Райымбек ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген.

Рауғаш ерте гүлдейді






Университет алдындағы аялдамада адам қарасы көп екен. Жарты сағаттан астам уақыттан кейiн Құдайға қараған көлiктiң бiреуi тоқтады-ау әйтеуiр. Сол жиырма адамдық шағын автобусқа қырық тоғызыншы болып мен де кiрiп үлгердiм. Елдiң өзi бiр аяғын қоярға жер таппай тұрса, бiр кесiр жолдас “отыратын орын жоқ екен, иә” деп өзiнше өкiнiш бiлдiрдi. Оның сөзiне мырс еттiк те қойдық.

Бiр кезде менiң қолымды бiр кiшкентай қолдың қыса ұстағанын сездiм. Қасымда тоғыз, ондар шамасындағы екi кiшкентай қыз тұрған, солардың бiрiнiң қолы екен. Сақтық жасап тұрған шығар деп үндемей тұра бердiм. Сөйтсем, ол қыз менiң қолымды қасындағы қыздың қолы екен деп шатастырып ұстап тұр екен. Бiр кезде қолдың үлкен екенiн сездi-ау деймiн, алақанын ары-берi жылжытып ұстап көрдi де айналасына қарады. Мен оның сәби жүзiне қарап күлдiм. Қол менiкi дегенiм шығар. Ал ол болса бетiме үнсiз таңырқай қарап тұрып, бiр кезде күлiп жiбердi.

— Бәсе, мынаның қолы қалайша үлкейiп кеткен деп таңданып тұрсам, сiздiң қолыңыз екен ғой, — деп қасындағы қызды нұсқады. Содан кейiн екеуара әңгiмемiз жанданып сала бердi дейсiң. Жол бойына iш пыстырмайтын серiк табылғанына iштей қуанып та тұрмын. Үстiме iлiп алған жұпыны киiмiмнен қай топтағы адам екенiмдi аңғарса керек:

— Қаншасыншы курста оқисыз? — дедi. Мен қалжыңға сүйеп:

— Қаншасыншы курсың не, айнам-ау, мен мұғалiммiн, — дедiм. Ол сенген жоқ. Сенбегенi былай тұрсын:

— Ал керек болса, мұғалiммiн деп қояды. Үстiне киiп алған киiмдi қарап қойсашы, — деп келеке қып күлдi. Мен болсам “ұялған тек тұрмастың” керiне салып:

— Иә, рас, мұғалiммiн, — дедiм.

— Қай сабақтан бересiз?

— Тарих және география пәндерiнен.

Менiң шынымен мұғалiм екенiме деген күдiгi сейiлмесе керек, сынап бiлгiсi келдi.

— Оһо, сiз география пәнiнiң мұғалiмi болсаңыз, мынаны бiлуiңiз керек. Нiл өзенiнiң ұзындығы канша? Осы сұраққа жауап бере алсаңыз сенейiн, — дедi.

Өлген жерiм осы екен дедiм. Шынымды айтсам, бiлмейтiн едiм сол өзеннiң ұзындығының қанша екендiгiн. Мектеп программасында оқуын оқыдық қой, бiрақ ұмытып қалған екенмiн. Сұрап алған ауруға дауа жоқ, ендi не де болса жауап беру керек. Оның үстiне автобус iшiндегi iшi пысып келе жатқан жұрттың бәрiнiң назары әлдеқашан бiзге ауған. Аузыма қайдан түскенiн бiлмеймiн:

— Алты мың шақырым, — дедiм. Қу қыз сықылықтап бiр күлiп алды да:

— Әй, мұғалiм ағам-ай, неге өтiрiк айтасыз? Таппадыңыз. Бiлмесеңiз мен айтайын — бұдан былай жадыңызда сақтаңыз. Әлемдегi ең ұзын өзен осы Нiл өзенi. Бұл өзеннiң ұзындығы бес мың төрт жүз шақырым, — дедi. Мен құтылып кетпек болып:

— Сен оқығанда сондай болған шығар. Өзендер бiр қалыпта тұра бермейдi. Жиi-жиi ұзарып, не болмаса қысқарып тұрады. Сен оқығанда бес жарым мың шақырым болса, одан берi ұзарып, алты мың шақырым болған шығар, — дедiм. Тәттi қыз бұл жолы да оңай құтылдыра салған жоқ. Одан әрмен келеке қылып:

— Әй, аға-ай, сiз де қатырады екенсiз. Сiз тұрмақ сiздiң әкеңiз оқығанда да осылай болған. Және сiздiң немереңiз де осылай деп оқитын болады. Менi неге алдайсыз. Бiлмесеңiз “бiлмеймiн” деп айтпайсыз ба? Мен сiзге екiлiк баға қойғалы отырған мұғалiм емеспiн ғой. Шынымды айтсам, сiз мұғалiм емес, талантсыз актер сияқтысыз, — деді.

Содан аз-кем уақыт үнсiз тұрды да қайта бастады.

— Сiз жаңа георграфиямен қоса тарих пәнiнен де сабақ беремiн дедiңiз, иә? Онда айтыңызшы, Ежелгi Египетте ел билеушiнi не деп айтады? Мысалға бiзде Президент дейдi, — деп бастады да ұзақ сонар мәлiметтердi алдыма жайды дейсiң келiп. Қай мемлекетте қалай айтатынын айтып шықты. Ал ендi айтыңыз дедi. Сәл ойланып алу үшiн қулыққа көшiп, “сұрағыңды түсiнбей қалдым, қайталашы?” — дедiм. Ол болса тақылдап тұрып:

— Египетте ел билеушiнi не деп айтады? — дедi. Бiлетiн-ақ сияқты едiм, есiме түсiре алсамшы. Жұрт назары жеп барады. Бiлмей қалсам ұят болады. Өзiме де обал жоқ, бағана география пәнiн ғана айтсам ғой, бұл сұрақты қоймас едi. Бiр пәндi азсынғандай екiншi пәндi айтып нем бар едi. Ендi азабын тартып жатырмын.

— Бiлетiн едiм. Тек жұмыстан шаршап шыққандiкi ме, есiме түсiре алмай тұрмын. Басқы әрпiн айтшы, — дедiм.

— П…

— Так, так, так… Тiлiмнiң ұшында тұр. Соңғы әрпiн де айтшы.

— Н… Болды өзiңiздi-өзiңiз қинай бермеңiз. Бiлмейсiз ғой. Жаттап алыңыз. Ежелгi Египетте ел билеушiнi Перғауын деген. Әй, мұғалiмiм-ай, ұятқа қалдыңыз, иә. Егер сiз мұғалiм болсаңыз, онда бiзге оқудың керегi жоқ шығар.

Мен қыздан тiрi тұрып құтылмасымды бiлдiм де, әңгiме ауанын басқа жаққа аударғым келдi.

— Өзiң кештетiп қайдан келе жатырсың?

— Парктен.

— Ұнады ма?

— Ұнағанда қандай!..

— Ақшаң жетпей қалған жоқ па?

— Қайдағы-ы-ы. Қайта, керiсiнше, мың теңгемiз артылып қалды. Мамам маған бес мың теңге берген. Төрт мың теңгесiне жақсылап қыдырдым. Қалғанын өзiне қайырып берем.

— Көп ақша берiптi ғой.

— Иә, көп бердi. Өйткенi, бiздiң уәдемiз бар болатын. Сол уәде бойынша, мен бiрiншi тоқсанда барлық сабақтан беске шықтым. Ал мамам бес мың теңге бердi. Қасында тұрған өзi қатарлас кiшкентай қыз бен баланы ымдап:

— Мына достарыңа қаншадан бердi? — дедiм. Оларға қарап тұрды да қолын бiр сiлтеп:

— Ә-ә, бұларға ма?! Бұларға берген жоқ. Себебi, бұл екеуi де мамаға берген уәделерiн орындай алмады. Мынау — сiңлiм. Бұл екi сабақтан төртке шығып қалды да сыйлықтан құр қалды. Ал анау — iнiм. Ол тура сiз сияқты дым бiлмейтiн сауатсыз. Менiң жақсы оқығандығымның арқасында ғана бүгiн қыдырып келе жатыр. Ертпей тастап кетейiн дедiм де аядым. Жақсы оқыса қандай сыйлық алатындарын көрiп ынталансын деп те ертiп алдым.

— Папаң кiм болып жұмыс iстейдi?

— Сiз менiң сөздерiме қарап үлкен қызметкердiң қызы екен деп ойлап тұрған шығарсыз. Жоқ, мүлде олай емес. Егер солай деп ойласаңыз, қателесесiз. Папам автобус айдайды. Ал мамам сол автобуста кондуктор. Таңғысын бiз ұйықтап жатқанда кетедi де түнде бiз ұйықтап жатқанда келедi. Бiр-бiрiмiздi көп көре бермеймiз. Өзiмiз өсiп жатырмыз.

— Сен менi әбден тексердiң. Мен де сенi бiр тексерiп көрсем бола ма?

— Болады, неге болмасын.

— Жаңа сен жақсы оқимын дедiң, иә. Сен жақсы оқысаң мынаны бiлуiң керек. Көктемде ең бiрiншi қай гүл өсiп шығады? Ерте өсетiн гүлдi айтшы, — дедiм өзi құсап тақылдап. Ол мүдiрген жоқ.

— Бiлмей қалса екен деп тұрған шығарсыз. Өкiнiшiңiзге орай, бiлемiн. Сiз өте оңай сұрақ койдыңыз. Көктемде ең бiрiншi қауыз жаратын, ерте өсiп шығатын гүл — бәйшешек деп аталады. Ол барлық гүлден бұрын өсiп шығады. Тiптi, көктемнiң шығуын күтпей-ақ, қыстың соңына қарай қардың астында жатып та өсе бередi.

— Онда сен де сол бәйшешек екенсiң.

— Неге?

— Өйткенi, сен де ерте гүлдепсiң. Көктемнiң шығуын күтпей-ақ, ең бiрiншi болып.

— Жоқ, мен бәйшешек емеспiн. Мен деген рауғашпын. Менi әкем солай атайды. Жақсы көрген кездерiнде «рауғашым менiң» деп еркелетедi. Сiз рауғашты бiлесiз бе, ол көп жақтарда өспейдi. Тауда ғана, онда да алыс тауларда ғана өседi.

— Бiлемiн. Бiздiң тауда да өседi. Мен оны жақсы көремiн…

— Сiз де таулы аймақтансыз ба?

— Иә, оны қайдан бiлдiң?

— Түрiңiзден байқалады. Оның үстiне мен де сол жақтанмын. Рауғашты көбiне бiздiң жақтыкiлер ғана бiледi.

— Сонымен, рауғашпын де.

— Иә, рауғашпын. Рауғаш қышқыл болады ғой. Мен де қышқылмын. Сосын рауғаш та ерте гүлдейдi. Жаз шыға салысымен пiседi. Бiрақ бiр аяныштысы сол, оның ғұмыры өте қысқа. Қолы жеткендер жеп үлгермесе тез қатып қалады. Жоқ болып кетедi. Сол үшiн елдiң бәрi оны аңдып жүредi де пiсе салысымен терiп алады. Және оған әркiмнiң қолы жете бермейдi.

— Оның бәрiн бiлемiн. Мен рауғашты қатты жақсы көремiн…

Алматы көшелерiнiң тығынынан зәрезап болған жұрт бұл күнгi жолдың ұзара түскенiн тiлеп келе жатыр едi iштей. Өйткенi, олардың барлығы да “Рауғаш” екеумiздiң әңгiмелерiмiзге берiлiп кеткен едi. Тындай бергiлерi келетiн сияқты. Менi емес, әрине, мына бiр ерте гүлдеген “Рауғаштың” қышқыл да тәттi қылықтарын тамашалап келе жатыр едi. Ол сол қаптаған көзқарастардан қысылғандай болып, маған сыбырлап қана:

— Еңкейiңiзшi, — дедi. Мен еңкейiп құлағымды оның аузына жақындаттым. Ол сыбырлап қана:

— Мыналардың бәрi бiздi тыңдап келе жатыр ғой. Естiп қоймасын. Қызыңыз бар ма? — дедi.

— Бар.

— Аты кiм?

— Жансая.

— Әдемi ат екен.

— Өзi де сұлу.

— Мен сияқты ма?

— Иә.

— Қашан үйленесiз?

— Оны не қыласың?

— Жай, тойыңызға менi де шақырыңыз деп айтайын дегенiм ғой.

— Сенi кiмiм деп шақырайын?

— Жай танысым едi дей салыңыз.

— Танысым дегенге сенсе жақсы. Сенбей қалып, бұрынғы қызың шығар десе, пәлеге қаламын ғой.

— Неге, олай деп ойламайтын шығар жынды болмаса. Мен кiшкентаймын ғой. Ой, сiз менi бiлмейсiз ғой. Мен деген кереметтей әншiмiн. Тойыңызға шақырсаңыз ән салып беремiн. Керемет өтер едi.

Өмiрде осындай қызықты сәттердiң қысқа болатыны, қысқа болғанда да тым қысқа болатыны жаман да. Бiздiң де екеуара қызықты сәттерiмiздiң соңына жеткенiмiздi қыздың өзi жеткiздi.

— Сiз қай аялдамадан түсесiз?

— Абылай ханнан.

— Қап-ай, а!..

— Неге өкiндiң?

— Мен Қонаев көшесiнен түсетiн едiм…

— Түссең не қылады?

— Жолда машиналар көп қой. Өту қиын. Сiз бiздiң аялдамадан түссеңiз, бiздi жолдан өткiзiп жiберсе болар едi деп ойлағам…

Сол аялдамадан түсiп қалып, “Рауғаш” қызды жолдан өткiзiп, тiптi, үйiне дейiн жеткiзiп салуыма болар едi. Тек әр сөзiмiздi қалт жiбермей бағып отырған адамдардан ұялып, өз жөнiме қарай кете беруiме тура келдi. Қыз автобустан үнсiз түсiп бара жатты.

— Қыз-ау, пока демейсiң бе? Қоштаспай кетiп бара жатқаның не? — дедiм. Ол болса:

— Пока демеймiн. Во-первых, сiз менi алдадыңыз. Во-вторых, тойыңызға шақырғыңыз келмедi. Ол аз болса, менi жолдан өткiзуге де жарамадыңыз, — деп айыптап кеттi.

Олар түсiп қалғаннан кейiн автобусымыз әрi қарай жүрiп кете бердi. Көлiктiң артқы терезесiнен карап едiм жолдың жағасында тұр екен. Қолын бұлғап қала бердi. Мен iштей “Аман бол, айнам” деп кете бардым. Ал автобустың iшiндегi адамдар ендi не iстер екенсiң дегендей маған көз алмай қарап тұрды. Кейбiрi жылы жымиып тұрды. Көз алдарында басталып, көз алдыларында аяқталған ғажап киноның аянышты кейiпкерiне аяушылықпен қарайтын сияқты бәрi.