30 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Бауыржан Момышұлы
Бауыржан Момышұлы (24 желтоқсан 1910 - 10 маусым 1982) — Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолб

Хат



Батыста көп шабуылдың бірі.

Аспанды қапылыста қара бұлт қаптап, солтүстіктің сайтаны ұстап, ызғарлы жел долдана соққанда, өңімнен өтіп барады.

Жел кейде айдаһардай ысқырып, ұйтқыта итеріп өте шығады. Кейде аңдай ұлып ышқынып, ішін тартып, үрейлендіре перідей соғып, астымыздағы жануарды тәлтіректетіп, иығынан екпіндей жұлып, бізді ер үстінен ауытқыта жаздайды. Кейде саябырсып, баяулап, сыбырлай жаяу аяңдап, жер бауырлап, орман жапырақтарын сылдырлата желіп, бізді мазақтағандай сылқ-сылқ күліп майда желіске салып, мәймөңкелей жөнеледі.

— Уа, табиғат. Сен де бүгін сағат сайын құбыла құтырып қажыттың - ау, — деді қасымдағы жолдасым қатарласа беріп, — жолдас гвардия полковнигі, алдағы сарайды паналап, біраз тыныс алып, темекі тартсақ қайтеді, — деді.

— Жарайды, — болды менің жауабым.

Жау оғынан шоқының басындағы орды пана етіп, жерден мойынды қылқита ғана бас көтеріп, дұшпан бағытын дүрбімен біраз шолып өтіп, жерге отыра беріп, картаны болжау үшін планщеткамды — шанашымды аша бергенімде, күтпеген жерде көк конверт жерге түсті...

Қалай аман-сау жүріп жатырсың ба? Сенен хат алмағалы көп уақыт болды. Қайда жүргеніңді кім білсін. Тек ұзын құлақтан амандық хабарыңды есіткенде ғана көңілім жай тапқандай болмаса, сенен ешқандай анық - қанық хабарым жоқ.

Ағайдың әдрісіне бірнеше рет хат жазып едім, алған алмағаныңды білмеймін. Бірге болсаңдар ол кісі тапсыратын адам еді ғой. Неге хат жазбайтыныңа түсінбеймін. Сенімен уәдеміз басқа еді ғой, мен соны күтумен жазды өткіздім... Қалайша бұлай болғанына, тіпті, көзім де, ойым да жетпейді...

Мүмкін бұдан бұрын қателескен де шығармын, олар сен сияқты кісілер емес еді ғой. Тап осы жолы қателесе қойған жоқ шығармын деп ойлаушы едім...

Әр кезеңнің әртүрлі кезі бар екенін білемін. Әйткенмен сенің жүрегіңнің бір бұрышында жүргеніме ешқандай күмәнім жоқ — сенемін. Өлімнен ұят күшті, жаным арымның садағасы дегендерді қатты түсінемін — қазақтың баласымын. Әйелмін — менің апам Мамыр ғой. Бұларды мен сені түсінеді деп жазып отырмын, басқа бірдеңемен я сені қызғанғандықтан айтып отырғаным жоқ. Әйелдердің бәрібір болады екен ғой деп ойлама. Сендердей адамдарды аттарыңды есіткен жандардың бәрі сүюі мүмкін (өзіңді я атағыңды). Сенің бірақ жүрегің бар, өзіңе айтып едім ғой еш уақытта қызғанбаймын деп — айтқаным айтқан. Менің қазым өзіңсің — сені сүйген жүрек қандай жаза тартса да бәріне риза... Сүйгеніңнен тарт деген қарғыс та есіткен шығармын. Бұл кінә емес, әншейін наз — сағынғаннан айтамын. Саған айтпағанда, кімге айтайын, кім түсінер... Жақында күтпеген жерде бір ескі кітапқа көзім түсіп, мынадай бір ғажайып сөздер оқыдым — бақытты махаббатқа былай деп ұйғарыс беріпті... Союз одинаково мыслящих... ой-пікір, ниет, мінез-құлық бір-біріне орынды жерде ақылгөй, бірінің ойына бірі ой қосатын жұбайлар шынында бақытты болуы рас шығар, олар тел қозыдай табиғаттың егізі емес пе, адам баласының шын махаббаты, адамгершілігі үйдің, елдің көркі емес пе? Сенің дос ақыныңның бір кезде «Ойыңа ой қосады ақылдассаң» деген сөзін мен әлі ұмытпаймын... Сондайлар біздің елден мыңнан екеуі табылар ма екен — әйтеуір мен айналадан көре алмадым.

Тек анда-санда Іскендірлермен сөйлескенде ғана көңіл көтеріліп қалады. Білесің ғой, шынында екеуін көрсем мейірімденіп қуанам. Олардан саған сәлем, әсіресе, жеңгейден.

Биыл жүрегім ауыратын болып жүр — ыстықтан ба, әлде жер биіктігінен бе — меніңше, бас себеп сен бе деп ойлаймын, емін өзің тап. Саған арнап көп хаттар жазып едім, бірақ та оларды жібергенім жоқ, жолыққанда оқырсың.

«Мен сенің ашуыңнан қорқамын» деуші едің, қорықпайтын болғансың ба, қалай. Осы хатыңнан басқа хат алғаным жоқ», — деп аяқтап, «сүйдім» депті. Артынан қол қойыпты Майда жазумен мына өлеңдерді жазыпты:

Жас едім жазығым не сүйген жүрек,

Көп күндер күте - күте жүрген тілеп.

Қара түн, қалын орман куә еді ғой,

Кіршіксіз қосылғанда ыстық тілек.

Құр сүлде, жан шыққан жоқ, дене мұздай,

Көз жұмсам көрінеді шың терең құздай.

Аталса сенің атың, сәуле жаным,

Дәрмен жоқ отыруға өңді бұзбай, — депті.

Үш жолға «зет» белгісін қалың, батыра сызғаннан кейін майда жазумен:

Өмірімнің бар қызығын,

Бәрін саған арнадым.

Еш адам жоқ түсінер бір,

Жалғыз өзім зарладым.

Талай түндер кірпік қақпай жасаған,

Жазығым не?

Неге қатты қарғадың, —

деп жолды бітіріп:

Өзің кешір, бірақ сені сүйіп ем,

Өзің куә саған басты иіп ем.

Оқты көзің өн бойымды өрлеген,

Өзің сөндір өз отыңа күйіп ем...

Менің биыл жаз бойындағы үйде жатып, шығарған өнерім ғой — келмеген жерін түзерсің, бірақ та еш адамға көрсетуші болма... деп хатын аяқтапты.

Жолдасымның бетіне тесіле қарап:

— Мына хатқа жол болсын, менің қағаздарымның арасына қайдан түсіп жүр? — деп хатты ұсынғанымда, түрі құбылып:

— Мана сіздің қағаздарыңызды жинағанымда, асығыста жаңылыс араластырып алған болармын, — деп төмен қарады.

— Мен де абайсызда оқып қойыппын. Айыпқа бұйырмассың, ерім — әйткенмен, жаман адам жазған хатқа ұқсамайды...