24 Қараша, Жексенбі

Әдебиет

Баубек Бұлқышев

Баубек Бұлқышев (1916, Қарағанды облысы Ұлытау ауданы — 1944, Украина, Днепропетровск облысы Софьевск ауданы) — жазушы.

Пушкин қазақ әдебиетінде






Ұлы ақыл иесі данышпан ақын Александр Сергеевич Пушкиннің өмір сүріп, қайтыс болғанына бір ғасырдан аса уақыт етті. Бірақ ұлы ақын Пушкиннің қалдырған тамаша әдеби мұралары әлденеше ғасырлар бойы халықпен бірге жасай бермек. Сондықтан да ақын Пушкин:

Жоқ, өлмен, жаным тірі өлеңімде,

Жаңғырад, құрымайды денем мүлде,

Жалғанның жарығында мен ардақты,

Жасаса жалғыз ақын керегі не...

Яғни, менің өлеңім де, өзім де жасаймын, бірақ жалғыз емес, халықпен бірге жасаймын дейді. Ұлы ақын болашағын тереңнен болжайды.

Расында солай. Пушкин халық ақыны.

Орыстың ұлы ақынын қазақ халқына бірінші таныстырған, Пушкиннің көркемдігі күшті, тіпті өткір, мазмұны терең, жанға жайлы, жүрекке майда өлеңдерін қазақтың кең даласында ән ғып салған қазақтың классик ақыны Абай болды.

Абайдың артықшылығы сол болды, ол сол кездегі қазақтың мәдениет салтына қарай түсінікті тілмен, кең түрде Пушкин өлеңдерін қазақ халқына жеткізді. Абай Пушкиннің көп шығармаларын аударды. Абайға Пушкин үлкен әсер етті. Сондықтан да орыстың ұлы ақыны Пушкинді өзінің творчествосына жолбасшы етіп, үнемі пайдаланып отырды.

Октябрь революциясынан кейін казак, халқы Пушкинді бұрынғыдан да кең, ашық айқын тани бастады. Оның көп шығармалары казак совет ақындарының тікелей шұғылдануымен қазақ тіліне аударылып көпшілік оқушыларға тарады...

Пушкиннен көп аударма жасаған орденді ақын Тайыр Жароков. Ол Пушкиннің «Кавказ тұтқыны», «Цыгандар», «Ағайынды қарақшылар», «Граф Нулин», «Колоннадағы үйшік» сияқты ірі шығармаларын аударды. Тайырдың аудармалары оқушыларға өте түсінікті, әрі жеңіл, әрі күшті тілмен, жақсы аударылған. Ақынның ойын, қиялын, тамаша образдарын, тілінің көркемдігін жеткізіп мықты бере алған.

Осы сияқты қазақтың басқа ақындары да Пушкиннен біраз аудармалар жасады. Олар Пушкинді тани білді. Пушкиннен үйренді. Бұдан біз Пушкиннің орыс әдебиетімен қатар, қазақ совет әдебиетіне де үлкен күш, ірі жетекші болып отырғанын көреміз.

Біздің жаңа бастаған ақындарымыз ең алдымен Пушкин шығармаларын, өлеңдерін оқып пайдаланады. Пушкин шығармалары оларға алтын бұлақ. Жас қаламын төселтіп тәрбиелейтін дерек. Пушкин поэмаларын, лирикалы өлендерін, әсіресе пионерлер мен мектеп оқушылары көп оқитын және жатқа біледі. Пушкиннің балаларға арнайы жазған «Алтын әтеш», «Балықшы мен балық» сияқты шығармаларын олар ауыздан тастамайды.

Пушкиннің тамаша еңбектері бүкіл совет халқының, оның ішінде қазақ халқының бағалы қазынасы болып отыр.

Пушкин казак совет әдебиетін ілгерілетіп өрістете беруде, оның кең құлаш жайып есе беруінде алдағы уақытта да жетекші бола бермек. Пушкин бүкіл совет халқымен бірге ғасырлар бойы жасай береді.