22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Баубек Бұлқышев

Баубек Бұлқышев (1916, Қарағанды облысы Ұлытау ауданы — 1944, Украина, Днепропетровск облысы Софьевск ауданы) — жазушы.

Александр Иванович Герцен






(Туғанына 127 жыл толуына)

Орыс революциясының тарихындағы ұлы күштерді айтқанда, әдебиет тарихындағы тамаша бай қазына мұраларды айтқанда, суреткер-публицист Александр Иванович Герценнің аты аталады.

Герцен 1812 жылы апрельдің 6 күні Москва қаласында туды. Әкесі ауқатты, қарамағында крепостной шаруалары болған адам.

Герценнің тәрбиеленіп өскен жері Мәскеу қаласы болды.

1829 жылы Герцен университетке түседі. 1830 жылдардың басында университет жастары саяси мәселелермен шұғылдана бастайды. Саяси кружоктарға ұйымдасады. Кружоктардың қызу жұмыс істеуінде Герценнің рөлі күшті болды.

Жастар утопист — социалист Сен - Симонның саяси шығармаларын және Шиллердің поэзияларын тамаша ынтығып оқитын еді. Герцен де осы жастардың алдыңғы қатарында болды.

Бүл кез XIX ғасырдың алғашқы жартысында I Николай патшаның саясатына қарсы шаруалардың көтерілісі кең өріс алған дәуір еді.

30 жылдарда шыққан, Герцен бастаған жастардың мақсаты: үстем тұрған қоғамның қарым-қатынастарын сынау, әділетсіздікті сөгу, білім қажеттілігіне, прогреске ұмтылу және әйел теңдігіне жол беру идеясы еді.

Герцен бастаған кружоктағы жастарды полиция қолға түсіреді. 1834 жылы июльдің 21-нен 22-не қараған түнде Герцен қамауға алынып, Вятька (қазіргі Киров қаласы) қаласына жер аударылады.

Герцен ол жақта ауыр тұрмыс кешті.

40-жылдардың басында Герцен Мәскеуге кайтып келіп, әдебиетпен шұғылданады, философия мәселесімен айналысады. Ол өзінің «Ғылымдағы диалектизм» және «Табиғатты үйрену туралы хаттар» деген белгілі философиялық еңбектерін «Отечественные записки» журналына бастырады.

Герценнің 40-жылдардыц орта кезінде баспасөз бетінде «Искандер» деген жасырын атпен бірнеше еңбектері шықты.

Герценнің жазушылық өмірі өзінің тамаша еңбектерімен басталды. Ол «Кім кінәлі» деген романын, «Қарақшы сауысқан», «Доктор Крупов», «Франциядан және Италиядан хаттар» деген повестерін, «Сол жағадан» деген очерктерін, «Өткендер мен ойлар» деген классикалық шығармаларын жазды.

Оның 40-жылдардағы публицистикалық шығармаларында саяси күрес жағы өте басым келеді. Герценнің шығармаларында помещиктердің, қанаушылардың, арамтамақтардың образы ашық беріледі.

Оның «Кім кінәлі» деген романы әдебиет тарихына Лермонтовтың «Заманымыздың геройы» деген шығармасынан кейінгі психологиялық шындық стилімен жазылған роман болып кіреді.

Владимир Белтов «Кім кінәлі» романының басты геройы, ол асқан күшті, талантты адам, өзінің еңбегінің, талабының нәтижесіз қалуына қатты уайым жейтін адам. Және басқа бір геройы қиялшыл, идеалист Круцферский басына қайғы-қасірет, қиыншылық істер түскенмен, өмірінде шыдаумен болады. Любенка Круцферская мен Софи қатты қасірет шегеді. Круцферскийлердің тып-тыныш семьясы күл-талқан болып бүлінеді.

Жазушы шығармасында адамның өмірін уландырып отырған ықпалдарды, ашық қатынастарды айқын суреттейді. Герцен өзінің шығармасындағы «Кім кінәлі» деп қойылған сұраққа бостандық көксеген Белтовтардың аяныш халіне қожайындық істегендер кінәлі деп жауап береді.

Герцен өзінің шығармалары арқылы крепостнойлыққа, дінге қарсы күреседі. Ол адам баласы жеке басының правосы болуын көксейді. Ол шығармаларында ойының шексіз кең, өткір екендігін көрсетеді.

Орыстың ұлы сыншысы Белинский «Герцен жазуының басты күші — ойының қуаттылығында» деп жазған болатын.

Герцен 1847 жылы январьда самодержавиеге, крепостной правоға қарсы күресу үшін шет мемлекетке кетті. Онда да азшылық көпшілікті езіп отырғанын көріп, налиды. 1848 жылы Францияда болған революцияның даңқын естіп тез Парижге қайтады. Ол оқиға үстінде революцияның қозғаушы күшін, стихиялық характерін аңғарады. Парижде февраль революциясын жасаған, монархияны құлатқан халықты қатты қуаттап құттықтайды. Ол «республика жасасын!» деп қызыл ту алып ұран салған пролетариаттар жағында болды.

Ол осы оқиғадан кейін, өзінің көрген-білгендерін жазу үшін Ресейге қайтты. Бірақ 1851 жылы күзде Герцен туралы I Николай бекіткен мемлекеттік советтің: «Сенат үкіметіне лайық бүл айыпкердің барлық праволары жойылып, мемлекет маңынан мәңгіге қуылсын» деген қаулысы шыққан кез еді.

Герцен барлық күшін, барлық жігерін самодержавие мен крепостнойлық тәртіпке қарсы үгіт жұмысын жүргізуге жұмсады.

1853 жылы февральда Лондон қаласында орыс типографиясын ұйымдастырып, 1855 жылы «Полярная звезда» журналын шығара бастады. Соңынан ақын Огаревпен қосылып орыс кітаптарын бастыруды қолға алды.

1856 жылы июльдің бірінде Герцен «Колокол» газетінің бірінші нөмірін шығарды.

Алайда Герценнің саяси санасындағы және тактикасындағы либералдық тенденциялар, оның шаруалардың бұқаралық революциясын басқаруына кесір жасады. Үкіметтің өзі-ақ шаруаларды крепостнойлықтан босатар деп ойлады. Ол II Александр патшаға түс жылытып хат жазды. Пугачевтан қорықты.

Дегенмен 1861 жылғы реформаның нәтижесін керіп патша үкіметіне шүйлікті, олардың арамзалығын әйгілеп, әшкереледі. Герцен феодалдық - крепостнойлық құрылысқа, царизмге қарсы шыққан революционерлер қатарында болды.

А. И. Герцен Парижде бір саяси демонстрация кезінде суық тиіп, өкпе ауруына шалдығып, 1870 жылы январьдың 21 күні қайтыс болды.

Герценнің туғанына 100 жыл толуына арнап жазған өзінің мақаласында В. И. Ленин былай деді: «Жұмысшы партиясы Герценді еске түсіргенде құр сөзбен мадақтау үшін ғана емес, өзінің міндеттерін әбден түсіну үшін, орыс революциясын әзірлеуде ұлы роль атқарған нағыз тарихи орнын түсіну үшін еске түсіруге тиіс» (Ленин шығармалары, XV том, 464-бет).

Герцен орыс революциясы тарихында көрнекті роль атқарды. Совет халқы, ұлы орыс халқының даңқты ұлдарының бірі Герценді ұмытпай мәңгі сақтайды.

Апрель 1939 ж.