22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Баубек Бұлқышев

Баубек Бұлқышев (1916, Қарағанды облысы Ұлытау ауданы — 1944, Украина, Днепропетровск облысы Софьевск ауданы) — жазушы.

Мұқан! Қатира!






Біз 6/IІІ-күні Мәскеуге келіп орналастық.. Әскер де болып алдық. Деніміз сау. Ойнап жатырмыз. Бүгін,. сенбі күні, қолымыз тиіп, хат жазуды қолға алдық...

Әскери киім бергеннен кейін елден киіп келгендерімді қайтару керек екен, мен сол киімдерімді:, көрпе-төсегімді саған жібердім. Аларсың.

Мұқан-ай, адам әр түрлі болады ғой. Сонымен қатар ;әр түрлі іске де, қиыншылыққа да үйренбекші: Алматыда бір сағатта киініп болмайтын Баубек қазір 3 минутта киініп болады; 3-4 сағат қызмет істеп, қарап отыратын Баубек, енді он екі сағат қызмет істейді, сағат онда төсектен тұратын батыр, бұл шақта ертеңгі алтыда қақшиып тұра келеді. Сөйтіп, бес күннің ішінде-ақ осылайша құрдай жорғалайтын болып алдық. Барлық өмір осында. Мұндағы өмір өмір емес деген сөз Алматыда айтылған құр бос сөз екен. Шын өмірге жаңа араластық.

Мәскеуді аралап, қызықтарын көрдік, метроға түсіп, электр поезымен жүріп өттік, әрине, командамен (айн, цвай дегендей).

Адам қызық сияқты, өздерің шығарып салғаннан кейін әр түрлі адамдармен жолдас болдық. Ең қиын нәрсе елден кетемін деу емес, кетіп қалу емес, ұзақ жерде жүру емес, тек жүрер сәтте он-он бес минут — нақ қол алысып айрылысу уақыты аса қиым екен.

«Расстаться трудно, плачу я,

Оставаться не могу, милая моя...», —

деген сияқты нағыз айрылысу шақ киын екен. Мысалы, сендер Қатира екеуің сыртта, біз вагонның ішінде тұрып қоштастық. Мен вагонның ішінде өлі тиген жылқыдай теңселіп жүрдім. Тек сендер тұрған есікке қарай беттесем, көзімнен жас ыршып кетеді. Тіпті киын болды. Жыламайын деп кейін шегінемін, бірақ сендерді қимаймын, вагонның есігіне қарай жүрсем болғаны көзімнен жас атып кетеді. Тіпті, адамның жүрегінің елжірейтінін бірінші рет білгенім осы. Бір жақсы жері, вагонның ішіндегі жастардың бәрі де өзімен өзі болып менің жағдайымды байқамады.

Мен сенен гөрі Қатираны қимадым, кезімнен шыққан жастың бәрі шынын айтқанда Қатира үшін сияқты болып тұрды. Соңынан вагоннан шығып, жерге түсіп қоштасқанымда сенін, жүдеп тұрған пішінің, оның үстіне жапанда өскен жалғыз кәдедей маған, менің жалғыздық дүниесінде жаралған жүрегіме онша оңай соқпады. Сөйтіп тұрсам, мына жағымда Ғазиз — ана Мұқан иттің қиналып тұрғанын - ай, — деп еді (өзі де сендерді қимай тұр), мен онан сайын тегін көз жасын төгуді аяғаным жоқ, Ғазиз мықты екен, ол күліп жүрді. Бірақ мен күле алмадым. Жыладым. Неге екенін өзім де білмеппін. Не керек, өзімнің ес білгеннен бері тостағанымды жуғаным (әке-шешем өлгенде де жыламаған едім), жүректің нашарлағаны болуы мүмкін. Екі жылдан кейін елге қайтармыз. Ғазиз бұдан ерте қайтамын деп жүр. Осыған орай мен сендерге ол арқылы сәлем жолдамақ болып отырмын. Оны 5-6 айдан соң қайтаруы да мүмкін. Бірақ бұл ашық мәселе емес. Ең жақсысы қасымда біраз жолдас балалар бар, Ғазиз екеуіміз бір жердеміз, инженерлер батальонындамыз. Мәскеу қысы суықтау, бірақ көйлекпен жүре беруден жауынгерлер қорықпайды.

Өздеріңнің шаруаларын қандай? Қатираның үй іші аман ба? Қатираның үй іші аман ба? Сарамен мәселе жағын қалай көтеріп тұрсын? Ғазиздің үйіне барып тұр. Кемпірді көңілдендіріп қойып, Сара жағын да ептеп былай нетіңкіретіп қойсаң!!! (Көзі кішірейіңкіреп, беті күлімдеңкіреп түр деп ойлап қалма осы кезде). Өзі жақсы бала ғой.

Мұқан, менің ескі киімдерімді, төсек - орнымды шаман келсе түгел сатқызып жіберсең де, болмаса құдайы ғып біреуге берсең де болады. Тек жаңа ботинкам, костюмім, екі жібек көйлегім қалсын. Камалбектін8 шинелін езіне кайтып бер, ренжімесе пальтомды ала сал. Айт!

Қош, Баубек.

Хат жазып тұр! Тек хатпен білісіп тұру да кәп болмас. Ал қолың тимесе, өзің білерсің. Біздің қолымыз демалыс күні болмаса, басқа күндері тимейді. Халықаралық жағдайға байланысты жұмыс күніміз он екі сағат9-

Сенімен мен төрт-бес жыл жолдас болып - ек, бірақ мені армияға барарда ренжітіп жібердің төрт-бес күн түгіл бір күн көңілді жүріп айрылуға мен арманда болдым. Бірақ, не керек, әйтеуір,.сен ренжіме!

Қош, Баубек.

Мой адрес:

Москва, 33. п/я 250

Булкишеву Баубеку.

Тек осы хатты өзің оқы. Менің түнеугі күні түсіп, квитанциясын тастап кеткен суретімнің біреуін жібер, қалғанын қағаздарымның арасына сала сал.

12 июнь 1940 жыл.

Серпухов қаласы.

Мұқан сенің соңғы хатыңды алдым. Біз қазір лагерьдеміз. Ол – Мәскеуден 100 шақырым жердегі Серпухов дейтін қаладан 8 шақырым жердегі Ока өзенінің жағасына орналасқан. Бұл жерде сентябрьге дейін боламыз. Содан кейін басқа бір жел соғып кетпесе, ескі орнымызға қайтуымыз мүмкін. Қазір сабағымыз жүріп жатыр. Күніне 10 сағат оқимыз. Жер өлшеп, жол қарап, көпір салып, оны бұзып, быж-тыж ғып жүрміз. Сағат таңертеңгі 5-тен кешкі 10-ға дейін дамыл жоқ. Бірақ практикалық, тактикалық жаттығуларымыз өте қызық. Инженерміз.

Күніне 30-35 шақырым жер жүреміз, түк те емес. Одан келіп басқа жұмыстарға кіріссек те маңдайымызды тыжырмаймыз. Ғазиздің мені елге қайтарады деп жүргені, менің кеудемнің ауруы бар деп доктордың ауыр жұмыстан босатуы, сөйтіп біраз уақыт жеңіл-желпі істермен шұғылдануыма байланысты. Бірақ босату дегеніміз екі жылдан кейін болмаса, әскери бөлімге келген адам одан оп-оңай кете алмайды...

Жақында ағадан (Сейітжаннан) хат алдым. Түрмеден босапты. І - Алматыдан хат жазып жіберіпті. Телеграмма беруге ақшам болмады дейді. Аядым. Осы күні ол Ұлытауда. Босанғанына қатты қуандым.

Үй ішің келді ме?

Бізге хат жазғанда еш нәрседен үрікпей жаза беруіңе болады. Хат өзінің правосын қорғай алады. Лагерь режимі өте қатаң, қалаға, басқа жаққа лагерьден жібере қоймайды. Бірақ көңілсіз емес.

Мен қазір кухняда отырып хат жазудамын. Түнімен картошке тазаладым, ұйықтағаным жоқ. Бүгін демалыс, кешкі 6-да босанам, тіпті қызық күлкі ғой, қолым кір - кip...

Мұқан, мен кетерде суретке түсіп, карточкесінің квитанциясын саған тастап кетіп ем, соны алсаң бір данасын өзіме жіберші.

Мұсаның үйінің жанына барсаң, келініңнің қасына барған екенсің, танысып сәлем айт, мен оған жазармын.

Өзіңнің: «айтатын сөзім көп еді», дегенің мені қызықтырады, әңгімеңді естігенге құмармын. Толық жаз.

Мен де бір қызық оқиғаны жазатын ем, бірақ асығып отырмын.

Қош, Баубек.

Айтпақшы, менің «Айсұлуымның» халі қандай? Журнал бірдеңе басатын ба. Біл...

Менің адресім:

Московская область,

Город Серпухов, п/я 41

Булкишеву Баубеку.

1940 жыл 14 июнь

Мұқан!

Біз мықтап киініп, түйініп, жүруге ыңғайланып тұрмыз. Әрине командировкаға бара жатырмыз, оның қандай командировка екенін өзің білесін ғой (дөкейі). Бірақ қайда баратынымыз белгісіз. Менен хат күтерсің...

Үй ішіне сәлем айт.

Айтпақшы, кеше тізімімізді алып жүріп, сенімді туысыңды айт дегенде, ойлап-ойлап тұрып, сенің аты-жөніңді жаздырып қойдым. Бірақ адресіңді проспект Сталина, 43-ке деп көрсеттім.

Жақсы, қош. Баубек.

Ғазиз де бірге, аман. Бұдан 2 күн бұрын саған хат салып жіберіп едім, алдың ба?

Мұсаға, Қатираға, апайға, Мәрлен дөкейге16 сәлем айт. Қапасқа, Күлтайға сәлем ант.

Ғазиздің үй ішіне анау-мынау демей-ақ қоярсың. . Өйткені апай жүдеп кетер, жай лагерьге ауысыпты дей сал.

Барған соң, адамдарымен араласқасын, ден саулық, болып, сенен хат келетін жағдай болса, хат жазамын. Қазір сапарға шықтық, жол үстінде жазып отырмын.

22 июнь 1940 жыл.

Пановежец қаласы. литва.

Мұқан!

Біз сырғып отырып, Литваға келіп түстік. Қазір осындамыз. Литва халқы, әсіресе жастары совет жауынгерлерін жақсы қарсы алуы, кісіде ерекше қиял туғызады. Сондықтан да мен біp «Литва қызы» деген поэма жазайын деп ынталанып едім, әттең уақыт болмай тұр. Поэманың қалай басталатынын айтайын: Каунас қаласының сыртындағы көп моланың ішінде арфа ойнаған қайғылы бір қыз отырады. Тіпті тек тіл керек...

Литва туралы өзін де оқып жатқан шығарсың. Шекарадан 200 шақырым өтіп, Литваның үлкен қаласының бірінің жанына келіп бөтен мемлекеттің ортасында ойнап-күліп, ботқа жеп отырмыз. Былтырғы адамның сөзі сияқты. Қазір Пановежец қаласындамыз картадан қарарсың. Литва мемлекетінде. Қашан елге қайтатынымыз белгісіз. Әзір осы жерде болмақпыз. Бізге бір ғана хат жаз деген соң, қорытып келіп саған осыны жазып отырмын. Ағаға мына хатты сала сал. Бірақ бізге хат жазуға болмайды. Тек біздің амандығымызды біліп тұрасыңдар.

Қатираға, Мұсаға сәлем айт, Күлтайға, Қапасқа сәлем айт.

Менің тастап кеткен өлеңдерім не болып жатыр? Мәскеуге қайта қалсақ, телеграмма беремін. Бірақ мұнда әлі көп уақыт болармыз.

Қош, уақыттың өзі аздау.

Мұқан, біздің аға босанып, Ұлытауға кеткен.

Лидаға мына кішкентай хатты бере сал. Жеке конвертке салып берерсің. Хат жөніндегі жағдайды айт. Әйтеуір бір қыздан хат алып тұрайын деген ой ғой. Сен: «Ай, жассың - ау!» — деп жүрме.

Іскеңе апайға сәлем айт.

22 июнь 1940 жыл.

Аға!

Алматыдан салған хатыңды алдым. Бірақ оны алысымен хат салуға уақыт болмады. Тек бүгін ғапа жазуға тура келіп отыр. Қазір мен Литва мемлекетіндемін. Аз уақыт па, көп уақыт па — белгісіз, дегенмен осында армия қатарында кызмет етуге тура келеді.

Мұнда келгелі көп күн болған жоқ. Бірақ біздің келуімізді литва халқы жақсы қарсы алды, алдымыздан гүл алып шықты. Асылы, совет әскерлері қарапайым халықтың көзіне оттай басылған сықылды.

Ескі өкіметтің орнына жана өкімет құрылды. Бірақ келешекте нендей істер болатынын айту киын. Дегенмен, біздің ел үшін бұл зиянсыз.

Аға, сіздің хатты алып қуандым әрі менің кеудемнен құлаған аз ғана өмірімдегі биік шың қайта көтерілген сияқты болды. Менің қайда жүрсем де есімнен кетпейтін бір мықты қорғаным сияқты кейінгі шақта көңілім тоқтайтын, кейде өзімнен - өзім қуанатын биік мұнарам қайтадан көтерілгендей болды. Дегенмен: «телеграмма беруге ақшам болмады»,— деген сөзіңіз көңілімді бұзды. Не керек, өмірдің соққысы кімге тимейді. Өтіп кеткесін бәрі қуаныш қой. Босағаннан кейін ана Мұқаштарға пәлен-түген демей-ақ қойғаныңыз жөн ғой: Бибігүлге де айтарсыз.

Бұл хат кеш баруы мүмкін. Бірақ хатты алысымен хабарласып тұрыңыз. Өздеріңіздің шаруашылықтарыңызды жазыңыз. Тұрмыстарың қандай, үй жүдеп қалатын болар.

Қош, Баубегің.

Кәмәшқа, Бибігүлге сәлем айт.

Менің адресім жоқ..Әзір адрес бере алмаймын.

Тек хат күтіңіз, тіпті асығып жазып отырмын.

Мұқан!

июль 1940 жыл

Ақыр соңында маған Литва мемлекетінде болуға тура келді. Бүл менің болашақ өмірім үшін жаман болмас. Дегенмен Москвадай емес, жорық жағдайындамыз. Бірақ, бұған қарамастан уақытымыз көңілді өтуде. Литваның қайсыбір қаласына барсаң да жергілікті тұрғындар «уралап» қарсы алады. Олар мақтанышпен — біздің Қызыл Армия! — деп, Қызыл Армияны сүйетіндігін, арқа тұтатындығын білдіреді. Жорық жағдайында болсам да, мені солардың өміріне байланысты бір қызық тақырып толғандырып жүр. Ең болмаса он күн бос уақытым болса, бүл арманымды табысты жүзеге асырар едім.

Иә, Мұқан, сендердің хал - жағдайларыңды жете білгім келеді, бірақ, саған тура езіңе түскі ұйқы кезінде ұшып барып, жұрт оянғанша туысқан әскери бөліміме кайтып оралатын қанат менде жоқ. Ғазиз менімен бірге. Аман-сау. Білетіндердің бәріне сәлем.

Баубек..

15 сентябрь 1940 жыл.

Себеж қаласы.

Мұқан!

Сенің 30 августа жазған хатыңды алдым. Әрине, мұндай хаттың мен сияқты адамды толғандыратынын өзің де алдын ала біліпсің. Расында солай болды. Әсіресе сенің аузыңнан өмірі естілмеген сөздердің әр біреуі — ең жақын, ең дос адамға ұқсап келіп, мені құшақтағандай болды, өзіне туыстықпен қысып - тартқандай болды, жүректі тебіренткендей болды.

Сен мені қатты сағынғансың. Тіпті өте сағынғансың. Ал, менің сені қалай сағынғанымды мынадан біл: есіңде бар ма, өткен жылы мен 20 күнге командировкаға барғанда анасын аңсаған баладай болып, сенің атыңды қайта-қайта айта беретін едім. Жолда келе жатқанда бір ыстық нәрсе келіп, жүрекке құйылып кеткендей қуанышқа бөленетінмін. Сондағым — қазір Алматыға жетем, Мұқаныммен кездесемін, сырласамын, қыдырамын, күлемін деген арманым еді...

Бұл — айналасы 20 күндегі менің жан сезімімнің халі еді. Ал, қазіргі мезгілде менің сені сағынуымның мөлшерін езің ойлап қара. Аққан су сияқты, жайылған су сияқты көлемсіз, тек қана сені көз алдыма елестеткеннен басқа ештеме жоқ.

Әрине, сен ойлап отырған шығарсын, — менің хатымды алған соң Баубекте қынжылу, нәзіктік пайда болған екен, ол менен бірнеше есе шыдамсыз, — деп. Ол дұрыс болар. Әйтсе де, адам деген тіпті қиын екен ғой. Әйтпесе сенің ойлағаныңның ар жағынан алып-ақ жазғым келіп отыр. Қатты сағындым, соны айтқым келіп отыр. Бірақ, амал не?

Сен бір хатында маған ақыл айтқансың: «Нәзіктік — шын, салқынқанды болу керек», — деп, оны мен қарсы алдым.

Бірақ саған жазған нәзік сырларым, сағынғандығым мені көп жеңілдетеді. Саған хат арқылы да болса біраз жазып - жазып алсам, қаптап, лапылдап тұрған жалын бір серпілетін сияқты. Өйткені біз біраз жыл бірге жүргенде әңгімеміз таусылмайтын сияқты еді, олар тәтті сырласу еді. Екеуіміз сырға қанбай жатып, тағы бір әңгіме бастайтын едік. Сонда не айтып, не қоятынымыз осы күнде менің есімде жоқ десем, қате болар. Алайда, бір-бірімізді күнде-күнде іздеп жүретін кезеңдер кісіні толқындатып - толқындатып жібереді. Сондықтан да сенің хаттарың сол жылдар бойы таусылып бітпеген әңгіменің жалғасы сияқты болады да тұрады. Осы себепті сөздің нәзік болып кетуі мүмкін, кісінің жүрегіне тиюі мүмкін, бірақ мен үшін ол...

Мұқан, кісінің өмірден қашып құтыла алмайтын бір кезеңдері болады. Әсіресе бұл қиыншылық жағдайда көп кездеседі. Мысалы, сондай кезен мен де көп болды

(әрине, бұл әуелгi кездерде болды), кейін олар туралы айтамын. Сол уақыттарда өмірден көретін адамның рақаты не деп сұрау қоясың еріксізден. Ал сонда менің көретін рақатым сен болдың. Сен есіме түскенде 1-2 жылдан кейін Мұқанмен құшақтасып тұрып, көрісіп кездескеннен, сыр шерткеннен артық өмірде не бар деп өзіме – өзім тоқтау салғанда, жүрекке арадағы махаббат ақылшы болды.

Маған елге оралып сенімен кездесу өмірімнің. бір биік мұнарасы сияқты, Мұқан. Қызық -ау өзі, тіпті қызық.

Әй, Мұқан - ай! Адамның арасындағы махаббатты еш нәрсеге айырбастауға болмайды ғой. Әсіресе екеуміздің арамыздағы. Саған кездескенде айтамын ғой деп едім, қазір-ақ айтқым келіп отыр. Тыңда.

Асылы, өмір қызық. Өлгісі келетін адам жоқ. Өлім мен өмірді салыстырғанда өмір киімнің ішкі бауы сияқты.

Ал, адал адам Отанын сүйеді, адал ақ жүрекке Отан — анасындай. Отанның дегенін істеу — қуаныш, мақтаныш. Отанға деген махаббатты, әсіресе біздегі махаббатты өлшеуге болмайды.

...Міне, біз бір күні үкімет пен партияның тапсырмасын алып, осы жүрген елдің шекарасына жете беріп қондық, мылтығымызды оқтап дегендей. Соғыс әбзелдерін киіп, шекарадан өтуге дайындалдық...

Есіңде бар ма, Н. Островскийдің Корчагині соғыста жараланып, больницаға келіп түскенде, оның партбилетінің, арасынан «Егер өлім кездесе қалса ағама білдір»,— деп ағасынын адресін жазған бір кішкене қағаз шығады ғой. Міне, сондай қағазды толтыруға бізге де кезек келді. Дәл осы сәт нағыз қызықты сәт болды десеңші! Әсіресе ақын үшін тіпті бағасыз кезең болды. Өзің жазған қағазды сол қалтаға салып қою үшін кішкентай қаңылтыр берді. Мен оны толтырудың орнына, екі көзімді балалардан алмадым. Нақ сол минутта көз алдымнан ұшқан «өлім», «өмір» деген екі сөзді айтсаңшы, Мұқан! Қанша айтқанмен өзіміздей керетін қызықтары алда тұрған жас балалар мылтығын асынып, оғын қорамсаққа салып, келсең өлтіремін, өлтірмей өлмен дегендей көрінді маған. Мен де өзімше мықтымын деген жауға қарсы аттануым керек. Әрине, сөз жоқ, қару алып екі жақ ұрысқанда жалындап атылған оқпен адамның жаны да бірге ұшып жүрмек қой. Өлім мен өмір де қарысып, ұрысып жатпақ қой, тек бұл жәйтте өмірге болысатын жеңіс болмақ, жеңіс болса ғана өмір қалмақ, қой.

Мiне, бұл момент қызық. Жазуға тұрар еді.

Сонан соң мен де қолымдағы қағазды толтыруға кірістім. Соны әлі сақтап жүрмін. Жоғалтпай кейін саған көрсетермін - ау. Жұрт ағасына, әкесіне, тағы басқа туысқанына жазып жатыр, туған жеріне жаздырып жатыр. Ал, мен ең жақыным, ең туысым деп жаздырған адамым сен білмейтін біреу болды. Мүмкін тұрпайы өлім кездесе қалса, жазған адамым үшін бұл ете ауыр тиеді - ау деп ойладым. Дегенмен, менің өлімімді басқа біреу естігенше, әуелі сол жақын адамым. естісін дедім. Ол адам — Мұқан еді, сен едің...

Менің осы табиғатқа қарным ашатын бір жері бар. Ол — неге ғана адамның жүрегін болат қып жаратпады екен деген...

Мұқан, мен сөз талғағаным жоқ, аузыма түскенің жазып отырмын. Қынжылып жүрме. Ептеп өз жағдайыммен таныстырғаным ғой. Осы күні денсаулығым жақсы, семіріп алдым, шынықтым деуге болады. Мені осы күні көрсең танымас едің. Физкультура ойнау, не басқа қызметтер арқылы менің денемнің өскенін айтсаңшы! Егер маған кездессең жауырыны қақпақтай, бұлшық еттері тоқпақтай, кеудесі аяққаптай Баубекті емес, бір дөкейді көрер едің.

Әуелгі кезде үйренбегендіктен, әскери қызмет қиын сияқты еді, енді редакцияның жұмысынан да жеңілдеу болып кетті, бас тынығулы, уайымның өзі де шамалы, тек творчество мәселесі болмаса. Онымен айналысу енді қиын. Дегенмен, оймен ойлап, тақырып құру жағынан өскендігім бар. Бір қызық, романның желісін құрып, соны желілеп байлап жатырмын. Кейін планымды жібер десең, тіпті жақсы, жіберейін. Бірақ, амал қанша, келгелі дәм - түйін түк жазғаным жоқ,... Сөздің басы онша құрала қоймайды. «Құралмаса қиын бопты, картобым», — деп, сен айтқандай, түбі етегін бір ұстатар.

Мәскеуге кайтамыз ба деген үміт бар. Әзір Латвияның суы жібермей тұр.

Дихан мен Әлиге не айтайын. «Айсұлуды» бісміллә деп жаза бастағаннан жақсы көріп, тырнақ алдым деген менің байғұс басым соны үміт дүниесі деп әлі жүр. Сол құрғыр шықса жақсы болар еді-ау! Сен олармен сөйлес, ең болмаса өздері қолдарынан жыртып тастасын, ал мен өлеңмен қоштасайын.

Мұқан! Гетенің: «Өмірдің ең биік шыңы — жастық» дегеніне кімде-кім болса да қарсылық жасамайтын сияқты. Көзім көрген бір жақсы күнім екен дегендейін, жастық ит те бір бақытты нәрсе екен ғой, өмірдің қуанышы екен ғой, көңілдің сырнайы екен ғой. «25 қайта айналып келмейді арман» екен ғой. Бұл жөніндегі қызықтарды жазарсың. Сара сүйкімді бала еді ғой, тағы басқалар жөнінде, өзіңнің жағдайын. туралы жаз.

Бір қуаныш — бір жыл қызмет уақытымыз өтті деуге аузымыз барады. Енді бір секірсек деген арман. Жүрексініп отырмын, айтар сөзім көп еді демекші, жазатыным көп еді. Қазір сапқа тұр деп мазалап жатыр. Соған барайын. Әзірше осымен қош тұр.

Ия, Мұқан, менің поэмамның соңына түсуге уақытын болса, ерінбе. Менің өмірімдегі қызық шақтың бірі — нашар да болса сол сияқты. Ақын деген езінің творчествосы үшін ө.мір сүру керек те, оның творчествосы елінің қабырғасына бір кірпіш боп қаланбақ керек қой. Менде кейде творчество үшін деген толқынның құшағына енушілік, соның соңына ерушілік бар.

Менің суретімді жібердім деп, салуға ұмытыпсың ғой. Жібер, жақсы болса.

Қарттарға сәлем айт, олардың жағдайын жаз. Сейітжаннан хат алдым, аман. Әзің әскерге шақырылу мәселесіне қалайсың, жаз. Осы күні семья дегенге қарамайды. Ден саулығын қалай?

Қош, Баубегің.

Мой адрес:

город Себеж, 14. Калининская область,

п/я 84/551 литер «Б» Булкишеву Баубеку.

Мұқан!

7 октябрь 1940 жыл.

Москва.

Мен аман-есен Мәскеуге келдім. Қазір Мәскеуден 40 шақырым жердегі әскери лагерьдемін...

Көптен ешкімнен хат алғаным жоқ.

Өздеріңнің шаруашылықтарын қалай? Кызметің қалай? Жұртшылық оқу мәселесін не істеп жатыр? Жалпы студенттерге де қиын боп қалды-ау деймін, бізді қойшы, өзің сияқты тірнексіз бейшараларға.

Мен әнеугіде «Лениншіл жасқа» бір өлең жіберіп едім. Білмеймін ондағы философтардың басқан - баспағанын, «Балтық жағасында» деген.

Бүгін тағы «Лениншіл жасқа» «Бір майданнан қайтқан жауынгер» деген бір елең жібердім. Мұқан - ай, өлең дейміз - ау, өлең — өлең ғой, сол өлең үшін өмір сүретін сияқты, өлеңге деген сүйіспеншілік бізде бар-ау. Дегенмен адамды қинайтын осы өлең антұрған. Өлеңсіз адамның күні жеңіл өмір ғой. Сорлы ақынның, ауыр күндерін айтсаңшы. Бейшара Тарастың ауыр халдері кісінің көз алдынан ұшады да тұрады...

Сені сағындым - ау, Мұқан. Асығып отырмын, әйтпесе тағы біраз оттайын деп едім.

Хатты жиі салып тұр. Бәрін жаз. Қош, айналайын Мұқан, мен Баубегің.

Менің адресім:, Москва, 49, п/я 3071. Б. Булкишеву.

Маған ақша, бірдеңе саламын деп әуре болма, қажетсіз, керегінде өзім айтармын.

Ноябрь айыңың oрта шені, 1940 жыл.

Москва.

Мұқан!

Сенің соңғы хатыңды алдым. Сен менен көптен .хат алмаған сияқтысың. Мерекеден бұрын бір өлең жіберіп (Октябрь туралы) хат жазған едім және жақында бір хат, бір өлецң жіберіп едім, неғып алмағаныңды білмеймін. Ол хаттар Киров 50-ге жазылған және Мұсаның үйінін адресіне кетуі де мүмкін.

Қазір менің жағдайым жақсы, қалыпша, ден екібастан сау.

Сені сағындым. Бұл сағынышқа тіл жетпес. Тіпті сағындым. Тіпті сағындым.

Әрине, кезегіміз келгенде постыда тұрамыз. Әрине, постының мәселесі өзін жазып жүрген Хасеннің басындағы күн ғой. Тек шекара емес. Кісі еріксіз ойға кетеді. Анау-мынау ой кісіні алдандыра алмайды. Тіпті ой түспейді. Тек сені ғапа еске алып, сенімен амандық болса кездесіп, қыдырып, еркіммен қанбай серуендеуді еске алсам, бір түрлі жүрек толқындап – толқындап кетеді. Дауылда толқынның жалыны шығып, күшті көтерілген сәтте бір жеңіл заттай көтерілесің, не керек, қу қиял, қызығы аз-ақ минут! Қиял шіркінді қу дегенмен де ол — тәтті, жүректі дуылдатып жандырып жіберетіндей күші бар қуатты -ау...

Жаным Мұқан! Саған көп рақмет. Сен маған мықты тірек бола алдың. Сен болмасаң менің, кімім бар дер едім, кімге барам дер едім, кіммен кездесіп, сырласам, құмарымды тарқатам дер едім. Сенсіз менің өмірім көнілсіз болар еді-ау, Сенсіз маған енді қуаныш болуы мүмкін емес нәрсе. Әжесін сағынатын жас баланың кезінен кеткен уақытымыз ғой бұл уақыт. Дегенмен, достың жолы басқаша ғой деймін. Менің сені сағынғанымдай, жас бала әкесін сағынбас.

. Маған ағадан 2-3 айда бір хат келіп тұрады. Менен де солай алады ғой. Ол бейшара мені жақсы кереді, сағынады ғой, дегенмен, одан жарты жылда бір хат келмесе де еш нәрсе емес, тек аман болсын дейтінмін. Ал сенен хат келмесе, черт знает, бір нәрсем жоғалғандай боламын да жүремін. «Хат — жарты көрініс» деген дұрыс-ау.

Осында кеп жолдас бар. Қарап тұрсаң қызық-ау, жастар ғой, қайтсын. Жастық өмір кісінің бір балқып тұрған кезі емес пе? Кісі жас шағында бір еріп тұрған қорғасын деу де; меніңше, қате болмас еді. Айтайын дегенім, бәрі де еркіншілікті сүйеді. Оған мен де қарсы емеспін. Біреулері арағын айтады, біреулері ақшасын айтады, біреулері өкімет болғанын айтады, біреулері ту, шіркін, махаббатқа ортақтас қызым бар еді дейді. Тіпті, айта берсе толып жатыр. Әйтеуір, жас адамның арманы кеп қой. Бірақ бәрі бос нәрсе сияқтанады да тұрады маған. Ал менің арманым, кісі білерліктей, оны жазып қайтейін, саған түсінікті ғой. Ал, енді осы пәлен адамның ішінен дос дегеннің не екенін білетін адам аз табылады десем, қателесермін. Бірақ сездерін тыңдап отырсаң кісінің қарнын аштырады. Оларша дос болу үшін тек қыз болу керек. Ал, өз жыныстасы тек жолдас қана (оларға. біздің достығымыз түсініксіздеу)...

Ал, Мұқан! Әскер қызметі оңай емес. Мұнда онымен қосалқы бір нәрсе жазамын, келешекке қол созамын деген кісіні онша қуаттамайды. Тіпті кісі .оны ұмытады. Өйткені адам машина емес, адам ғой. Ал менің басыма әдебиет дегеніңнен басқа еш нәрсе кірмейді. Тіпті, әлгі талант деген бір титтей бірдеңе сөніп бара жатқан сияқты. Осы күні мен қарапайым күрекшімін, күрекшінің қазған топырақтан басқаны ойлауға мұршасы жетпейді ғой...

Ғазиз Калуга қаласына (қызметінің қалғанын сонда бітіруге) кеткен, 1-2 ай болып қалды-ау.Хат аламын, аман. Ол жарықтықтың баяғы езің керген, өзің білетін қалпы: күнде қайтады ауылға, күнде демалысқа барады, күнде младший политрукке өседі, Бірақ, әлі кеткен жоқ, оның айтуына кісі сену де қиын. Гулясы суға кетіп, өлі қайтқан жоқ қой деймін.

Әйтеуір, тірі жан ғой бейшара, қалқаңдап жүре беріп, оны мен жақтырмаған болып қайтейін, тек тұрақсыздығын айтам - ау.

Сен ана оқуға түскенің жақсы болған екен. Бітіріп шық, көп пайда ғой. Кітап оқуға уақытың бар ма? Үйді (семьяны) асырау қиын соғып жүрген жоқ па, тұрмыстарың қалай? Неге жазбайсың? «Сырлы сұлуды» не істедің?

Біз тек қашып оқығанымыз болмаса, кітап оқуға уақытымыз жоқ. Қысқы нормальная учебаның кезінде 7 сағат ұйқы тиеді, ал қалған уақыт Отандікі...

Әлі ант ұрып, сорайып шыға келеміз ғой деймін, амал жоқ, енесін жығайын, Жаңа жылдан кейін он - ақ ай қалады. Бір секірсем — май келеді, екі секірсем — Алматы деп қуанып қоямын. «Алла тағала» шайтан шырмауынан аман қойса, расында солай елге қайтуға өтіріксіз 300 күн қалып отыр.

«Айсұлу» да мені шаршатты. Армиядан босағанда антұрғанның қалың малына бір костюм алып кие алмайсың болдым - ау. Алда, байың өлгір бетпақ - ай! Қайтесің Пушкин өзінің героинясын «Татьяна моя милая» десе, мен «Айсұлу — менің бетпағым» деуге тура келді. Қайран еңбек, қайран күйініш, қайран үміт уланыпсың. Осымен бара тұрсын, әрі қайғылы, әрі күлкілі менің бұл сөздерім...

Әлидің тон мойындығын мен білемін. Сақыш40, жөнінде редакцияның қатындары екеумізді шайқастыратын. көрінеді, ол сөздерге еретін көрінеді. Мейлі, таныстықпен өспей-ақ қояйын, енді он екі-ақ ай. Сонан кейін біз де келешектің дәмелі күніне ортақтасармыз. Біз де тірі жанбыз ғой.

Ал тіршілік мен үшін өте қымбат, бұл менің шыным, Мұқан! «До зари» деп ат қойып Латыш тұрмысынан бір повесть жазбақ боп, планын құрып, әжептәуір басын қайырып ем. Енді, кейінгі кезде соны қазақ тұрмысына аударып жіберсем бе деп ойға қалып, ол ойымды бір жерге қондыра алмай, ақыр аяғы айтарлықтай еш нәрсе жазбай тоқтап тұрмын, «қайдан шықса, одан шықсын» деп, осы жазам дегенімнің бірінші бөлімін алып, трагедия жазам ба деймін. Қиын, қиын да болса Айсұлуға істеген енбектей бір енбек қылсам, қазір ол кезден гөрі көзіміздің тесігі үлкейді ғой деп ойлаймын. Латыш тұрмысынан жазсам Сабырдың Ләйләсі сияқты қазақша, қайғылы жақсы болып шығатын түрі бар...

Бүгін біздің біраз адамдарды басқа қалаға көшірді. Бізді де көшіруі мүмкін. Соңғы жіберетін топпен біз де кететін сияқтымыз. Мүмкін басқа қалаға кетуіміз. Бірақ бәрібір хатты осы адреске жаза бер, бізге жібереді.

Осымен қош бол, Баубегің.

Мой адрес:

Москва, 26, п/я 1135 Булкишеву.

Суретті, хатыңды алып, біраз жасадым. Хатты уақытың болғанынша жиі жазып тұр.

Үй ішіңе сәлем айт!

Мұсаның үй ішіне сәлем айт! Ғазиздің әжесіне сәлем айт менен.

26 май 1941 жыл.

Серпухов қаласы.

Мұқан!

Хатыңды алдым. Әжептәуір көңілденіп қалуға тура келді. Хал қалыпша.

Серпуховқа жазғы лагерьге келдік. Тағы былтырғыдай бір жаққа жібермесе жаздай осында болуымыз керек.

Өзімнің ақындығымды байқайын деп мына бір өлеңді жаза салдым. Оқып, қағаздарыма қоса сал. Жауап қайтарам деп әуре болма. Уақытты текке жіберу қисынсыз ғой. Соқыр қазақтар құсап қайтеміз. Пушкиннің бір досына жазған өлеңі, маған жаз деді, мен жаздым..

Менің поэмамды Дихан неғылғанын біл, қатындар журналына жарамас па екен? Мұқан, күзде ақша керек қой. Ол болса әжептәуір болар еді (толық жаз). «С» жөнінде бірталай сөз жазайын деп едім, кейін жазармын, қазір қолым тимей отыр. Дегенмен, я ее считаю как передовую девушку,из казашек. Ал, жалпы болмаған іске (мүмкін қисынсыз болар) себепші болуым дұрыс емес қой. Өз дегеніне қарсылық жасау да дұрыс емес, өзің біл. Бірақ, менің байқауымша оны («С») сен де басқаша көрмейтін сияқтысың. Сондықтан ғана менің пәлен-түген деуім.)

Хатты толық жаз!

Қош, остаюсь верным другом! Баубек.

Менің адресім: Московская область, город Серпухов, п/я 41/ 1135 мне.

июнь 1941 жыл.

Батыс майданы.

Мұқан!

Бұдан бұрынғы хатты алған боларсың. Қазір ақ орыстың орта қаласы жақтағы бет алыстың, желке шұңқырындамыз. Нағыз ұрысқа әлі кіріскеніміз жоқ. Денім сау әзірше, өз жағдайымнан айтарым осы. Басқа жағдайларды біліп жатқан шығарсыңдар. Ішін кептіре айтар еш нәрсем жоқ.

Мұқан! Мен әнеугіде бір өлеңдетіп хат жазып жіберіп едім, алған шығарсын. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» сияқты өлең болды-ау. Алай-бұлай жағдайды антұрған білген екен деп қайта-қайта оқып қынжыларсың...

Адамға өмір берген табиғатқа көп рақмет - ау. Бірақ өмірді еш нәрсеге айырбастамайтындай тәтті ғып бергені мен үшін күңгірттеу. Мәриям айтқандай, — мейлі. Бірақ, ең қиыны — бірге жүріп, бірге өлген. Пай-пай, жақын жас адамның екі айыр өмір жолы - ай, үзіліп біткен, сарқылып таусылған өмір жолының шегі - ай! Сендерді кім түсінген, кім білген?!

Айналайын Мұқан - ай, бұрынғы еткен атағы зор ақындардың қайғылы өмірі кісінің кез алдынан кетпейді, (қайсысын алсаң да) аяйсың. Асылы, әрбір адамның өмірі жатқан бір трагедия ғой. Өлім деген еш нәрсе емес. Мен езім өлімнен қорықпаймын. Асылы, алысып өлген адамның өлгені — өмір. Ол арман да емес. Тек, менің арманым, шіркін - ай, артымда әке-шешем, аға-інім, қатын-баламның қалмағаны емес-ау, тек алақандай бір кітапша қалдыра алмағандық болады ғой. Дүниедегі ең барып тұрған арман, барып тұрған қайғы творчестводан өте алмас. Өйткені кісі жан жүрегінің түкпір нең тартып алмай жаза ала ма?..

Кешегі бір өткен түнде сенімен кездесіп (түсімде), сенен поэмамды басыла ма деп сұрап жүрмін. Өзім де әбден рақаттандым, не керек! Көзімді ашсам жанымдағы винтовкадан басқа ештеңе жоқ. Түсімде болсадағы біраз қыдырайын деп қайта жатып ем, сен емес, Сақыш па, тағы біреулер түсіме кірді.

Менің жоғарыдағы айтқандарым, менің, ойға батып, жүдеп жүргендігімнен емес, достың досқа айтарлық сыры ғой.

Қызыл Армияның рухы деген рух досты қуантып, дұшпанды жылататын рух қой. Осындағы біздің достар — мен соғыста өлемін дегеннен гөрі, мен немістің күлін аспанға шығарамын дегенді шын жүрегінен айтады. Тіпті қуанасың. Ал, менің де екі жыл Қызыл Армияда болып, тек .бір аш. немістің оғынан өлуім оңай болмас. Шыны, оларды соғып -соғып, қыратын, Отан соғысының тарихын қазақтарға жазып беретін өзім болармын деп қуанам.

Мен үшін қыздарға сәлем дерсің.

Менің уайымым осы қыздар байсыз қала ма деймін (күлкі ғой). Жеті жүз немка байсыз қалыпты деп естіп отырмын бүгін.

Мұқан - ай! Сенен хат алып оқуға жаным құмар. Бірақ менде адрес жоқ. Бір жаққа жаза сал дегенмен бола ма?

Сенің үйіңнің адресін толық білмей (Ғазиздің үйінің адресі есімнен шығып кетіпті, Киров 50 ме, 52 ме,) «Октябрь балалары» газетінің адресіне жібердім. Есіңде болсын.

Іскеңе, апайға, Қатираға сәлем айт!

Әзірше сау бол, қолыңды қыстым, Баубегің.

Иә, Ғазизден хат келе ме?

18 июль 1941 жыл.

Батыс майдан.

Мұқан!

Мал-жаның аман ба деудің орнына, денің сау ма, тірімісің дегеннің қолайлы екеніне кім талассын. Бар болсаң — болады. Тіршіліктен, тірліктен басқа мықты қуаныш кейінге қала тұрсын.

Менің әзір денім сау, тек адрессымақты бүгін алған соң, сенен хат алам ба деп жазып отырмын. Мүмкін хатыңа кездесермін, толық етіп жазарсың. Тек жазуға тырыс. Алматы тыныштық па? Жаз! Мені білетіндерге сәлем айт! Қош, айналайын Мұқанжан...

Баубегің

Ғазиз қайда екен?

Іскеңе, апайға, Қатираға көп-көп сәлем айт.

22 июль 1941 жыл.

Батыс майдан.

Мұқанжан!

Менен хатты жиі алу көптік болмас деп тағы жазып шырмын. Әрине, өзің айтқандай кісі cay болған соң жазды ғой.

Әй әжем байғұс, есіме бірнеше рет түсті. Ол бір аяғым жерде, бір аяғым керде дейтін еді. Екі қабат уақытындағы соның кебі де ендігі жастың айтатыны. Әрине, былай құлап тұруға болмайды ғой. Дегенмен, келешек - келешек деп зар еңірейтін адам үшін солай да ғой. Біз ойлай алатын адамбыз. Бейбақ адам тууды, өлуді білумен бірге соның арасындағы қисық жолдың не болын, не қоятынын білмесе де, апырмай дегенді ойлай алатын болыпты – ау. Осы апырмайды айтқызатын да тірі адамның өмірінің қызықты болғаны... Әйтпесе есінді бірін ақыл жиғаннан көргенің тіршілік болып, соған үйреніп қалғаннан қимастық билей ме кім білсін. Әйтеуір ой осыған келіп, топшыланады да, елің үшін жаныңды беру қиын емес. Өйткені елсіз күн қызықсыз. Тек, сонымен қатар, атыңды қалдырып кете алмағаныңа өкінесің. Жолдас, дос, тіпті туған жер тағы ыстық. Шіркін, Алматы десейші! Көшелерімен бір ай сенімен қыдырып, осыдан екі жыл бұрынғыдай ,серуен кешкен кісінің арманы бар ма — деген ойлар әл бермейді. Ақыры, сөйтіп, сайып - сайып келіп қорытасың: «Осыған жетудің мың да бір емі тек күрес», — дейсің. Онда мең күрес жолындамын деп күресші болғаныңа көтерілесің... Сонан кейін адам адамшылығын істеп, ойды пышыратып тоздырасың, әр ойды өз орнына қондырып, сап-сап көңіліңе аласың.

Мұқанжан, мен әуелде бір-ақ тал қағаз алып едім, енді жазбақшы ойларым соған сыймай кетуге бет алып, сөз тасып келеді. Осы жерден бір тоған салып бекінейін, сен де ырза бол, оттай берсең, бұл сөз құрғыр табыла береді. Сөз жүректі тырнайды, одан да «сөзін танымағанның өзі жақсы».

Хатты күттім. Қатты құшақтап сүйдім сені, Баубегің.

Менің адресім:

736 полевая почта, п/я, литер 21, мне.

4 сентябрь 1941 жыл.

Батыс майдан.

Мұқан!

Сенің хатыңды екі күн ежелеп, әрең айырдым. Мына жаңа алфавитін, қиын көрінеді, Ендігіде латынша жаз. Әйтпесе арабша. Өйткені Мына алфавитті біз оқып көргеніміз жоқ қой.

Сенің боспын дегеніңе түсінбедім. Қазір қызметтен босап, жазудың соңына түспексің бе? Күн керулерің қалай, қарттар аман ба, неге олар туралы жазбайсың? Ал, Ғазиздің шешесі қайда,