Әдебиет
Баубек Бұлқышев
Баубек Бұлқышев (1916, Қарағанды облысы Ұлытау ауданы — 1944, Украина, Днепропетровск облысы Софьевск ауданы) — жазушы.
Баубек Бұлқышев (1916, Қарағанды облысы Ұлытау ауданы — 1944, Украина, Днепропетровск облысы Софьевск ауданы) — жазушы.
Болашаққа мұра
Өмірінің тым қысқа болғаны өкіндірсе, өткен ісі сүйсіндіреді. Өз елінің, өз халқының патриот ұлы болудың жарқын үлгісін Баубек өзі өлсе де көрсетіп кетті. Достарына, жолдас-жораларына жазған хаттары мен отаншыл шығармалары арқылы бізбен күнде сөйлесіп, жастық күйін, өмір сырын әрдайым шертіп тұрады.
Не жөнінде сыр шерткің келеді онымен, құрбылар? Жас қырандай түлетіп, өміріңді гүл-гүл жайнатқан Ұлы Отанды мадақ етіп, кеудеңді кекке көтере желпігің келе ме бір? Олай болса, оқы жазған сансыз хаттарын оның.
«Адал адам Отанын сүйеді. Адал, ақ жүрекке Отан - анасындай. Отанның дегенін істеу — қуаныш, мақтаныш. Отанға деген махаббатты, әсіресе біздегі махаббатты өлшеуге болмайды», — дейді хат саған.
Отанын шын сүйген алғыр азамат, керек болса ол үшін жанын беруге де әзір екенін, бақытты келешегі үшін бас тіккенін балдай тәтті сыр етіп айтады. «Елің үшін жаңыңды беру қиын емес. Өйткені елсіз күн қызықсыз.І Жолдас, дос тіпті тәтті. Туған жер тағы ыстық».— Ол, міне, осылай дейді.
Ол жауға қарсы әрі қаламмен, әрі қарумен күресті. Отан соғысының ер солдаты болды. Қызыл Армия оны құрыштай етіп тәрбиелеп, қатардағы жауынгерден Қызыл офицер етіп шыңдады. Мүмкін сен де күні кеше қанды майданды толарсақтан кешкен боларсың. Өз жаныңның күйін, жүрегіңнің қалауын, өшпес ерлік ісіңді айқын елестетеді оның хаты.
«Қызыл Армияның рухы деген pyx досты қуантып, дұшпанды жылататын рух қой. Осындағы біздің жолдастар — мен соғыста өлемін дегеннен гөрі немістің күліп көкке ұшырамын — дегенді шын жүрегінен айтады. Тіпті, қуанасың.Ал менің екі жыл Қызыл Армияда болып тек бір аш немістің оғынан өлуім де. оңай емес... Асылы, жанын қорғаған жауынгер бола алмайды ғой».
«Бүгін майданға жүргелі отырмын. Майданға жібергеніне тіпті қуанып отырмын. Сондықтан аузыма сөз де түспей отыр. Айқай-шулы біздің күн басталады, мінекей...»
Бұл әшейін бір айтыла салған желбуаз сөз емес. Шын жүрегінен жарып шыққан толқынды сөз. Социалистік Отанының тәуелсіздігі мен бостандығы жолында өз жанын садаға етуге мойымайтындығын сөзімен де, ісімен де көрсеткен ер. «Өлім деген еш ңәрсе емес, мен өзім өлімнен қорықпаймын», — деген ол. Бұл сөзді ол жанын тастай алмай жүргендіктен, немесе даңғойлықтан айтқан жоқ. Оның өмірі — үлкен, саналы, мазмұнды, мол өмір еді. Осы мәнді өмір оған ғажап ыстық еді. Өмір сүруге ынтығу деген сезім түпсіз теңіз сияқты еді онда. Сол үшін де: «Өмір сүргім келеді!» — деп асқан тәкаппарлықпен мақтана, әрі жауына кектене айтып еді ол.
«Адамға өмір берген күшке мың рахмет!», «Тіршілік мен үшін өте қымбат. Бұл менің шыным», — деген жалынды сөздерді көп хаттарынан кездестіресіз.
Отан, ел-жұрт деп соққан ыстық жүрегі осындай тәтті өміріне әмірші, қозғаушы. болды. Автомат асынған неміс басқыншылары тұрған жерде бақыт жоқ, келешек жоқ, өмір жоқ деген ұғымға тастай түйілген еді ол.
Өмір деген не? — дегенді байыбына бара толғанып, үңіле қарап салмақтап көрген еді ол...
Совет мектебінде коммунистік идея рухында тәрбиеленіп өскен жас ұлан жастайынан зерделі, ойшыл, аңғарғыш, алғыр болып баулынды. Сұлу өмірдің әлеуметтік мәнін терең ұғынды. Өз халқын, өзі өскен ортаны, білім алған қаланы жанындай сүйді. «Жастықтың жалынына жүрегіңді шарпып, ауасымен дем алған қаланың ыстық болатыны несі екен!.. Шіркін, Алматы - ай десеңші, сұлусың - ау... Осы қаланы мендей ешкім сағына да, сүйе де алмас - ау!» — деуі де тегін емес-ті.
Баубек хаттарының басым көпшілігі творчество жайында болып келеді. Бұл жөніндегі оның арманы түпсіз терең жатады. Канды жорықта, қарлы окопта елге, дос - құрдастарға тек бір жапырақ қағаз жазса да әдебиет мәселесін еш қалдырмайды. Қай ақын не жазып жатыр, қандай жазушы майданға кетті? Жастардан, әсіресе казак қыздарынан әдебиет майданына жаңадан қосылғандар бар ма? — деген сияқты хабарларды әрдайым ынтыға сұрайды.
Ол шын творчествоның адамы еді.
«...Менің арманым — артымда әке-шешем, ағам,інім, қатын-баламның қалмағаны емес-ау, шіркін-ай, тек алақандай кітапша қалдыра алмағандық болады ғой. Дүниедегі ең барып тұрған арман, барып тұрған қайғы. творчестводан өте алмас. Өйткені кісі шын жүрегінің түкпірінен тартып алмай жаза ала ма?» — деп еді ол 1941 жылы күзде жазған бір хатында.
Ақын-жазушының өмірден алатын орнын жадында сақтап, арманды оймен қадір тұтып отырады, өз келешегіне асқан сеніммен қарайды. «Лермонтов сияқты офицер - жазушы болу біздің кезеңде қымбат қой», — десе бір хатында, енді бірінде: «Мен болсам, келешекке сенген, келешектен сұраған жанмын. Келешек шешеді ғой менің творчествомды. Шіркін, Фурмановтардың арманы жоқ қой», — дегенді айтады.
Ол аз өмірінде едәуір көп жазды. Соғыс бораны ұйтқып соққан, әрбір минут әрі қымбат, әрі қиын болған. сынды жылдарда жауға қарсы соғыса жүріп, уақыт тауып, жаза да білді. «Бүгін бір құшақ хат алдым, әлі оқығаным жоқ. Хат оқуға да уақыттың болмай жатқаны жазуға да уақыттық қымбатқа тусетінін көрсетеді ғой».
Осындай жауынгершілік жорықтарда жүріп творчествомен шұғылдануы ғажап нәрсе. Түйіп айтқанда, Баубектің хаттары — оның өмірін, творчествосын зерттеймін, шығарма жазамын деген адамға көп материал береді, жалынды жас жанын ұғынуға, бейнесін көз алдыңа елестетуге көмектеседі.
М. Иманжанов.
МАРТ 1940 жыл.
Москва.