Әдебиет
Баубек Бұлқышев
Баубек Бұлқышев (1916, Қарағанды облысы Ұлытау ауданы — 1944, Украина, Днепропетровск облысы Софьевск ауданы) — жазушы.
Баубек Бұлқышев (1916, Қарағанды облысы Ұлытау ауданы — 1944, Украина, Днепропетровск облысы Софьевск ауданы) — жазушы.
Жауыздық пен махаббат
(Бір құрдас туралы хат)
Мен тағы да майданға бет алдым. Біздің елден шыққанымызға біраз уақыт болды. Жақсы солдат ұрыс іздейді дегендей, біздің полктың жігіттерінің көңілі көтеріңкі. Жол бойы әндетіп келеді.
Бір бұрышқа жайғасып планшетімнен ескі картаны алып, майданның ауыр күндерін көз алдымнан өткіздім.
Бұл картаны төтеннен көрген адам несіне әуре боп мұны тастамай жүр екен деп маған күлер еді. Өйткені біріншіден, ескіріп, тозып бітсе, екіншіден, қарындаш тимеген, шимайланбаған сау жері жоқ. Кейбір жерінде окоп, пулемет, пушкалардың топографиялық белгісі жазылған болса, кейбір жерлерінде тактикалық сызықтар, ротаның қайтып, қай жермен немістерге қарсы ұрысқа бет алған жолдары, жаудың бет алысы, тағы - тағылар. Тек бұл ғана емес, кейбір жерлерінде ұрыста ерлікпен қайтыс болған жолдастардың аты, кей жерде болашақ әңгіменің тақырыбы, кей жерде бір ауыз, жарым ауыз өлең де кездеседі. Мұның барлығы да нағыз қиыншылық уақытта, өмір мен өлімнің арасында жазылып, сызылған нәрселер. Сондықтан бұл картаны менің әскери күндерім деп атасам да қате емес. Бұл картаның бетіндегі әрбір пункт, әрбір үй, әрбір сай менің көз алдымда нақ бүгінгідей елестейді. Қан төгіп, өлім аттап күрескен жер неге сонша ыстық. Міне, біздің жан қия ұрысып, таласқан жерлер менің осы ескі картамның бетіне жазылған. Сондықтан мен үшін құнды карта.
Қартаның бетіндегі 116,7 деген цифр кезге түседі. Бұл. штабтың ұрыс алдындағы «азан шақырып» қойған биіктің аты. Осының оң жақ бауырындағы атқыштар окобы табылған белгінің үстіндегі тітіреген қолмен жазылған «Менің құрдасым» деген екі сөз мені талай қиялға, ойға шомылтты. Сондықтан бүгін әңгіме осы құрдас туралы болсын.
Қазылған қара жер талай рет - ақ жан сақтап жүр ғой. Miнe, сол батырдың сауытына айналған жер, біз үшін ұрыста осы атқыштар окобы болды. Мен бұл окопта жалғыз өзім ғана едім. Автоматты екінші рет оқтауға ішіме қарай тартып ала бергенімде, жаныма жүгіріп келіп, жата қалып ата бастаған жауынгерді көріп қуанып кеттім. Мен оның бет ажарына назарымды салғаным жоқ: Ұрыc уақытында кісінің бет ажары өзгеріп кететініне қарамастан, таныс адам болса, айырасың ғой. Тек бір намыс, жеңіс үшін жан ұшырған езімдей бір жолдас шығар деген сезім биледі де, пәлендей оған мән бере қойғаным жоқ. Ұрыста жаныңда жолдас болса, көңілге медет. Сондықтан ба, әлде адамның адамға махаббатының әсері ме, әлде өлсем көрім бір болсын дегендік пе, әйтеуір окопты бір-біріне жақын қазуға тырысасың.
Ол, мүмкін, армияда бірге кызмет еткен, болмаса мектепте бірге оқыған жолдас болуы, әлде құлындай ойнап бірге өскен туған ағаң әлде сүйегі бірге нағашы, жиен екені әзірше мәлім емес. Біздің көзіміз автоматтың прицелі арқылы жауда болды. Бір-бірімізге бет бұруға уақыт болмады. Біздің бір-бірімізге тіл қатысуымыздың өзі сен тұр, мен атам дегенмен ғана басталды. Өйткені оқты үнемдеу керек. Бізді бір-бірімізге біртіндеп берген сұрақ, оған қайтарған жауап таныстырды. Сөйтсек, бір окопта екі құрдас — бір Отанның, бір тілекті жұртшылықтың тағдыры үшін оқ атып отыр екенбіз. Тек ол бұлбұлы сайраған Курск жерінде, орыс семьясында туыпты` да, мен казак семьясында туыппын. Онан соңғы екеуіміздің өміріміз бір-бірімізге ұқсас. Ақыры келіп бір окопта табыстық.
Осы окопта өттен он сегіз сағат, ондаған жылдарға созылған достықтай-ақ бізді жақындастырды. Біз құшақтасып дос болдық. Оқтың қадірін ұрыста ғана білесің ғой. Екеуміз де оқты қойын-қонышымызға, қапшықтарымызға толтырып алған екенбіз. Екі қапшықты ортаға қойып, ол маған: «Шымкенттің, Жезқазғанның дорбасын ашып қондым», — деп күлімсіреді. Қапшықтардың аузын ашып болып, Шымкент пен Жезқазғанның сонау мыңдаған шақырым жерден менің окоптарыммен келіп жалғасатынын біліп айтады - ау құрдас деген мақтанышқа көңілім бір өсіп қалды. Шымкент, Жезқазғанның зәулім қабырғасына арқамды сүйеп отырғандай болдым.
Сол жақтан атыс күшейе бастады. Біздің үстімізден оқ жауындап жауды. Бұрылып құрдасыма қарасам жаралы болыпты. Қансыратып әлсіз дене еш нәрсеге шамасы келмей,-сұқ қолы қыбырлап автоматтың серіппесін қозғалта алмай жатыр. Мен де қызумен білмеппін, денем ауырлай бастады. Жаралы болғанымды сездім. Мен құрдасымды өзіме тартып, басын сүйедім. Жараларын бинтпен орағаннан кейін ол көзін ашып, әуелі маған, онан жан-жаққа көзін салды. Біртіндеп есі кіре бастады. Сөйтті де менің мойнымнан құшақтағысы келді. Мен оны босаттым. Екеуміз бірімізді біріміз сүйемелдеп, кейінірек түсіп жатуға орнымыздан қозғалғанымызда, көзіміз жаралы денемізден аққан қанға түсті. Жас адамның қаны қып-қызыл бола ма, әлде бізге солай көрінді ме, өрттеп қып-қызыл. Кейде менің кейде оның денесінен бинтке сыймай кезекпе-кезек тамшылаған жастан, бір жерге көз алдымызда қосылып ақты да тұрды. Әділдіктің анасы болған қара жер, мен үшін жауға ұмтылған балаларымның қаны қарға-құзғынға жем болмасын дегендей, өзіне сіңіріп, ішіне тартып алып жатты. Уа, қара жер, сенен береген, сенен әділ кім бар! Тіршілікте анадай қамқоршысын, тіршілікпен қоштасқан күнде де адамның сүйегі шашылып жатпасын деп өзіңнің жалпақ денеммен жабасың дедік біз алдымыздағы қан төгілген окоптан көзімізді алмай тұрып. Кейін біздің шепке үшінші ротаның жігіттері келе бастады. Біз бірімізді - біріміз сүйемелдеп сайға кеттік.
Мен құрдасымның туған жеріндемін. Оның туып-өскен жері осы арадан екі шақырымдай ғана жол. Жүрек сонша алып-ұшып қуанды. Өзім туған Арқада ән салып келе жатқаннан кейін емеспін. Бұл желі майда, жері бай Қырым, Ялта, не болмаса атағы әлемді жарған Москва емес, кішкене ғана село. Бұл маңдағы жергілікті адам тек шіркеу болса болғаны? 10-12 үйді де село деп атайтын әдеті. Майданда менің құрдасым осы өзінің туған жері туралы бірнеше рет еске алып, әңгіме етті. Ол туған жерін ұлы жер деп атайтын. Ол оны атақты қалалардан кем көрмейді. Ол үшін бұл әрі қала, әрі порт, әрі дүкен, әрі жұмыс кабинеті сияқты болатын. Бұл жерде туды. Бұл жерде өзінің алтын балалық шағын өткізді. Дүниедегі орны бөлек албырт жастық шақ үшін осы жерде басталды. Ол осы жерде жан болып еді. Өйткені.осы жерде ғана өзінің әрі кішкентай, сомы мен бірге, әрі үлкен өмірінің тізгінін қолына алып, ұзақ сапарға, өмір сапарына қадам басты. Ол осы жердегі сөйлеуді, күлуді, жылауды, қуанышты, ренішті, сүюді, қайғыруды үйренді. Ол осы өзінің туған жерінде адам деген үлкен атаққа ие болды. Сондықтан да туған жері үшін ұмытылмайтын, жүректен орын алған бір мұнара.
Зулаған оқтың, ышқынып ішін тартып ұшқан минаның, снарядтың астында, окопта, землянкеде нелер тәтті сырды ортаға салып, әңгімелескен күндер бір-бірімізді онша жақсы білуге себепші болды. Менің туып-өскенің жерім, оның туып-өскен селосы бір бірімізге таныс. Тіл арқылы мен оның селосын өзіміздің ауылдан кем білгенім жоқ. Қай жерде қандай үй, қандай жол, қандай көлік барына дейін білемін. Бүгін құрбымның туған селосы менің көз алдымда, тек екі-ақ шақырым жүрген соң досымның селосына жетемін. Мен бұл селоны түгел аралауым керек. Досымның туыстарын, достарын іздеуім керек. Әсіресе менің анамнан айнымайтын досымның Карт анасы менің көз алдымда, маған деген оның көз а.асы дайын тұрарына да сөз жоқ. Туған баласы үшін «құлыным», «балам» деген дүниеде жоқ биік теңеу тапты. Арқадағы қазақтың анасы сияқты, ана қазір мені қарсы алмақ.
Жүрегім алып ұшады, ілгері жүре түсем.
«Эх, проклятые немцы!» — дедім мен орысшалап, қайнаған қанның әсерімен. Әдейі іздеп келген құрдасымның туған жері мені сонша күйіндірді. Бүл селода не бір тірі лап, не бір бүтін үй қалмапты. Шіркеудің тек қабырғасы ғана тұр. Өртеніп, қираған үйлердің тек жұртының ана орны бар. Кейбір үйлердің сорайып - сорайып сауқалған пештерінің мойны ғана көрінеді. Қирап, күл-талқаны шыққан селоны есі ауған адамдай шыр көбелек айналдым да жүрдім.
Менің келіп тоқтаған жерім шеттен санағанда 17 үйдің қарсысындағы қарт терек болды. Ғасырлар бойы жасаған қарияның да өмірі бітіпті. Жауыз немістер кімнің түбіне жетпей жатыр. Ортасынан қақ бөлініп түскен, қарт теректің жоғарғы жартысы сұлап жатыр. Ол кеудесіз адамды еске түсіреді. Құрдас бұл қарт терек туралы, бұл үй туралы маған неше рет әңгіме шертті десеңізші. Бұл үй бір сұлу қыздың үйі еді. Құрдастың айтуынша, селодағы бірінші сұлу — сол қыз. Тіпті ондай сұлуды ауданнан, қалды облыстан табу қиын. Ол қатардағы жастардың бірі болып жүріп, осы сұлудың жүрегіне от тамызып, сұлудың сүйгені Деген мұратқа қолы жеткен. Дүниедегі бір биік алтын жұлдыз — жастық махаббатына екеуі де бірден қол созып, талпынған еді. Ол қоңыр салқын кештерде осы теректің түбінде сұлуды күтіп, кездестіретін. Бұл қария терек олардың махаббатының, олардың бақытының, олардың лапылдаған жастығының куәсі еді. Ең соңғы рет майданға кетерде осы теректің түбінде ол сұлуын сүймеді ме, бұраңдап сұлу осы қария теректің түбінде күтемін деген уәдені беріп, оның мойнына асылмады ма? Сөйтіп менің құрдасымның махаббатына, уәдесіне куә болған қария бүгін жаралы болыпты. Терек жансыз. Бірақ өзінің ұшып түскен жоғарғы жартысына қарамастан кеудесін көтере «ғасырлар бойы Россияда ұзақ өмір сүріп едім, жауыз немістің қолынан жаралы болдым» дегенді айтып тұрған сияқты. Ойың қайнап - қайнап кетеді, «аққан суға бір тосым бар» деген сөз еске түседі.
Өртенген селоның көшесімен бір ақ сақалды карт келеді. Ол сылтып ақсайды. Көзі де көруден қала бастаған, қолында скрипка. Ол скрипка тартады. Осы селоның трагедиясы скрипканың қылында сияқты. Бір қайғылы музыка жаралы селоның көшесін жаңғырықтырады. Зарлы музыка кейде үдеп ышқынса, кейде баяу ғана ыңырсыған үнмен жүректі елжіретеді. Қарт әрбір көшеде, әрбір үйдің орнында әр түрлі күй тартатын сияқты. Мен шыдап тұра алмадым. Аяңдап, қартқа қарай жүрдім. Мен оған сәлем бердім. Ол қолын маңдайына қойып маған қарады да: «Неғып жүрген жансың, қарағым?» — деп сұрады. Meн жөнімді айттым. Ол жылап қоя берді. Сөйтсем, құрдасымның әкесі екен.
Біз көп сөйлестік. Ол фашистен көрген қиянаттарының бәрін айтты. 60 жыл бойы қартаймаған ол, 6 ай немістердің тепкісінде қартайғандығын айтты. Өмірінде скрипка ұстап көрмеген қарт, қайғы-қасіреттен музыкант баланың скрипка арқылы ғана шертіп тарқататынын айтты...
Мен құрдасымның сүйген сұлуын көргім келеді. Не керек, немістер жас аруды өзінің Отанын, елін сүйгендігі үшін дарға асып өлтіріпті. Қарт мені сұлудың қабіріне алып барды. Қарт оған арнаған қайғылы музыкасын ойналды. Мен бас киімімді алып, сұлудың қабірінің жас топырағынан көз алмай қарадым да тұрдым. «Балам, — неге қарт, скрипканың бір шетін сұлудың қабіріне, бір жағын кеудесіне тіреп, жүгініп отырды да, менің ойға шомып кеткенімді аңдап, — дүние деген шеті - қиыры жоқ жатқан бір алып, оның құлашы кең, бауыры жазық. Сөйтсе де сол жалпақ дүниеге сыймайтын жан туады, соның бірі мына сенің замандасын — қабірде жатқан жас сұлу. Бұл өзінің өмірінің тағдырын езі шешкен жан. Бұл өзінін. кішкене өмірін атақты еткен жан. Бұл жас жанның қысқа өмірі көп жыл өмір сүрген ұзақ өмірге бергісіз. Сендердің замандарың жауынгерлік заман. Жауынгерлік сағатта туып, жауынгерлік күнде күреске түстіңдер. Алдарымда құлашын жайып сендерді іздеп келе жатқан бір уы сәулелі таң бар. Ол сендердің қан төгіп, қайыспай қарысқан күрестеріңнің нәтижесі — жеңіс туы. Бұл таң үшін талай шатырлар ағарар, талай кеуде қандалар, талай жас өмірін қияр. Келешек үшін бар қуанышын, күлкісін күреске жұмсаған сендердің істеріңді талай-талай ғасырлар сөз қылар. Сендердің армандарың, сендердің ой - сенімдерін келешектің жүрегінде тоқталып, тілінде жыр болар. Скрипка жыры — сырлы жыр, скрипка жыры — мұңды жыр. Miнe, қартыңның скрипкасы майдандағы қан кешіп, қылыш салысқан ұлының, қабірдегі жанып тұрып лап етіп сенген сұлудың арасындағы ұрланған махаббатты жырлайды. Сол махаббаттың арманын, сол жастардың зарын скрипканың қылы барлық дүниеге жар салады», — деп сөзін тоқтатты да, қарт скрипкасын сыңсытып тағы тартты. Жалғызының сүйгені қабірдегі сұлуды өзінің зарлы музыкасы арқылы көрден алып жерге, жерден алып кекке күймен көтерді.
Мен кейін қарттан қыздың туыстары қайда деп сұрадым.
Сұрай көрме, шырағым, менің балама да білмеймін деп жауап бер, — деді ол.
Мен аң-таң қалдым. Қарт қойнынан ақ жібек орамалға ораған қалың дәптерді ұсынды маған.
Құрдасына бер, шырағым, сүйгенінің сәлемдемесі.
Мен қартпен қоштасып селоны араладым. Үн-түн жоқ иесіз село езінің тіл жеткісіз трагедиясын арқалап қала берді. Бұл — құрдастың туған жері. Мұны ол шын жанымен сүйетін еді. Күні бойы ауыздан тастамай әңгімелейтін еді. Бүл жер көпті көрген қария, оның ата-анасының мекені еді. Ол ылғи бұл жерді есінен шығармайтын. Әрбір қиын кезеңнің өзінде оның көз алдына сұлу село, ақ көңіл ата, бұтағын жайғам терек, күлімдеген сымбатты қыз тұратын еді. Енді ол үшін не қалды? Ол енді не істемек? Суық хабар ешқашан да жатпайды. Мұны ол естиді ғой. Мүмкін ол бүл суық хабарды шабуылда, болмаса қорғаныста естір. Ол өзінің туған жерінде осынша айуандық жасаған фашистерді көзбен көрер, сонда ол не істер, не айтар...
Құрдас, сенің туған жерін қорлықтың зәрін көрген. Ол сенің мақтанышың, тірегің еді. Онда сенің туыстарың, достарың, жолдастарын туып, өсіп еді. Солар үшін өшіңді ал! Мен құрбыларымды жинап алып, сенің жас сұлуыңның қабіріне алып бардым. Біз сенің сүйген сұлуыңның қабірінің басында тұрмыз. Тісімізді қайрап біз сенің намысың үшін күресеміз. Сенімен бірге еш алысамыз деп серт берісеміз. Біз де сендей жаспыз, біз де сен де адамбыз. Біздің де сен сияқты туған жеріміз бар, біздің де сен сияқты туыстарымыз бар. Бәріміздің жеңісіміз — жатып - тұрып ойлайтын бір жеңіс. Біздің бет алысымыз — Батыс. Өшпенділікпен жүріп келеміз. Кел, құрдас, кетер қолыңды кекке, қанды кекпен кетер! «Біздің серт — жастар серті. Жалынды серт, өшті бірге аламыз деп серттесейік. Немісті бірге қиратайық деп серттесейік!
Асылы, адам өз өмірінің суретшісі. Ол өмірді сырлап бояуға, оған ажар, түр беруге, оны әшекейлеп өрнектеуге енбек етеді. Әрбір адам өзінің өмір жолының сара, сәулелі болғанын жақсы көреді. Оның ой-тілегі, дем алмай істеген қызметі — өмірдің барометрі. Өмір бойы құмырсқадай қыбырлап енбек .еткен адам дүниеге терең түсініктілікпен өзгеше қарайды. Осы жолда ол өзінің ойын, күшін, қуатын сарп етеді де, өмірді өз тағынан құлатпайды. Туа өмір үшін күшін. қуатын, ой-қиялын жұмсап үйренген ол енбекке әбден үйреніп алады да, еңбексіз отыра алмайды. Сөйтіп біртіндеп адам өзінің өмірін күннен-күнге өнерлеп, айқыштай береді. Өміріне серпіліс енгізеді.
Менің көз алдымда осы адамдардың бірі — менің құрдасым мен оның әкесі. Немістер өртеп - қиратып кеткен үйінің кірпішін қарт құшақтап тұрып, көзіне жас алдым әлі есімде. Бишара қартқа кірпіш ыстық көрінеді. Өйткені ол кірпіш оның тамшылаған терімен иленген, шынымен құйылған. Бір кірпіш жасап шығару үшін жер жыртып топырақ тасу керек, оған құм қосу керек, оны бітіру үшін су, күйдіру үшін от, күю үшін қалып — осының бәрін істеп шығару үшін уақыт керек. Оған тағаттың берген қысқа өмірінің сан аулы бір бөлімі ілінбек. Сонша енбек сіңіріп өмірінен уақыт бөлген бір кірпіш — төрт қабырғалы үйдің бір кірпіші ғана болып саналады. Міне, үй салу деген оңайға түспейді, адам үйсіз отыра алмайды.
Ол: «Осы өмірімнің ішінде үйді бірнеше салып, бірін-біріне қайтадан түзедім. Сондағы ойым менің үйім тәуір болсын деген - ақ», — дейді. Расында да селодағы үйлердің ең тәуірі осы қарттың үйі еді.
Мына көрнекті сұлу үй пәленшенің үйі дегенде, ол ішінен мақтанып, өз еңбегіне ырза болмайтын ба еді?! Ақыры фашист келіп қиратып кетті, фашист келіп өртеп кетті. О, еңбек, еңбек!
Осы әдемі үйдің бір бөлмесін қарт баласына арнап салған. Ол майданға кетерде осы бөлменің бір жағы сірескен жинаулы кітаптарды, жазылған бірнеше табақ қағаздарды әкесіне тапсырып кетуіне тиісті: «Мен оның не жазып, не оқып жүргенін түсінемін бе? — дейді қарт. — Күні-түні қолынан кітап пен қарындаш түспейтін. Жастайынан кітап үстінде талай таңдарды көзбен атқызатын. Оның кім болғысы келгенін, не жазып жүргенін толық айта алмаймын. Өйткені оның қиялы менің ол туралы білетінімнен әлденеше рет жоғары еді. Тек жазып жүрген нәрсесін аяқтай алмағаны маған анық. Ол осы кітаптарды, осы жазғандарын жанындай сақтайтын еді. Майданға кетіп бара жатып, туған әке деген сөзді ауызына алып маған сақтауға тапсырып еді. Жауыз немістер ойын бәрін өртеп кетті», — деп қайғырды қарт.
Жас жігіттің жазғандары еңбегінің әліпбиі ғой. Сол еңбегіңді отпен өшірмек болған еңбектің жауы фашистерге не айтасың.
Менің қолымдағы қарт берген дәптер жас ақынның почталарынан бір үзінді: не басы, не аяғы жоқ. Шетінің отқа шарпылып күйгені — ерт ішінен бір адал қолмен
алынып шыққандығын айтып тұр. Бұл — қабірдегі сұлудың сүйгеніне жіберген сәлемдемесі. Сондықтан дәптер ішінен кездескен сұлудың хатын көшіріп алуым керек. Мүмкін алда тіршілік болса керек болар.
«Жаным!..
«Жаным!» деген сөз біздің заманда ерсі болғанмен, одан артық сөз таба алмай, жаным деп жаздым. Қазір сөз салмақтауға да уақыт жоқ. Бұрын хат жазуға да уақыт жоқ дейтін едік, ойлап тұрсам, оның бәрі бекер екен, бүгін ғана уақыт жоқ деп айтуға толық правом бар. Менің уақытым шынында жоқ. Мен бүл хатты соңғы рет жазып отырмын. Менен бұдан кейін хат ала алмайсың. Мені екі сағаттан кейін немістер дарға аспақ. Мен қазір суық шошалада, елім алдындағы өмірімнің минуттарын кешіп отырмын. Менің кішкентай өмірім жаңа ғана басталғанына қарамастан, жанып тұрып, лап етіп сөнген шамдай өшпек. Мен онымен енді мүлде қоштаспақпын. Менің жақындарыма да менімен біржола қоштасуға тура келеді.
Майдағы жас гүлдей жайқалған өмірдің бұлай қайғының құшағында бітетінін кім біліпті? Мен жаңа ғана мектеп табалдырығын аттаған жоқпын ба, мен кешегі ойнаған қуыршақтардан қанша ұзадым? Жаңа ғана талпынып жарық, кере бастағанда, көктеп өсе бастағанда, сөйткен жас өмірдің осындай ауыр өліммен тіресуіне таң қаламын.
Жаным, солай да болса менде бір-ақ арман бар сияқты. Ол тек сенімен қоштаса алмай кетіп бара жатқандығым. Біз бір биік шыңға қол созып тұрған сияқты едік. Біз келешектен құшақ жайсаң жетпестей, үлкен бақыт күтетін сияқты едік. Біз өзіміз сүйген елдің бір ірі қызметкерлері, көрнекті адамдары болуды армандап едік. Бірақ оған жетпедік. Неміс фашистері әкелген соғыс, соғыс әкелген өлім. Біз бір-бірімізді сүйіп, бір махаббатқа екі жүректі жалғап едік. Ақыры шын махаббат бізді алдамады, ол өзінің бет алысынан жаңылмады. Ол өзінің өлімнен күшті екендігін көрсетті. Мен өлімнің алдында отырсам да менің кез алдымда ширатылғандардың, қыл арқаны, болмаса мен жалғыз барын жататын қараңғы қабір емес, сен тұрған сияқтысың. Сенің маған деген махаббатыңнан тұрған тәрізді.
Мен өзімді қызыл жауынгердің сүйгені деп санаймын. Мен сені, сен сүйіп қорғаған елді сүйгендіктен, өзімнің туған әкемнің өліміне себепші болдым. Менің қолым туған әкеге тез барды. Ол немістердің құлына айналды. Неміс үшін қызмет істеп, өзінің жеке басы үшін бүкіл жұртшылықты, елді сатты. Ол адамшылықтан шығып фашиске айналды. Неміс басып алған жазықсыз селоның жауы менен бұрын сол болды. Елдің кегі үшін аттанған партизандардың соңынан түскен жау сол болды. Сондықтан мен оны өз қолыммен өлтіріп, сені мен менің елімнің күресшілерін өлімнен сақтап қалдым. Сенің жауыңның қызы санағандықтан сенің бетіңе қарау, елдің бетіне қарау, жер басып; жан болып жүру мен үшін қиынға соқты.
Махаббат мені күресшілер қатарына көтерді, ол күрес жолына, жауыздық торым бұзып шығуға маған әл берді. Мен ширақпын. Менің кеудемде өлім алдындағы бір зор мақтаныш бар. Ол — бай табиғаттың маған сыйы тартқан махаббаты. Ол менімен бірге. Meн сүюмен біргe бой жасасам, сүюмен күреске енсем, сүюмен өліп бара жатырмын. Оның күші қандай өлімнен де басым. Мен оны ұлы махаббат, Отанға деген махаббатпен жалғастырдым. Біздің шынайы таза махаббатымызды фашист кір қолымен былғамасын деп қол жетпес шыңға алып шықтым.
Жаным! Дүсірлеп біреулер келе жатыр, әзірейілдің жолын жайпауға шыққан немістер болуы керек. Жаза берсем сөз таусылмайтын сияқты. Бірақ амал не?.. Сенің мына бір дәптеріңді өрт ішінен алып шықтым. Өзіміз жазып бірнеше көшіріп жазған дәптерлер кітаптармен бірге өртеніп кетті. Қош, жаным, мен жан болып келген үлкен дүние езінін, мен сияқты кішкентай мүшесіне әлденеге бересілі болса, дүниеден алған сыбағам бойын, кел құшағыма, армансыз тіршілікте бір сүйейін!
Жазықсыз жастық, таза махаббат үшін кек ал фашистен, өлтір нем...»
Асығыста жазылып аяқталмаған хат көз алдыма өлім арқалап суық, шошаланың есігін келіп ашқан немісті елестетті. Мен одан жеркенемін. Өлім алдында сүйгенімен тілдескісі келген жас сұлу да елестеді, мен оны аяймын. Сағат сайын туған селосын, сүйген сұлуын аңсаған құрдасты елестетеді менің жүрегім. Өзіміздей жастардың кіршіксіз махаббаты жауыздықпен күресуге ұрысқа шақырып тұрғандай.
Мына қайғылы село кеше біздің Арқадағы ауылдарға ұқсас еді, қабірдегі сұлу Жібек пен Сараның сіңлілері — Арқаның аруларына ұқсас, скрипка тартқан қарт біздің Жәкеңнің замандастары, ақсақал — біздің әкемізбен ұқсас еді. Келешекті аңсаған құрдас біздің жарқылдаған жас жігіттерден айнымас па! Ақыры неміс келіп селоны жер бетінен жапырып кетті. Сұлуға өлім, қартқа қайғы, махаббатқа оқ атып кетті. Өлім теңдеп соғысқа аттанған немістерді батыста тоқтатпағанда, осы әрекеттерді Арқа да көретін еді-ау. Қан төгіп, батыста күресіп, шығысты қорғаған біздің Арқа жігіттерінің еңбегі зая кетпепті - ау деген ой келді маған.
Үдере көшіп біздің полк ілгері жүріп отырды. Менің құрдас туралы ойымды шашына ақ кірген қарт полковниктің: «Полк, шире шаг!» — деген командасы бөлді. Майданға кетіп бара жатқан әрбір жанкүйердің көз алдында осындай оқиға, басында осындай ойлар болуында сөз жоқ. Қарт полковниктің командасын дұрыс деп қабыл алғандай, полк жауынгерлері аяқтарын ширақ алып, батысқа қарап асыға жүрді.
Біз ілгері жүрдік. Бізбен бірге жауға деген ұшы қиыры жоқ кек ішіне симай, жауға аттанған сұлу қыз, карт жүрегімен жауды қарғаған скрипкалы қария, жаудың қиянатын көргісі келмеген қонақжай Сарыарқа келе жатқандай болды. Бұл соғыс жауыздыққа қарсы аттанған махаббаттың жорығы сияқтанды. Біз асыға ілгері жүрдік.
Батыс майдан, 1942 ж. Сентябрь.