22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Баубек Бұлқышев

Баубек Бұлқышев (1916, Қарағанды облысы Ұлытау ауданы — 1944, Украина, Днепропетровск облысы Софьевск ауданы) — жазушы.

Алматылықтар






КІРІСПЕ

Роман

(1941-1942 жылдар)

Әлі есімде, ол бір тамаша сұлу кеш еді. Әсіресе басқа қалалардан гөрі Алматының кеші маған өте ұнайды. Әрине, кейбіреулерге ұнамауы мүмкін. Дегенмен, қаңдай қала болмасын, қандай қыстақ, поселка, ауыл болмасын, өмірдің қызықты минуттарың өткізген, бастан кешкен жер саған ыстық.

Алматы менің қалам. Сондықтан да менің Алматым деген мақтаныш, мені толқытып жоғары көтереді. Сен кімсің деген сұраса, мен совет азаматымын, алматылықпын деп жауап беруге жаным құмар.

Пай-пай, неге ғана жұрт Алматыны сұрамайды, неге ғана Алатаудың сұлулығын маған айтқызбайды?! Мен күні-түні өзімнің Алматым, Алатауым туралы жалықпай әңгімелер едім. Жұрттың көбінің сұрайтыны атақты Москва, батыр Ленинград, жаралы Ростов, талықсыған, қайғылы. Киев.

Неге олай? Неге менің Алматым қызықсыз? Ол кешегі жетім Верный емес. Бүгінгі Алматы емес пе? Ол кешегі көзінен жасы көл болып аққан Асан қайғының қаласы емес, бүгінгі қазақ поэзиясының маршалы Жамбылдың қаласы емес пе?! Ол кешегі жас жүрегі жаралы болып өткен мұңлы Мариямның қаласы емес, бүгінгі бұлбұлдай сайраған Күләштің қаласы емес пе, қайта туған қазақтың астанасы емес пе?! Жаңа поэзияның көзі емес пе, қуаныштың, бақыттық мекені емес пе?! Ол неге жұртқа қызықсыз...

Тіпті кеше ғана еді жұрт Алматының апорт алмасын аңсайтыны, әңгімелейтіні, тамаша ауасын құмартатыны, тау басындағы көлге көз сүзетіні. Москва, Ленинград, Киев, Ростов, Харьковтермен бірге оның аты аталатын еді. Бүгін тіпті басқаша, неге олай? Қарап тұрсаң, халықтан данышпан ешкімді таппассың, ол бір жатқан ақылдың дариясы. Шындықтың, адамгершіліктің ең үлкен атасы. Ол қуана да біледі, ол күле де біледі, ол күресе де біледі, ал басшылық та жасай біледі. Бүгін халықтың ойы, тілегі, қиялы, қуаты, қуатты батысқа бет бұрған. Сылаңдаған сұлу нұрлы Москва бүгін майданда. Ол жауымен жағаласып, бұрын күнде әшекейленетін, күнде сыланып сипанатын сұлу бүгін қару алып майданға аттанды. Ол ұрысуда, ол қанды майданды тізеден кешуде. Ленинград та ұрыста, Ростов та ұрыста, қарт Киев жаудың тылында — партизан.

Тыңда, Алматы! Сен тылдасың, сен бірақ тілектессің, сен ұрысты көрген жоқсың, бірақ ұрыстағы қалалармен жаның бір. Сенің жіберген жәрдемдерің майданның қажетіне жұмсалуда. Сенің жіберген ұлдарың, алматылықтар майданда, Мәскеу, Ленинградты қорғауда. Мақтан, Алматы, тәрбиелеген ұлдарыңа! Сөз сенің Отан соғысындағы ұлдарың туралы болғалы отыр.

Пай-пай, Алматы-ай! Сенің кешкі бір ауаң тіпті есіңнен кетпейді. Әсіресе шықылдаған шілдедегі кешіңе тіл жетер ме? Тек ауаңды жұтып, қыдырып жүре бергім келеді. Тамаша қиялға батырады, ой түсіреді. Сен тек таза ауаның қаласысың. Поэзияның қаласысың!

БІРІНШІ БӨЛІМ


Адам өмірінің ең биік шыңы — жастық.

Гете

КӨШЕДЕГІ БІР ОҚИҒА

— Сен массың.

— Жоқ мен мас емеспін...

— Сен массың!

— Рас, мен іштім. Бірақ мас емеспін...

— Бұл мас адамның сөзі. Мас адам ішкенін қай уақытта болмасын мойнына алады, бірақ ол маспын деп ешқашан айтпайды, — деді Ғазизге Шәңгерей төне түсіп.

— Ол рас, — деді Ғазиз мас болған кісінің бейнесін көз алдына елестетіп. Бірақ осы кезде Ғазиздің көз алдында бұлдыраған көшенің бейнесі: «Ей, сенің басың айналып түр, сенде арақтың қызуы бар», — деп құлағына сыбыр еткендей болды. Дегенмен төтеннен кез боларын бұл сезімді көшенің оң жағындағы рестораннан шыққан музыканың үні бөлді. Ол:

— Шәңгерей, — деді ресторанға бет бұрып, — сен мені массың дегенді қой. Мұнда барып музыка тыңдасақ, сенің қарсылығын болмас...

Шәңгерей оның көше бойында екпіндей сөйлегенін жақтырмай, «Сен массың» дегенді Ғазиздің алдына көлденең тартып, оның көңілін басу үшін айтқан еді. Оның

ойына музыка тыңдаудан бұрын жаңағы көшенің қараңғы бұрышында тұрып босатқан чекушкеге тағы бір нәрсе қосылатыны есіне түсе кетті.

— Рас, — деді Шәңгерей салмақтылықпен, — Музыка жақсы нәрсе, мына ойналып жатқан Штраустың жақсы вальстерінің бірі. Дегенмен біздің мұны әлденеше рет тыңдауға уақытымыз бар, бүгіннен басқа күні тыңдасақ деймін.

— Шәңгерей! Сенің бүгін неге барғың келмей тұрғанын біліп келемін. Менің жолдасты ұятқа қалдырмай — тынымды білесің ғой... Жүр кеттік, вальс ырғағы ресторанға сыймай көшеге асып-төгіліп жатқанын байқаймысың, — деді Ғазиз күлімсіреп кеуделей.

Штраустың вальстері Алматының ресторанына сыя ма? Москваның пәлен этажды националдарына сыймай асып төгілетін Штраустың толқынды өзені емес пе!

Шәңгерей жылдам жүріп кеткендей болды. Ғазиз де аяғын тез-тез басып одан қалыспайын деген кісіше жылдамдата жүрді.

— Неге асықтың? Жайырақ жүр, — деді езінің жанындағы көршісіне назар аударып.

— Что вы говорите, — деді орысшалап бір жас қыз күлімсірей қарап.

— Виноват.

Қыз күлімсіреп кете барды. Шәңгерей ішек-сілесі қатып:

— Ғазиз, сен мені тастап басқа біреуге еріп кеткенің не? — деді күлкісін тыя алмай.

Сен ғой деп ол қызға жайырақ жүр деп ұсыныс жасағаным жоқ па, ха-ха-ха...

— Өзі бұл қаладан мен кермеген әдемі қыз, — деді ол қыздың әдемі пішінін есіне түсіріп. Бұл кезде қыз ресторанның қатарындағы гастрономға кіріп бара жатқанын көріп:

— Сен, — деді ол асығыс пішінмен Шәңгерейге, — ресторанға кіріп заказ бере бер, мен қазір жақсы шылым алып келейін.

— Көп күттірме.

— Қазір келем.

Шәңгерей ресторанға кіргенде, бос орын жоқ екен. Оның екі көзі бос орынды іздеумен болды. Тек бір столдың жанындағы екі бос орындыққа көзі түсті. Столдың тең жартысын үлестеріне алып, тәтті әңгімеге батып отырған екі жігітке таянып келгенде өздерімен бірге оқитын Бақыт пен Мұқтарды тани кетті.

— О, Шәңгерей, кел, кел!

— Мына орын бос...

— Біз екеуміз, қазір Ғазиз келеді...

— Екі орындық та бос, отыра беріңдер.

Ғазиз гастрономға кірген жоқ. Ол гастрономның бұрышында тұрып, қыздың шығар жолың күтті. Ол есіктің ашылып-жабылуын бақылауда. Оның барлық ойы, қиялы әлгі қызда болды. Сағатына қарап: «Жарты сағат», — деді күбірлеп өзіне-өзі. Оның ойына Шәңгерейдің: «Жалғанда поезд күткен мен қыз күткеннен азапты нәрсе жоқ», — дегені түсті. Бір кезде гастрономның есігі ептеп ашылып, манағы қыздың фигурасы көрінді. Ғазиз сол қыз екенін анық көрді, оң жақ қолтығында қысқан газетке оралған нәрсесі бар бикеш есіктен шығып, Ғазиз тұрған бұрышқа қарай беттеді. Ғазиз тыпыршып түр. «Бүл қызға, — деп ойлады Ғазиз, — әзілдеп бірдеңе дей қою келісімсіз. Көшенің жігіті деп ойлар. Сондықтан оның қайда тұратынын біліп алу теріс болмас», — деп қыздан бірнеше қадам қалып, соңынан еріп отыруды дұрыс тапты.

Гастроном тұрған көшемен үш квартал жүріп қыз келесі көшемен оңға бұрылды, жай аяқпен қыздың қарасынан айрылмай, біздің Ғазиз де жүріп келеді. Қыз тезірек жүрді. Осы көшемен бұларға қарсы жүрген адамдар топ-тобымен көбейе бастады. «Осы маңда жұмыскер клубы ма, әлде мекеме бар ма екен».

Қыз едәуір жер ұзап кетіпті. Ол жылдамдата жүрді. Өйткені бикеш көп адамдардың тобына жетті қалған. Текке адасып қалмау үшін аздап жүгіріп те алды. Бірақ аяғының тайып кеткенін, қалай шалқасынан ұшып түскенін өзі де сезбей қалды. Мұндай оқиғада адамның ойы — қалай құладым, қалай тұрамын, бір жерім жазым болды ма дегеннен гөрі, біреу көрігі қалмаса жарар еді дегендей еді. Құлап жатып екі көзі жан-жақта болады. Қарғып тұрып ұялған пішінмен етегіңді қаға бересің. Мұндай оқиғаны кейбіреу кере қалса, «Что хорошего нашли, дайте половину», — деп әзілдей бастайды. Кейбір мыс болғырлар еш нәрсе демей өте шығады. Ғазиздің жолы болғаны сол болды. Оның құлаған үстіне ешкім кез келмеді. Денесі онша ауырған да жоқ. Қарап келе жатып ол мырс етіп күліп жіберді. Әрине, оның құлағанын қыз көрген жоқ, оған бір шүкір. Дегенмен көлденең оқиға қыздан мұны адастырды, осы жердегі үйлерді екі-үш айналып шықты. Ол қыздың қай үйге кіргенін біле алмай әуре болды.

Дегенмен блокнотын алып осы көшенің атын жазып алды. Шәңгерей ресторанда күтіп отырған шығар деген оймен «келісімсіз жорықтан» кейін қайтты. Жолда келе жатып ол талан ойға, талай қиялға шомды. «Әй жастық-ай, қызықсың-ау», — деді ол. Сөйтті де ыңылдап ән салды:

«Қаратау кейде карлы, кейде карсыз, біp жігіт кейде малды, кейде малсыз. Дарияның жарға соққан толқынындай, Көз сүзген көрінгенге көңіл арсыз.

Осы өлеңнің авторы мен сияқты жиырма мен жиырма бестің арасындағы бір албырт жас адам болса керек», — деді өзіне езі, Ғазиз ресторанға нағыз қызып жатқанда кірді... Көпшілік қызыңқырап, музыканың жиі ойналып, бидің ұлғайған кезі екен. Ол өзінің үш жолдасын бір стол басында кездестірді. Олар үшеуі құйылып тұрған рюмкені нұсқап:

— Сені күтуде. Ал, кел. Ғазиздің денсаулығы үшін көтерейік, — десті.

Рюмкелерді бір-біріне соғыстырып көтеріп жіберуге Ғазиз де қарсы болмады. Екінші рюмкені бұлар тағы көтерді. Мұнда сез алып сөйлеген Ғазиз болды.

— Жолдастар, — деді ол, — мен бүл рюмкені лапылдаған албырт жастыққа, танымайтын бір сұлуға арнап көтеремін.

— Танымайтын сұлуға көтер, көтер. За красавицу незнакомую!

Рюмкелер тағы да соғыстырылды.

ҚОШ, АЛГЕБРА

Ғазиз ұйқыдан оянғанда, тапа-тал түс болып қалған екен. Ол басын көтеріп сағатына қарады да, қайта жатты. Шылым тартайын деп еді, қалтасында шылым жоқ екені есіне түсті.

Шәңгерейдің төсегі жинаулы. Әлдеқашан тұрып кеткенге ұқсайды.

Ғазиз жалғыз бала. Туысқаннан ешкімі жоқ. Тек жалғыз ғана шешесі бар. Студентке еш жәрдемсіз оқу қиын. Ғазиз он екі жыл оқыды. Бұл он екі жыл ол үшін әрі қызықты, әрі қиын жылдар болды. Ғазиз қазір институттың екінші курсының оқушысы. Оқудың басталғанына тек бір-екі ай болды, алда алты ай қыс жатыр, тары көктем, тағы жаз. Осы қыстың ішінде ешкімнен бір тиын жәрдем күтпейді, ешқайдан сұрамайды.

Ғазизбен бірге институтта ағасы бар, туысы бар балалар да оқиды. Ғазиздің киетін костюмі олардың костюмдерінен кейін емес, қайта тәуір, таза. Оны жалғыз демейсің, ол бір инженердің, әлде романын бастыртып жатқан жазушының інісі дерсің. Жақсы киініп, жақсы жүруге тырысады. Бірақ оның қолын байлайтын тек студенттік тұрмыс. Оны кейінгі уақытта бір ой жеңді: Уақытша, ең болмаса бір жыл қызмет істеп ақша тауып кайту. Бірақ институтты, оқуды, жолдастарды тастап кету қиын. Әсіресе Шәңгерей екеуі тұратын институт жатақханасының 87 санды кішкене бөлмесімен қоштасу да қиын. «Шіркін-ай десейші, менің кызмет істеген орным осындай бір бөлмені менің үлесіме берсе». Алматының үй мәселесін ол жақсы түсінеді. Институтпен есептесіп қызметке ауысқанмен үй мәселесі қиын. «Осы бөлмеден шықпай біраз жатып алсам, осылар не қылар еді», — деп ойлайды кейде.

Бүгін қалыпша сабақ жүріп жатыр. Ғазиздің жолдастары да оқуда. Тек бүгін жатақханада таңертеңгі тәтті ойдың құшағында төсекте шалқалап жатқан Ғазиз ғана. Бұрын ертемен кітаптарын қолтықтап оқу корпусына жөнелетін ол бүгін шалқалап төсегінде жатыр. Ол бұрын әрбір мұғалімге бересі сияқты еді, әлде біреуге міндетті сияқты еді. Бүгін содан арқасы босағандай болды, ол төсегінде бір аунап түсті де сағатына қарап: «Уақыт оннан өтіп барады, тұру керек», — деді де киіне бастады.

Ректордың кабинетінен қолына бір жапырақ қағазды ұстап кетіп бара жатқан Ғазизді Шәңгерей көріп, кең залдың бір бұрышынан:

— Ғазиз, — деп айқайлап еді. Ол естімеді. Шәңгерей:

— Ғазиз, Ғазиз... — деп тағы айқайлады. Ғазиз мектепке алғаш барғанда «фамилияң кім» деп сұрағанда «Ғазизов» дегенін еске түсірді. Содан ол Ғазиз Ғазизов атанып кетті. Оның фамилиясы Ғазизов. Ол жалт қарады.

— Халің қалай?

— Ничего, — деді орысшалап үйреніп қалған тілді еркіне жіберіп.

— Ректор не дейді?

— Босатты ғой... Тек үй мәселесі шатақ болып тұр. Қызметке орналасқан жерім әзір үй тауып бере алмай отыр. Ал ректор жатақханада қалуға он күн ғана ұлықсат етті.

— Қайда орналастың?

— Край прокуратураға уақытша секретарь болып кірдім. Жақсы істесең жоғарылатамыз дейді...

Шәңгерей қанша аласың деп сұрайын деді де ұялды.

Бұл кезде Ғазиздің маңына өзімен оқитын жолдастары топталып қалған еді. Бәрі де оның сабаққа неге келмей жүргенін білмей сұрақты жаудыра бастады:

— Оқуды тастадың ба?

— Қызмет істейсің бе?

— Үйлендің бе?

— Қанша аласың?

— Геометрияны өткізіп жүрсің бе?

Ғазиздің бәріне бірден жауап бергісі келмей:

— Тағы қандай сұрақ бар? —деп қалжыңдап тұрғанын қолдағандай қонырау қағылды.

— Қандай сабақ еді сендерде? — деп сұрады. «Сендерде» деген сөз оған ерсі көрінсе де түзету жасамай.

— Баяғы алгебра, — деді күлін бірі. Ғазиздің жарты жылдықта тапсыра алмағанын алдына көлденең тартты.

Асылы, қандай педагог болмасын, езінің беретін пәнінен жақсы оқитын баланы жақсы кереді, жаман оқитын балаға көз қарасы тәуір бола қоймайтын. Ал нашар оқыған бала да қасақана педагогты сүйе қоймайды. Ғазизге математика мұғаліміне көрінбей кетейін деген ой түсті. Ол оқу корпусының есігінен шыға бергенде, алдынан әлгі мұғалім шыға келді. Ол қып-қызыл боп кетті. Асығып келе жатқан мұғалім бұған назар аударған жоқ, өте шықты. Ғазиз бұрылып енді сенің қолына түспеспін дегендей бетін тыржитып, бір көзін қысып тұрып:

— Қош, алгебра, қош, математика, — деді.

139-ҮЙ

Лев Толстой көшесі қаланың орта шенінен басталса да Ғазизге керек үй шеттеу екен. Ол № 139 үйдің тұсына келіп тоқтап, номеріне қарады. Адаспайын деген оймен қалтасындағы бір жапырақ қағаздың сыртындағы үй номеріне қарады.

Ғазиз қызметке орналасқаннан кейін театр директорының соңына түсіп жүріп, осы үйдің әйеліне бір жапырақ қағаз жаздырып алды. Бұл үй қаланын орталығынан тысқарырақ болғанымен сыртқы көрінісі Ғазизге ұнады. Ол үйді бір айналып шықты. Оған әсіресе ұнағаны — үй екі көшенің бұрышында екен. Екі жақтан көше бойы қуалай отырғызылған, кекпен таласа өткен ірі қайың, теректер үйге бір түрлі эсер беретін сияқты. Айнала қоршаған шарбақ, есік алдында кішкене бақша бар екен. Жабулы тұрған сыртқы есікті тықылдатып қақты.

Есікті ашқан қартаң әйел:

— Кімді іздедіңіз? — деді бір қолымен ішке қарап ашылған қақпаға сүйеніп тұрып.

— Сергеева керек еді маған, — деді ол сасқалақтап.

— Сергеева мен боламын, кіріңіз.

Ішке кіріп, қайда барарын білмей тұрған Ғазиздің есікке көзі түсті.

— Мұнда кіріңіз, — деп сол жақтағы есікті нұсқап ашты да үй иесі езі бұрын кірді. «Европа халқының әдеті-ау бұл», — деді ол әйелдің бұрын кіргенін ұнататына қарамай. Әйел тез жүріп барып төргі үйдің есігін ашты. Бөлмеге ол сәлем беріп кірді: өйткені, үйде айнаның алдында шашын тарап бір қыз тұр еді. Әйел оған: «отырыңыз!». деп орындықты нұсқады.

— Сізге, — деді ол орындыққа отырғаннан кейін қалтасынан бір жапырақ қағазды әйелге ұсынып, — мына қағазды театрдың директоры Осипов беріп еді.

Әйел қағазды алып пешке сүйеніп тұрып оқи бастады. Онда былай деп жазылған еді:

«Жолдас Сергеева!

Сізге жолдас Ғазизовты жіберіп отырмын. Сіздің үйде тұрып, шығып кеткен Ивановтың орнына жағдайыңыз болса орналастырыңыз. Төлеуі бұрынғыша.

5 декабрь 1939 жыл».

Әйелге қағазды бергеннен кейін үйдің ішін көзімен бір шолып етті. Үйдің іші өте жақсы, өйткені екі қабырғасында терезе бар еді. Ғазиз екінші терезенің алдында үлкен айнаға қарап шашын тарап тұрған әдемі жас қыздың бет пішінін көрді. Толық әдемі денесі, әсіресе оқтаудай түзу аяғы, онша толысып бітпеген аршын кеудесі қырынан қарағанда келіскен қызсың-ау дегізгендей. Қыз бұрылып бері қараса екен деп тіледі, бірақ онысын сездірмеуге тырысты.

— Шырағым, — деді байсалды пішінмен Сергеева, — семьямыз онша үлкен емес, үш-ақ жанбыз. Қызметте мына баламнан үлкен, — деп терезенің алдында тұрған қызын нұсқап, — тағы бір балам бар. Үш бөлмеміз бар. Мына бөлмеде, — деді ол тағы қолымен нұсқап басқа қабырғада тұрған есікті көрсетіп, — театрдың бір қызметкері тұрады. Сізге ұнаса көріңіз. Маған ешқандай ауырлығыңыз жоқ. Екі бөлме өзімізге жетеді. Төлем мәселесін Осиповтың өзі біледі.

— Терехин, — деді Сергеева бұрын тұратын жігітті фамилиясымен атап, — рестораннан тамақтанады, шай қажет болатын болса, суға сараңдығымыз жоқ, — деп күлімсіреп қызына қарады. Ол жымиып қана күлді. Бірақ үн қатқан жоқ. Сөйткенше Сергеева жарма есікті ашып:

— Пожалуйста, көріңіз, — деді ол орнынан үшінші бөлмеге беттей беріп.

Бұл Терехин тұратын бөлме еді. Бір стол, екі орындық, бір койкадан басқа көзге түсердей еш нәрсе жоқ еді. Жарық, таза, екі адамға шақ әдемі бөлме екеніне оның көзі жетті.

— Біз өзіміз үй арқылы кіріп, шығамыз. Мына есікті шегелетіп қоюға болады, — деді есікке қарап тұрған Ғазизге Сергеева.

— Кіріп-шығып мазалайтын кішкене бала-шаға шамалы көрінеді ғой, тура берсе де болады, — деді Ғазиз. Төрдің алдында көлденең тұрған Терехиннің койкасын Сергеева екеуі жылжытып оң жақ қабырғаға қойды. Стол әз орнына, терезенің алдына қойылды. Ішкі есікпен төрдегі терезенің бұрышы арқылы сол қабырғаға Ғазиз езінің койкасын қоймақшы болды. Кешке кешіп келмек болып Ғазиз үйден шықты. Оның ойында бір-ақ нәрсе болды: ол төсек-орын мәселесі еді. «Ай, студенттік тұрмыс-ай. Он екі жыл оқып, бір одеялды жеке меншіктемеппін-ау. Ақ төсек арасында бай баласындай шіренбедім бе, Уақа емес». Сөйтті де кейін бұрылып қарады. «Анау үй — сұлу жас қыздың үйі. Өте қызық нәрсе: менің көршім сондай әдемі қыз. Немен тынар екен. Жоқ, мен қыз мәселесін қоюым керек. Тұрмыс жөндеуім керек. Оқу керек, менің жолым жай ғана сол үйде тұра білу. Мен қызмет іздедім, таптым, ол — театр. Мен үй іздедім, таптым, ол — 139 санды үй. Мен студентпін, жыл өткен соң тағы студент болуыма сөз жоқ...»

«АНАНЫҢ КӨҢІЛІ БАЛАДА,

БАЛАНЫҢ КӨҢІЛІ ДАЛАДА»

Бұдан жиырма жылдай бұрын Анна Сергееваның жар қосағы қайтыс болды. Анна ол кезде әркімдер-ақ көз салатын жас әйел еді. Оның қолында жетім үш бала қалды. Бұрын қалай өмір сүреміз, не ішеміз, не киеміз деп ойламайтын ананың мойнына ауыр салмақ түсті. Ол — жетім үш бала еді. Оның тілегі осы үш баланы асырап ер жеткізу болды. Ол жол да жүрді, жұмыс та істеді, сауда да жасады. Бұл жылдардың ішінде Аннаның көрмегені жоқ.

Ол ерге жастай шықты. Ерімен он шақты жыл отасты, Анна Сергееваның тұрмысы кейінгі төрт-бес жылдан бері ғана жөнделе бастады. Баласы ер жетіп, оқып-жетіліп кызметке кірісті. Ол қазір армияда, күзде қайтады. Үлкен қызы қызмет істейді. Кіші қызы институтта оқиды. Студентка.

Міне, Анна Сергееваның өмірден тілейтіні енді осы үшеуінің қызығын көрсем, үшеуін үйлендірсем, немерелі болсам деу ғана.

Біздің қазақ халқы «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» дейді, тіпті дұрыс сөз. Үлкен қызы Ольга: «Армиядан ағайым келсе, содан соң Қырымға барып қызмет істесем», — деп ойлайды. Оның хат алысып тұратын жігіті Қырымда.

Ал кіші қызы Лиданың ойлайтыны — институттың химия пәнінен сабақ беретін педагогы Нина Павловна. Ол тіпті жас әйел, өзінің жастығына қарамай медицина академиясын бітіріп келіп осында сабақ береді. Оны жек көретін адам институт коллективінде жоқ десең де болады. Оның сабағы қиын болса да ете көңілді қызықты өтеді. Асылы, езі сүйкімді адам. Міне Лиданың қиялы институтты бітіргеннен кейін академияда оқу. Нина Павловнаның жүріс-тұрысы, мінезі, тіпті киіміне дейін Лидаға ұнайды. Оған еліктейді, Нина Павловнадай болғысы келеді. Бірақ, педагог емес, дәрігер болсам, адамдардың өмірін сақтасам, өліммен күресуші советтің бір жас қызы болсам деп ойлайды. Оның шамалауынша, бұл болатын нәрсе, ол келешегіне сенеді.

Расы, Анна Сергееваның екі қызы тете өсті. Асылы, қатар өскен қыздар бір-бірімен бақталас өш болады. Алғаш бүл жағдай Ольга мен Лиданың арасында да болды. Олар кейде тату-тәтті болады, аздан кейін-ақ ұрысып қала беретін. Бұл жағдайды керген Анна Сергеева екі кішкене қызын шақырып алып:

— Тату болыңдар, егер ұрысып таласқандарыңды көрсем, менен жақсылық күтпеңдер! — деді.

Мұнан кейін кішкене екі баланың қай жағынан бұзықтық болса, анасына білдіретін болды. Ақыры екі қыз тату болып өсті. Кейін өсе келе олар бір-біріне қамқор, сырлас, дос болды. Бірақ бір семьяда ессе де, бір-бірінен жер мен көктей айырмасы бар еді.

Ольга жиырма төрт жаста еді. Қазір бізде ерге кеш шығу деген салт болып жүр. Мүмкіндігінше ер жігітке кеш үйлену де жақсы нәрсенің бастамасы. Есейген адам қиыншылықтың, қызықтың, қуаныштың негізін шамалай алады.

Әрине, Ольга қиялшыл емес. Пушкиннің Татьянасы сияқты жүрегінде бір құлаш қайғысы бар қыз да емес, жай ғана салмақты қыз. Ольга келешектің қуанышына құмар. Ол қаладағы саяси қызметкерлердің бірі. Бойжеткен қыз болса да Мопассан мен Байроннан гөрі, Гете мен Шиллерден гөрі, Вальтер Скотт пен Беранжеден гөрі, Пушкин мен Лермонтовтан гөрі, оған саяси журналдар қызықты. Тарихи кітаптар қызықты, Чернышевскийдің «Не істеу керек?» романы мен экономика мәселесіндегі оның статьялары алдында жатса, ол экономика мәселелері жөніндегі мақалаларды ақтарып шығар еді, Толстойдың «Анна Каренинасы» мен «Соғыс және бейбітшілігі» жатса, «Соғыс және бейбітшілікті» алар еді. Ол онда Толстойдың маңдай алды шығармасы осы екенін білгендіктен, болмаса «Анна Каренина» қызықсыз деген емес, оған 1812 жыл қызық, оның оқиғасы қызық. Оған Левин мен Катяның қол ұстасып мұзда сырғанақ тепкенінен гөрі Багратион полкінің француздармен соғысы қызық.

Ол жиырма жылдан кейін кім боламын дегеннен гөрі, жиырма жылға дейін менің қоғамға қанша пайдам болар екен дейтін. Оның кеудесінде үлкендік бар, біреуге ақыл айтқанды, кішіні еркелетуді жек көрмейтін мінезі бар.

Ольга шаруашылық техникумының соңғы курсында оқып жүргенде насихатшылар курсына жіберілді. Ол саяси қызметтер жөнінде командировкаларда көп болды. Қаланың ірі қызметкерлерімен жұмыс бабында көп араласты. Олармен кейбір мәселелер жөнінде таласып та жүрді...

БІРІНШІ КЕШ

Ғазиз бүл үйге түстен кейін кешіп келді. Кеңседен қарызға алған ақшасына төсек-орын сатып алуға бара жатып, таныс бір жігітке кездесті. Оған өзінің жағдайын айтты.

— Ғазиз, — деді ол, — мен бүл қаладан кеткелі жүрмін, менің төсек-орным бар, соны ал. Керек болса үйімді де саған қалдырайын.

— Жүр, кеттік сіздікіне...

Мұның үйі Ғазизге онша ұнай қойған жоқ. Әжептәуір төсек-орны бар екен, ал үйге бір айдан бері от жағылмаған сияқты. Үйдің бұрыштарының бәрі қырауланып көгеріп кеткен. Және екі қабат үйдің астындағы үй екен. Қараңғы, қырауланған бөлмеде тыраштанып жиған кітаптары бар екен. Ғазиздің көзіне «Страшный Тегеран» түсе кетті.

— Сен мына кітаптарыңды өзіңмен бірге ала кетесің бе?

— Жоқ. Ертең кітап базарына апарғалы отырмын.

— Маған сат.

— Ал...

Ғазиз ақтарып-төңкеріп кітаптарын көре бастады.

— Ақынсың ба деймін. Әлде кітап құмардың бірісің бе? — деді. Ғазиз.

— Біздің шығармамызды жұрт оқып жатады ғой. Сондықтан автормын десем де қателеспеспін, — деді үй қожасы.

— Нанбасаң, мә, — деп бір-екі журналдың беттерін Ғазиздің алдына ашып-ашып тастады.

— Е-е, сен ақын екенсің ғой...

— Болмағанда! Жаза бастағаныма кеп болды, жеке кітап болып шықпағанмен газет-журналдарға құлашымыз кең жетеді...

Ғазиз осының атын мына бір ескі екі журналдан басқа жерлерде кездестіре қойған жоқ. «Сен антұрған, мақтанып отырсың-ау маған», — деп ойланып қалды. Оның өлеңінің басқы біреуін ішінен оқып шығып еді, мықты жатқан ештеңе жоқ сияқтанды.

— Неге қаладан кеткің келеді?

— Аудандық ақын болғым келеді. Бір ауданда тыныш жатып жақсы бір нәрсе жазамын...

Ғазиз төсек-орыннан гөрі кітап сатып алғанына қуанды.

«Ақынның» оқуға не сәнге жинаған кітаптары екенін біле алмады. «Әйтеуір, дені сау жігіт емес-ау өзі. Ол расында ақын емес, ақын боламын деген талабы бар адам. Ал барлық күн көретін мына томдарын аз ақшаға сатты да жіберді. Ол сорлы білмеді-ау мұны. Ол шынында бекер сатты ғой», — деп ойлады Ғазиз шананың үстінде келе жатып, сатып алған кітаптарына қарайлап.

Ғазиз кітаптарын столдың үстіне қатарлап жинап, кешкі шамның жарығымен біртіндеп оқуға кірісті.

Бұл кезде Терехин үй қожасында еді. Қанша айтқанмен үйренісіп қалған ғой, бір қызық әңгімеге кірісіп кеткен сияқты. Анда-санда әдемі күлкілері естіледі.

Біреу тықылдатып есікті қақты.

— Кіріңіз.

Толықша сары қыз сәлем беріп кірді де, төр үйге қарай беттеді. Ғазиз жалт етіп бір қарады да, онда шаруасы болған жоқ, өз ісімен шұғылдана берді.

— Ғазиз,—деді ақырын Терехин жақын келіп оған, — циркке барамыз ба қыздармен?

— Қандай қыздармен? Сен мені келмей жатып жарылқайтын болдың ғой, — деп әзілдеп күлді оған.

— Ойын емес...

— Үлкен рақмет саған. Бүгін бір шаруам болып отырғаны...

— Сөзді қой, қазір қыздар киініп шығады, мен оларға сенімен бірге циркке барамыз дедім...

Сөйткенше екі қыз төргі үйдік есігінен шыға келді.

— Лида, — деді Терехин есікке қарай бет алған қызға:

— Бері келіңдер, қазір бірге шығамыз.

Қыздар бұрылып столдың жанына келгенінде, Терехин:

— Танысып қойыңдар. Бөтен жігіт емес, — деп Ғазизді нұсқады.

— Ғазиз.

— Лида.

Ғазиз оның қолын қаттырақ қысып жібергенінен бе, әйтеуір Лида қып-қызыл болып кетті. Ғазиз ештеңе сезбеген кісіше қолын екінші қызға созды. Тек қыздың «Сима» деген атының соңғы буынын ғана естіді.

Бұлар төртеуі үйден шыққанда қас қарайып бара жатыр екен. Дала әжептәуір қараңғы болып қалған. Олар бірінің соңынан бірі еріп шұбатылып үлкен көшеге шықты. Лида мен Сима екеуі көшеге шығысымен қолтықтасып алды. Қолтықтасқан екі бикештің екі жағынан бос еріп келе жатқан Ғазиз бен Терехин әдемі әңгімеге қосыла алмады.

Мана үйде Терехин Ғазизге епшіл жігіт сияқты көрініп еді. Ал қазір үйден шыққалы бері мойны темен салбырап үндемей келеді. «Қыздардың жанында бұлай жүру ыңғайсыз-ау».

— Бикештер, мына кешенің сиқын байқап келесіздер... Сондай тайғанақ... Мен әнеугүні жалғыз келе жатып етпеттей құлағаным. Әйтеуір ешкім кермегені абырой болды. Сондықтан қолтықтаса жүрсек деймін, — деп Ғазиз ұсыныс жасады.

— Пожалуйста, — деп Лида қалтасынан қолын босатып алды.

— Әрине, менің ұсыныс жасағаныма ғафу етіңіздер, жолдасым салмақты жігіт, маған ол үшін қызмет етуге тура келіп қалды.

— Әрине, салмақты болу жаман нәрсе емес қой, — деді Лида Терехинді қағытып.

— Жалпы алғанда, — деп бастады Ғазиз әңгімені, — кісінің екі қасиеті болса — әрі жеңіл, әрі салмақты дегендей, қай кезде жеңіл, қай кезде салмақты болуын білсе, сол кісі ақылды.

Лида ішінен:«Адамшылыққа ой жүгірткен мына бір сезімді жігіт екен», — деп ойлады. Мұндай жерде пікір айтудың езіне де өлшем, шама керегін білетін Ғазиз басқа әңгімеге кешейін деп ойлады. Мұның арасында Терехин мен Симаның талас әңгімелері басталды. Ғазиз әңгіменің не туралы екенін түсіне алмады. Бірақ «араласпай-ақ қояйын» деп ойлады.

Циркте Ғазизге ұнаған нәрсе ойынның екінші бөлімі болды. Мұнда Дуровтың ақылды айуандарының ойындары көрсетілді. Дүниенің патшасы адам екенін Ғазиз бүгін керген сияқты болды. «Сонда арсылдаған арыстандар, айбынды аюлар, түсі суық жоталы жолбарыстар Дуровтың айтқанымен жүріп тұрды. Өздеріне бағындырғаны соншалық, арыстан, жолбарыс, аю олардан қорқатын сияқты, әлде сыйлайды ма? Әйтеуір адамдар күлсе, олар да күледі, қуанса қуанады, айтқанын екі етпейді.

Бұл не деген достық?! «Осының бәрі адам күшінің, адамның адамгершілігінің нәтижесі-ау!» — деп ойлады Ғазиз. Сөйтті де: «Адам, адам, сен — дүниенің тұтқасысың, өмірдің кілтісің!»— деп айқайлап жібере жаздады.

Ғазизге ұнамаған нәрсе, Лиданың цирктегі мінездері болды. Оған бір жеңілтек қыз сияқты көрінді. Оның байқауынша, Лиданың екі көзі залдағы адамдарда болды. Тіпті көрінген біреулермен қабақ қағысып отырғанға ұқсады. Жанындағы жолдастарын ұмытып, әлдебіреулермен көш жерден қуанышқа ортақтасып отырды. Бір кезде біреудің лақтырған бір жапырақ қағазы Ғазиздің алдына келіп түсті. Бірақ Ғазиз қағазға қол созған жоқ. Дегенмен оның алдына екі жағынан созылған қос қол қағаз үшін таласқа тусті. Сима мен Лида сол қағаз үшін ұрысып қала жаздады. Бірақ қағаз Терехиннің қолына түсті.

— Ал, оқимын...

— Оқыма, ұлықсат етпеймін!

— Оның ішінде жасырын іс болмас.

— Бәріміз де оқимыз.

— Әуелі мен оқимын...

— Жоқ, әуелі мен оқимын, өйткені менің адресіме келді ғой.

— Бірақ, алдама.

— Жоқ, алдамаймын.

Лидадан кейін қағаз жағалап Ғазиздің қолына келіп тиді. Ол кішкене блокноттың бетінен жыртылып алынған бір жапырақ қағазға қарындашпен жазылған мына сөздерді керді.

«Лида! Ертең сырғанақ тебуге келесіңдер ме? Мен сағат 12-де сонда боламын. Мариям».

Ғазиздің манадан бері ойлап отырғаны бұл қағаз емес еді, сондықтан жай көңілсіз қарап шықты да Симаға берді.

Бұлар ойыннан қайтып келе жатып жарым жолдан екіге бөлінді: Терехин Симаны үйіне шығарып салуға кетті. Ғазиз бен Лида үйге қарай беттеді. Ғазиз цирктен тым көңілсіздеу шықты.

— Лида, әңгіме айтыңызшы, — деді Ғазиз үнсіз келе жатқандарын ыңғайсыз көргендей.

— Жоқ, сіз айтыңыз. Мен тыңдауға құмармын.

— Мен қонақпын ғой бүгін, мені сыйлауыңыз керек.

— Бірақ жол сіздікі ғой.

— Әңгімені жігіт бастайды дегеніңіз-ау!

— Енді қалай...

— Меніңше, осы «теория» дұрыс емес. Қашанда әңгімені жігіт бастауы керек. Мысалы, қыз бір нәрсе туралы тыңдағысы келеді. Ал жігіт өзің сияқты сөйлеуден гөрі тыңдауды сүйеді. Ал сонда қыз қашанғы күтеді оны.

— Сұрауға болмай ма екен? Мысалы, мен сізге әңгіме айт деп сұрап келе жатқаным жоқ па, сол сияқты.

— Барлық мәселе туралы сұрап білу оңай болмас, — деп күлді ол.

— Мысалы, мен өзім түсініксіз нәрсені сұрап алудың ұяттығы жоқ деп ұғынамын, — деді Лида әзінің сөзінен кайтпай.

— Сіздікі жөн... — Ғазиз бұдан кейін. — Мариям кім? — деп сұрады.

— Бізбен оқитын бір жолдас.

— Сіз қайда оқисыз?

— Медицина институтында.

— Көптен бері ме?

— Жоқ, онжылдықты биыл бітірдім, бірінші курсындамын.

— Дәрігер болу тамаша нәрсе, жақсы мамандық. Дәрігер адамның өмірі үшін күрестегі жауынгер ғой.

— Мен дәрігер болғанда келерсіз, сіздің өмір сүруіңіз үшін жәрдемімді тигізермін, — деді қалжыңдап ол.

— Сөз жоқ. Міндетті түрде.

Лида үйге жетіп қалғандарын сезіп жай жүре бастады. Оған әңгіме жаңа басталған сияқты еді. Бірақ Ғазиз қақпаның есігін ашып:

— Кіріңіз, — деді.

Лида алдында, бұл соңында, үйге қарай беттеді.

— Ұмытқан жоқ шығарсыз, сіздің есігіңіз анау, — деп оң жақтағы есікті көрсетіп жымиып күлді.

— Рақмет! Жақсы жатып, жай тұрыңыз! — деді Лидаға есіктің тұтқасын ұстап жатып.

— Жақсы...

ҚАЙҒЫЛЫ ХАБАР

Дүние қарама-қайшылықтан тұрады деген кісі қателеспеген, дұрыс айтқан. Мысалы, өлім мен өмірді алайық. Адам дәуір үшін күреседі. Сондықтан да оның жылдаған өмірі осыған байланысты. Күлу мен жылауды алайық: Адам күлкі үшін жылайды. Егер оған күлуге жағдай болса, жыламай-ақ қояр еді. Қуаныш пен қайғыны ал. Кісі қуаныш үшін қайғырады. Міне осындай қарама-қайшылықсыз адам өмірі жоқ. Бұларсыз өмір болуы мүмкін емес. Күл дейді де жылатады, қуан дейді де қайғыртады, өмір береді де өлтіреді. Сондықтан да дүние қызықты да зарлы, қуанышты да қайғылы, күлкілі де, азапты. Дүние жалпақ, дүние кең, кез жетпестей. Сонымен бірге кісі сыймастай тар. Адамға ойлануға, шамалауға, түсінуге ақыл берген жаратылысқа көп-көп рақмет айтарсың, Ғазизді бүгін көп қиялға, ойға шомылтқан анасының хаты болды.

Ананың тілі, ананың махаббаты, ананың тілегі тіл жетпес бір жатқан теңіз емес пе? Па, шіркін, ананың айналып-толғанғаны кімнің есінен кетеді?!

Шырылдап жерге түскеннен-ақ дүниеде сенін бір-ақ жақының, бір-ақ досың, бір-ақ ұстазың бар. Ол — ана. Қара жерді баспай жатып, есіңді білмей жатып, тырмысып бауырына жабысатының, шырылдап тынбай жылағанда сенің іздейтінің — анаң. Сен жан болып жаратылып дүниеге келдің. Бірақ сол дүниеге сен риза емессің. Дүниені қомсынасың, дүниеге ызаланасың. Сенің іздейтінің бір-ақ жан. Ол — ана! Ол саған бәрінен қымбат, ол дүниеден де үлкен, сондықтан да сен бір-ақ жанды білесің. Бір-ақ жанға ырзасың. Ол — ана! Міне анаға деген махаббат туған күніңнен-ақ басталады, сондықтан ананың жолы басқа.

Ана деген сөздің өзі ыстық. Ана десе толқындамайтын жүрек, тасымайтын қан, сезбейтін сезім болуға мүмкін емес. Әсіресе мен білетін қазақ әйелі, қазақпын дейтін қара көз, домалақ қара баланың анасы, әсіресе сенің жүрегің нәзік, сенің махаббатың балаға тіл жеткісіз биік.

Мен үшін сендерді жас қабірдің басында көру қиын, әсіресе баласы өлген ана, сені көру қиын. Сенің... «ой құлынымын» бүкіл дүниені күңірентеді. Сенің дауысыңды бүкіл табиғат таныр еді. Ол бірден: — Ананың даусы, ананың үні, — деп тауға, орманға, тасыған суға қайталауға бұйырар еді. Олар сенімен бірге қосылып, «құлыным», «ботам», «жаным» деп дүниені жаңғыртар еді.

Сөйткен ананың бірі — Ғазиздің анасы. Мен сол кісіні көптен білемін. Менің дүниедегі риза болатын аналардың ішіндегі белгілі ананың бірі.

Ол алты баланың анасы болды. Бір кезде сұм елім алты баланың анасы деген атақтан тайғызды, оның бес баласы ер жетіп жігіт болып қалған уақытта, бірінен соң бірі өліп, оны қайғының тұңғиығына батырды. Ол осы балалардың өлімін көрді. Одан кейін, өзінің жар қосағы, өзінің жанындай жақсы көретін балаларының әкесі, өмірлік досынан айрылды.

Осындай ауыр қазаларды көрген ана ақыры: «Тәубә, жалғызыма жәрдем ет», — деп күні-түні құдайдан жатып-тұрып тілейтіні жалғыз Ғазиздің тілегі болды. Кенже бала әрі жалғыз бала онша сүйкімді болып өскен жоқ. Ол есін біле, ұрыс, төбелес бұзықтықтан басқаны білмеді. Әкесіз балаға қатты жеку қиын анаға. Міне, осылай өз бетімен өскен Ғазизге жеңгелерінің қойған аты «сотанақ ұл», «тентек бала», «бұзық қара ұл» дегендер еді. Бірақ, олар мұның сырт