Әдебиет
Баубек Бұлқышев
Баубек Бұлқышев (1916, Қарағанды облысы Ұлытау ауданы — 1944, Украина, Днепропетровск облысы Софьевск ауданы) — жазушы.
Баубек Бұлқышев (1916, Қарағанды облысы Ұлытау ауданы — 1944, Украина, Днепропетровск облысы Софьевск ауданы) — жазушы.
Шығыс ұлына хат
Шығыс ұлы!
Біздің қазіргі уақыттағы орнымыз қанды майдандағы қызу ұрыста ғой. «Ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, еңку-еңку жер шалмай» біздің ісіміз бітпейтін нағыз қызу кезең осы емес пе, Шығыс ұлы!
Мен сағал осы хатты немістің блиндажында жазып отырмын. Жанымда бірнеше казак жігіті бар. Осыдан 40 минут бұрын бұл блиндажда немістер отырды. Біз оларды қамауға алып, үстінен басып қалдық. Тек аз тама солдаттары қашып құтылды.
Сен біз «дәу қара» деп атайтын Қарағандының забойшигі Бейсенәліні білесің ғой! Ол қазір бізбен бірге. Өзі де дәу қара десең, дәу қара - ау! Бүгінгі ұрыста жұртты тым - ақ сүйсіндірген сол болды. Оның қимылы да қызық. Сонша Ірі денесімен керіліп тұрып немісті найзаға түйреп алып, басынан асыра кейін лақтырады. Жау онымен қарсыласуға беттемей жалт береді. Жана оны командир шақырып алып, арқасынан қағып, алғыс айтты. Жауынгерлер оған Шығыс ұлы деп ат қойып алды. Менің есіме сен түстің сонда. Сондықтан саған хат жазуды дұрыс деп таптым.
Шығыс ұлы! Сонау туған.өлкең Арқаны есіңе түсірді. Ондағы мейірімді халықты, бізді тәрбиелеп өсірген Отан ананы еске түсірші! Сен соларды сүйетін едің. Бүгін сол шын махаббатты іс жүзінде көрсету керек болып отыр.
Отан деген бір-ақ сөз. Бірақ осы бір сөздің мағынасына тең келер ешбір сөз жоқ. Сол ардақты Отан бүгін қауіпте тұр.
Менің көз алдыма: «Қарағым ұлым, тағдырым сенің, қолыңда», — деп тұрған ізгі ана — қазақ әйелінің бейнесі келеді. Бүл маған Отан өміріне төнген қауіпті аңғартады. «Ұланым, туған еліңді сақтап қал!» — дегендей болады. Осы лебіз жанды жанып, күш-қуатты тасытады.
Сақтаймыз, ана, өміріңді сақтаймыз, — дегің келеді, сөзбен емес, іспен ақтауға ұмтыласың.
Ел қорғауға ер намысымен. аттанған біздің алдымызда үлкен бел жатыр, Шығыс ұлы! Туған елдің келешегін сақтауға біз міндеттіміз. Ендеше қазақ қыздарының ғасырлар бойы «Елім-ай» деп сары даланы күңірентіп салған зарлы әнін бүгінгі күні жана күймен ұрыс алдында біз шырқасақ, оның айып-шамы жоқ. «Елім-ай» — елін сүйген қыз жүрегінен шыққан ән. Елін сүйген ер жігіт қазіргідей заманда «Елім-ай» десе, ол — ант! Ол— серт! Ұрыс алдында жауынгердің жүрегіне төтенше махаббат құймақ. Шығыс ұлы, кел, шырқатып «Елім-айды» салайық. Қайғымен емес, жауға бермейміз елімізді деп, жігерленіп салайық; қасіретпен емес, ел үшін, жер үшін өлімге қарсы жүреміз деп, серт бере салайық. Сен қайда болсаң да біздің дауысымыз қосылады. Сен түстікте, мен батыста — бір фашистен өлтірсек, Отан екеу деп санайды. Біздің ән де, қимыл да осылай ұштасады.
Өткен жылы Гитлердің аз уақыттың ішінде Москваны, Ленинградты алып Оралға өтем, Азия ұрыссыз бас иеді деп көпіргені есіңде ме? Ол ақымақ бізді адамға санады ма екен? Ол Азия ұлдарының алып қимылын көріп қана мойындаған жоқ па? Кеше ғана бізге күлген немістер енді қара шашты, қара көзділерден өлердей қорқады.
Отан бізге қолымызға қару, бойымызға қуат беріп, өзіңнің сүйікті Арқаңды, сұлу Шығысыңды, қонақжай халқыңды қорға деді. Сол Отан, бүгін менің тағдырым сенін қолында, жауынгер, деп отыр. Ойлашы, Шығыс ұлы, біз ел сенген ерміз, қалайша неміске туған жерді қолдан береміз? Ел намысы үшін, ер намысы үшін жан қиятын шақ бұдан артық болар ма?
Сен еркіндіктің туын көтерген азат елде өстің. Сен езің сүйген Шығыстың бір сұлуына үйленіп едің, сен өзінше, менің әйелімнен сұлу, сүйкімді жан жоқ деп ойлап едің. Ендеше ордаң бүлінбесін, сүйген сұлуың күң болып зарламасын десең, өлтір жауды, өлтір фашисті! Өлімнен қорықпа, екі өлмек, екі тумақ жоқ, ұмтыл ілгері...
Шығыс ұлы! Өткен жылы бастан бірге кешірген ауыр күндерді есіңе алшы. Біз неміс қоршауында, өлімнің аузында бірге өлуге серттесіп едік. Қоршаған жау жанымызды алмақ болып еді. Бірақ біз берілмеп ек. Сенің сол ауыр минутта өлсем, артымда балам бар, атым өшпейді деп мақтанғаның әлі есімде. Екі жастағы кішкене бөбегің саған өлімнің алдында әл-қуат болып еді. Сенсіз басымнан еткізген осындай ауыр минуттарда: «Менің досымның баласы бар, біздің артымызда өсіп келе жатқан жас буындар бар», — деп кейінгі ұрпақтарды бел етіп, мен де талай қуанбадым ба! Сенің кішкентай бөбегің маған күш-қуат бола алды ғой, Шығыс ұлы! Сен мұны мақтан ет, кеудеңді жоғары сал! Ендеше сол балаң келешекті болсын десең, дүниеге келген кішкене Жәдияң өмір сүрсін десең, өлтір жауды, өлтір фашисті! Әйтпесе балаңның, келешегін фашист жояды.
Жалған солдат болуға біздің правомыз жоқ. Біз ерліктің екі бірдей мектебінен тәлім алдық. Біз шығыстың Қобыланды, Тарғын сияқты батырларынан ерлікті бір үйренсек, бауырлас орыс халқының қолбасшылары Суворов, Кутузовтардан екі үйрендік. Біз — Исатай мен Махамбеттің, Аманкелді мен Абайдың халқының балаларымыз. Біздің қылышымыз фашист немістің, қанымен суарылуы керек, серт осы болсын!
Таң бозарып келеді. Артиллерия тағы да өзінін, әнін бастады. Біздің кейінгі жағымыздағы орманнан атылған совет артиллериясының снаряды үстімізден зыңылдап ұшып, жау бекіністерінің ортасына түсіп жарылып жатыр. «Фрицтерге онша оңай тиіп жатпаған болар», — дейді көршім, Алматының кешегі бағбаны, жауынгер Шәріп жымыңдап.
Әрине, немістің басына күн туса, минометті ала жүгіретін әдеті... Міне, мина ұшып келеді. Оның даусы бізге мәлім... Бірінен соң бірі он шақты мина жарылғанда, тулаққа салып жүн сабап жатқан сияқты болып естіледі. Tic қаққан, күзем тойда болған қазақ жігіттері Фрицтер күземге кірісті» деп күлісіп тұрады. Жау оғының астында қасқайып күлісіп тұрған шығыс адамдарын жаным сондай сүйеді. Асылы, біздің халық намысқой, «өлімнен ұят күшті» дейтін халық қой. Ел намысы үшін білген, ер өлімі бізде қадірлі, сондықтан біз өлімнен намыс жоғары дегенді жау оғының астында да қайталап айтамыз.
Нағыз қиыншылық кезеңде менің көз алдыма шығыстың жиырма сегіз батырының бейнесі елестейді. Жазғытұрым сол 28 батырдың бейітінің үстінен еттік. Шығыстың топырағы торқа ерлері қара жер астында жатқанменен қолын қысып амандасқың, тілдесіп .сөйлескің келеді. Осыларша өлу біздің де дәстүріміз болуы керек. Отан: «Жауынгер, менің тағдырым сенің қолыңда», — дегенде 28 батырдың сертін жоғары көтеріп, бас иіп жауап беруіміз керек оған, Шығыс ұлы!
Немістер бізді әрі минометтің, әрі артиллерияның снарядтарымен атуда. Оқ астымен келіп шабуыл жасамақ. Танктің алыстан шуы естіледі. Қарсы атакаға дайындалыңдар деген команда беріледі. Мықты бол, Шығыс ұлы! Біз қазір шабуылға шығамыз...
Батыс майдан, 1942 ж..