Әдебиет
Баубек Бұлқышев
Баубек Бұлқышев (1916, Қарағанды облысы Ұлытау ауданы — 1944, Украина, Днепропетровск облысы Софьевск ауданы) — жазушы.
Баубек Бұлқышев (1916, Қарағанды облысы Ұлытау ауданы — 1944, Украина, Днепропетровск облысы Софьевск ауданы) — жазушы.
Сапердің дзотты тапсыру кезінде жаяу әскерге жолдаған хаты
Мен бұл хатты дзоттан жазып отырмын. Біз осы тамаша бекіністі тек жаңа ғана сен үшін арнайы салып бітірдік. Біз — саперлер бұған өзіміздің бар шеберлігімізді жұмсап, дзоттың мүмкіндігінше жақсы да мықты болуына күшімізді салдық.
Оны салу барысында біз бір-бірімізге:
Жаяу әскер бұл бекіністен фашистерге — біздің ата жауымызға қарсы оқ боратады. Мүмкін ол немістерді бекініске жақын жіберіп, оларды ондап жояр. Мүмкін жау дзотты қоршап та алар, бірақ біздің жаяу әскер досымыз фашистер түгелдей қырылғанша шайқасады,— деген едік.
Онда қарт сапер Семен, айналаны шолып өтіп:
Бұл арада қып-қызыл шайқас болады! — деді.
Мұны естіген комсомолец Ғазиз:
Көзіммен керсем бе, сол ұрысты?!—деп саңқ еткені әлі құлағымда.
Біз — сегіз адамбыз. Бәріміз де саперміз. Біз дзотты бірінші болып салып бітірдік. Жаяу әскер, дос, бүл бекіністі өз ісінің шеберлері — `жауынгер саперлердің сен үшін салғанын есінде сақта. Мен біздің бір сапер жайында айтайын. Ол — украин. Аса ұстамды, мақтануды білмейтін адам. Біз — саперлер оны «Батько» дейміз. Бір күні жау әскері шабуылға шығар алдында бізге көпірді бұзып, жою тапсырылды. Соны орындауға Батькомен мен де аттандым. Батько көпірді тас талқан етті, бірақ біз өз шебімізге қайта алмай қалдық. Азығымыз таусылды. Батько трубкасын соңғы құм аралас бір шым-шым темекі қалдығымен толтырды. Трубкасын бір тартты да маған ұсынды. Осы сәтте менің ойыма: «Досыңның трубкасын тартсаң, досыңды еске аласың», — деген нақыл сөз түсті.
Жетекшімізді жауынгердің бірінші досы — командиріміздi еске алдық. Бізге жаңа жігер қосылды. Біз алға ұмтылған жаудың соңынан жүрдік. Түн болатын. Алға баса отырып, біздің жаяу әскер достарымыздың қарсы шабуылға шығуын асыға күттік. Батько екеуіміз шайқасуға белімізді бекем будық. Пулемет те, патрондар да таптық. Жаудың тылында бекініп алдық. Батько: «Мен — командирмін, менің бұйрығымды орында!» — деді. Шабуыл басталды. Жаяу әскеріміз жауға жақсы тойтарыс беріп, кейін қуды. Фашистер келген жағына қарай қаша бастады. Ол бізге қарсы жүрді.
Батько: — «Огонь!» — деп қиқу салған сәтте-ақ немістерге қарсы оқ бораттық. Мықтап соққыладық жануды. Бір де бір фашист аман қалған жоқ. Жаяу әскер командир! бізден мұндай көмек күтпеген еді. Ол бізге алғысын айтып, «ер жүрек саперлер» деді.
Мен осы кішкене оқиғаны саперлердің жаумен шайқасуға әр кезде дайын екенін көрсететін мысал ретінде жазып отырмын. Қызыл әскер тұрған жер — әр кезде мықты қамал.
Қымбатты жолдас, бізбен — Батькомен де, Семенмен де жүзбе-жүз кездесе алмайсың. Жаңа шепке кетіп барамыз. Біздің уақытымыз тар.
Біздің бұл дзотты жау оғының астында жүріп жасағанымызды есіңде сақта. Міне, сондықтан да ол бізге ерекше қымбат. Біз оны күні-түні салдық. Жұмысқа еңбектеп жетіп, еңбектеп оралып жүрдік. Орманнан мына жуан бөренелерді осында еңбектеп сүйреп жеткіздік.
Осы хатты жазып отырған мына столды арнайы сенің «Максимің» үшін өзім жасадым, «Максимнің» қай жаққа болсын бұрылуына мүмкіншілік бар емес пе? Жаяу әскер жолдас, барлық жүз сексен градус аймақта жауды күйретуіңе болады. Біз кетіп бара жатырмыз. Саперлер күректерін, балта - араларын жиыстыруда.
Менің қаруым — күрек пен балта стол үстінде, алдымызда жатыр. Соғыс жылында мен олармен достасып алдым. Мен кетіп бара жатып, жаяу әскер жолдас, сен қанша фашисті жермен-жексен еттің, бүл дзотта не болды, осынын бәрін хабарлауды өтінемін.
Менің, қымбатты жаяу әскер жолдасым!
Отан қауіпті жағдайда. Мені мен сенің — Отанымыз. Мен саған Отанымызды қорғау жолында, туған жерімізде опасыз жауға беріспей батыл да, мықты төтеп беру үшін мығым бекініс жасадым. Мықты шептен жауға қарсы алға басу жеңіл.
Біз дзотты батыр да батыл, тұрақтылар үшін тұрғыздық. Бір адым кейін шегінбе!
Міне, бар жазайын дегенім осы. Мен саған осы хатты жазып үлгергенімше, жолдастарымның бірі анау бөренеге мына сөздерді жазып үлгеріпті:
«Жаяу әскер жолдас! Отанымыз қауіп-қатерде! Біздің дзоттан жау көрініп тұр. Жау жап-жақын! Фашистерді үздіксіз жой! Табанды бол! Бір адым кейін шегінбе! Сенің досың — Сапер».
Бұл сездерді қолтаңбасына қарап ер жүрек сапер Батьконың жазғанын сездім. Бұл тіпті жақсы.
Біздің талап-тілегімізді, жаяу әскер жолдас, қайта-қайта оқып, есіңде сақта!
Жауды тас-талқан етуде табысқа жетуіңе тілектеспіз.
Батыс майдан 1942, август.