23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Алатау






Екінші кітап


Ата-бабаны ардақтамау — тағылық пен жауыздықтың елесі болады.

А. С. Пушкин.

Шұнақ шал бір сәт үнсіз отырды. Қабағы түсіп, түксиіп түрі өзгеріп сала берді. Екі қасы түйіліп, маңдайының ортасына қарай ойысып қозғалмай қалды. Бұл дүниені ұмытып, әлдебір басқа жиһанға көшіп кеткендей екі бетінің ұшы сәл жыбырлап барып басылды да, жансыз қалыпқа келіп сазарып отырды. Оның ойын тіпті бұзуға болмайтын еді. Адамның осындай дүние шеңберінен шығып, ойы он, санасы сан бөлінетін сәттерінде оған жай ғана тіл қатудың өзі қиын да, қиянат та. Ондай қиялдану мезеті домбыраның тартыла-тартыла жұлымданып тозған ішегіндей бырт кетуге аз-ақ тұратын үзілер, үздігер шағындай болады. Бұл сәтте сөз қатсаң, өз ойының, сары уайымының дариясына түсіп, малтығып шыға алмай отырған жан «ойбай, жылан!» деп қорқытқандай шошып кетер еді. Осы жолы мен де елсізге орнатылған балбал тастай қатып қалдым. Шұнақ шал өзі жауап қатқанша тырс етпедім.

— Оның дұрыс! — деді Шұнақ шал. Мен селк ете түстім.— Адамның ойын бұзу оның ар-намысына тиюмен бірдей. Көбіне оқыған адам сақын болуы керек. Мен қазір алыс бір дүниеге аттанып барып келдім. Дәл осындай сәттерде қияпатты қиялымды ешкімнің бұзбағанын ұнатамын. Шырағым, сенің ойыңды білуім әулиелік емес. Мен, шырағым, бейнетті көп тартқаныма ренжімеймін. Сол көп бейнеттің рақатын көре алмағандығыма кейде тарығып, тарынып қаламын, тағдырыма өкпелеймін. Бірақ біреу болмаса біреуге, бәрібір, солай болуы керек қой деп те нобайлаймын. Дегенмен бәрі бірдей далалық жердегі айнакөлдің бетіндей түзу, тұнық, тымық болса, онда өмірдің қызығы болар ма еді дегенге мен қарсымын. Коммунистік идеяны салушылар жұрттың бәрінің бірдей бақытты, рақат өмір кешуін аңсап, сол жолда жанын пида еткен адамдар емес пе!? Жан рақатын, жан тыныштығын күткен кісі коммунист болушы ма еді дегенге де қарсымын. Бейнетті дәулеттің рақаты болуы абзал. «Бейнетсіз дәулеттің рақаты жоқтығын» қазақ та білген. Рақаттың бейнет, яғни қиындық, еңбек арқылы келетініне қазақ бейкүмән, шүбаланбаған. Әйтпесе ондай мәтел шықпас та еді. Бірақ еткен еңбектің, қылған қайырдың рақатын көре алмай, яғни еңбегің еш, неген кеткенде, кейде еңсең түсетін мезет болмай тұрмайды. Бірақ сондай шақта ұнжырғасын түсірмей, жермен жексен болмай, пырақ киіп, пырақ мінгендей қайта көтеріліп, атқа түзеліп отырған, мүрдем кетпеген пенде — коммунистік идеяның досы. Ал қаскөй, қасаласқан күш «мен мұндалап» келгенде қасарысып қарсы тұра алмаса, бетпе-бет келген жаудан тайқып кетсе, ондай адамды кінәламауға шара жоқ. Жау тұқылдан тұтқиыл келгенде арманда кетсе, оның өкініші көп. Жаңа мен ойға шомғанда нақ сондай оқиғаны ойлап кеткен едім. Кеше саған Еспер деген кедейдің өзіме орынбасар болғанын айтқанмын. Кейін оны Ботпай болысына атқару комитетінің төрағалығына жібергенбіз. Ауылды советтендіру жөнінде көп қызмет істеген сол азаматты бір күні өлтіріп кетіпті деген хабарды Алматыда естідім. Мен ол күндері екі күнге сұранып балаларымды көруге қалаға келген едім. Үйелмелі-сүйелмелі екі ұл — Совет пен Марлен қазақтың тоғыз жылдық үлгілі мектебінде интернатта шәкірт еді. Бұл кездері екеуі де адам болып, алды-артын танып, досын-дұшпанын, большевикті, меншевикті, тапты, тап жауын айырып қалған. Екеуінің газет-журналдарды оқығанын, саясатты біле бастағанын көргенде, көңілім раушан болып, жүрегім жарылып кете жаздап жүрдім. Орыс тілін де біршама меңгерген. Екі ұлымды көріп екі күн аймалап, мауқымды басып, Ұлтарақты, Інжірді, Ұлтуғанды еске алып, сәл мұңайып, сонан соң, «талайыма бұлар түспесе, тағдырға не істей алар едім» деген сергек ой да мені бір кезек самалдай желпіп өтті.

Сонау бір революцияның отты жылдарында мені Ташкентке «Қазинпросқа» оқуға жібермек болды. Облыстық ағарту бөлімінің меңгерушісі Біләл Сүлеев бұрыннан таныс кісі болатын. Екі иығына екі кісі мінгендей, төртбақ, бойы да, ойы да бар оқыған жігіт. Ол барлық қағаздарды қолыма бере тұрып:

— Абақ, жолың болсын, елге керекті азамат болып қайт! — деді. Қағаздарды қолыма алып, үйге келе жатып ойға кеттім. Екі бала, әйел күн көрер. Атымды қайтер екенмін деп қатты састым. Ұлтуған оны баға алмайтыны белгілі. Ол ешбір адамның малдануына көнбейді. Қыздың көркі құлпыда, жігіттің көркі жылқыда. Ол менің көркім де, көңілім де еді. Бір-ақ амал бар — тек үйге сойып беріп кету. Құлынынан құрықтап ұстап, құлағымды құнына 4 берген атым — қанатым. Қалай союға көзім қисын. Қатты терлеп кеттім. Жоқ, үйге келсем, жағдай мүлдем басқа екен. Әскерге алынатын болыппын. Енді ат мәселесі шешілді, тек бала-шаға болмаса.

Аядай екі кішкене бөлменің төрдегісінде екі ұл пысылдап ұйықтап жатыр. Ұлтуған менің жол жабдығымды әзірлеп отырғанға ұқсайды. Мен кірген бойда ол орнынан тұрып келіп менің мойыныма асылды. Бұл оның бұрын мінезінде болмайтын жай. Көзінің еті домбыққан, қабағы түсіңкі. Күндік тартқанын маған байқатпауға тырысады. Бірақ жасыңнан сырдескі, етене адамның мінезін білмеуші ме едің. Сауатымның аз екенін білемін. Оқуға баруға соның айтуымен «екі ұлды қиын болса да өзім асырауды мойныма алайын, Абақ, сен оқығаның жөн болар» деген соң, келісім берген едім. «Совет өкіметін қорғау бірінші кезек болуы жөн ғой, егер ол болмаса бәрібір оқымайсың. Ал Совет өкіметі тұрса, бәрібір оқымай тұра алмайсың» деген еді Ұлтуған. Сол күнгі сырласуым онымен ақырғы сырласу, күндіз көшеде серуендеуім соңғы қыдыру екенін біліппін бе, мен бейбақ. Байрақ көтеріп сайраққа аттанғанда, оны қайта көрмейтінімді білсем етті. Ақылды туған жан еді ғой ол. Егер Совет пен Марленнің мынадай жетілгенін, оқығанын көргенде, қандай қуанып, шадыман болар еді. Бірақ жазмыш бізді бірге ұзақ өмір сүруге қоспапты ғой. Балаларымның білімге кенелгендігін, жетіліп қалғанын көргенде, төбем көкке аз-ақ тимей тұрды. Тіпті әлгі Совет тура әкесі Ұлтарақша асықпай, байыппен сөйлеп:

— Көке, біздің елде ірі байларды тап ретінде жою аяқталып қалды ғой, енді біраздан соң олардың құйыршықтары да жойылып бітеді. Сонан соң апам айтқандай, оқуға бармайсыз ба? — дейді. Тіпті басқа аудандардағы жағдайды да жақсы біліп тұр. Япырым-ай, деп ойладым, он үш жаста айтып тұрғаны мынау, кейін адам болса, оқудың түбін түсірер. Уақыттың өзі де, заман да адамның есеюін тездетеді ғой, шырағым. Мен балаларымның тез жетілуін заман ағымы деп білдім. Алматыдан қайтар үшінші күні әлденеден шошып ояндым. Қонғанымыз Серғазы Күшіковтың үйі болатын. Жерге екі ұлымды екі жағыма алып жатып едім. Оларды интернаттан бір күнге сұрап алғанмын. Оң жағымда Марлен қаннен қаперсіз, аюдың қонжығындай қатты ұйықтап жатыр. Сол жағымдағы Совет жоқ. Терезеден күн түсіп тұр. Сөйтсем Совет бұрышта кішкентай орындықта газет қарап отыр. Қабағы түсіп кетіпті. Ол менің шошып оянғанымды байқап қалып:

— Шошып ояндыңыз ғой, көке,— деді. Советтің қабағына қарап көңілсіздене қалдым. Мен баяғы ол әке-шешесін ойлап жасыды ма екен деймін дағы. Менің оянғанымды, ұйқымның ашылғанын білген ол маған қарап үлкен кісіше сөйледі:

— Көке,— дейді Совет,— сіздің аудан тынышсыз болуы керек. Еспер Қожақовты байлар өлтіріп кетіпті. Өлігі табылмапты.— Қолындағы газетті жұлып алып оқып жіберсем, кішкентай хабар берілген екен. Не істерімді білмей сасып қалдым. Балалар басымды сүйеп, су жұтқызды. Ұстатпай, қашып жүрген сұмның бірі болды ма екен, әлде көрінбей жүрген іштегі мерез бе екен, кім өлтірді екен оны!?

Созылып жүруге уақыт жоқ. Атымды тез ерттеп, шайға қарамай, балаларыммен қоштасып, суыт кеттім. Уәдеде тұрғыш, ұстаған жерінен сынатын, судай басынан тұнатын, досы үшін басын бәйгеге тігетін жігіт еді Еспер. Сонау он алтыншы жылдың қысы есіме орала кетті. Кірерге көр, барарға жер таппай, біз қашып Алматы кететінде, басы Таубайды, оның сойыл соғар сегізін матап, бірінің қол аяғын бос қойып кететінде сенгеніміз осы жасы қырықтан асып қалған кедей еді. Танымайтын да, біліскен де адам емес едік. Біліспей тұрып бір пікірден шыққан Еспер, міне, өлді дегенге шыдай алмай кеттім.

Қарақыстаққа кіре-ақ істі қолыма алып, шұғыл шешім қабылдадым. Есперді жақсы көрмеу мүмкін емес еді. Өйткені оны бізбен жақындастырған тап тартысы болатын. Тап тартысы — туыстықты, жақындықты білмейтін, нағыз интернационалистік қозғалыс. Оны нақ осы Еспер өлімі дәлелдеп берді. Еспер байларға қатты тиген, қайсар, өз жанын қорыттап көрмеген большевик еді. Сөйлесе қарқуардай шешен еді.

— Басыңды көтерші, шырағым,— деді Шұнақ шал. — Сонау көп бұдырмақ адырды Алмалы — Долаңқара дейді. Долаңқара деген жер аты қалмақ Долаңқара батырды қазақтан шыққан шапырашты теке Бөлек батыр жекпе-жекте өлтірген, бұл ат содан қалған. Содан төмен Айдарке деген тау бар. Айдарке Ботпай болысының бидас деген тармағының жері еді. Байлардың Совет өкіметінен жасырып тыққан малын үнемі тауып беретін Есперді бір күні бай туысқаны Тойбай шақыртады. Оған негізгі себепкердің бірі Еспердің туған ағасы Байеке болады. Ол сол елдің игі жақсылары Тойбай мен Жарқымбайға «мына Еспер менің сөзімді тыңдауды қойды, мені «қу бас» деп тілдеді» дейді. Өзі ілә таппай, балақтағы бит басқа шықты-ау деп Оралдан қашып келіп, елге сыймай, пысып жүрген Тойбай бидастың сорпа бетіне шығарларын жинап Есперді өлтірмек болады. Қара қой сойып бармақтарын қанға матырысады. Бармақты қанға матыру бір адамды өлтіретінде істелетін уәде болса керек-ті. Сол кезде бай топтың сөзін сөйлейтін бір ақынның мына өлеңі де болған:

«Бидаста бір белсенді Еспер деген,

Неме екен діті қатты, дес бермеген

Кедейге көмектесем дейді дағы

Байларға бір жақсылық естірмеген.

Большевиктің Еспер. атын естігенде

Біз тұрмақ бала жылар ес білмеген».—

— Міне, шарығым, бұл өлеңге түсінік берудің керегі жоқ. Жау не демейді. Жаулығын да, Еспердің кім екенін де айқын айтып беріп тұр.

Ол әсіресе өзінің үйленгенін ұзақ сыр ғып, жыр ғып айтар еді. Онысы құлаққа әдемі естілетін. Әңгімесінің ара-арасында «Бұл сөйткен Күніш еді» деп қоятын. Міне, енді сол Күніші жесір қалды. Есперді байлар жер жастандырды.

...Қар кетіп сылқылдап, күндіз көксоқта, түнде анжыр болып құбылған көктемнің кезі еді. Сол бір жылы жаңбыр да шамадан тыс мол болды. Еспер таңертеңмен есік алдына шығып келген. Жаңа ғана киіп жатып көрген кірлеген жейдесін жуғызбақ болады.

— Күніш,— дейді Еспер,— жейдем кірлеп кетті, мен шешіп бере қояйын, жуып берші. Түске дейін еш жаққа бара қоймаспын. Тез кеуіп қалар. Шіркін өлмеген құлға жаз да жақындап келеді.

— Жарайды, шешіп бере қойшы,— деді Күніш. Еспер жейдесін шешіп, кірленге су құйып отыра берген әйелінің алдына тастады. Алмастыра салатын басы артық жейде жоқ. Жалаңаш етіне шапанын киді. Беліне ештеме бумай, өңірін қаусырынды да, әйелінің жанында тұра берді. Күніш күндегісіндей емес, кір жуып отырғанда тым көркем, бернелі көрінді. Күнде қалай байқамағанмын мұны деп ойлады ол. Кимешегінен шығып жерде жатқан қос бұрымын қарашы, әр қайсысы жеңді білектей. Осы қолаң қара шаш ең алғаш кедейдің мойынына қашан, қалай оралып еді.

...Сонау Алматы жақтан жалғыз атына мінгестіріп келіп еді-ау мұны. Ол да нақ осындай көктемнің шағы еді. Алматыдан шыққан Еспер үш жыл жалға жүріп алған шабан торысын аяп, аяңдап келе жатқан. Шамалғаннан өтіп, Шомқалғанды басып, Жалғызаяққа таянғанда айдалада, қырқа ішінде кез болды осы алғыншы Күніш.

Қырқа іші. Елсіз дала. Жұрт әлі қыстаудан шыға қоймаған кез болатын. Қырқаның қары сөгіліп жатқан. Мұқым ерімеген. Қары кеткен күнгей беттер келе боталанып, аттың шашасынан келетін балшық. Кей жерде асты еріп қуыстанған қауылдырық қар.

Алты жыл Тойбайда құтан атанып, жалға жүргенде бір баспаққа қолы зорға жеткен-ді. Енді, міне, үш жылда жылқылы болды. Шабан болса да ат қой, аты бар демес пе жұрт. Елден жаяу кетіп, атты болып қайтудың өзі ғанибет емес пе? Осы ойымен торыны батпақтатып келе жатқан Есперге жаяулап, елсіз-күнсізде қорықпай кетіп бара жатқан жалғыз адам кездесті. Жаяу кетіп бара жатқан адамның жүрісі ширақ. Аяғында етігі, үстінде түйе жүн шекпені бар. Оның белін жалпақ күміс кемер белдікпен буып қоныпты. Басында түлкі бөрік. Бөріктің жасыл мәуліммен тысталған төбесі бұл Алматы төңірегінде бола бермейтіндей, биіктеу. «Қалпағымның төбесі мұнарадай...» деген өлең бар еді-ау деп ойлады Еспер. Кемер күміс белдік, түйе жүн шекпен, түлкі бөрік, бірақ жаяу жүргені қалай? Мынадай киімді адам жаяу жүруші ме еді. Аяғындағы етігі ше? Етігі де әдемі, сақтиян. Бірақ көбіне сал-салқам жігіттер болмаса, мұндай етікті жұрт жазда киюші еді. Еспер түрлі ойға кетеді. Бөксесі үлкендеу, шынымен сал бөксе бай баласы болар. Атынан айырылып қалған ғой деп түйеді Еспер.

Атты кісінің жақындап, тақымдап келіп қалғанын білсе де, жаяу оған бұрылып қарамады. Еспер бұрын амандасты.

— Ассалаумағаләйкөм!

— Сәламатсыз ба? — деді жаяу. Тіктеп қарамады. Неге екені белгісіз қазақ жоралғысымен «уағаләйкімассалам» демеді. Мейлі демей-ақ қойсын, оған қарап, одан бірдеме айырып жатқан Еспер ме!

— Жолыңыз болсын!

— Әлей болсын! — Сөз тағы осымен бітті. Жаяу жігіт әңгіме айтпай ішті көгертті. Озып кете берсем бе екен деп ойлады Еспер. Айдаладағы жалғызды жолға тастап кетіп, атам қазақтың дәстүрін қалай бұзамын. «Алдыңнан қара шұбар жылан шықсын!» демес пе ол маған. Өстіп Еспер үнсіз келе жатады. Озып та кетпейді, бұл да үнсіз, бұл қай бір суырылған шешен еді.

— Әңгіме айтыңыз,— деді түк таба алмаған Еспер.

— «Аттыға ілесіп жаяудың таңы айырылыпты» демеп пе еді қазақ атаңыз. Мен жаяу, қайбір сізге жолдас болатын адам. — Еспер таңырқап қалады. Өйткені сөзі жігіт лебізі сияқты емес. Егер бұл еркек болса, неге «не айтпақпын, сен атты мен жаяу» деп қатқылдау да, қалжыңдай да сөйлемес пе. Бірақ бұл атынан айырылып қалған болса, қолында неге қамшысы жоқ. Не де болса мұнымен біраз бірге жүрейін, егер әйел болса тағы көрейін. Ал неге ол әйел болмақ? Зіңгіттей жігітті әйел деп менің көзім қарайған ба ей? Бұным қалай? Ал ол неге тура қарамайды. Неге жерге қарап сөйлейді. Танып қоймасын дегені дағы. Сонымен бұлар тағы біраз жер үндемей жүреді. Жігіт бір кезде Есперді өзі сөзге тартады.

— Әңгімені өзіңіз айтыңыз, қайдан келесіз, қайда барасыз? — деп ол бұрынғысынша төмен қараған күйі айтты да, иегін көтермеген бойы көзін Еспер жаққа тастады. Ия, деп ойлайды Еспер, әйел сияқты. Еркек болса бұл маған көз қиығын тастағанда иегін көтерер еді. Еспер шабан торыны жақындатып оған үңіле қарады. Уыздай жап-жас, шамасы он жеті-он сегіздерде.

Еспер өз басынан өткенін айта бастайды. Кейін өзі де таңданатын. шамасы, Күнішке қосылғалы тұрғаныма көрінген болар, әншейінде сөйлемейтін басым төгіліп кетіппін дейтін.

— Алматыдан келемін. Жалға тұрғанмын. Үш жыл жүріп ақыма бір ат алып содан келе жатқаным. Үстімде үйім, бауырымда қазаным жоқ, әлі бойдақпын, жас отыздан асты. Қашан қатын алып, қашан балалы боларымды, қашан үйлі-үйелменді болып, үліңгір жамыларымды білмеймін. Қатын алу үшін қалың беру керек. Ондай мал менде жоқ, мажал да жоқ. Сонымен қызылбұт атанып, бас қатып жүрген жайымыз бар. Басыңда елден шыққанда ата-бабаның ескі қонысын көріп қайтайын, Іле өтіп атамыздың кіндік қаны тамған Қапал — Көксуды, жайлау-жонсауын көрейін деген оймен шығып, оған жете алмай Алматыда үш жыл болып, енді елге беттегенім. Бар тұрмыс үстімдегі рауғашқа боялған қызыл тон, астымдағы торы ат. Қысқасы, салт басты, сабау қамшылы деп қазақ айтатын қарақан бас — осы біз.

Жаяу жолаушы әлдеқалай таңданған, мәуреті өтіп бара жатыр екен-ау дегендей, басын көтермеген бойы көз қиығын тағы бір тастап, біраз үнсіздіктен кейін тіл қатты:

— Қалай-қалай дедіңіз? Көксу — Қапал? Сонда туыстарыңыз бар ма еді?

Еспер бұл бұған неге қадала қалды деп ойламайды да. Оны әңгімелеп кетеді. Інім, Жетісу тарихынан қанша хабарыңның барын білмеймін, тіпті, бәлкім, мұны тарихшылардың бірі білсе де бірі білмейді. Еспер айтып келе жатқан Көксу — Қапал әңгімесі де сен сияқты журналист-жазушылар біле жүрсе артық болмайтын жай.

Шұнақ шал тағы бір тарихи деректі әңгімелейін деп келе жатқанын түсіндім. Ол шарта жүгінген аяғын көсіліп отырды. Шамасы, тізесі шыдамай кеткен болса керек, екі тізесінің ұршығын екі қолымен кезек-кезек уқалады. Оң қолының бармағымен оң тізесінің көзін тауып алып, оны да бір-екі толғап өтті. Сонан соң екі көзін алыстағы даладан алмаған күйі маған қарамай сөйледі:

— Інім, мың сегіз жүз елуінші жылдары Жетісуды тегіс қаратып алған Колпаковский қазақтарды ойына келгенінше билеп, көп зорлық-зомбылық көрсетті. Осы кезде біз оны «Россияға еркімен қосылды» деп соғамыз. Інім, кішкентай сауаты бар адам айыра алатын саясатты «өзімнен басқаның бәрі ақымақ, немесе осыған көнсең де көнесің, көнбесең де көнесің, осылай деуің керек» деп күштеуге бола ма! Басында еркі бар, еркін киер бөркі бар адам не ақымақ, не сатқын болмаса, бас бостандығын қолдан біреуге беріп, еркін киер бөркіне тәуелді болып, ләппай деп қолын қусырып, құлдық ұрып, әлде тізерлеп қолын жайып кіріптар болып отырар ма! Ал шынына келсек, ең дұрысы, інім, патшалық Россия қазақ жерін отарлады деп туралап айту болмақ. Егер біз елімізді, болашағымызды ойласақ, жастарға дәл мағынасындағы коммунистік, интернационалдық тәрбие бергіміз келсе, орыс патшалығының отарлау саясатын ашық жүргізгенін тура, сара айтуымыз керек. Ал көпе-көрінеу, арты жалаңаштанып көрініп тұрған істі мәймөңкелеу, тіпті кейде мәймөңке, мәміле де күш көрсету тұрғысынан саясаттаса, оны «ия солай» деген боласың, ал арғы жағында ішің қыжылдап қайнап жатады. Алдымен күш көрсету тұрғысынан жасалған саясатқа бір кіжінесің, сонан соң расты өтірікке айналдырғанға тағы қынжыласың. Ал әйтпесе осыларды, яғни отаршылдықты отаршылдық деп айтудан біз революцияның отты жылдарында ұтпасақ, ұтылғанымыз жоқ, інім. Менің бұл сөздерім құлағыңа жақпай, түрпідей тисе, онда ендігі әңгімемді естімей де, тыңдамай да қоя-ақ қой. Мен саған бұларды тыңдағың келмесе зорлап тыңдатпаймын. Лениннің көзі тірі кезінде Қазақстанды орыс патшалығының отарлағаны ашып айтылып келді. Енді сол кездегі тарихтың бәрін өзгертіп, ортамызға Ермак сияқты қанішерге ескерткішке қала атын беріп қойып, осыны жақсы көрсең де жақсы көресің, жақсы көрмесең де жақсы көресің деуді не деп ұғу керек?! Кейбір тарихшысымақтар Көшімді қазақ емес, ноғай еді демек болады. Жарайды ол ноғай болсын, ал өл бір кері заманда, халықтың басы дауға түскен, малы талауға түскен заманда қазақ пен ноғайдың арасын кім ажырата қойыпты? Тіпті, Ермакты «Великий освободитель Сибири» деп көрсетеді. Інім, мына сенің омырауыңда университет бітіргендігіңді куәландыратын ромб тұр. Жоғары білімді адам мұны білуге тиіс, ал маған айта қойшы, Ермак Сібірді кімнен босатыпты Ноғайларды қырып, ноғай Сібірді, Новосибирск атандырғаны ма? Әлде ғайыптан түскен біз білмейтін басқыншы бар ма? Інім, сен білмейтін бір шындық бар. Мен соны саған айтып берейін. Естимісің? Бұл сенің құлағыңа жақпайтын сөз болады.

Шұнақ шал маған сынай қарады. Мен бүгін әңгімені тоқтатпауды өзім сұрадым ғой, сондықтан шұнақ шалдың бетіне қарамай, алдымдағы тостағандағы қымызды басыма көтере бердім.

— Үндемегенің айта бер дегенің шығар, жарайды онда. Сендер білмейтін, сендердің қолдарыңа түспеген талай әдеби шығарма бар. Соның бірі «Сәтбек батыр» аталады. Бұл Ермак туралы, оның ит өлімі туралы дастан. Адамша өлімі емес, қайталап айтамын, ит өлімі туралы.

Қазақ жерін қырып-жойып, үрерге итін қоймай, қырды қырып, ойды орып, қанды судай ағызып келген Ермак кеш батып кеткен соң бір қазақтың үйіне келеді. Бұл Сәтбектің үйі екен. Жаныңда сайыпқыран қырық дүбірі бар. Мал сойылып оған тамақ тартылмақ болады. Сәтбектің әйелі меңдуананың қоңырауын қайнатып, сол суды қымызға қосып Ермактарға береді. Ермак та, жігіттері де әбден мас болады. Mac болған соң жігіттер түнде біртіндеп далаға шыға береді. Біртіндеп шыққандарды бір-бірлеп алдында тұрған Сәтбек басын қылышпен шауып, сүйре гай береді. Бір шамада қасында жігіттері қалмаған Ермак та бұл нөкер-дүбір қайда кетті?» деп мас, тәлтіректеп өзі шы еле жатады. Бағанадан бері қырық жігітті шауып өлтірген Сәтбек шаршады ма, әлде Ермактан жүрексінді ме, қапелімде оны шапқанда тая соғып, басын емес, бір қолын шауып түсіреді. Қарусыз, бойы екі жарым кез, бір қолы жоқ Ермак Сәтбекпен алыса түседі. Көпе-көрінеу Сәтбекке бой бермей, қарманғанда тіпті жалғыз қолымен-ақ буындырып өлтіретін болады. Сәтбектің қасқыр алатын маң төбеті байлаулы тұрады. Өліп бара жатқан Сәтбек жандәрменде «итті жібер!» деп айғай салады. Әйелі итті босатады. Ермакты ит талап өлтіреді. Сәтбек сүйреп барып Ермак өлігін жардан Ертіске итеріп тастайды. Міне, інім, бұл адам өлімі емес, ит өлімі емегенде немене? Бәлкім, тарихта ит талап өлтірген адам Ермак шығар. Ермакты мақтағысы келгендер «Тарихта бұдан басқа ит талап өлтірген адам жоқ. Ол бірінші» деп дәріптеуіне, дарбитуына болады-ау деп ойлаймын. Сөйтіп қазақты қан жылатып, жерін қан жалатып, әйелдерін қан қақсатқан Ермакқа еліміздің ортасынан Совет заманында қала тұрғызу — бұл қай интернационалдық тәрбиеге сияды?! Міне, шырағым, Ермак туралы қазақ білетін шындық осындай. Ендігісін өзің ойлай бер. Қазақ халқын сондай ғайыптан «жарылқаушының» бірі Колпаковский болатын.

Еспердің айтпағы сол Колпаковскийдің зорлық-зомбылығынан сол кездегі Күрті, Ботпай, Мойынқұм болыстарының қазағы Іленің батысына көшкен. Олар Іледен арғы Алатаудың етегін сағалап, Қапалға дейінгі жерде, бұрынғы Қапал уезінде Баянжүрек тауына дейін жатады екен. Ал Найманның Садыр-Матайы Аягөзден ары екен де, Жалайырлар соған дейін созылып қоныстанады екен. Қапал қаласы (бір кезде қала еді ғой) тұрған жер қазіргі Алматы облысының І-Май колхозын мекендеген Дулаттың Қапал, Қыбырай деген руының кірті-қияуы еді. Мысалы Еспердің аталарының ауылдары Көксу бойында болған-ды. Алғаш Еспер Алматыға сол жақты бір көріп қайту үшін аттанады. Онысы жастығынан, алабұртқан баламұрт көңілден туған өрепкі қиял болса керек-ті. Осыларды жол үстінде, айдалада, ит шайнаған майлы орамалдай қырқада бінә болған жолаушыға Еспер айтып береді. Ол:

— Мен де сол жақтан едім,— деп Есперге қиыла қарайды. Қиыла қараған сәтте жігіттің самайынан шыққан қап-қара бір тұлымдай шашын көреді. Бұл әйел екен ғой деген қорытындыға сонда да келеңсіз Еспер келе қоймайды. Үндемей келе жатады да, осыны мінгестіріп алсам қайтеді деген ойға келеді. Еспер өз атын айтады да:

— Атың кім, інім,— дейді.

— Атым Күнбай,— дейді жас жігіт. Енді Еспер шамасы бұл бір дөйдің оқудан келе жатқан ұлы болар деп түйеді. Тегін адам шаш қоюшы ма еді. Қудың сұңғағындай мойыны қалай әдемі, тамағы торғындай екен-ау деп ойлап қояды Еспер. Бет бернесі де келіскен екен. Оқыған, мектеп көрген адам ғой.

— Кел мінгес, інім,— дейді Еспер. Ол сөз айтпайды. Қолын береді. Еспер мінер жақ үзеңгісін босатып, оның қолын алады. Қолы тіпті жұп-жұмсақ, сымға тартқан күмістей екен. Жас жігіт қой, шабан торының жап-жалпақ сауырына жып етіп оп-оңай міне салды.

Сәлден кейін барып жігіт тіл қатты:

— Аға, алдағы ауыл қанша жер?

— Кешке жетеміз. Немене бұл жақта болмап па едің?

— Болмаған едім, аға.— Қалай жұмсақ сөйлейді, қыздарша деп ойлады Еспер.

— Өзің қайда барасың? Кімнің үйіне. Қайдан келесің?

— Аға, ол көп әңгіме. Қонаға дейін таусылмайды.

— Айта бер, жол қысқарсын,— деді ойында ештеме жоқ Еспер.

— Аға, ол айтыла салатын сөз емес, алдымен менен естіген әңгімені ешбір жанға тісіңізден шығармауға уәде берсеңіз ғана ол сырды шерте аламын.

— Жап-жас жігітсің, сонша уағда алатындай біреудің жіберген жансызы ма едің? Не жанбақы болмаса, не жансыз болмаса, қазақтың осы далиып жатқан сайын даласында кімнің сырын, күнәйін кім біліп болмақ? Қолыңа қарасам, қардар-зергер сияқтысың, бернең, сымбатың қызға бергісіз бияқ, зайыры түсіне алмадым, інім.

— Аға, «отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге кетеді» демей ме қазақ, пелде-пелде өмірде не болмайды, бүлінген заманда бүлініп жүрсем...— Жігіт мұңайып барып сөзін жалғастырды.— Анадан бергі сабылыс жүрісім зая кетіп жүрсе...

— Жарайды, қасам ішейін бе? — дейді Еспер

— Жоқ, аға, осы сөзіңізге сенемін.— Ол тағы бірсыпыра жерге дейін үндемей қалды. Шамасы айтсам ба, айтпасам ба деп екі ұдай ойлы боп келе жатса керек. Еспер де тіс жармады. Әлден уақытта барып ол қайта тіл қатты:

— Аға, мен қызбын. Сипатымнан байқамадыңыз ба? — Бір мүдәйі аяр пәле емес пе деп:

— А-а?-деп Еспер сасып қалды.— А, қызбын? Онда түсші аттан! — Қыз қарсыласпады. Аттан түсті. Аттан Еспердің өзі де түсті. Түскен жерде, шабан торының мінер жағында екеуі біріне-бірі тесіліп, таңданып-тамсанып ұзақ қарап тұрып қалды. Сонан соң Еспер аттың тартпасын босатып, аткөрпені ерден шығарып алды. Оны үш қабаттап аттың сауырына салды да, айылды қайта қатты тартты.

— Ал енді атқа мін,— деді Еспер,— бұл күнге шек, жәукен алсын, мұндайды кім көріпті.— Ол ойына бірдеңе түсіп кеткендей үзеңгіге аяғын сала берген қызға бұрылды.— Онда сенің атың неге Күнбай?

— Күнбай емес,— деді қыз жымиып,— Күніш. Күніш атқа лып етіп тез мініп, ер артындағы аткөрпеге отырды. Еспер жүгеннің шылбырын шешіп алды. Оның бір басын ілмектеді де, күрмеп байлап қойды. Шылбырдың ілмектелген басын қыздың алдынан аттың қамшылар жағына түсірді де:

— Аяғыңды сал! — деді Күнішке. Бағанадан бері «шылбыр неге керек» деп отырған Күніш енді түсінді, оған үзеңгі жасап бермек екен. Күніштің мінер жақтағы сол аяғына шылбырдың ұзындығын дәлдеу үшін аяғын ұстай беріп, денем дір ете тусті дейтін Еспер. Бұл қыздың аяғы ғой, рұқсатсыз ұстағаным ұят-ау деген бір ой желпіп өтті. Қыз шылбырдың ұзындығын өзі өлшеді:

— Осы жерден түйе беріңіз, аға,— деді. Еспер шылбырдың екінші басын да ілмектеп байлады. Міне, енді үзеңгі дайын.

— Енді өзің теңестір,— деп өзі де атқа мінді. Сонымен Еспер алдында, артында мінгесіп Күніш келеді.

— А,— дейді Еспер,— енді әлгі ант алған әңгімеңді баста.

— Аға, атымның Күніш екенін айттым. Өзім Қапалдан қашып келемін. Ауылымыз Баянжүректің батыс жақ етегінде. Мен бір ауқатты адамның жалғыз қызы едім. Маған ешкім атастырылып, қалың бермепті. Осыдан бес ай бұрын әкем де, шешем де арасына бір-ақ апта салып қайтыс болды. Әкем Кәрім жалғыз кісі еді. Қабырға ағайындар кеңесіп мені бір шал адамға екі қатынның үстіне бермек болады. Сөйтіп менің қалыңыма тағы да мал алып, майға қақалып, қарқ болғысы келеді. Жансыздап білсем бәрі рас. Бір кедей ағайынымыздың жас түскен әйелі бәрін қолмен қойғандай етіп айтып берді. Содан бір түнде еркекше киініп, қашып кеттім. Малдан да, дүниеден де бейдама болып, безіндім. Содан жаяулап-жалпылап аптада Алматыға жеттім. Әдейі құлақ естімес, көз көрмес жерге кеттім. Егер жайым бұл жақта да болмаса, мекеге дейін жүре бермекпін, ақтап, босып кетпекпін. Осыларды айтып келе жатып, ол қалғып кетіп, басын екі рет Еспердің арқасына соғып алады. Ол әңгімесін бітірген соң, Есперге:

— Аға, егер сіз ренжімесеңіз, мен кішкене қалғиыншы,— дейді.

— Қалғысаң қалғы, немене ұйықтамап па едің?

— Түні бойы көз ілмедім, алдағы өмірім не болады деп күңіреніп шықтым. Оның үстіне қонғаным бір орыстың үйі еді. Бірдеме шағып, үстімнің бәрі ісіп кетті.

Күніш Есперді белінен тас қылып құшақтап алады да, екі сағаттай ұйықтайды. Есперге Күніштің қолы әлдеқалай бір жылу әкелгендей қолын алмаса екен, құшағын жазбаса екен деп тілейді.

Күн кешкіріп, жер қатқақ тартады. Мінгескен екеу ел қарасын көре алмай, осы көктемде ғана тартылып алынған бір мая жоңышқаның орынына кездеседі де, соған қонбақ болады. Торының тартпасын босатып, аяғына шідер салып, ауыздығын алып отқа қояды. Еспер жоңышқаның қалғанын жинап, қалың ғып салып, үстіне ат жабуын жайып, басына ерді, қоржынды жастап, жатын орын дайындайды. Күніш қысылып ақыры қисаяды. Еспер оның аяғын аткөрпемен орап, үстіне тонын жауып, оның бір етегін өз үстіне жауып жатады. Екеуінің де жуғарақпанда көзі іліне қоймайды. Түннің бір шамасы кезінде қыз тыншымай қимылдай береді.

— Не, жаурап жатсың ба? — деп Еспер оны қымтамақ болады. Болбол тарыдай тез піскен қыз екен деп ойлады ішінен.

— Жоқ, ыстықтадым, шекпенімді шешемін.— Еспер үндемейді. Күніш шекпенін шешіп, тонның ішінен екеуіне бірдей кигізе жабады да, үстінен тонды тастайды. Біршама тыныстағандай болады. Әрі-беріден соң тағы тыпыршып, сонан соң Еспердің бауырына кіре түседі...

Қатты дүбірден Еспер көзін ашып алса, жоңышқаның орнына келген жылқы екен. Таң атып қалыпты. Сол күні кешке Еспер Күнішті мінгестіріп ауылына да жетеді...

Сөйтіп қосылған Күніш бүгін тіпті ерекше сымбатты бияқ көрінеді. Өмірі Күнішке ондай сөз айтып көрмеген Еспер:

— Күніш, сен ерекше көркемсің. Бұрын қалай байқамағанмын,— деп естіртіп айтады. Өзі одан көзін алмай тұрады.

— Неге сонша қарайсың, жаңа көргендей,— дейді Күніш.— Анау жылы Далақорадан тауып, өңгеріп келіп, тірілтіп алғанымда, онда әлдеқайда жас едім, онда неге байқамағансың.— Расында барыс жылы, орыстарды жаппай патша әскерге алып жатқан жылы Еспер Тойбайдың қойын бағатын еді. қазақтар, інім, жалпы барыс жылы қыс қатты болмайды деп есептейтін. Сондықтан ба, әлде байдың екі бірдей қойшыға ақы төлегісі келмеді ме, Тойғанбай деген ағайындарын қуып жіберіп қойға жалғыз Есперді салған. Көктемге салым қыс қысырап, жылы болды, енді мал қыстан аман шықты деп жұрт қуанып жүргенде, осы Долаңқарада бір күні түстен кейін аяқ астынан ертелі бері жып-жылы майтоңғысыз болып тұрған күн бүлініп, түстен кейін бұлан-талан болады. Қатты дауыл тұрады да, ұрып-ұйтқып жауған қар әп-сәтте көміп салады. Ат құлағы көрінбейтін зымыстан боран. Кеш батып, түн болып кетіп, ауылға қой да, қойшы да қайтпайды. Түннің ортасында іздеушілер қойды қондады да, оны сол маңайдағы Далақораға қаматып, бір адамды күзетке қалдырып, өздері ауылға келеді.

— Еспер қайда? — дейді бір жыл бұрын түскен келіншек. Бұл сөзге ешкім жауап бермейді. Сөйтсе қойды тапқанына қуанған Тойбай бай, оның бай туысқандары қойшыны іздеуді ұмытып кетеді. Есік алдына жылай шыққан Күніш байдың байлаулы тұрған, үстінен бит домалап түскендей семіз ерттеулі торышасын көреді. Ол міне салып шаба жөнеледі.

Түн түлей боран, ақтүтек түтіп жей жаздап тұрады. Күніш «қойды Көнсайдан таптық» деген соң, тура соған тартады. Дала аппақ. Қылайған қылпық көрінбейді. Бір кезде ат та, Күніш те жоқ болады да кетеді. Әйтеуір Күніш шылбырдан айырылмайды. Күніш аттан бұрын тұрады. Байдың торышасы, орнынан тұра беріп, оқыранып сілкінеді. Ат қорқып кетіпті. Дір-дір етеді. Сөйтсе үй орнындай оқпандағы омбы қарға түсіп кеткен екен. Көзі жер жайын біліп, малмен-жермен көзі шыққан Күніш оқпанның осы жағы жыра болуы керек деп, атты жетектеп, сайдың аузына қарай жүреді. Он шақты қадам салған Күніш әлденеге аяғы тиіп етпетінен кетеді. Сөйтсе сүрініп жығылғаны жатқан Еспер болып шығады. Еспер өлген екен деп жас Күніштің есі шығады да, кешегі қойындасып жатқан Есперімнен несін қорқамын деп, ақыл тоқтатып, өліктің қойынына қолын тығады. Сөйтсе Еспердің денесінде әлі жылу бар, жүрегі соғып тұрғанға ұқсайды. Күніш оны қармен уқалап, есін жиғызамын деген ойына келмейді. Торышаны ылди жаққа тартып, оны ерге салмақ болады. Әлі келмей әлек болады. Байдың аты қанша семіз болса да, соншалықты жуас екен. Қақсал, жасамыс жылқы мыңқиып тұра береді. Бір заматта иығындағы Еспердің кеудесін өлгенде әрең ерге шығарады да, енді жоғары қарай итере бастайды. Түннің бір шамасы болып қалады. Еспердің екі қолын буып, буған жіпті аттың бауырынан өткізіп, мінер жақтан әкеліп ер басына байлайды. Сонан соң өзі атқа мінеді. Енді барып бұл үсіп кетті ме деген ой келіп, тымақтың бауын қатты тартып байлап, өңгеріп келе жатып, еңкейіп Еспердің екі қолын кезек-кезек уқалайды. Сөйтіп келе жатып аттың тоқтай қалғанын бір-ақ біледі. Сөйтсе ат басын бай үйіне тіреген екен. Одан өз үйіне барады. Таң қылаң бере салаңдатып Есперді өңгерген Күніш үйге түсіріп, жұрт аяқ-қолын, денесін қармен ысқылап тірілтіп алады...

Ал бүгін Еспер, сөйтіп өзін о дүниеден әкелген Күнішті жаңа көргендей, тіпті оның көркемдігіне шынымен тәнті болып тұрады.

— Шын сен тіпті әдемісің ғой,— дейді Еспер тағы да алдыңғы сөзін қайталап.

Нақ осы бір сәтте сырттан көп аттың шапқан тасыры естіледі. Алмалы-Долаңқара тастақтылау дала. Оның үстіне жоталы жерде ат шабылғанда дүбірге дүбір қосылып, дүңкілдеп кетер еді. Бұл жолғы дыбыс ерекше болды.

— Не бұл, жау келгендей? — деп Күніш есікке қарайды. Шауып келе жатқандардың түрі ерекше жаман, бәрі түнеріңкі, қанына қарайып алған адамдар сияқты. Алда келе жатқан он шақты аттының ішінен Күніш өзінің туған қайнағасы Байекені көріп көңілі орынына түскендей болады. Артқы топтан басында қара бұйра, елтірі, қара мәліскеймен тысталған бөркі, тізесіне жетер-жетпес қысқа, жосамен бояған тоны бар Тойбайды танып, шошып кетеді.

— Құрыдық, құрыдық, Оралдан қашып келген қызыл қайнаға келеді. Тығыл, тығыл. Тез жөнел. Мыналардың қалпы жаман! — деп Есперді құшақтап жылап жібереді. Еспер де түсі бұзылыңқырап, бірақ ақыл тоқтатып, енді бәрібір құтыла алмасын біліп, тәуекелге бел байлайды. Бел байламағанда не істемек, жаяу адам аттылардан құтыла ала ма. Қанына қарайып әбден өшігіп алған топ cay етіп түсе қалды. Ат үстінде шіреніп, тек бұйрық беріп Тойбай, Сыбанқұл қожа, Иманқұл тұр.

— Шығарыңдар бері, жалаңаш к... балшайбекті. Көрейік бір әуселесін. Қалай-қалай сөйлесер екен бізбен. Ақ көкірек болғанды көрсетейік біз оған. Қызылды жақсы көретін немені қып-қызыл қан қылайық.— Жарқынбай деген Тойбайдың ең жақын бай туысқаны екен