23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Шармең






Қазақтың бір оқыған жігіті Жұрымбай ауылға өкіл болып келді. Ол әр күні жатарда үйықтай алмай әр нәрсені бір ойлап, бірден бірге түйіліп, ойға сүңги беретін әдеті еді. Сонан соң әлдебір нәрсені шығарып келсе де, келмесе де өзім тапқан жаңалығым деп айтып мақтанып жүретін. Нақ осындай бір күні ой түбіне жете алмай жатқанда ертең колхоздың шаруашылық меңгерушісінде жұмысы бары есіне түсіп, оған қаладан әлдебір науқанға жетіспей жатқан бөлшекті алып келуі керектігін ұсынбақ болды.

— Әй, осы завхоздың өзі бір салақтау адам екен, — деп ойлады. Шынында да Жұрымбайдың ойлағанындай ол әрі салақтау, әрі сауаты шамалы қара төкпек адам болатын. Жұрымбай дамылсыз ойлай берді.

— Я, я, завхоз, завхоз! Завхозы несі осылардың?— деп ойлады ол,— Завхоз. «Заведущий хозяйством» деген сөз той орысша. Оны неге қазақшалауға болмайды? Немене бәріне жеткен қазақ тілі осыған жетпей, осыны аудара алмай қалып па!? Заведующий — меңгерушісі, ал хозяйством — шаруашылығын, сонда тура аударма «меңгерушісі шаруашылығын» болып шығады. Жоқ-жоқ. Орыстар заведующий хозяйством деп тұтас айтса көзі көрмеп пе! Сондықтан завхоз дегендей оны да қысқарту керек қой. Таптым, таптым. Алғашқы буындарды аламын. «Меңшар!» Жо-жоқ. Бұл да теріс. Алдымен анық қазақшылап алу керек. «Меңгерушісі шаруашылығын» деген болмайды. «Шаруашылық меңгерушісі!» Міне нағыз қазақша, қатып кетті. Енді қысқартуым керек. Сонда бұл алғашқы айтқанымдай «меңшар» емес, «шармең» болады. Ой пәле! Әй, Жүкеңнің басы жұмыс істейді-ау! Жарайсың, Жүке, жарайсың. Шынында, осы түбінде қазақтың Қарамзині мен болып кетіп жүрмейін.

Таңертең өкіл қырман басына келді. Ол қолындағы жүгенін колхоздың шаруашылық меңгерушісіне берді. Сөйтіп:

— Шармең! Ат әкел,—деді. Анау жүгенді алғанымен жақтырмағандай бір қарап қойды. Ол бір нәрсеге күйбеңдеп әлі де кете қоймады. Сондықтан өкіл екінші біреуді жұмсады. Оның «жүгеніңіз қайда» деген сұрағына Жұрымбай:

— Шармеңге бердім,— деді: Анау түсіне алмай аңырып тұрып қалды. Жұрымбай қайта айтты: Шармеңге бердім, шармеңге.

— Кімге?

— Шармеңге!

Осы кезде колхоздың шаруашылық меңгерушісі түтеп «ә, әкеңнің аузын... өзің шармен,»..— деп жүгенмен Жұрымбайды салып кетті.