Әдебиет
Қарттың ойы
Еркін үлкен төрт қабат үйде тұратын. Бір күні оның үйіне ауылдағы ағасының қолында тұратын қарт шешесі келді. Арада бірер күн еткен соң қарт ішім пысты кетемін деп әлек салды. Сонда шешесін көптен көрмей, әбден сағынған Еркін оны жібергісі келмей:
— Сіз мына балконға шығыңыз да көшедегі елге қарап отырыңыз,— дейді. Баласының жібергісі келмей тұрғанын білген шеше: «жарайды шырағым» дейді. Сол күні-ақ қарт биік үйдің балконына шығып, көшедегілерге қарап отырады. Көшеде әйелдердің неше түрлі киіміне қарап әрқайсысына өзінше баға береді, сынай қарайды. Бір кезде соңғы сәнмен уыққаптай қылып тіккен, тап-тар белдемше киген бір әйел кетіп барады. Ол етегінің тарлығы соншалық адымы қысқарып, мимырттап жүре алмай бара жатқанын байқайды. Екі аяғы жыбырлап, қолтаулаған жылқыдай бүгежектеген әйелді көрген қарт ана: «ой сұмдық-ай, ауылда атты тұсаушы еді, қалада әйелдерді тұсайды екен ғой»,— деп күліп жіберіпті.