Әдебиет
Молданың істегенін істеме
Ұлтанбаевтың қызыл иті қыңарт кеткені нақ осы жолы — Алматыдан Целиноградқа Қазақстан қазиы Жәкеннің келген кезі болды. Тіпті осы жолы да ол бой бермес пе еді, қайтер еді, әлгі Целиноград мешітін сырлатқан күні қарадауыл тұрып, басына пәле болып жабысты емес пе? Сырды топырақпен араластырып, баттастырып тастап мысын қарадай құртты емес пе!? Оның үстіне өзінің де араны тым ашылып кетіп мешітті местегі айрандай сорып, дәндеп алғанын көрсетіп қойды ғой. Оңашада ол, «Өзіме де обал жоқ, теспей соруым керек еді» — деп маңдайына қойып-қойып қалады.
Кеше ғана осы жерде жүрген Жәкен астанаға барып қази болып, қаздиып отырып алған соң енді осында яғни, Қараөткелге келе қалуы діндар адамдарға «аспаннан Иса түсіп, жерден Мәді шыққаннан» кем болған жоқ. Тәйірі Жәкең жанында Исаң не, ол аты бар да заты жоқ, ел аузындағы ебелек сөз емес пе? Ал Жәкең болса, Қазақстандағы дін адамдарын тас аяқтай қағыстырып, бірін алып, бірін салып, ұйпалақтап жібереді ғой. Бәрі де шала бүлініп, шаңыраққа ілініп, жатып жастық, жайылып төсек болып қалды. О не дегеніңіз, кәдімгі жеті қат көктегі Мағараждағы құдайекеңе Қазақстандағы көзі-құлағы оған одан жақын, одан бейім адам бар ма? Осы кезде құдайға ұсынса қолы, сөйлесе тілі жететін осы Жәкеңді ол құдай екеңнің қазақ жеріндегі көз-құлағы немесе бірден бір өкілі демеске олар шыдай алар ма? Ендеше оны осылай қарсы алмай көрсінші! Құдайекең оларды қос қолдап тұрып дақ төбесінен ұрсын. Жан алуға дайындалып, жалмаңдап тұрған әзірейіл періштесі тағы бар.
Дүние дегеніңіз осылай. «Жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей кеше осы жерде өзіңмен бірге жүрген шалап ішіп, шарқ ұрып Жәкең бүгін қоқаң етіп құдай жанынан шығып отырса, бұдан артық қандай үлкендік, бұдан үлкен қандай құдайлық керек. Япыр-ай, десеңізші. Әншейінде сөйлеуге ернінің ебі келмей ерінетін Кәкең, Жәкең келеді дегенде май болып еріп, жібек болып есіліп, ерекше күйге түскені осы болмаған еді. Ол алдымен Масқаровты шақырып алып тұрып құдайына жүз мәрте құлшылық етіп, жалбарына теке сақалын сипалап, былай деді:
— Қойынды сой, қолыңды қусыр. Арғысы Қуандық, бергісі Темеш болып кетпей желеп-жебеп жіберсе осы жолы мешіт басшылығын біржола қолыңа құс қылып қондырасың, бәріміз алдында бәйек болып мүлгіп тұратын боламыз.
Молданың тілін молда біледі. Масқаров Кәкең сөзін емеурінінен-ақ тани кетті. Тіпті екі айтқызған жоқ. Бес айдан бері байлауда тұрған боз қасқа тұсақты алып ұрды. Алыстан келген қази бозқасқаның жұмсақ, майлы құйқасын тісіне баса отырып, өзіне алғаш ықылас білдірген Масқаровты ерекше есепке алды. Қази да қазыдай еріп, жібіп кетіп бір сөз деді:
— Әкең Сатан марқұммен көп дәмдес-тұздас болып, талай бөлісіп, дастарқанда талай көрісіп едім, әжеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» деген осы екен, қарағым. Әкеңнің жолын қуып дінге келіпсің. Ол да талайдың көрін қазып, талайдың қазасын азалап еді. Енді бұдан былай бір бүйірімде жатасың.
Нақ осы бір сәтте бұларға ілесе жүрген үш мүтәуәлидің бірі Ұлтанбаевтың ұлтабарының ауруы ұстап, далаға асығыс жөнелді. Шамасы майға орап көбірек асаған бауырдан болуы керек, «қайдан жедім бауырды, ішім жаман ауырда» дегендей болды. Ұлтанбаевтың ішінің ауырғаны қалғандарының еркін сөйлеуіне мұрсата берді:
— Рас, Жәке, алла нәсіп айласа, бүкіл Қазақстандағы дін қолымызда деп қуанып жүрміз. Аға баласы Арғынның алатынын сіз сонда барғанда-ақ білген едік, осылай болуға тиісті еді,— дегенді қыстырып үлгірді. «Арғын аға баласы» деп Масқаровты Кәкеңнің салмақтай түсуі, ру қитығы ішінде жатқан Жәкеңнің ішін жылытып сала берді. Осындайда «Ақжол. Ақжол»— деп айғай салса, оның атып тұрары сезсіз еді.
Ертеңіне Жәкенді Кәкең шақырды. Бір ақ қойды бұл да ақтарып тастады. Сол күні-ақ ас үстінде Кәкең Ұлтанбаевқа да сыбыр ете қалды:
— Жәкең арғын, екеуміз қыпшақ болғанмен бөтеніміз жоқ. Іргеміз ажырамаған елміз, Жәкең өз ағаң, қой сой, қолыңды қусыр, — деді. Үшінші күні Жәкең Ұлтанбаевтың үйіне де соғып, сойылған бұл қойдың да кеудесіне кіріп, басын мұжып, жамбасын жеп, жас сорпасын ұрттап, бір жасап шықты.
Осылай етті «сен же, мен жемен» үш күн өтіп, төртінші күн болғанда дін басылардың мешітке жиналатын уақыты да болып еді.
Екі жағынан екі адам сүйеген Жәкең шапанын желбегей жамылып, мешіттің төріне келіп отырды. Отырды да, бетін сипап, теке сақалын салалап шықты. Үптеуге үйге түскен ұрыларша үй ішін тегіс бір шолып алды. Сонан соң сақалы бір жаққа қашып кететіндей, оны тұтамдай ұстап отырып сөйледі. Қази ешкімге көз тастамай бұрышқа қарап айтты:
— Сен мүтәуәлилігіңді Масқаровқа бер. Сенің де еңбегің бар. Сені бұл жерден қумаспыз. Мешіттің төрінде болмағанмен, босағасында боларсың...
Мешіт ішінде ұшқан шыбынның ызыңы естілетін тыныштық орнады. Секундына қанатымды жүз отыз рет қағатын менің жылдамдығымның дауысын естіңдер дегендей, үйдің жылылығынан болса да шыбын ызыңдап тыныш таппай кетті. Нақ осындай тынышсыздық Ұлтанбаевты да билеп алып, іші удай ашып бара жатқанын білді. Өйтпегенде қайтсын, оңай дейсің бе, көріне көзге қолдан кетіп бара жатқан жұмсақ күлшені қия алмады, оның үстіне кеше ғана қой сойып босқа шығындағаны анау. Қайта құсып жібермегеніне құдайға шүкір. Ұлтанбаев та бекер жан бере қоймайтынын көрсетті. Орнын қолдан бере алмайтынын айтты.
Қазидың ашуы қатты келді. Ол мешіттен қалшылдаған күйінде шығып еді, аяғы жаман болды. Ертеніне-ақ қазидың күйеу баласы бастаған комиссия мешітке сау ете түсті. Қашаңда ұрылардың қуыстанатын әдеті, бұлар да қатты қысылған жайы бар еді. Ақыры аз күн ішінде қазидың күйеу баласы Імжанов мешітті тексеріп, Ұлтанбаевтың мойнына 500 сом жазды. Іс прокуроратураға берілді. Бірақ аяғы сиыр құйымшақтап жоқ болды. Нақ осы факті Ұлтанбаевты босатуға тура сайды. Біреу оны осы мүтәуәлилікте қалдырайық біреу жоқ басқа біреуді сайлайық деп мешіт іші ызың-шу болып біраз тұрды. Осы бір шақта мүтәулилікке Масқаров аталып еді, мешіттегілер екі жарылып кетті.
— Масқаров болмайды, — деп Ұлтанбаевтың айтуы мұң екен:
— Темеш! Темеш! — деп біреу айғай салды. Оның ұран шақыруы тегін болмады, тұра жүгіріп біреу Ұлтанбаевтың сақалына жармасты. Ақымжан екен. Енді бір жақтан біреудің барлығының басынан асыра айқайлаған дауысы мешіт ішін өтті:
— Ол мешіт басқарушының бірі, мешітті жеп үй салған, содан байып үш әйел алып отыр, — деп жаңағы бақырауықты басып кетті. Сол сәтте Ақымжан қолындағы ақша есептеп отырған счетті қаруға айналдырып, сонымен Ұлтанбаевтың басына ұрды. Енді жалғыз «Темеш!» емес, әр жерден-ақ аталарының атын атап төбелес тобырына жүгірушілер көбейді. Ұлтанбаев жақтастары да қарап қалмады, «Қыпшақ!» «Қыпшақ!» — деп олар да жүгірісті. Әлгіде ғана аузында алла, қолында құран, басында сәлде, тәспісін тәптіштеп санаған, мүлгіген молда біткен зікір салған бақсыдай қыран топан болды. Кім кімді ұрып жатқаны белгісіз. Мешіт іші қып-қызыл төбелес, сап-сары жағалас... Бәрінің арасына арашаға үй сыпырушы Асанова мен күзетші Қасымов түсті. Молдакеңдер күшті болып шықты. Күзетші мен үй сыпырушыға олар бой бере қоймады. Ақыры милиция қызметкерлері келді.
Сонымен молдалар сайлауы үш күннен кейін болды. Бірі басын, бірі қасын таңған молдакеңдер беттері, көздері көгеріп келеді-ау, әйтеуір. Дауыс беруге тиісті жиырма адамның жартысынан көбі қатыспаса да Масқаров мүтауәли болып сайлана салды. «Құдай да қызық, көрмейтінін көрмей қоя салады екен, кеше ғана тері жинаушы агент болып істеп, қолымен шошқа терісін тарақтап отыратын Масқаров мүлгіген молда, дін басы болып шыға берді», — деп күлісті жұрт. Мұны естіген Целиноградтағы дінге сенетін бірді-жарымды кемпірлер беттерін шымшыласып, құдайларына теріс айналып кетпеске амалы қалмады. Ал араздасқан, төбелескен, тайталасқан екі жақ бірін-бірі сотқа берісіп еді, діннің артын жапқысы келді ме, әлде құдайдан қорықты ма, халық соты Сұңқаров әйтеуір үнсіз кетті...
Мешіттегі төбелестің қиын жағы кейін болды. Екі ортада етке тойып алып тыныш кете бермей Жәкең қылмысын ашып алды. Үлеске ие болмағандар ашынып кетті. Дін оқуын оқып жатқандарға деп Жәкең алған мың сомның беті жұқа топырақпен жабылған ұрадай айқындалып қалды. Мешіттің мол ақшасына сатылып алынып әйелі Әмиланың атына жаздыртып қойған 9700 сомның қызыл үйі, «ЗИМ» автомашинасы арыздардан сопаң-сопаң етіп көріне берді. Ол ол ма, Ұлтанбаевтың қолында 21 кілемнің Жәкең берген қолқаты тағы шыға келді. Бәрін де Жәкең жеке басына жымқырып кетіпті. Тағы біразын ғайып иран, қырық шілтен көтеріп кеткендей атымен жоқ. Бір күні он бір кілемді төрт мың сомға бағалап Сейіт дегеннің мойнына жазып еді, оның да «ғайыптан» қолдаушысы бар екен (оның өз құдайы болса керек), аз күнде-ақ өшіріліп қалды. «Он бір кілемнің біразы Әмиланың тұсында тұтулы,» — деп осы кезде мешіттегілер гу-гу етеді. Естіген құлақта жазық жоқ. өтірік болса қунасын өздері тартады да. Иә, айтқандай Бурабайға Жәкең дем алуға барғанда Кәкен бір буда ақшаны қолтығына қыстырып жіберді деген қауесет тағы басын қылтитып келеді. Оны көрген де мешіт жағалағандардың бірі. Құдай екен ақырын берсін деңіз...
Иә, Кәкен демекші еткен бір жылда ол тоқсан адамның жаназасын шығарды. Өз басыңа көрінгір, тілеуі қандай жаман! Тоқсан үйде үш күннен болғанда екі жүз жетпіс күн жұрт үйінен ауыз жылытып, жылы-жұмсағын жеп, підиясын алып, зекет құшырын жинай кетіпті. Дін адамдары құран тілімен сөйлегенді ұнатады деседі. Онда «Уала тастару бе аяти саманян калилан» (құранды сатуға болмайды) деген аят бар. Ал Кәкең оны ұмытып қалған ба, тоқсан үйдің бәрін қатымдап, буыншақ-түйіншегін қымтып кеткен. Япыр-ай десеңізші, жалғыз Кәкең бе, оны молдекеңдердің бәрі де ұмытқан болса керек-ті. Ал егер біле тұрып істесе жаның жаһаннамға барсын! — демеске бола ма!?
Қайтесіз, халық дұрыс айтқан: «Молданың істегенін істеме!»