23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

«Жеген ауыз жесін» дейді






Ақдаланың аудан ағасы Сұрқайдың таңғажайып істері туралы күзгі қауға тиген ерттей болып басталып, аяғы құйып өткен нөсерден кейінгі шаладай бықсып біржола жоқ болады.

...Аудан ағасының кабинетінде аудандық атқару комитетінің жалпы бөлімінің меңгерушісі Егінбай отыр. Екеуінің қас-қабағына қарағанда бұлар қолдан қол өткен жекжат сияқты көрінер еді. Әлде құдалық, әлде алыпсатарлық жасап жатқандардай. Сұрқайдың аты суық болғанмен ісінің, мінезінің өзі дегенде жылы екенін Егінбай жақсы білетін еді. Сондықтан да ол құлағын тоса береді. Анау бірін ақырын, бірін қатты айтып Егінбайдың құлағына құнып жатыр, құйып жатыр. «Қашанда әзімізді ұмытпауымыз керек, биыл бір астық салып алайық» дейді Сұрқай Егінбайға қарап. Ал Егінбай еңсесі түсіп «жер жоқ тұқым жоқ, соқа жоқ, көлік жоқ» деп, жоқтарды тізе жөнелді.

— Ей, ей — дейді председатель, — жоқ деген үлкен қара кісі дейді. Жоқ десең-ақ болды үйіне кіріп алып шықпай қоятын көрінеді. Сондықтан — «жоқ» деме. Ағаң алдыңда отырғанда «жоқ» деген термин сенде болмасқа керек. Ағаң барда бәрі бар. Сулы сайың болады, дүмбірлеген жайың болады, қысқасы бәрі дайын болады.

Ағаңыз дегенін істеді. «Қосқал» колхозына бекітіліп берілген жердің бес гектарына колхоз күшімен аудандық Совет атқару комитетіне деп егін егілді. Әрине, жанар, жағар май, механизм күші колхоздың есебінен болды. Мұндайда тиын шығарып Сұрқайды сүр құйын соқты деймісіз, бәрін колхоз істеп берді. Олар дайын дәнге ие болды... «Айда бол, ас ішкенде пайда бол,» дегендей астық қапқа түскенде олар да дайын бола кетті. Астықты тиеп ауаткомның атқорасына әкелді. Дорбалап, қаптап үйлеріне тышқанша тасып кеткендер де кездесті. Қамбаға түскен атжалмандай ұрты мен жұртын астыққа толтырып Сұрқай да сұғанақ қолын аямай сұқты. Бірақ Сұрқай ізін білдірмей бәрін де жоқ етті.

Астық дегенін не тәйірі, астық түгіл Сұрқайың дәндеген соң ағашты да кеміріп жеп қойды. Сенбесеңіз жол бөліміндегі жолы болмай жүргендерден сұрай қойыңыз, олардың қорасында жинаулы тұрған құрылыс ағашын бір түнде жым-жылас қылды да, тоғыз мың сомды қалтаға басып алды. Қалтаға түскен ақша да түпкі бүйенге кеткен тамақтай сіңіп жоқ болды. Жол бөлімі есігі алдында қар басқан қарайып орыны ғана қалды. Бірақ күнде көзі үйреніп қалған ағашты жоқтаушылар да болды. Сұрқай оларға сұр қояндай ұстатпай кетті.

Сұрқай дәндеп алған соң ауызды үлкен ашып, көршеңгелді көсе салды. «Большевик» колхозының бір машина астығын татпайдың тал түсінде үйіне түсіртіп алып, «жеген ауыз жесін», бұл астықты біз аламыз» деп ашығынан кетті. Сонан соң амалын тауып, сол үш тонна астықты Егінбаймен бөлісті деген қауесет те тарап кетті. Қайтсе де екеуі қарқ болды. Астық үйге әкелінген соң көңіл шіркін сабасына түсіп, көзі тойып отырғанда Сұрқай тағы да «жеген ауыз жесін» деп мыйығынан күліп қойды.

...Сұрқай Егінбайды шақырып алып, тағы да көдесін отыр. Колхоздардан ендігі жерде астық алмау керек, өйткені оның жеуінен дауы көп. Сондықтан әуес тамақ ретінде, қауын-қарбыз болса қағып алып отырсаң, соның езінен ешкімге есеңді жібермейсің. Жаман айтпай жақсы жоқ, егер сөз бола қалған күнде, жәй қауын-қарбыз ғой деп жеңіл қаралатын болады. Мысалы, «Көктем» колхозында астық арзан қарбыз қымбат. Аяғын әккі болған Егінбай айтқызбай ұқты. Сонан соң қонырауды сылдыр өткізіп еді, есіктен көмекші басын қылқитты. Қылқиған бастың қалқан құлағы Көлегеновты тез тауып кел деген бұйрықты анық есітті. Сүрекеңнің сұрынан қорқатын Көлегенов тез шақыртқанына әлдеқалай мүлт кетіп қалдым ба деп жүрексіне келіп еді, Сұрқайдың сұрынан ашу ызғары білінбеген соң жайбарақаттана қалды.

Алдымен Сұрқай оның саулығын, үй ішінің амандығын, бала-шағасының, Көлегеновтың үйіндегі көк итінің, ақ шошқасының саулығын сұрады.

— Қолдан есірген баласың — деп бастады Сұрқай сөзін, — көрінгенге сыр айтуға болмайды... — деп Сұрқай демін алғанды.

— Қарбызға аттанғалы отыр едік, — деді Көлегенов әлден уақытта.

— Бір станцияның директорысың. Машинаңды бер, бірақ бұл туралы ешкімге тісіңнен шығарма. «Апырау бензин...» дей беріп еді Көлегенов, оған қам жеме, қыбын өзім келтіремін, — деді Сұрқай. Түнделетіп аудан ағасы Көлегеновтың машинасымен «Победа» колхозына тартып кетті. Кек машинаға көп қарбызды кекірейте тиеп көрші ауданға тартты. Сөйтіп Сұрқай өзінің саудадан да ебі барын бір көрсетіп біраз ақша тапты. Елпектеп қасында Егінбай да жүрді. Бірақ үлесінің азырақ болғаны көңілінде тұрып алды. Дегенмен «тегіннен көбін табылса өлмек керек» дегенді ойлап, аудан ағасының жанында жүргеніне мәз болды... Бірақ әйтеуір түбі құсып жүрмегей едік деген күдік те көңілін жайлап алып, бір кетпей қойды.

Жамандығы құрғыр жақындағанда оны адам өзі біледі деген нақ осы жолы рас болды. Бидай алған кезде балдай батып, судай сіңіп-ақ кетіп еді, әйтеуір қарбызы құрғырды сатуын сатқанмен қылпылдап жүрді. Кеңілі алдамапты. Егінбай қарбыздың қалғанын сатқан күні ұсталып қалып, қалтаның түбін қағып қайта түсіруге тура келді. Арманды жері осы болды. Арғы жағының не болатынын Сұрқай да, Егінбай да жақсы біліп тұрды. Өйткені екеуінің соған жететін сауаты бар еді...

«Жеген ауыз жесін» дегенмен, жей алмай қайта құсқаны жаман болды.

1955.