23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Жаманның әлі жапалаққа...






Әкім де әкімді көріп жүріп Әзімбайдай әкімді көргеніміз жоқ-ты. Оның баскқа көп мекеме бастықтарынан айырмасы өзінен жоғарылар алдында жібектен де мүнәйім болса, бағыныштылар алдында Алатаудан құлай ағып, долырқап жатқан Қаскелең өзеніндей күркіреп-сарқырап жүріп береді екен. Мүмкін, бұл жүйкесі құрғырдың ерекше бір жұқарып, домбыраның тырнақтан тозған ішегіндей бырт кете жаздап жүретін кездері шығар. Ондай-ондай бола береді емес ие!? Жоқ, тіпті де олай емес. Биылғы оқу жылы басталысымен Әзімбайдың пейілі тарылып, көңілі жабығып жүріп берді. Содан кейін-ақ құдайдың тарыдай күніне бояудай бұзылатынды шығарды.

Бекер обалы не, бұрнағы жылдың қыркүйегінде жас Гүлжан институттан жаңа шығып Қаскелең мектеп-интернатына келгенде Әзімбай илеуі жеткен қайыспай, әлде иі қанған лағмандай созылып, көктемгі Есілдей еріп, Жайықтай жайылып қарсы алған-ды`.

Қарындасым қарағым, Сұраса келсем әредік, Қарып-беле шығамын,—деп өлеңдетіп келіп:— Уа, қарағым-ай екеуміз де Есілдің жағасынан, Тайтөбенің сағасынан, сонау астығы асып, гірді басып жатқан Қарөткелдің телі екенбіз,— деп жылмаң қаққан еді. Шүкіршілік, әйтеуір ең болмаса Гүлжанның институт орындығынан жада шыққан, өмірден хабары жоқ кезінде жылы лебізді адамға кездескені қандай жақсы! — деп көріп жүргендер Әзімбайдың қарекетіне сүйсініп те, сүйініп те қалған болатын. Ол кезде өткелегі көп өмірді Гүлжанның кітаптағыдай түсінетін кезі. Ол география пәнінен сабақ бере жүріп, төртінші класта тәрбиешілік қызмет атқарды. Гүлжан оқушыларға, оқушылар оған үйренісіп, бауыр басып кетті. Алғашқы оқу жылы көп кемшілігі бар жас мұғалімге осылай Жетісу қысындай жайлы тиді. Директор да май болып еріп кетпегенімен, мамыр айының солқылдақ кек шыбығындай икемді болды. Жаңа мекеннің, жақсы басталған жұмыстың қызығымен жүргенде, бір жыл дегенін, не, өтіп те кетті.

Қыркүйек туып, жаңа оқу жылы басталғанда Гүлжанның майдай еріген Әзімбай ағасы көндей құрысып, бояудай бұзылды. Оған жас мұғалімнің жүріс-тұрысы ұнамай, отырғаны опақ, тұрғаны сопақ керінді, тіпті есікті ашып жанқанына дейін сөз ете берді. Ақыры «көп қышудың арты бір шиқан» дегендей, бұл Әзімбай көңілінің бұлттануы екен, енді Гүлжанның жөн сөзі де теріс болып, Әзімбай арқаның ақ боранындай түтеп шыға келетінді шығарды. Бұған не болып қалды дегендей мұғалімдер Әзімбай мінезіне таңданбай тұра алмады. Сөйтіп жүргенде бір күні Гүлжанның өткен жылғы кластарын тартып алып, өзінің әйеліне берді. Өйтпегенде ше, Ұрқия — Әзімбайдың әйелі, анау-мынау емес, келімді-кетімді кісісі бар, бала тәрбиелеуге уақыты бола бере ме, сондықтан тәртіпке түскен, бастыққан балаларды басқаруы тиіс қой. Ал мектеп есігін жана ашқан, аузың қайсы десе мұрнын көрсететін момындар мен отыр десең түрегелетін қазан бұзар отбасының тентектерімен ол әуре болып жүре ме!? Оның үстіне қолда тұрғанда, мәуреті жүріп тұрғанда жүндей түтіп жібермегеніне мына жұрт рақмет айтсын. Мектептегі отыз шақты мұғалімді ашса алақанында, жұмса жұмырығында ұстай алмаса, онда директордың әйелі болып неме керек!? Сондықтан бірінші кластың тәрбиешілігін Гүлжанға итере салып, оның бас білген тайлақтай балаларын алып, аспанды танауымен тіреп тарта берді.

Іштей ренжіп қалғанымен, Гүлжан оны сыртына шығара алмады. Өйткені наразы болғанда не, бұған назар салатын Әзімбай ағасы өз құлқыны жақын екенін анық байқатып, әйелінің сөзің ашық сөйлеп кетті. Сонымен Гүлжан бітеу жара болып, іштен тынды. Мүмкін, ол ішінен «тамағыңа тас тығылсын, қайнаған қазан бауырыңа төгілсін» деп қарғыстаған да шығар, бірақ Әзімбайдың тамағына тұрған ештеме жоқ, сарымай салған күріш ботқадай түпкі бүйенінен ішкен-жегені бір-ақ табылып жатты...

Гүлжан үндемегенмен, үйдей пәледен құтыла алмады. Арада екі айдай уақыт еткенде Әзімбайдың пиғылы қайта бұзылып, Гүлжанды қайта қырына алды. Айтқанға көніп, айдауға оңай жүретін жас мұғалімнің класын тағы тартып алмақ болды. Әйелін риза Әзімбай енді қарындасын қайыл қылмақ еді. Бірақ қанша үндемес болғанымен, бұл жолы Гүлжан қарсылық білдірді. Қарсылық білдірмегенде қайтсын, ол кластарға бару үшін орыс тілін жақсы білуі керек еді, оның үстіне институттан жаңа келді, тәжірибесі аз, осыны ойластыра келіп ол бармауға бел байлап еді.

Әзімбайға ойын ашық айтқаны үшін Гүлжан кінәлы болып шықты. Директор қаңтарда жараған бурадай қабынып-шабынып кетті.

— Аузыңнан ана сүтің кетпей жатып бетіме келесің, сендей жапалақты жарға жабыстырамын,— деп, Гүлжанды тарпа бас салды. Ақыры адуынды директор оның кластарын пенсияда жүрген қарын-бөлесі Қалбикеге тартып алып берді, Гүлжан жарты ставкамен жар басында қалды. Енді болар-болмас жел тұрса жардан ұшып суға кетері анық көрініп тұрды. Мұның өзі «біреудің кекірігі майдан азса, біреуге таптырмайды қара кеже» деген сияқты болып шықты. Тіпті директор, оның әйелі, жақындары әрқайсысы бір жарым ставкадан ала тұрып, оның үстіне Гүлжанның күлшесін қоса алып, жегенше жеудің қамында болды. «Мынауымыз дұрыс емес-ау» деген ешқайсысы болмады, Гүлжан сияқты кейбіреулердің айтуға батылы бармады. Сөйтіп Әзімбай құйрығымен диірмен тартып жатты...

Ал бұл кезде... Не бұл кезде? Бұл шақта Қалбике сияқтылардың көңілін аулау Әзімбайдың ісін қырын кетірді. Қарын-бөле Қалбикенің ведомостағы аты-жөні болмаса интернатқа есігін көрмеді. Бұл жұмысты ері Ерденбай атқарған болды. Ал Әзімбай болса жауыр атты жаба тоқып, «жалғанның әлі жапалаққа жетеді» дегендей, күші Гүлжанға жетіп жүріп жатты...

Нақ сол бір тәрбиешісіз кластар бет-бетімен кетіп қаңғып жүріп, алтыншы кластың Нұрлан деген шәкіртін машина басып, әке-шешесін мәңгі қайғыға батырып кетті... Бұл бір қайғылы істен хабарланған тәрбиеші Қалбике кішкентай Қаскеленде интернатты екі сағат таппай жүрді...

Ал Гүлжан болса, облыстық оқу бөліміне, оқу министрлігіне мұңын шағып кәріп еді, бәрі де «сенікі теріс» демеді, жақсы сөзін айтып, телефон тегермегін бірер рет бұрап, сонымен тыныш тапты. Гүлжанның жоғары оқу орындарына барғанын естіп қалған Әзімбай бұл күнде:

— Қарабет, меңі жамандауға қалай арың барды,— деп, оған арсыздықпен ұрсумен жүр. Ал Қаскелең мектеп-интернатындағы заңсыздықтарды, арыстай болып емген баланы біле тұрып Қаскелең ауданының басшылары «ол кезде Әзімбай науқас еді» деп сипай салып отыр. Қатты айтсақ ғапу өтінеміз, егер осы іс аудан басшысы Мақановтың басына түссе қайтер еді? Қой, беті аулақ, ондай болмай-ақ қойсын, қайғылы хал өзімен кетсін. Онда Әзімбайды дәп қазіргідей ешкім осылай алшаңдатып қоймас еді.

Ал қазір ше, қазір Әзімбай арқасына тиген жұмсақ алақанды сезеді білем, Гүлжан сияқтыларға азуын шықырлатып, көзін аларта түседі. Мұны естіген педагогика институтының студенттері: «Әзімбайдың қолына түсіре көрме!»— деп зар қағып жүр, Рас-ақ, Әзімбай сияқты әкімнің қолына түспеген... Ал бұл күнде Әзекең:

— Мен жаман емеспін, бірақ әлім жапалаққа жетеді!— деп қодыраң-қодыраң етеді. «Жаманның әлі жапалаққа жетеді» деген осы дағы.

1959.