Әдебиет
Бір жаман жері
Пенсияға әркім әр қалай шығады. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демей ме қазақ. Сондықтан сіздер бұл жерде маған, мына алдыңыздағы шұбар Балбаққа жетемін деп ойламай-ақ қойыңыздар. Өйткені мен істейтін «Өрнек» кәсіпорны бақырайтып тапайдың тал түсінде маған «Волга» машинасын мінгізіп шығарып салады. Және қандайын десеңізші. Әрине оның түсін де өзім айтатын боламын. «Ақ таң» дегені болады. Менің ойымның көздеп тұрғаны да сол. Бажырайтып қызыл, әлде кегін қайтемін. Алған соң біржола аппағын алмаймын ба?! Япыр-ау, ол ақ машинаны әркім-ақ мініп жүр ғой. Жоқ, әншейін жұрттың қолына түсе бермейтін, мойылдай қарасын аламын. Қарасы күн тартқыш болады дейсіз бе? Ештеме етпейді, оның есесіне ол әлгі менімен күндес қатындай күдисе беретін Күдебайдың қолына түспейтін болады. «Өрнегің» оған ақшаны қайдан. табады деп отырсыз ғой, түк те емес, бес мың жұмысшысы бар заводқа сол да сез болып па! Балбаққа десеңіз, әр жұмысшы-ақ үш сомын лақтырып ұрады. Ойнамаңыз, ойыныңыз келмесін, Балбақтан. Сонан соң қара машинаға қайқы бас қара қатынды салып алып, бір ауылға барып, тоқтай қалайын. Жетісуға белгілі Балбақтың өзі келіп қалған екен деп естері шығып кетсін. Қош деңіз!
Гаражсыз машина машина бола ма сондай бір үңгір машиналы ағаңа да керек болмайды дей аласың ба. Оның да есебі табылды. «Машина аядым, мінеки!»— деп ауылыма барсам бір гараждың құны қалтама сарт ете түспей ме. Бұл жағы да түгел. Ауылға барып, көрімдік жинап, көлгірси сөйлеп, ешкіні апа деп, текені жезде деп жүргенімде, ол машинаның төрт дөңгелегі де ескіріп, таздың басындай жалтырап қалары белгілі. Ал оның, естуімше әрқайсысы бір жүз сом тұрса керек-ті. Міне, пәле болды деңіз. Қайта-қайта маған жылуын кім бере берсін, ашаршылықтан әлде жұттан шығып па ең демес болар ма. Және бұл машина арбиып кез-келген жерге сыя қоя ма. Қой, бір жаман жері бұл «Волгаң» маған қол емес екен.
Ал әйтпесе, осы заманның жүйрік құнаны — «Жигули» мінгізеді дағы. Қыста іші жылы, шап-шағын, есік алдына да, кежір енемнің үйіне де, керауыз жеңгемнің қорасына да сыйып кетеді. Бір жері бұзыла қалса завод ездері жөндеп береді. Жо-жоқ. Тұра-тұр. Әлгі жөндеп беремін деп ішіндегі бар жарамды бөлшегін алып қалып жүндеп беретін осы «Жигулидің» шеберханалары емес пе? Құдай сақтай көрсін, мен аулақпын ондайдан. Бұл жағына келгенде, бір жаман жері, бұл да ағаңның көңілінен шықпады. Ал осындайда сырласқаным ғой, «сұлуынан жылуы» деп, зәу шайтан бұзыла қалса өзіміз-ақ жөндеп алатын «Москвич» береді дағы. Күн сайын болмағанмен, апта құрғатпай бір бұзылып туратын мұныңды да қой. Бір жаман жері, мұның ашық-тесігі көп. Оны да қоя қой!
Бөлшегі бұзылмайтын, батпаққа батпайтын, мемлекеттің бензиніне қарап аузын ашпайтын ат-ақ мініп кетпеймін бе? Міне, есебі жаңа табылды. Ат болғанда қандай десеңізші! Екі түген сұрша ат. Жалы құлағынан асқан, шәге-жегі майысқан, сауырлы бұлт, серке сан. Қобыландының Тайбурылы болмағанымен, Ақанның Құлагеріндей бар. Қамыс құлақ, қыз сағақ, қу шеке, қолтауырдай танаулы — шырағым-ау! Па, шіркін, жаратылғаныңа болайын деп шоқтығынан бір, кекілінен екі сипап қойсам. Шашаса майысып, доп-домалақ есек тұяқ яғни құйма тұяқ жануардың жалының жары күміс, жары алтын-ау деймін. Жігіт аты деп осыны айтар болар. Тек жігіттік мәулетім жүріп тұрғанда тұс болмай, мәулетім өтіп бара жатқан шақта, алпысты алқымдап тұрғанда кез болғанын көрдіңіз бе! Шіркін, ат құлағында ойнайтын, сайтанды ноқталап мінетін дәуренімде кездессе ғой, сайранды-сәукімді салмас па едім.
Арынды атың болған соң оны салт мінбеген соң, сен де бір кемпір. Атқорада тықыршып тұлпар тұр. Қашан маған ер саласың деп тұрғандай. Теке ме, жаумыт па, қарғып мініп бір шікірейіп шыға келейінші, сонда мені «алпысқа келіп ата болсаң да жының басылмайды» дейтін қасқа маңдай Орекеңнің іші бір түз жалағандай болсын. Сонда әлгі мектепте, университетте бірге оқыған, баяғыда қыз болғандар әлі де Балбаққа көз қиығын бір тастап етпес пе?
Тұра тұрыңыз, ол аттың ер-түрманы, жүген-ноқтасы, тартпа-таралғысы, айылы, өмілдірік-құйысқаны қайда? Мына тұрған Жамбыл бес-ақ жүз километр, ондағы былғары фабрикасынан қайыс-әбзел, былқылдақ былғары, бәрін әкеліп, қоқан түйіске салып тұрып, ат тұрманын түйіндеп, түймелеп тастаймын. Ал ішкілік, тоқым дегенің саз емес, оны міне тұрған «Түскиіз» фабрикасына ортасын ойып отырып жасатып аламын дағы. Ал соққа ерің қайда, ерің? Ат табылғанмен, ер табылмай сорлап жүрмейін. Жо-жоқ. Әлгі Қазақстанның қырық миллион қойын бағатын қойшының бәрі қаражаяу жүрген жоқ қой. Солар да бірдеме мініп жүрген болар. Жоқ, болмайды! Атай көрмеңіз! Олардың темірден жасалған желқомын салып, атымның шоқтығын қаптырып, атты жауыр қылып, жауыр жайлап жүретін жаманың мен емес. Ендеше құранды ер саламын дағы! Сонан соң құранды ерді... Тұра тұрыңыз. Құранды ер! Жеті бөлек ағаштан қиюын тауып оны маған кім құрастырып береді? Құранды ер тұрмақ, қу тақымы тоқым иіскемеген сорлы біз емес не! Оның үстіне жас дегенің... Бір жаман жері, салт атқа міне алмайды екенмін. Сорлылықтың басталғаны деңіз, мұны!
Рас-ақ, бұл қыдыра жалды, қыл құйрықты маған алпысқа келдің деп мінгізіп отырған жоқ па. Ендеше ентелеп кетпей
жасымды да ойлай отырғаным жөн. Бұл жағына келгенде маған лайықтысы жазда жеңіл арба-фаэтон, қыста бітеу шана. Оған тәртені анау Қонар ағамның қорып, қол тигізбей баққан бағынан сырықтай екеуін кесіп алып-ақ келермін. Ал басқасы... Қиыны — доңғалағы. Оны қайдан табармын. Алматыда не көп, ағаш көп деп отырсыз ғой. Оныңыз да дұрыс. Ағаштан істелетінін бірдеме етермін. Ал шенін қайда тартамын. Бір жаман жері, машина мінеміз деп арбаны атымен ұмытыппыз ғой. Ал ауыл тұрмақ Алматыда, Ал маты тұрмақ адамның жанынан басқаның бәрі сатылатын Ташкенттің Алай базарынан қамыт, доға дегенің табыла қоя ма? Әлде соны іздеп Россияға барам ба? Бір жаман жері осы болып тұр-ау.
Бір жаман жері, ат дегенің тәуліктің жиырма төрт сағатын түгел түрегеп тұрып, алдына салған жем-шөбіңді гүрсілдетіп ұрғанда оған шақ келетін не бар! Сондықтан бауырым, құранды ерінді де, құр атынды да қоя тұр. Бір жаман жері, атыңның бабын табатын Балбақ емес.
Ат болмаса қоңыр егіз қолайлы болмас па жасы келген кісіге дейді сонда жігіттер. Рас-ақ. «Дүние екі келмейді, егіз аттай желмейді». Ат дегенің — ала қашпа мал. Мамыр айының ішінде одыраңдап-оқыралағаны болмаса одан шаруаға тыныш қоңыр егізімнің өзі артық. Ат деген — ұзап жайылатын ұзын аяқты мал. Оның үстіне «тау беріссіз болмас, ел ұрысыз болмас», деген де бар. Тәйт дегізіп әлдебіреу Алатау асырып жіберер болса, ол Бекежан астында ойнаған Төлегеннің көк жорғасынша кете бермес пе! Қоңыр егізім тыныш, қоңыр егізім! Жаяу қайырып, сауырына жайғасып, жай басып отырғаным-ақ жақсы. Жылқы сияқты тәулік бойы аузы тынбайтын қоңыр егіз емес, бір уақыт күйіс қайтарып жатады, түн болса түнек азбарға байлаймын да тастаймын. Құдай қоңыр егізден жарылқасын! Жылқы сияқты кек жоңышқа, болат таға сұрамайды, ол. Тауың да, жазығың да бәрібір оған, тағасыз-ақ таймайды. Мақтаулы көкбестің күз болса, таудан тастай құлап, жас сорпа болып жатқанда, «сиыр құлапты» дегенді естігендерің бар ма? Міне, қоңыр егіздің қасиеті! Жүріске келгенде егіз аяңмен-ақ тұлпарындай болмағанмен тобыршағыңнан, топай торыңнан ол қала қоймайды. Өгізге мініп, бір меске су құйып, қырқа-қырқаны аралап, күзен аулап, қырық жыл жұмыс істеп кигізе алмаған күзен ішікті үйдегі жеңгең Жәмкеңе солаң еткізіп кигізе салғанда көрерсің, әлі!
Ойбай-ау, егізге қалай жайдақ мінерсің. Әлгі ыңыршақ (ашамай емес) деген пәлесі керек екен ғой. Оны жасау киын емес қой дейсіз бе? Дұрыс-ақ. Алты ағашты қиюластыра салу керек. Бірақ алпысқа келгенде ағаш шабамын деп балта-шотты, шапқыны, қадауды, жоңғыны, ыңғыруды, ұңғыны қайдан іздеп жүрейін. Бір жаман жері, оны түгендеймін деп жүргенде жасым да түгесіп қалмасын.
Өгіз мінгені де мойнымды мінейін. Одан да оны арбаға жегіп алып, пішенімді шауып, шебімді тасып алайын. Бір жаман жері, оған әлі мойынтұрық керек екен ғой. Ауыл өзендерінде самсып өскен қара талдың бірін кесіп әкелсем, бір егіз түгіл он егізге мойынтұрық болмас па. Е, оған көп қиқалмасам керек. Оны жасап алармын-ақ. Ал оған кигізетін самиянды қайдан табармын. Жуандығы саусақтай, бір құлаш темір болса, екі самиян шықпас па. Темір табылғанымен, темір ұстаны қайдан іздеймін. Ауылдағы ұста дүкендерінің жоқ болғаны қашан! Ендеше... Ойбай-ау, сол самиян жасату үшін бір жаман жері қара металлургияның қайнаған жері — сонау Арқадағы Теміртауға баруым керек екен-ау. Оның үстіне өгізді егіздің күшіндей денсаулығы бар адам пайдаланғаны дұрыс-ау. «Құланды да жыландай кісі атады». Күн болса қурап, жел болса ұшып тұрған мен өгізді қалай күтем. Малды күтпесең малдан боласың. Өгізді көтерем қылып өлтіріп, малдан атанғанша малсақ Балбақ болып жүргенім жақсы дағы. Бір жаман жері, егізің енді өзімен-ақ болсын!
— Одан да,— дедім мен,— бір есек-ақ берсеңдер қайтеді.
— Ләппай!— дейді бәрі қоштап. Шамасы олар да өгіз сатып беруден есек сатып берудің арзанын анық біледі-ау деймін. Жем де, шөп те сұрамайтын, қоқыр-соқырды-ақ нәпақа қылып жүре беретін, «есек жүрер қатқақта, мәлім болар батпақта» десеңіз де, маған содан тәуірі болмайды-ау деймін. Көкірегіңізді қанша өрге айдағанмен, сенің бағаңды салпаң құлақтың бағасынан артық көрмейтіндер бар екенін жасыңыз алпысты алқымдағанда өзіңіз-ақ аңғарғаныңыз оңды болар. Бүгін «Бәкелеп» отыратын сары былшықтардың ертең шылдыр еткен бір қоңырауды қимайтынын езің біліп тұрғаның да жөн.
Сонымен шаруаға да, алпысқа келген атаңа да құдайекеңнің лайықтап соққаны есек екен. Айыл да, өмілдірік те, мойынтұрық та, ыңыршақ та керек емес, қырық жылғы құрымды құйымшағына қоя сал да, бұтыңды арта сал. Сонан соң митыңдап болса да тарта бересің. Есек табу да оңай емес, оны алу үшін әлде Ташкенттің, әлде Самарқанның базарына бару керек. Дегенмен көптің таппайтыны жоқ, маған кек есекті көлденең тарта берсін. Енді есегімді жетектеп кете берейін дегенімде:
— Ей, есек сенің не, шөп те, қора да сұрамайтын бір велосипед-ақ беріңдер демеймісің,— дегені. әйелімнің. Басынан әйелге бағынып үйреніл қалған байқұс басыма оның айтқаны қона кетті. Оны тез жүзеге асырайын деген мақсатпен ышқынып:
— Оу, ағайын!— дей бергенімде:
— Ағай, мына қағазды толтырыңыз, ертең пенсияға тығасыз!— демесі бар ма, әлгі жағың қарысқыр тікбақай хатшы қыз. Кезімді ашып алсам, жұмыс үстелімде ұйықтап кеткен екем. Жаңағының бәрі өнімде болмай, түсімде болғаны қандай жақсы болды. Машина берсе гараж іздеп әуре болар едім. Егер өңімде әлде атқа, әлде өгізге ісім түсер болса, не болар еді, жаңағыларды іздеп жаным қалар ма еді. Аршындай басқан ат түгіл аяңдаған егіз, шабан өгіз түгіл митыңдаған есек менің иемді алған. Ең дұрысы май да, жай да сұрамайтын шайтан арба еді, құдайекең оны да бұйыртпайын деп тұр. Ертең кететін кісіге шайған арба түгіл, шайтанның өзі қайда?! Бір жаман жері, мен де, сіз де түбінде бармай қоймайтын жаққа жаяу тартқалы отырмын. Амал нешік! Пейішіңіз болса да, тозағыңыз болса да жаяу аралап шығуға, сонымен дайын отырмыз. Әттеген-ай, деңіз!
1988