23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Жабулы машина






Ыңғайы жаңа келіп, Керімнің машинаға қолы зорға жетті. Машина сатып алу дегеніңіз бір адамның ісі түспей-ақ қоятын қиындау қарекет екен. Керім машина кезегіне тұрғалы көп жыл болған. Содан бері кезегі үш рет өтті. Үшеуінде де әлгі қысқа жібі құрғыр байлауға келгенімен күрмеуге келмей, үш жолы да ақшасы жетпей қалып, машинаны артында тұрғандар алып кеткен еді. Өйтпегенде қайтеді, шамасы келген алып та жығады, шалып та жығады емес пе, ал бұл болса он бес жыл жинағанда тағы да бір дөңгелек жетпей жатқаннан соң, үш рет кезекті өткізіп жіберіп, төртіншісінде тағы қалғаным елден-жұрттан ұят-ау деп, қарызданып-қауғаланып өз кезегіне өзі қағаз алды.

Керім бәрі бітті, жетпей тұрған бір дөңгелек ақшаны таптым, енді барып, базадан машинаны қуып келе. қоямын да, түнімен жуып, ертең жарқылдатып жұмысқа мініп барамын деп ойлаған. Жоқ, құдай екен басқа салмасын, бес жыл кезекке тұрғанынан, мына соңғы бес ай сандалғаны етіп-ақ кетті.

Завод кәсіподақ комитеті мен әкімшілігінің берген қағазы қалалық Советте бір ай жатты. Сонан соң барып, ол документ тексеріліп, толтырылып қалалық сауда бөліміне түсті. Енді бәрі де біткен шығар деп еді, олай болмады. Фонд бітіп қалды деген бір сөз тағы естілді. Сонда қалай болғаны?

«Сіздерге бес машина бөлінеді...»— деген заводқа келген қатынас қағазды Керім өз көзімен оқып еді. Сонда жоқ машина заводқа қалай бөлінген? Бұған Керімнің ақылы жетпей-ақ қойды. Ал барлығына документ бір жіберілген, Теңгебай мен Теміртек машинаны алып үлгеріпті. «Сендер қалай алып қойдыңдар»— деген Керім сөзіне олар күлді де қойды.

Ал Керім алатын машина әлі заводтан шықпаған ба, әлде бір жерде темір жол бойында тұрып қалған ба, әйтеуір сауда бөліміндегілер «машина жоқ» деген жауап береді. Ақыры қалалық Совет атқару комитетіне бірнеше барып жүріп, сауда бөлімінен қағазды магазинге де түсірді-ау! Магазинге ақша өткізуге де бірталай сандалып, ақыры үш ай дегенде ақшаны кассаға өткізіп, енді базадан машинаны алуға беттеді. Мұнда да бір талай жүріп, енді бүгін ыңғайы келген сияқты.

Машиналар тұрады десетін база қоймасы шамасы бір шақырымдай бар екен. Әлгі келмей жатқан машинаның неғып бір-ақ күнде келгенін кім біледі, мұнда тізіліп тұр. Тіпті оны алуға келіп жатқан адамдар да көп емес, некен саяқ.

Машинаны босатуға тиісті база басқарушысы беті жабайы ара шағып алғандай көлкілдеп кеткен, екі бетінің ортасында мұрын орнында бір кесек ет, ауыз осы дейтін жерде үстінде бір кесек, астында бір кесек ет бар, құлағы тебінгідей, мес қарын, бірақ соған лайықты бойы да бар ірі қазақ — Басыр аяққа қаққан тақадай тақылдап тұрған қолтоқпақтай біреу. Құдай шамасы бір жерде қызмет істеуге екі кісіні жаратқанда алдымен Басырды жаратып, «қап, анаған құрылыс материалым көп кетіп қалды-ау» деп, Басекеңе артық кеткен затының есесін мына оның көмекшісінен үнемдегендей екен. Солай демей не дерсің. Бірақ шыны керек бастығы да, көмекшісі де жарасып-ақ тұр. Әуелден мол жаралған Басекеңнің жұмсауына лайық болсын дегендей, қолды-аяқтай балаға ұқсатып, Мақаңды жүгіріп, безіп тұруға әдейілеп соққандай. Егер керісінше Мақан бастық. Басыр көмекші болса не болар еді, онда ол күлкі емес пе!?

Үстінде күпісі, оның сыртынан бастыра киген кенептеу сулығы бар, осы тұрысында тым қолапайсыздау көрінетін Басыр икемсіз, әрқайсысы жас баланың білегіндей жуан саусақтарымен машинаға жазылған нарядты көңілсіздеу алып тұрып, қағазға қарамастан бұрын Керімнің бас-аяғына көз салып, ұрыларша қарады. Сіздің адам психологиясын қаншалықты білетін, білмейтініңізді біз саралай алмаймыз, ал біз білетін ұрылар, мысалы, бір үйге сұрлау мақсатымен емес, қонаққа келсе де) кіргенде үйдің ішін көзімен тегіс шолып шықпай отырмайды да, сөйлемейді де. Егер сөйлей қалса да, үй иесіне сөйлей тұрып, көзі үйдің үбін-мүлкін аралап жүреді. Сол сияқты ғасырдың қодар бойымен Керімнің басынан аяғына дейін қарағанда қараптан-қарап тұрып, ол қатты қысылды. Киімінің бәрі көнетоз екен, осыған машина не керек деп тұр ма деп ойлады ол.

Керімге көз салып, біткен соң оның қасына ере барған Ұстабайға қарады. Оның да шекесі шеруен атып тұрған жоқ, киімі қоңыр төбел болатын. Өзі істейтін заводтағы автомашинаны ең жақсы білетін Ұстабайды машинаны көріп беруге Керім әдейі ертіп алған еді. Басыр қолындағы қағазға бір үңілді де:

— Машина алатын қайсысың?— деп сұрады. Оның гүрілдеген жуан даусы қойма ішін күңгірлетіп жіберді. Мүмкін осынша дүниені қолымен ұстап тұрған адамға осындай дауыс керек те шығар.

— Meн,— деді Керім. Басыр оны тағы да қоңашсынғандан менсінбей, алара бір қарап алып сөйледі:

— Ал, қалауыңды ал!

«Уһ,— деді іштей Керім,— әйтеуір, сәті түсті-ау!»

Керім машиналар самсап тұрған үлкен сарайға көз тастады. Мына бірінші бұлындағы өңкей «Волга» екен, болса болмаса да онда жұмысы жоқ. Екінші бұлың толып тұрған «Жигули», одан арғы бұлында «Москвич», әрі қарай «Запорожец», солай ұсақтай береді. Бірақ осы бұлыңдардың бәрінде де екі-үш машина жабулы тұр. Олар шамасы ерекше бояулы шығар деп шамалады Керім.

Екі жігіт екінші бұлыңға келді. Алдымен олар машиналардың түстерін таңдады. Қазір жұрттың көбі-ақ ақ машина мінеді. Сондықтан алдымен соларды қарады. Базардағы түйенің тісін ашып көргендей-ақ Ұстабай әр автомабильдің тамырын басты. Алты-жеті ақ машинаның азды-көпті бәрінің де ақауы болып шықты. Осы жолмен кегін, сарысын, қызылын, қысқасы, бәрін қарап біреуінің анауы, біреуінің мынауы жетпейтінін білді.

Осы «Жигули» тұрған бұлыңды екі жабулы машина тұр. Бірі — қызыл, екіншісі.— ақ.

— Мына машинаны көрейік,— деді Керім,

— Жоқ, болмайды,— деді Басыр.

— Неге болмайды, сатылған машина әкетілуге тиіс. Ендеше осы машинаны қалаймын.

Нақ осы жерде жуан кісі жуандығын көрсетті.

— Ей, қарағым, мұнда біз ерігіп тұрғанымыз жоқ, алмайтын болсаң, енді басымды ауыртпа, жолың анау!

— Қалай-қалай сөйлейсіз, ақсақал? Бұл мемлекет үйі ғой. Сізбенен бізге ортақ.

— Жоқ, олай дейтін болсаң, шауып ал. Айтқаным, айтқан. Баратын жеріңе бара бер.— Басыр қатты кетті. Мына, түріне қарағанда, ешкімнен айылын жимайтын мықтыңның өзі. Мына үлкен базада одан үлкен өкімет жоқ. Әлде оған өкімет дегенің жалпы жоқ. Әкесінің үйінде сауда жасап тұрғандай қойқаңдайды.

— Болмайды дедім ғой, болмайды, ол сатылып қойылған. Және бір үлкен кісіге белгіленіп қойылған.— Ол енді бұларға бұрылмастан теріс қарап, көзімен база ішін шолды. Біреуді іздеп тұрғандай. Алды көлкілдеп кеткен үлкен ала көзінің шарасы кең екен, ол әлде бірдеңеге абыржығандай. Керім ойға қалды: сатылып қойылғаны қалай, белгіленіп қойылғаны қалай? Сөзі неге екіұштылау.

Бұл бір арбасқан сәтте Басыр да ойда еді. Қайда ғана кетті, әлгі жүгермек, Мақан. Ыңғайы келе бастады емес пе! Жабуға кезі түскені, қолға түскені ғой. Әлгі Мақан осындайда келістіріп жіберуші еді. Жоқтауың асқыр, қайда ғана жоғалып кетті екен.

— Ал машина алмайтын болсаңдар, келесі келуін күтіңдер. Мені анау «Москвич» жақта да тосып тұрған адам бар.— Ол осыларды айтуын айтқанмен кетіп қалмады, тіпті көзімен базаның ішіп ішіп-жеп барады, әлде дәрет сындыруға тыпыршып тұрғандай мол жаралған денесімен ырғалаңдап, қозғалақтай берді.

Басырдың көмекшісі қайда кетті екен деп ойлады Керім. Соны айналдырып көрсе, жылы адам сияқты еді, ал мынау бір ұстаған жерден сынатын томырық екен, саудадағылар көбіне-ақ майға малған қасықтай жылпылдап, тілалғыш баладай лыпылдап тұрушы еді. Не сөз етпейтін, не бүгілмейтін пәле ғой, мына Басырың.

Осы бір жуан ағаш иілмей, ауыздағы сездер пәтуа таппай, итырқылжыңмен тұрғанда, атқа жеңіл баладай тыпылдап, жыпылдап Мақан да келе қалды. Керім мен Ұстабай жабулы ақ машинаға таяу тұрған екінші ақ машинаны айналдыра бастады. Мұның алдынғы екі дөңгелегі ішіне қарай қисық жасалған деді Ұстабай. Оны арнаулы шеберханаға апарып қайта тартпаса болмайды.

Сондай-ақ артқы отырғыштың серіппесі қазірдің өзінде шиқылдап тұр. Бұл екі жігітке Мақан тым ыждағаттық көрсетті. Ол Басыр бір теріс қарап бұрыла берген қаға берісте:

— Әлі де болса жабулы машинаны сұраңыздар,— деп, тым жанашырлық көрсетті. Екі жігіт Басырға қайта бата алмай, осы бағанадан бері айналдырып тұрған машинаны-ақ алмақ болды. Бірақ бірнеше кемшілігі бар.

— Мен сіздерге көмектесейін,— деп жып ете түсті Мақан.

Машина алмақ жігіттер оған құлақ тіге қалды. Мақан дереу Басыр жанына барып бір сөз деді:

— Басеке, мына жабу астындағы машинаны берсеңізші.

— Жоқ, болмайды,— деп Басыр дүр ете қалды. Бірақ неге екені белгісіз, Мақанға иегін изең еткізді. Мақан жаңағыдан да қатты жабыса түсті:

— Уәде берген адамыңыз басқасын алар. Мына жігіттер бүгін де көп жүрді және жалпы машинаның артында әбден әуре-сарсаңға түскен екен. Берсеңізші, жабулы машинаны. Ол адамыңыз осы жігіттерден артық емес қой.

Басыр Керімдерге бұрылып тұрып қарады. Бұл жөнге келіп қалды ма деп олар бері бұрыла беріп еді, Басекең қайта гүр етті:

— Сен нағып қыстырыла қалдың? Бермеймін, болды.— Бұл бермеймін деген сайын Керімдер жабу астындағы машинадан басқасын алғысы келмеді. Жабу астындағы машинаның барлық бөлшегі алтыннан құйылғандай болып көрінді. Мақанның Керімдерге жаны ашығаны сонша, тіпті Басырға жалына сөйледі:

— Заводта істейтін жақсы жігіттер көрінеді. Жақсылықты білмейтін жігіттер емес сияқты. «Алаған қолым берегенді», білмейтін қазақ болушы ма еді,; Басеке, иілсеңізші.

— Ой, тас кенедей жабысып сен қоймадың ғой. Олардан сонда маған не пайда? Қайбана қазаққа жақсылық жасадың не, жасамадың не! Олар оны біле береді деймісің?

Басырдың жібіп келе жатқанын екі жігіт сезді. Енді не істеуіміз керек екен дегендей олар бір сәт тосылып қалды.

— Ендігісі өздеріңе байланысты, жігіттер. Бір көк құлақты аямасаңдар бәрі болады. Құдай сәтін салайын деп-ақ тұр.

— Көк құлағың не, бес сом ба?— деді Ұстабай.

— Олай ұсақтамаңдар, машина алғыларың келсе, нөлді қоса салсаң, мүмкін Басекең көніп те қалар.— Бұдан кейін Мақан екі жігіттің жалдап алған делдалындай, Басырға қаран, бұларды өзі билеп-төстей сөйледі.

— Басеке, бес шөлмекті бермейтін бұларды, ісім деп едің. Елдің азаматтары емес пе! Қисаңызшы жабулы машинаны.

— Ойпырмай, қадалған жеріңнен қан алмай қоймайтын бір пәле екенсің. Немене, сонша сол жігіттерге иіп кеттің?

— Ер-азаматы ғой еліміздің,— деді Мақан, көзің жамандық көрмегір. Керімдердің сезін сөйлеп-ақ жатыр, бұдан артық енді не істей алсын! Барлық пәле анау Басырда болып тұрған жоқ па?

— Ал қоймадың ғой, сен де жанымда тұрып алып. Маған болысудың орнына, келгендер жағына шығып аласың!

— Азаматтардың сағын сырдырмайық дегенім ғой, Басеке!

Керім мен Ұстабай сұраған кек құлақты суырып беріп, машинаның жабуын сыпырды. Ұстабай машинаға отырып, от алдыра алмады. Жаңағы мұздаған теректей иілмейтін Басыр бәйек болып кетті. Ол тез бұйырып Мақанды жұмсады:

— Қызыл машинаның аккумуляторын әкеліп сал!— Қызыл машина екінші жабулы машина екенін екі жігіт білді. Мақан бәрін де қас қағымда істеп үлгірді.

Машина дыр етіп оталды. Екі жігіт жабуы сыпырылған ақ машинаға отырып, базадан шыға берді:

— Игіліктеріңе мініңдер!— деген Басырдың гүжілдеген даусы естілді. Бұлар қақпадан шыға бергенде-ақ күлмеңдеген жуан мен жіңішке — Басыр мен Мақан Керім алған ақ машинадан түскен жабуды жаңа олар көп кемшілігін тауып, ұнатпаған көрші тұрған машинаға жауып жатты. Қысқасын айтқанда, келесі көк құлақты жасап жатты...

1987