Әдебиет
Ортан қолымды тап
Біздің колхоздың бас зоотехнигі жақсы жігіт, ал директорымыз керемет десем де болады. Олар жұртпен араласқанда наурыз көженің қоюындай қалың кептің ішінен директор қайда, бас зоотехник қайда дейтін емес, қитық сыз араласады да кетеді. Өзіңіз наурыз көженің қоюын бөліп көрдіңіз бе, онда біздің қазекем үйінде қандай дәм, қандай піскен ас болса, бәрін сол көженің ішінен тапқызады ғой. Бидай ма, тары ма, добиа ма, ноқат па, жүгері ме, қара құмық па, құмда есетін құмыршық па, үйде желінбей қалған жұмыршақ па, әйтеуір бәрін қазанға сала береді ғой. Қатқан құртты, кепкен сары ірімшік пен ежегейді айтып та жатқан жоқпын. Оның үстіне қыстан қалған сүргіден не бар, қазы-қарта, жал-жая, тіпті осы кездегі домалантып картопты, қып-қызыл қып помидорды да салып жіберсе керек-ті. Ал Шымкенттіктер қатқан қара мейізін, сартаптанған сары өрігін де тастап жіберсе не дерсің. Ал осының ішіне қай дәнді тауып аламын деріңіз бар ма?
Міне, біздің зоотехнигіміз Әлімтай да, директорымыз Дүрмекбай да көп ішінен осылай табылмай кетеді. Оған біз риза бол май тұра алмаймыз. Өйткені бұрынғы Дүрлібай мен Күдербай сияқты хәлімізді машинаның үстінен ғана біліп немесе иегін изең еткізіп өте берсе, оған біз не істей алар едік. Директорлардың, шынын айтсақ көпшілік көңілін табуға тырысатыны осы сайланып қойылатын болғаннан бері десек аузымыз қисайып қалмас деп ойлаймын.
Несін айтасыз, Дүрмекбайға жететін жігіт бар дегенге сене бермеймін. Өзіңіз ойлаңызшы, қай директор «демалысқа баратын едім, соның алдында хәлдеріңізді білгелі келдім» деп Дүрекендей машинасынан домалай түсіп жатушы еді. Ал бұл жөнінде Дүрекеңнің басқалардан орны бөлектеу. Тіпті отарда жалғыз үй отырған біздің жағдайымызды ондай кім ойлапты. Түнеугі күні шыбын шығып, мал дала жайлауға шыдамай бара жатқанда, біз Алатау үстіндегі Асыға көшкелі жатқанымызда келгенін айтсайшы. Үнді шайы, зәйтүн майы, шылдырлаған шишаларды машинасынан шығарғанда:«Адамға қамқорлықты бірінші орынға қоятын бастықты көргенім осы»,— деп жібергенім де бар. Несін айтасыз, сонда бір жырғап қалдық емес пе?!
— Ой, Бәке,— деп жіберді ол.— Сіздерге бос келуге бола ма, бар игілікті өндіріп жатқан ездеріңіз. екенін біз білмесек кім білмек!— Па, па, шіркін, біздің Дүрекендей жігіт туа бермейді. Тіпті мен сияқты малын бағып, отын жағып қойыртпағын ұрттап, қойын құрттап жүрген қойшыны неге демей Балбақ деп, тіпті бастық адам не десе де еркі бар, Балбақ емес, бір әрібін өзгертіп Балпақ деп жіберсе, мен немене сонша, соны шауып алар ма едім! Шіркін жақсылардың жөні басқа ғой. «Бәке, қойшы, қадірін біз білмесек кім біледі»,— дегенде ішім жылып, ішімдегі бұрынғы бастықтарға деген шемен болып қатып қалған, түйін-түйін беріштенген бездерім майдай еріп жүріп бермесі бар ма!?
— Ей, қатын қыста туған қара кебені ұста,— деп, Балбағыңыз жұнттай болып, семіріп алған бағланды бас салып, жарқыратып сойып тастамасын ба. Әлі аузынан сүт кетпеген қозының жылы-жұмсағын қазанға былқытып. әлгі біздің үйдегі өзімнен айнымайтын шүйке басым — Шүрегей асып тастады. Ол да өзім деген кісіге қоң етін кесіп беретін, құрт бергенге құрт беретін, сырт бергенге сырт беретін мәрт адам еді. «Ұрының қатыны қашанда өзіне лайықты да». Әсіресе бірі қызыл, бірі ақ екі шөлмекті көргенде, сілтегенде езімнен бір қалыспайтын сылқым-тайымның мөлтілдеген қара көздерінің күлмеңдегенін айтсаңшы. Күлмеңдемей қайтсын, арақ деген аузымызға айлап тимейтін болып кеткенде, бір қызыл, бір ағын екеумізді де ескеріп, (әрине екеуі де ақ болса одан да жақсы болар еді) елеп, дырдай директор басымен өзі келіп отырса, қара кебе түгіл, қарагер биені жарып тастамассың ба!? Одан аяғаныңды ит жесін.
«Немене үйіңе төре түсетін бе еді?»— дейді ғой біздің қазақ. Дүрекем жанында төрең де адырам қалсын дағы, сол бір он екінші ғасырдың шапқыншыларын тере деп терге шығарып алғанымыз да езіміздің көп сорлылығымыздың бірі емес пе. Ал мынау төрт тұяқты атпен емес, төрт дөңгелекті машинамен келіп, үлкен басын кішірейтіп, өзі келіп түсіп отырған Дүрмекбай дүрілдеген дүр ғой, шіркін!
Жігіттің жігіті жолдас-жорасымен, жорға-торысымен көрікті демей ме. Сол айтқандай Дүрекең мұндай келісінде қасына зоотехнигі Әлімтай ғана емес, шөнтігінде ақшасы бұрқырап, тиыны сылдырлап жүретін әлгі қасқырдың асығындай мыжырайған, кішкентай, ешкім айт қазақ кассир Қадақбайды ала келеді. Екі айлық жалақымызды бір-ақ әкеліп, қос уысымызды толтырып жібергенде, кезің жамандық көрмегір Қалақбайдың өзіне де бірер қызылқұлақты ұстаға салатын әдетіміз де жоқ емес. Ол да жігітім-ақ бекер обалы не, «алмаймын» деп айтып көрген жоқ. Өйткені жанымызды әлгі екі шөлмек — бірі қызыл, бірі ақ, жібітіп жібергенде ақша түгіл ағаңыздың өзі садаға деуден тайынатын Балбақ емес.
Екеуін сылқытып тастап, әрине олар азырағын, біз көбірегін ішіп алған кезде Әлімтай біздің түлкі құрсақтау қалғанымызды аңғарады да, Дүрекендей екеуін шығармағанмен, бір актың басын қылтитады. Енді бұдан неңді аярсың. Шіркін, адам жанын түсінетін жігіт деп осыларды айт! Жақсының жөні қашанда басқа ғой!
Нақ осындай бір Дүниені төртке бөліп, өзіңнен ақылды, өзіңнен береген, өзіңнен көреген адам жоқ болып, көңілің аспанда, ақылың әлдеқайда отырған шақта біздің зоотехник Әлекеңнің ойынпаздығы ұстап кетеді.
— Ортаң қолымды тап ойнайық!— демесі бар ма.
— Ойнасақ ойнайық!— деймін мен, төрт құбылам түгел, кеудем кеуіп, жаным жадырап отырғанда. Жадырамай қайтейін, қашан, қай заманда бастығың сенің әріптесің болушы еді. Енді міне, Дүрекемнің өзімен «ортаң қол тауып» ойнайын деп отырсам, бұдан артық өзі мен кім болмақпын. Баяғыда біреу айтқан еке:н «Құдайға шүкір, Қожбанбетпен жастымын»,— деп. Шамасы елінде Қожбанбет деген жақсы кісі болса керекті. Анау әлгі мен сияқты бір дардаңдай болса керек, сол кісімен құрдастығына да мас болады екен деседі. Сол айтқандай, әріптесің бастығың болса, енді мұндайда көтерілмеген көңілді итке сал!
— Не салып ойнаймыз?— деп қадаң ете түсті әлгі ешкімпайт қазақ Қалақбай.
— Бүгін бәріміз де жалақы алдық қой, бір жалақы қайда кетпей жатыр.— Жомарттықтың да жөні басқа, көрдіңіз бе, бір жалақыдан кем аузында сөз жоқ.
— Дұрыс,— дедім мен де лепіріп, не болса да Дүрекеңнің өзімен әріптес болғым келіп.— Дүние екі келмейді, өгіз аттай желмейді, тәуекел!
— Бәкең, ер жігіт екен ғой,— деп, әлгі Қадақбай тағы да қадаң ете түсті. Қадақбайдың сөзі де жаныма жағып кетті.
— Қане, баста,— дедім,— әкем Қыдыкейден қалған дүние жоқ,Әлеке!
— Дүрекең жасырсын,— деді Қадақбай.
Көп үндей қоймаған Дүрекең теріс айналып кетті де. бір сәтте оң қолын сол қолымен уыстап бері қарады. Көзі күлімдеп езуінде күлкі, жез мұрты едірейіп алыпты. Байқаймын, бес саусақ түгел көрінеді.
— Кім табады?— деп сұрады ол.
— Жол үлкен кісінікі ғой, Бәкең тапсын,— деді Әлімтай кішіпейілділік жасап. Оқыған адамның жөні бөлек-ау деп мен отырмын. «Мен табамын, мен бас зоотехникпін» десе, не дей алар едім мен пақыр. Жолы үлкен Әлекең жасы үлкен маған жолын ұсынып, қолын қусырып «ләппай» деп тұрса, мұндай сыйды білмейтін мені сонша кім деп едіңіз, Дүрекеңнің жасырған он қолының «ортан терегін» дәп бастым да бірін шымшып ұстадым. Директордың қолының ұшы жұп-жұмсақ екен, мықтадым білем.
— Ашыңыз!— деді зоотехник Әлекең. Дүрекең қолын ашқанда менің шымшып ұстап тұрғаным оның сол қолының «шылдыр шүмегі» болып шықты. Сөйтсем оң қолға` сол қолдың бір саусағын қосып жіберген екен.
— Әй, да, Бәкең қатырады!— деді Қадақбай тағы.да. Қатырдым ба, қаттым ба, ол жағы нақ осы шақта ойда болған жоқ, тасы ерге домалап, аты жүріп тұрған адамның қолы да жүріп кеткеніне таңданбадым. Жаңа ғана Қадақбайдан санап алып екі қызыл құлағын оған бергеннен қалған үш жүз қырық сомның жүз сексеннің ойын басына:
— Мінеки, сіздің әріңізден садаға кетсін,— деп тастай салдым.
— Бәкең қатырады!— Қадақбай. Несін айтасыз білгір адамның жөні басқа ғой, Дүрекең дүр екен, Әлімтайдың да, Қадақбайдың да бір-бір жалақысын қағып алды. «Япыр-ай,— деп ойладым мен,— құдай бергенге құлай береді» деген рас болғаны ма. Бір мені болса жөн, ет піскенше үшеуімізді де ұшырып түсірді емес пе, бұл Дүрекең. Құдайекең бөлекше жаратқан адамдар болады деген шамасы рас шығар. Менің бір айлық жалақым жарты минуттың ішінде Дүрекеңнің қалтасына барып қойып кетіп жатса, мұндай пендесін құдай бекер жаратпаған-ау демеске шара бар ма?!
Былқыған кебенің еті келгенде әлгі бар болғыр Қадақбай бір шөлмек қызыл арақ шығарып, соны ішкеннен кейін мен тіпті Дүрекеңнің өзімен. түйдей құрдас адамдай қалжыңдасып, шалқып кеттім білем.
Дүрекеңдер кетерде әлгі зоотехник Әлімтай әлденені еске салып:
— Ініңіз алыс жолға кетіп барады, бүгін сізге әдейі сәлем бере келді. Жол жүріп барады ғой,— деді мәймеңкелеп. Емеурінді езуінен танып үйренген елдің баласы емеспін бе, екі айлық жалақыдан жанымда қалған жүз алпыс сомды да Дүрекеңнің алдына алып ұрдым...
Дүрекең аттанып кетті. Басқа бастығың біз сияқты қарапайым адаммен осылай қитықсыз араласа ала ма, міне, мәселе қайда жатыр! Әсіресе кетеріндегі мені құшақтап тұрып қоштасқанын айтсаңшы! Майдай еріп, жібектей есілді, «Біздің де үйіміз бар, біздің үйде де боларсыз»,— дегені көр көкірегіме орнап-ақ қалды. Шіркін, біздің Дүрекең!
Ертеңінде ұйқыдан тұрғанда кешегі күнді еске алып, көңілім алабұртып, алысқа алып ұшып отырды. Әлдене есіме түскендей қалтама қолымды салып, ақшаны іздесем, әйелім айтады:
— Ақшаң Қырымға кетті емес пе,— дейді. Фермадағы шопандармен пікірлессем, Дүрекең олармен де «ортан қолымды тап» ойнап, олардың да «орны басқа» екенін баса айтып, бәрін де май жаққан көкедей жібітіп жіберіпті. Дегенмен, бауырым, айтып айтпай не керек, жұрт үстінен күн көретін теріс азу адамдардың аузының салуын айтпаңыз. Оларың бар ғой, қойшы түгіл құдайыңның бермесін алады-ей!
Сонымен қалтама қолымды қайта салып, саусағымды екі танауыма тығып қалғанымды анық білдім. Ойнарсың қызыл арақпен!
1987