Әдебиет
Иек изес
«Қанжығада көрісерміз» дейтін қоян емеспіз. Әжептәуір адамбыз, шынын айтсақ, адамбыз деп жүрміз. Басқалардың біз туралы не ойлайтынын кім білсін, езімізге салса, қатарымызға тұра алатын, таразыны тең басатын, бізбен иық теңестіре алатын ешкім жоқ. Туысқан дегенде тұлан тұтып шыға келетін жатбауырың біз емес. Туысқанның аты естігенде екі өкпемізді қолымызға ала жүгіретін аңқылдақ сорлының біріміз. «Ұрының қатыны өзіне лайықты» дегендей, әйелім Айрангүл де өзім сияқты ақтарыла салатын байқұс. Қарасаздан келетін туысқандар түгіл, иісі Алмалықтікі болса болғаны, ол жатып жастық, иіліп көсек болып, шелді жердегі кеуректей қаудырап қағады. Бір жаман жері — менің туысқанымның қия басқанын қалт жібермейді. Дегенмен біз көбіне өзімізді «Ағайынның азары болса да, безері болмайды» дейтінді қатты ұстанатын қазақпыз деп есептейміз. Ісі түссе қамырдай илесең де қайыстай созылып көне беретін, әншейінде алыстан құлағын тігіп, құйрығын сыртқа салатын саяқ сәуріктей сырт беретін Көмірбайдың мінезі бізде әзір болып көрген емес. Не деп болмайды, қартайғанда кәрі боз жорға шығарған болса, адам баласына тән ондай кемшілік бізде болмайды дей алармысыз?
Сонымен айтпағым, әлгі иектің изелуі еді ғой. Кектің изелуі деген шын мәніне келсеңіз, онша жаман нәрсе емес. Иек изең етті деген — бір нәрсеге келісім болды, иілді деген сөз. Бас шайқау — ол жоқ-жоқ деп тұратын пәле емес пе? Оған қарағанда иек изеу бейілге де, ықыласқа да толы ишара. Осы сүйір, кем, әлде сақалды иек-ақ кейде көп нәрсені аңғартады. Оны мен езімнің інім Бүргенбайдан білемін.
Бүргенбай туа біткен емес, кейін жүре-келе кінә болған інілердің бірі. Есігіме ергенек болатындай әйтеуір, біздің үйден екі елі ұзап шықпайтын әдеті болатын. Іздесең болды, Бүргенбай дайын. Ит басына іркіт төгіліп, ішкен мас, жеген тоқ болып жататын мейрам күндері түгіл, қызыл дегенің өңің түгіл түсінде көрінбей кететін көктемнің жазға ұласар шақтарында да жаныңнан жарты елі шықпайтын. Өз ақшамызға бір асым ет тауып келіп тұратын. Болмаған күнде күніне осы кездің жезтаңдай жеңгесі — телефон арқылы хабарын беріп, тірлігін айтады. Сонда менің әйелім Айрангүл:
— Осы Бүргенбайдан басқа туысқанның керегі бар ма?— деп мақтап қалушы еді.— Қыстың қысқа «тоқты тоймас, шөміш кеппес» күні түгіл, жаздың жан-жануардың тегіс жанданып, жаны бардың бәрі ұясына оралып жатқан шағында біздің төңірегімізден арқан бойы ұзап кетпейтін осы баланың үйінің шаруасы қашан бітеді? Мұндай берілген адамдар бола береді екен. Япырмай...
Бұл Айрангүлдің Бүргенбайды мақтағаны ма, жамандағаны ма? Түсіне алмадым. Бүргенбайдың басындағы кемшілігін көріп тұрғанмен мен. де Айрангүлге ештеме сездірмей қоя саламын. Басында торғайдың миындай миы, есі бар еркек әйелге өз туысқаны туралы жаман сөз айта қоя ма? Тек оларға ағайының туралы нашар сөздің шетін шығарып бер, тырнақтай кемшілігін тырнадай, түймедейін түйедей етіп жіберсін. Сондықтан екі елі аузыма төрт елі қақпақ қойып, ондай сезді тісімнен шығармаймын, естімес кереңмін, тіл-аузы жоқ мылқаумын. Әйтеуір бүгін жақсы болып тұрғанда жалбақтап жанында жүрген соң, оның кейбір оғаш. қылығын көрмеген бола салу да бар. Ия, жасыратын не бар, басыңда бақыт, астында тақыт тұрғанда бір жақсы жері, туған да, туысқан да көп. Ал басыңа бұлт айналсын ше? Ойбай, ол өзімен кетсін! «Жақсы сөз жарым ырыс». Сондықтан бүкіреңдеп Бүргенбайлардың жанында жүргеніне не жетсін!
Байқаймын, Бүргенбайдың талағының биті бар. Олай дейтінім, бір тапсырма берсем тап-тұйнақтай етіп орындап, оның нәтижесін қолмен қойғандай етіп езіме уақтысымен жеткізіп тұрады. Шыны керек, туысқандарымның көбі олақ қатын ескек арқандай, босаңдау. Сондықтан осындай (Бүргенбайдай) бірлі-жарымды ақынның термесін ұғып, құдайдың бермесін алатындарын демеп жіберуді де кейде ойластырып қоямын. Несі бар, құдай екен сонша бізді барлық жұртқа қызмет етуге жаратып па. Бізден де бастық шықса, басымыз бас бол май, шара болып кетеді дейсің бе?!
Бүргенбайды отпен кіргізіп, күлмен шығаратын, кісі жұмсап үйренген біз емес. Ондайдың ұмыт болғанына алпыс жыл болып кеткені де есімізден шықпайды. Ал біздің Бүргенбай ағалағанда, ет жүрегің езіліп, көң етіңді кесіп бергендейсің. Өзімсінген адамының не істеп, не қойғанын аңди берермісің, әйтеуір, Бүргенбайдың біздің төңірегімізден табылғанына мәз боламыз. Бір орайы келгенде Құрыш деген аупартком секретарына Бүргенбай жайын құлаққағыс жасадым. Құлаққағыс емес-ау деймін, шамасы, туралап-ақ айттым-ау деймін.
— Мынау Бүргенбай колхоздың бригадирі болып қашанғы жүреді? Қолынан қай жұмыс та кететін түрі бар, осыны басшы қызметке қоюға болмас па екен?
Құрыш та басқа басшы қызметтегілер сияқты «көрермізден» артыққа бармады. «Сынап көрелік, жасалық» дегенді мен басшы ауыздан естімегелі қашан. Сондықтан Құрыштан «көрермізден» артықты күткен де жоқ едім. Өйткені осы «көрермізбен» талай бастық ішегіңді үзеді, осы «көрермізден» талай мәселенің аяғы сиыр құйымшақтап ұзап барып, құрдымға кірген судай жоқ болады. Сондықтан да осы «көрерімізді» естігенде оның сырына қанық болғандықтан, иығыма алты батпан шойын артқандай шойырылып шығушы едім. Дегенмен Құрыштың «көрермізі» мен білетіндердің «көрермізінен» мықтырақ болып, арада ай еткенде бұрыннан колхоздың басқарма мүшесі бригадир Бүргенбай колхоз председателінің орынбасары болып шыға келді. Кәдімгі бастығыңыздың басы қисайса орнына қоқаң етіп қадыя қалатын қарабатыр.
— Қолыңнан іс келетін жігіт сияқтысын. Ағаңа да берген уәдем бар еді, сені колхоз председателінің орынбасарлығына ұсынып отырмыз. Сенімді ақтай біл!— депті Құрыш Бүргенбайға.
— Аға, тірі жүрсем Сізді ұятқа қалдырмаспын, үмітіңізді ақтармын,— деп қосты өз жанынан Бүргенбай. Мен «Ия, шырағым, ұятқа қалдырмасаң болды»,— дегеннен артық оған не дермін.
Бұрынғыдай емес, енді жұмыс басты ма, әйтеуір Бүргенбай алдымен апталап болмай, енді араға ай салып соғатын болды. Бір күні аяқ астынан сол Бүргенбайдың керек болмасы бар ма.
— Апыр-ай, жұмыс басты болып кетті-ау әлгі Бүргенбай,— дедім. Ойымда ештеме жоқ.
Бүргенбайыңыз үш күннің бірінде-ақ осы қалада жүреді,— деп мысқылдай күледі үлкен ұлым.
— Қой әрі,— деймін мен әке болғансып.— Бүргенбай қалаға келсе амандаспай кетуші ме еді?! Сүйреңдеме, еркек босыңмен.Еркек бол!
— Қойдым, қойдым,— дей салды ұлым. Бірақ көмейінде «әкемен айтысуға бола ма, әйтпесе айтар едім» дегендей бірдеме бары бүлкілдеп көрініп тұрды.
«Қос үйді қоса қондырмайды, қызы бардың бізі бар» деп бұрынғылар айтқан екен, осы кезде жар құлақтар салпаң құлаққа айналып, ұлы не, қызы не, бәрі де туысқанның, туғанның кемшілігін көргіш, айтқанын естігіш болып алған. Оларды тыңдай берсең, қос үйді қоса қондыруың.не, бүкіл елді кешіріп қондырады, адам баласына сөйлеуден қаласың. Содан да балаларды «так-такпен» жұмсап жұдырықтай ұстамасаң, ағайынмен араз түгілі тас-талқан боласың. Соның бәрі де Айрангүлдің балаларды аптап-күптеп отыратын суқиттаған пәлесінен болып тұр ма деп қаламын.
Арада біраз уақыт өткенде Бүргенбай келді. Бұрынғыдай емес, азырақ бойкүйездік, кердендік пайда болған. Ол отырар отырмастан-ақ әңгімеге тура кешті:
— Бәке аға, бір жұмыстың ыңғайы келіп тұр. Қол ұшы керек. Бірауыз айтсаңыз!— Туысқанның көңілін жықпайтын бір жаман әдет мені жасымнан жайлап алған. Оным кейде тіпті ескі сарқыншақтармен астасып та кететінін өзім аңғара алмай қаламын. Әттең, ішегіңнің қырыққысы кетпеген дәл бетіме былш еткізіп айтатын адам жоқ. Кейде кітаптарды, газеттерді оқып «енді бұған бармаспын» деп, оңашада өзіме өзім ренжіп, тістеніп, бекініп алсам да, арақты көргенде аузынан суы ағып, шыдамай жұтып қоятын маскүнемдей туысқаным әдемілеп жібекпен мүнәйім сипағандай етіп айтқан кезде майдай болмаса да, жылы жерге әкелген мұздай еріп жүріп беремін. Сонымен тағы да телефон құлағына жармаса кеттім...
Сөйтіп үш-төрт күннен кейін Бүргенбайым кәдімгі күдірейген колхоз председателі болғандығын айтып, телефон соқты.
— Баке, бастықтың орнына отырдым.
— Е жақсы болыпты, құтты болсын! Үйге барып та құтты болсын айтармыз.
— Жо-жоқ, әуре болмаңыз. Келмей-ақ қойыңыздар. Жұмыстарыңыз көп шығар...
Бүргенбаймен сөйлескеннен соң мен мәдениетті інімнің жұмысымыздың көп екенін біліп, бізді әуре болады деп жаны ашып «келмей-ақ қойыңдар» дегеніне көңіл аудармай тұра алмадым. Егер мәдениеті шамалы біреу болса, біздің жұмысымызда жұмысы болар ма еді! Мәдениетті, бәрін біліп тұратын адамдардың жөні де, жоралғасы да басқа ғой, шіркін!
— Атаңның басы!— демесі бар ма Айрангүлдің.— Жаман қатты сенің жұмысыңның көптігін ойлап тұрған шығар. Ол қатыспасын, зияны тиіп кетіп жүрер деген сез.
Қазақ қатын айыр деген. Әдейі туысқанымыз екеуміздің арамыздан Айрангүлі бар болғыр жік шығармақ. Пәлесін көрдің бе. Әйелдер-ақ сөзіңнен шиқан шығарып, қанын ағызып тұрады. Өзінің тілінің шиқанын бырт дегізіп сығып, соқтасын алып тастар ма еді!
— Әлі көрерсің Бүргенбайды. Сені қай жерде көріп едім деп жүрмесе!..
— Ой, жағыңа жылан жұмыртқалағыр! Адам басынан жамандықтан басқа керерің бар ма?— Мен туысқанымды жамандағанға әжептәуір ыза болып қалдым.
Сөз осымен тынды. Бүргенбайды алты айдан кейін бір үлкен мекеменің алдында кердім.
— Балбақ, саламатсыз ба? Үй-ішіңіз аман ба?— деді. Байқаймын, інім ірілеп, менің атыма да тілі келіп қалыпты. Қызмет жағынан біржақты ірілемей, жан-жақты ірілеп, мінез-құлқы да қызметінше жуандап қалғанға ұқсайды. Жаққа да әлгі «Құдағидың келгенін» көрейін деп театрға барсам, Қалтай да келген екен. Нақ осы бір сәтте біреу маған иегін изеп еткізіп қояды. Жанымнан өте шықты. Мен байқаңқырамай бара жатсам, әлгі тіліңе шок түскір Қалтай:
— Өзің бәрі жасағын бөлтірігің ғой!— деп кеңк-кеңк күледі. Ойланып қалдым. Ойланбай қайтейін. Әуелі аға едім,
одан кейін «Баке аға» атандым. Одан соң Баке, енді Балбақ» болдым да, кейін «Ботабаев жолдас» делініп, інім мені ірілетіп, ресми қара қазандай бөрік кигізіп жіберді. Енді иегін изең еткізіп, қайбана қазаққа ұсап бара жатқаны мынау. Не істеуім керек? Осылай інілерді ірілендіріп алып, иегін изең еткізіп қойуым керек пе, әлде аға болып алдымда зыр жүгіртіп қойғаным жөн бе? Қайсысы дұрыс? Айрангүлге салсаң, «Олардың бәрі апы кіріп, күпі шығады, аулақ олардан, аулақ» дейді. Тіпті еметайдың езіліп бара жатса ағалатып қой демек. Шынында да інілердің ірілегендегі көрсеткені иегі болса, онда Айрангүлдің айтқанымен жүріп, аңдауына көнгенім дұрыс-ау деймін. Қалай, ағайындар?! Бірақ ол маған иегін изеді ғой. Ал иземей кетсе не істер едім?!
1980