Әдебиет
Күйіс қайырғандай
(Бір мекемеге барғанда көргеніміз)
Ауыл шаруашылығында МТС-тердің ролі артқаннан бері облыстан, ауданнан жіберілетін бума-бума нұсқаулар, жарлықтар, директивалар тура МТС-ке келетін болып алды. Өткен жылы келген қағаздарды қайтейік, жаңа жылда жаңа күш дегендей, содан бергі қарқынды әңгімелей кетейік.
Алғашқы қағаз Алматы облыстық ауыл шаруашылығы бағдармасында декабрьдің 30-ы күні жазылып, Шелек МТС-іне жаңа жылдың бірінші күні келіп түсті. Жаңа жылдың алғашқы екі күнінде қызмет болмағандықтан қатынас үшінші күні оқылды. Бұл қатынаста бұрынғы қатынастардан бір ерекшелік те бар. Бұрынғы қатынастар өз сөзімен, номерімен келуші еді, ал мына бір қағазға жолбасшы ере келіпті. Ол — облыстық совет атқару комитетінің екі беттік қаулысы. Осы қаулыға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Ділмұқамбетов екі беттік түсінік жазып, төрт бет етіп, МТС-терге жіберіпті. Өйткені атқару комитеті қаулы шығарғанымен дәл ауыл шаруашылығы басқармасындағы бастықтардай қатынас қағаздар жазудың егжей-тегжейін біле береді дейсіз бе? Ділмұқамбетов әрине, өзі қағаз жазуға шебер болған соң олпы-солпысын, артық-кемін көрсетіп, сөздің тігісін жатқызып, жымпитып жіберейін деген болуы керек.
Оның ертеңіне келген қатынасты бастықтың өзі жіберіпті. Бастық болғанда Нұркеевтің өзі. Қатынас мал санағы жайлы. Жазғаны да аз емес. Бұл қатынас он жеті пункттен тұрады. Тығыз шаралар көр деген тығыз бұйрық. Оның үстіне бастықтың өзі тығыз жауап беруді керек етіп отыр.
Шелек МТС-інің бас зоотехнигі Ғинатуллин тығыз бұйрық алған соң тығыз іске кірісіп, ертеңіне жіберуге жауапты даяр етті. Бір жұмыс күні осымен кетті. Оңай дейсің бе? МТС қарауында тоғыз колхоз, оның әрқайсысында сан мың мал бар. Зоотехник осы жұмыспен шұғылданудың орнына кеңседе қағазбен айналысып отырады. Облыс сұраған мәліметті телефонмен колхоздардан алу үшін аз болғанда бір күн өтеді. Әйтеуір әзер біткен ақпар енді жөнелтіліп кете бергенде бас зоотехникті MTС директоры шақырады.
— Банченкодан. Тез жауап беруді керек етеді,— деп қағаз ұсынды ол, бас зоотехникке.
Зоотехник қағазды қолына алды да, тағы да жауап жазуға отырды. Жазбасқа бола ма? «Бұйрық» берілгеннен кейін оны орындау керек. Аудандағы тоғыз колхозға бұйрықты жазбаша жеткізу керек. Оны жергілікті жағдайға үйлестіріп, қорытып қайта жазу керек. Содан кейін оны облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Банченко алады да, біраз «өңдеп» ауданға тағы қайта жазады. «Аспан әлемін шолып жаз, мал отарында болып жаз, асыл айғырлар туралы жаз, күжірейген бұқалар, ыңыршақ сиырлар туралы жаз, қоқиланған қораздар, қақылықтаған тауықтар туралы жаз, мекиен, шібиді де ұмытпа». Кей қатынастардың пункті осылай келеді. Қысқасын айтқанда жазылатын қағазға қыстың қысқа күні жетпейді. Уақыт қалай жетсін, кейде Банченконың өзі қатынасты қырық пункттен құрастырады. Оның 25 январь күнгі қатынасы нақ осындай.
Сонымен Банченко болсын, басқа болсын, бір маманға әйтеуір тарыдай күнде табақтай қағаз жетіп келіп тұрады. Ал телефонмен ауызекі ақпар бергенде қаланы бірде алсаңыз да, бірде алмайсыз. Ал Ділмұқамбетовпен сөйлескенде ер болсаңыз шыдап көріңіз. Ол күні жазыңыз қыс, қысыңыз жұт болып кеткендей дүние астан-кестен болады. Ашуланып әлек салады.
МТС-тегі бір маманға облыстан он маман қатынас қағаз жазады. Алдымен ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Нұркеев, содан кейін оның орынбасарлары Банченко, Ділмұқамбетов, бұдан кейін мал дәрігерлік бөлімінің бастығы Башкиров. Ұйымдастыру-колхоз істері басқармасының бастығы Кензин жолдас тағы бар. Жаза бермей қайтеді, бұлардан сөз табылады. Бас зоотехникой өзіне ғана жыл басынан март айынын ортасына дейін 48 қатынас түсті. 48 қатынас қағаз қырық сегіз құлаш. Жауап беріп үлгіріп көріңіз! Октябрь атындағы колхозда мал шығыны бар, «Қадам» колхозында жоғалған-жіткен 150 қой бар, колхоздарда талан-таражға түскен жем-шөп бар. Бірақ оны тексеруге уақыт қайда?
Сөйтіп, бас зоотехниктің қатынас оқумен басы қатып, жауап бере алмай жазып отырғанда бас агрономға да қағаз қарша жауады. Әрине, оған жазылатын қағаздар бас зоотехникке жазылғаннан көбірек те, көлемдірек те болады. Осы қатынас бойынша... делінеді де, содан соң үйреншікті сөздер тіркеліп жүріп береді: бес күн сайын мәлімет, үш күн сайын ақпар бер, күн сайын жауаптас, алған заматта хабарла...
МТС-тегі маман бұл екеуі ғана емес, бас инженер, аға мал дәрігері, жерге орналастырушы, нұсқаушы бухгалтер, тағы басқалар бар. Бұлардың қайсысының столының тартпасын ақтарсаңыз да қатынас қағаздар қаптап шығады. Сол бойынша МТС қарауындағы колхоздарға жазылғаны тағы қанша...
Облыстық басқарманың мал шаруашылығы басқармасы ғана жана жылдан бері жан-жаққа 766 қатынас жазды. Егер басқарманың басқа онға жуық басқармасы мен бөлімдері осындайдан қатынас жазғанда қанша болатынға есептей беріңіз. Мамандар үлгіргенше жауап жазады. Колхоз өндірісіндегі жұмыс өз бетімен қала береді. Облыстық басқармадағылар колхозға өздері шықпағанымен қоймай, жергілікті мамандарға қағаздан қора соғып береді де, бұлар содан шыға алмай отырады. Сөйтіп өздері қағазбастылыққа салына түседі, басқаларды да қағазбасты болуға мәжбүр етеді. Тіпті MTС мамандары берген мәліметті қорытады да өздері келіп көргенде, «дабыл бар, жағдай сондай екен» деп жаңа директива жазып, сол МТС-ке қайта жібереді. Ойлай келсек мұның өзі малдың күйіс қайырғанымен бірдей екен.
1954