Әдебиет
Қант қалай сасыды?
Дайын өнімді жөнелтетін қойма жанындағы қант зерттеушілер ойда-жоқта әбігерге түсті де қалды. Олар өз көздеріне өздері сенбей нелер жіті көзбен, бадырақ көзбен қарап шақпақ қанттың құрамынан бөтен ештеме таба алмады. Ал бірақ қантта бір жаман иіс бар. Қант сасып кетіпті! Жаманат шіркін жата ма, әп-сәтте бұл суық сөз Жамбыл қант комбинатының барлық цехтарын, бұрыш-бұрышын, қуыс-қуысын тегіс аралап, алып-ұшып жөнелді. Кейбір өсек құмар ауыздар жыпылдап, сампылдап қант комбинатын он көшіріп, он қондырды.
— Ойбай, қант сасып кетіпті!—дескен біреулерге байырғы жұмысшылар салқын қанмен:
— Қой, жаңылма, о заман да бұ заман қант сасығанды кім естіпті, мүмкін қызылшадан шыққан сығынды ма, жуынды ма, бірдеменің исімен шатастырып жүрген шығарсыңдар,— десті. Дегенмен де осы бір суық сөз комбинат ішін қыста соққан борандай алай-түлей ұйтқытып жіберді. Аз-ақ уақыттың ішінде жұмысшылар әрқайсысы өздерінің жұмыс орнын зерттеп, қант сасуға қатысы болады-ау деген күдікті жердің бәрін қарап шықты. Ондай ештеме көрінбейді. Бірақ «қант сасыды» деген сөз бәрінің де жанын жегідей жеп, намыстарын келтірді, зығырданын қайнатты. Намыстанбай қайтсін, есігінің алдындағы итіңді біреу жамандаса намысың келеді, ал еңбегіңді сіңіріп, қолдан жасап шығарған өнім оның жанында іштен шыққан балаңдай емес пе? Япыр-ай, мұның өзі қалай болды? Сасыған нәрсеге тұз себуші еді, әлде қантқа тұз қосу керек шығар?
Колхоз-совхоздардан қызылша түсіп, тазартылып, өңделіп, одан құм шекер, одан шақпақ қант болып жасалғанға дейінгі еңбек процесі тегіс тексеріліп, қуыс-құбырлар, күбі-күбіжіктер күмәнмен тағы қайта қаралса да ештеме табылмады. Ақыры қанттың сасу себебі оп-оңай сезілді. Оған комбинат та, оның жұмысшылары да кінәлі емес, бәленің бәрі тұп-тура қант орайтын қарала қағазда екен. Комбинаттағыларша шықпа жаным, шықпа деп қорқақтамай дұрысын айтсақ: оған ең алдымен Тамақ өнеркәсіп министрлігінде отырғандар кінәлі болып шықты.
Қант орайтын қарала қағаз бұрын орталық қалалардан әкелініп жүруші еді. Содан енді бұл қағаз өзімізде басылады дегенде комбинаттағылар бөркін аспанға лақтырып қуанысты. Оның басты себебі —«алысқа қарап ауызды ашып отырғанша жақыннан там-тұмдап болса да уақтысымен алып отыратын болдық деген-ді. Алыстан күткен соғымнан жанымдағы қасап деген-ді. Бірақ не керек үміт үзілді. Алматыдан келген қарала қараз баспадан қою бояумен баттаса басылған екен. Шамадан артық берілген бояудың күлімсі иісі қантқа шауып, ақ қантты сарғайтып, сасытып кеткен. Сөйтіп, жақыннан күткендегі жай осылай болды, қант сасып кетті, орындай алмаған жоспар бастан асып кетті.
— Жағдай түзелер,— деп үміттенді комбинаттағылар. Үмітсіз сайтан. Бірақ, іс оңға баспады. Өткен жылдың екі айының әрқайсысында он күннен жұмыс тоқтап тұрды. Ол да баяғы сасық қағаздың сағынтуынан болды. Былай қарағанда көзге ілмес нәрсе сияқты, бірақ одан келген зиянды есептеп көріңіз, бастан асып кетеді. Тамақ өнеркәсіп министрлігіндегілер өкпе айтып жүрмес үшін атап-атап айтып берсек те болады. Өткен жылы январьда бұл қағаз сегіз күн болмай қалды. Апрельде он күн, майда алты, июньде сегіз күн жұмыс тоқтап тұрды. Ал октябрь айы қант ораушылар үшін тіпті қиын болды, бұл айда сау қағаз түгіл, сасық қағаздың өзі де көзден бұлбұл ұшты. Жұмыс ай.бойы тоқтады. Қағаз ноябрьдің он бес күніне жетті де қалған күн ауызды Алматыға қарап ашумен ада болды. Декабрь де оңғaн жоқ, оның алты күнінде қол қусырып отыруға тура келді. Сөйтіп орта есеппен алғанда шақпақ қант заводы екі мың:бес жүз центнер қантты мемлекетке бере алмай қалды.
Мүмкін ұлан жыламай ештеме ұсынбайтынындай бұл күндері завод ешкімге қыңқ етіп ештеме білдірмеген шығар? Атай көрмеңіз, олар атап-атап телеграммаларды үсті-үстіне жөнелтіп жатты. Тіпті жалынып-жалбарынып та көрді. Бірақ сөзге шешен, іске мешел Өтемаев қант орайтын қағаз жібертудің орнына «жоспарды орындау керек!» деп тамақтары жыртылғанша телефонмен айқайлады. Қалалық қант комбинатында бір күні шеге, жоқ бір күні қап аузын тігетін жіп жоқ, әйтеуір Тамақ өнеркәсіп министрлігіндегілердің көзінің оң қыры бір түспей ақ қойған еді. Coңғы күндері Өтемаев көңілі қатты босап, ішіндегі төрешілдіктің мұзы еріп, мейірі түсіп кетіпті. Неше айтқанмен көктем келе жатыр емес пе? Бұрын қант сыртын байлайтын ленталар да келмей әурелеуші еді, енді оны тоғыздың тондығына жеткізді. Оның ықыласы түскені сонша Жамбыл қант комбинатын екі жылға жететін лентамен шырмап тастады. Несі бар, бірде аштан өлдім, бірде астан елдім деген осы дағы!
Ал қарала қағаздың жайы биыл қалай? Январьда жұмыс тағы жеті күн тоқтап қалды. Биылғы қырсық осымен кетсе игі еді деп жұмысшылар «кет, пәлекет» деп ұшық-ұшық айтып отырғанда февраль айы да нақ. осылай басталды. Бәрі де баяғы қант орайтын қағаздың кесірі. Қағаздың айы өтіп еді деп комбинат елу бір миллион данасына заказды бір-ақ берді. Соның алғашқы төрт жүз мың данасы февральда келіп те қалды. Жұмысшылар оған қатты қуанды. «Енді жоспарымызды бір орындап тастайықшы!» десті. Қырсық бір айналдырған соң болмайды екен, жаңа келген қағаздың. бәрі де тағы да қант сасытып, баттасқан бояу болып шықты. Амал нешік! Өтемаевқа тағы телеграмма берілді. Мазалай беру жақсы деймісіз. Дегенмен жұмыс тоқтап қалың бара жатқанда Өтемаев түгелі ода;ң зорға да қарауға бола ма? Қантты тәтті, оның жұмысын ащы, жайбарақаттықты жақсы көретін кейбір жолдастарға маза бермей, әй осы қарала қағаздардың да қорлығы өтті-ау. Айтып айтпай не керек, бәрі сол қантты сасытатын қарала қағаздың кесірі!
1960