23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Бұқа фермасы






Красивое селосының тұрған жері жаз айларында әдемілене түсті. Айналаны раң басқан кезде, село төңкерген тақия тәрізденіп, құлпырып көрінеді. Осы сұлу табиғатты жердегі көктемгі бір картина көзге елестейді.

Май айының орта кезі болатын. Көктемнің жайдары күні көтеріліп, сәске түс болып қалған. Ауа тып-тынық. Ойда-жоқта осы тыныштық бұзылып, ауыл азан-қазан болды да кетті. Әлде бақырған, әлде мөңіреген. әлде айқай, әлде шу. Әлде боран, әлде жел. Не екенін біліп болмайды. Ауыл үстін шаң басып, ызың-шу, қым-қуыт.

Соның арасынша болған жоқ. картина көз алдыңызға іліге кетті. Көшеге қарасаңыз қара құрымдай қаптап кеткен сиыр. Біреулері келіп, ұрғанға да қарамай, сынықтау қақпаны сындыра, кимелеп қораға қойып кетіп жатыр. Сонау беткейден тағы шұбырып қаптап келеді. Басы-көзі қан-қан бұқалар.

Оқиға былай. Мұның бәрі бойдақ сиыр. Мына қыратсымақтың үстінде жайылып жатыр еді. Бақташысы да жоқ емес. Кешеден бері екі бұқа сүзісіп, бірін-бірі жеңе алмай ерегісіп жүрді. Қазір соның бірі екіншісін жеңіп, үстемдік ала бастағанда тана-торпақ жеңген бұқаға болысып, жеңілгенді қуып берді. Селоға андағайлап келген бұқалар бірі дуалды сүзсе, екіншісі үйді мүйіздейді. Сөйтіп, көше әптер-тәптер болды.

Ауыл шаруашылығы артелі председателінің мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары Селезнев түнгі ұйқысынан жаңа тұрып, үйінен далаға шығып еді. Оның ұйқысы әбден қанған екен. Көздері көшедегі көп бұқаға түспей қоймады.

— Мыңғырып жатқан мал деген осы. Қандай жақсы көрініс. Анау жерде бұқа, мына жерде торпақ, тайыншамыз тағы бар. Іргесінде малы, көшесінде шаны. Па, па, па... шіркін-ай!— деп масаттанды ол ішінен.

— Oh, сайтан алғыр,— деп ойланды ол тағы да,— мен бұл малды он жылдай бағамын, сөйтсе де бір рахмет жоқ, Өзі Ақмола облысындағы ақылды кісімсіп анау зоотехник Әлмағамбетовті қара, сүтті аз аламыз деп қыңқылдай береді. Ал осыны біле отырып, аудандық совет атқару комитетінін председателі Үкітаев та үндемейді. Үкітаевтың үндемегенінде Әлмағамбетовтің шаруасы не? Осы өзіміздің председатель болып келген Гнатюк те аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде отырып, ештеме демеп еді...

Оның ойлағандары осындай нәрселер болды. Ал ойламағандары мыналар:

Колхозда жоспар бойынша бірінші октябрьге 3298 сиыр малы болуы керек еді, одан қазір қолда бары 2466. Мұның өзі де даулы. Зоотехник 2472 дейді. ал бас бухгалтер Гаус 2466 дейді. Қай есеп дұрыс? Қайсысына сенеміз? Әлде бухгалтер алты сиырды ада болдырғысы келе ме? Осынша сиыр малынан есеп бойынша сауылатыны 603 қана. Биыл күніне бір сиырдан екі литрден сүт сауылды. Қазымыр екен демей-ақ қойыңыздар, екі литр сүтті ешкі де береді ғой. Олай болса, Селезнев баққан алты жүз сиырдың орнына алты жүз ешкі ұстаған көп пайдалы емес пе? Ең болмағанда ешкіні жылына бір рет қырқып қылшығын, түбітін алуға болады ғой. Оған жем-шөп те көп шығын болмайды. Қарайғанды қағып кететін сиыр емес.

— Тағы ойламағаны тағы бар? Он жылдан бері осы шаруашылықтың малын басқарып келе жатқан Селезневқа бұрынғы аудандағы, қазір ауылдағы бастық Гнатюкке үндемес Үкітаевқа, колхоздың басқарма мүшелеріне тағы бір есепті көрсетейік деп отырмыз.

Барлық сиырдың сауылды-ау дегені алты жүз болды. Ендігі жылы тоқтап, оның арғы жылы туады-ау дегені, оның арғы жылдың оның арғы жылы туатын болу керек дегені, басқа болмаса да бұқа жетеді, ғұмырында бір туар дегені — барлығы 850 болды. Мұны аты жүзге қосын қойыңыз. Ал ендігі 1013 бастың барлығы сауып сүті, көріп пайдасы жоқ бағанағы бұқалар.

Бастан-аяқ цифр болып кетті десеңіз де тағы бірін айтуға тура келіп тұр. Өйткені цифр деген факті ғой. Осынша сиыры бар фермадан былтыр бар болғаны 12 мың сом табыс алынды. Мұнда пайда шаш етектен болмай, белшесінен зиянға батты. Фермада 203 адам істейді. Олар 130 мың еңбеккүн тапқан. Қолхозшыларға бір еңбеккүнге 94 тиыннан ақша, 2,6 килограмнан астық берілді. Есептеп шығара беріңіз, ферманың бір жылғы жұмысынан қоғамдық шаруашылыққа келген бір тиын пайда болған жоқ. Ал бұл жағдайды колхоз басқарма¬сы әлі есептеп көрген емес. Талай жылдан бері-ақ осындай. Әлі есебіне жете алмай жүр. Сонымен: «пайдаң пайда, қара сиыр қайда?» дегеннің кері келгенін көрмедіңіз бе? Бірақ оны ешкім әзірге жоқтай қойған жоқ.

Шынтуайтқа келгенде барлық сиырдың екі мыңдайынан колхоз биыл да, былтыр да бес тиын пайда көрген жоқ. Пайдасы сол, оқыралаған кезде құйрығын шаншып, көздері алайып, ара-тұра ауыл үстін шаңдатып, көгалды қисыпыр етіп, Селезневтің көзіне бір көрініп кетіп тұрады.

Ішіп сүті жоқ, көріп пайдасы жоқ, бұқа фермасы деген осы болады!

1953