23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Көшелерден көргендеріміз






— Алматы қаласы қанша бөлек?—деп сұрады троллейбус тоқтайтын жерде маған таяу тұрған жас жігіт.

— Атай көрмегіңіз, бөлегіңіз не? Алматы бір-ақ қала. Трамвайға міне салып, осыдан солтүстікке қарай 7—8 километр жүрсеңіз I Алматы станциясы бар, соны шатастырып тұрмаңыз. Оның да қазір қаламен арасы бірігіп кеткен, дедім мен.

— Мен сіздің сөзіңізге сене алмаймын, мені шақырмай-ақ қойыңыз, сізден басқа да бір адамнан сұрап білермін.— деп ашу шақырды әлгі жігіт.

— Апыр-ау, кейіп тұрғаныңыз не? Мен сізге жөнін айттым ғой,— дедім мен.

— Miнe, қараңыз,— деді әлгі жігіт, бұрыштағы үйдің қабырғасын нұсқап,— мен сізден гөрі мына жазуға көбірек сенемін.

Үйдің қабырғасындағы жазуға мен де қарай қалдым, «2-ші қалалық милиция бөлімі Алматы қаласы» деген жазуды оқып шықтым. Әлгі жігіттің айтқаны дұрыс. Не дерімді білмей қалдым. Бұл мекеме бастығының сауатсыздығы үшін маған ұялуға тура келді. Бұл орыннан кеткенше асықтым. Бұрыла бергенімде бір жолдас кездесе кетті, бір бос уақытың екен, жүр, қаланы аралап, таза ауамен дем алып қайтайық, менің «Алмаатастройда» жұмысым бар еді деп жабысты.

— Жүрсең жүрі

Жүріп келіп қақпаның алдына тоқтай қалдық. «Осы еді» деді жолдасым.—: Қазақ GCP коммуналдық шаруашылық халық комиссариаты республикалық құрылыс тресі «Алма-Атастрой» деген жазуы бар екен маңдайшасында. Алдымен өз көзіме өзім сенбей қалдым. Анықтап қарап едім, қателеспеген екенмін. Дұрыс-ақ оқыппын.

— Өмірден төрт-бес жыл артта қалған екен,— дедім мен.

— Бұл бұл ма,— деді жолдасым,— бұдан да сорақысын көрсетіп берейін, маған еріп жүрші.

Мұндай бір «комиссариаты» Қазақ ССР юстиция министрлігінен де кездестіргеніміз бар. Осы министрліктің бір қызметкерін іздеп. кеңседе отыр деген соң осында келдік. Есіктен «Заң халық комиссариатының...» дегенді көрген соң-ақ торығып қалдық. Әлде адасын кеттік пе деп ойладық.

Залда бізге мосқал тартқан қарт адам кездесе кетті. Терлеп-тепшіп, бір нәрсе іздеп жүрген түрі бар.

— Ауылдан келген едім, жаңа ғана осы жердегі бір бөлмеде болдым. Далаға шығып қайта келіп едім, әлгі үйді таппай қалдым. Жаман көзіммен байқағанымда, «көдік-бөдік» деген бөлме ме еді, қалай еді.— деп тоқтады ақсақал.

Бұйырмасын, «көдік-бөдіктен» ештеме түсіне алмадық. Ол кабинетті біз де іздестік, бұл үлкен үйде бірнеше мекеме бар екен. Облыстық сот, облыстық басқарма, арбитраж. Қай есіктің қай мекемеге қатысы бар екенін кім білсін, есігін ашып, сұрап тегіс аралап жүрміз. «Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы мемлекеттік арбитраждың жалпы бөлімі» деген есікке кездестік.

— Мына есік емес пе?— деп сұрадық ақсақалдан.— Мұнда «көдік-бөдік» жоқ бірақ, не мекеме бастығы, не есіктегі жазуды жазған суретші араб, парсы тілінен хабардар болу керек. «Совети», «болиминін» делінген. Бірақ әйтеуір мына жазуын ешкім қазақшалаған дей алмайды.

Тағы бір кабинетке келгенімізде «юстиция министрі Ж. Жұрбаев М» делінген екен есікте.

— Бұл да емес,— деді ақсақал. Осы кабинетке отырғалы Жұрбаев жолдас «Маңдайшаға қараңыз» дегенде қарамағаны белгілі-ақ болды. Өйтпесе өз атының дұрыс-бұрысын көрер еді-ау.

Енді бір кабинетке келгенімізде «осы еді» деп, ақсақал ішке кіре кетті. «Көдік-бөдігі» не екен деп есікке қарап едік, «кодификации бөлімі» депті. Яғни жартысы орысша, жартысы қазақша, «Отдел кодификации» деп ойлап, «отделін» қалдырып, «кодкфикациін» алған да, бөлімі» деген сөзді жалғай салған. Осыдан барып «көдік-бөдік» шыққан.

Қыдырып келеміз. Демалыс қой, асханаға бара кетейік деп болмады жолдасым. Бағанадан бері маңдайшадағы жазуларға қарап, талай қойыртпақты көрген жолдасымның көзі асхана маңдайшасына да түсіп кетті.

— Бәлі,— деді ол,— асханада тағамдармен қоса қабат сөз де жасалып шығатын болған ба?

Еріксіз мен де қарай қалдым. «Ет және сүт өнеркәсіп министрлігі алматыетконсерв комбинатының ұлттық тағамдар павильоны» делінген екен. Шынында да сөз жасаушылар осында екен. Қиыннан «қиыстыруын» қараңызшы. Үш сөзден бір сөз.

Көшеде көргеніміздің бәрін айтып тауыса алар емеспіз. Сонда да тағы бір екі мысал келтірелік. Бір маңдайшада Алматы горкоопинсоюз системасының «Красный проводник артелінің дүкені №1» депті. Мұның қазақшасы қайсы екен десек, сөйлемдегі екі сөзге жалғанған ілік жалғауы екен Мұндай қазақшалаудың бір тәуірін «Пионер» магазинінің босағасынан көрдік. «Баланың дайын киімдері мақта-қағаздан істелген көйлектер, мақта-қағаздан істелген костюмдер, жүннен істелген көйлектер»,- дейді. Қазақшалаған-ақ екен, шіркін! Қалай-қалай былдырлайды, ә?

Күні бойы көшеде жүргендегі біздің көрген, білгеніміз осы, біз көрмеген маңдайшаларда не жазылғанын кім білсін...

1952