Әдебиет
Күзетшінің әйеліне күзет
Осыдан бір көше төмен тұратын кеспелтектей жігіт Бүлдірбай ымырт жабыла Әбханның есігін қақты. Жылмаңдап, келіншек есікті ашып қалды да:
— Әбхан біреу келіп тұр, кірсін бе? Үй несі рұқсат етпесе кіруге болмайды,— деп сыңқылдап күліп тұр.
— Кірсін,— деді ойында ештеңе жоқ Әбхан.
— Мен осы үйге уақытша пәтерге тұрайын, бос бөлмелеріңізге?
— Бос үйді сізден аяман,— деді үй иесі.
Екі-үш күн өтпей-ақ осы үйдің ішінде бір сөлекет көріністер болып та қалды. Жәмиланың көз күлімдеп, Бүлдірбайды кешегі келген жігіт дейтін емес. Жатырқайтын түрі жоқ, бұрыннан таныс адамдар сияқты. Кейде олардың көзбен арбасып отырғанын байқап қалып «апырай, бұл қалай?» деп те қояды Әбхан ішінен. Үй ішіндегі жағдай өзгере берді. Көзі анық ештеңеге жетпей, күзетке кетерде Әбхан артына бір бұрылып қарап тұрып, қынжылып шығып кететін. Сыртқы есік тарс етті. Бітті...
Күзетшінің әйеліне күзет осыдан басталған.
Жәмиланың Әбханға көзқарасы бұрынғыдай болмады. Оның жейдесінің жағасы да жуылмайды. Ал Бүлдіржанның шұлғауына дейін аппақ.
Бүлдірбай келгелі Жәмиланың мінезінде де үлкен өзгеріс болды. Бүлдірбай десе көл-көсір, Әбханға жібімейтін қатқан тулақ, тырысады да қалады.
— Көйлегімді жуып қоя салсаң етті,— деп, ол болар болмас бірдеңе айтел, Жәмила:
— Кетемші, кетем! деп байбалам салатынды шығарды.
— Ұрысты қойсаңыздаршы Әбхан. Пай, пай, осы сіздердің мінездеріңіз-ай!—деп Бүлдірбайдың айтқанын талай естігенбіз. Әбхан да оған иланып, үндемей қоя салатын.
Жәмила аяқ астынан ауырып, ауруханаға түсе қалды. Екінші күні-ақ оның артынан ақ нанын алып, баласын көтеріп Әбхан келді.
— Кімге келіп тұрсыз?— дейді дәрігер.
— Жәмила Мақсутоваға,— дейді Әбхан.
— Жәмиланың кімі боласыз?
— Ері едім, мына баланы емізіп алуға рұқсат етіңіздер!?
— Сіз неге сонша өтірік айтасыз? Оның күйеуі жаңа ғана келіп кетті ғой!—дейді дәрігер. Әбхан қысылып, «оның менен басқа да күйеуі бар ма еді!»—деп таңданып қалды.
Жәмиланы «күзетуден» шет жағасын сезген Әбхан Бүлдірбайға жайымен отырып:
— Шырағым Бүлдірбай, менің жас балалы әйелімді желіктірмесеңші, бұл жігіттік арына үйлесе ме?— деген.
— Атай көрмеңіз, ондай жағдайда сіздің бір жасар балаңыздың көз жасы мені алысқа ұзата қоймас,— деді мүләйімси қалған Бүлдірбай.
Бүлдірбай биыл Алматыдағы екіжылдық заң мектебін бітіріп, Ақтөбе облыстық прокуратурасының қарауына жолдама алған. Заң «қызметкері» Бүлдірбай ең алғаш тәжірибелік жұмысын заңды бұзудан бастады. Көрші тұрып, Жәмиламен көңіл қоса бастағаннан кейін ол, үйіне келіп бүлік шығарып, он жылғы отасқан әйелін тоғыз жасар қызымен жолға шығарып салған. «Сен төркініңе бара тұр. Мен оқу бітірген соң ораларсың. Я, әзірше нете тұрарсың, сөйтерсің».
Бүлдірбай бұлтағына анық көзі жетпей дүдәмалданып бара жатқан әйелі: «Көздегенің күзетшінің әйелі ғой, ә!» деп айтып салды. Көршілері де таңданып: «күзетшісі қалай, онысы әлгі Жәмила болмағай еді!»—дескен болатын. Сөздің басында айтылған есікті тықылдату осының ертеңіне болған. Әбхан тұтас бір тәулік болғанда, Бүлдірбай Жәмиланы күзететін.
Бүлдірбай оқу бітіргеннен кейінгі іс-әрекеті ел аузындағы бір әңгімені есіңізге еріксіз түсіреді. Ол былай болған екен. Құдағиымен көңілдес бір құда сол үйден кеткісі келмей өзінің қамыт, доғасын өзі тығып қойып:
— Ой тоба,
Жоғалттым қамыт пен доға,
Табылмаса бұл доға,
Тағы қонар бұл құда,—
деген екен дейді.
Бүлдірбай да оқуды бітіргеннен кейін осы құданың кебін киіп, Әбханның үйінен екі адым аттап сыртқа шықпай-ақ қойды. Оның үйі «бір қаққан қазық, бұл бір арқандаулы ат. Айнала береді, айнала береді». «Бір күні куәлік ала алмаймын», келесі күні «ақша ала алмай», ал үшінші күні «билет ала алмай-ақ қойдым» деп түсі қашып тұнжырап жүріп алды.
Әбхан тәуліктік жұмысына аяңдады. Оның үйден шығуы мұң екен, поезға билет те даяр болып шыға келді.
— Апай,— деді Жәмила,— мен Бүлдірбайды шығарып салып келейін, сіз баланы жұбата тұрыңызшы.
— Жарайды, қалқам,—деді көршісі,—Екі ай бірге тұрған адам, қимай жүрген болар,— деп ойлады.
Поезд сағат он екіде кетеді. Күн кешкірді. Жәмила жоқ. Кемпір «шаруамнан қалдым-ау» деп зар қағады. Түн болды, сөйте-сөйте таң атты, күн шығып, Әбхан күзеттен қайтты. Оның емшектегі баласы қалыпты, әйелі жоқ. Баласы жылап қолды-аяққа тұрмайды. Үй іші астан-кестен,
— Әлгі Бүлдірбайды шығарып сала кетіп еді,— деді апай. Үй кітабын алып қарап жіберген Әбхан екеуінің де есептен шығып біржола жоғалғанын біліп:
— Ыстық жас қойындарыңа сорғалағыр-ай!— деді сәбидің көз жасын сүртіп. Қорыта келгенде, оқушыға Бүлдірбайдың әрекеті белгілі-ақ болып қалды-ау дейміз,- Балалы әйелін алдап қаңғыртып «төркініне бара түрмен» шығарып салды. Бір жастағы сәбиді шырқыратып тастап кеткені мынау. Жәмиланың да бір күні шамаданын арқалап төркініне жол тартпасына біздің кезіміз жетіп пе?
Сонымен мүләйімсіп жүрген Бүлдірбай Ақтөбенің облыстық прокуратурасы қайдасың деп Жәмиланы алып, зытып отырыпты-ау. Болашақ «прокурорымыз» алғашқы тәжірибелік ісін осылай бастаған екен дейді.
1950