Әдебиет
Соғымы мен сорпасы
«Кержазық» колхозының «пысық» белсенділері сыпыра соғым сойды. «Пысықтардың» он екі қарыс қара қазандарында құлаш-құлаш түйрелген сары ала қазылар сарқ-сұрқ қайнады. Нәзіктері бесбармақ қомағайлары қосқолдап сылқыта бастады. Бірінің ұрты, бірінің мұрты май болды. Аузы май болған соң, көңілі сондай жай болды. Жекелеп айтқанда бастықтың сойғаны айғыр, белсенділерінікі кішкене дегенде тай болды. Осыдан барып тоғыз жылқы кем болды.
Соғымды жығып алғаннан кейін көршілерді, ауыл ақсақалдарын соғым басына шақыру «ежелгі дәстүр». Міне бүгін колхоз председателі Месқараның үйі де қонаққа толы. Бірақ олар көршілер мен ақсақалдар емес. Заты өздері ащы судан жұтып алған болулары керек, дауыстары көтеріңкі шығады. Думан қызып, дүмбірлеп домбыра дауысы да естіліп, үй іші ию-қию болып жатыр.
— Басеке, Басеке! Көмекейді көсілтіп шырқайтын, өзіңіз шығарған әнді айтып жіберіңізші, — дейді бірі.
— Сөз Месекеңе берілді, музыкасы да, сөзі де өзінікі, ұқыпты тыңдаңыздар, — деді отырғандардың бірі.
Месқара аты қара месті анғартқанымен өзі сары, басы түз түйген келсаптай кісі болатын. Ол мастықтан тәлтіреп әрең қимылдап, ішкен асы алқымына тығылып тұрып, толғанып, гүрілдеп жүре берді:
Атын. барда жер таны, Желіп жүріп.
Асың барда ел таны Беріп жүріп.
Қ а й ы р м а с ы:
Соғым тегін, көңілім жай,
Сайрандамай мен қалай
Әлеулей-ау, әлеулай...
— Ой мың жасап, мың бөтелке босатқыр! — деді бір тізерлеп арақ құйып отырған жігіт қолын сермеп, айқай салып.
— Месекең осылай шалқытады! — деді екіншісі.
Я, рас айтады. Месекең осылай мықтайды. Әрекетіне өлеңі сай айтылған. Яғни «асы барда ел таниды, беріп жүріп». Атап айтқанда, жалы берік жирен бие мен қазысы қалың қара жорға қас пен қабақтың арасында жол тартты. Ақтабан торы биені тексеруші телімсек сойып тартты. Ақшасы бойына құт. Әркімдер жақсы аттың майын сұрап мініп, қаңқасын да қайтармайды. Жылқы фермасының меңгерушісі Жалтаңбайдың жағымпаз ағасы бір биені мінгеніне жылдан асты. Не құлын жоқ не тыным жоқ. «Бие мінсең құлын жоқ, саумал ішсең қымыз жоқ» деген осы дағы. Көбірек мінген атын жеке меншік етіп алу мұнда әдетке айналған. Жалтаңбайдың да арам ойының орындалуына мүмкіндік туып келеді, иемденетін күн жақын. Көп ұзамай колхоз председателін де көндіретін түрі бар.
Қыс күні суық. Тамақ тұзының татымдысы жақсы. Месқара шошқаның етін жекжат-жұрағатына беріп тұздатқанда осындай бірдеңені сезген болар. Талпақ тамаудың сүбесі қандай, қабырға майы қарыс келеді. Осыдан екі килограмын соғып алып, кілкілдеп тұрған жүректі басу үшін «ақмағамбеттен» екі жүз грамды тастап алсыншы, қыз-қыз қайнап, бетіне оты шыға келсін. Содан соң Гималай шыңдарынан көтеріліп, Тянь-Шань тауларынан асып, ұйтқи соққан боран болса да былқ етпейді.
Етті тұздап қоя ма, болмаса шикі жей ме, онда біздің жұмысымыз жоқ. Біздің білетініміз сегіз шошқаның кем екені рас. Ол Месқараның жекжат-жұраттарына жытырылған.
Сырбаз ет — сиыр еті. Жылқы етіне қарағанда котлет жасауға бұл әлдеқайда бейім. Төрт сиыр осындай котлетке, қуырдаққа, қонақасыға кетті. Әлгі сиырдың бірін осындағы мектеп директоры Тұрғанға сатты. Буаз екен, сойғанда бұзауы тулап шықты. Тұрған да қодыға бауыздаған Қарабайша іштен шыққан бұзауды бас салып бауыздады. Табақтастар іштен тулап шыққан бұзауды сірнелеп асқызып, сілікпелеп жеді. Қомағайлардың шайнамай қылғи беретін ежелгі әдеті ғой. Бұзау еті тіліне тәтті, тісіне жұмсақ тиді.
Қанша айтқанмен сиыр сорпасы сұйық, сырдақ келеді. Қой сорпасына не жетсін. Қой сорпасы қоймалжың. Еті қандай күшті. «Қойдың еті — қорғасын».
— Еттің бәрі сүр болып кетті. Сүр сорпа кәрі ауруды қоздырады, — деп кесір сайлады. Месқара мен оның айналасындағылар. Олардың аузынан шығатын сөз «сүр сорпа, сары ала сорпа, жас сорпа» туралы болды. Ақыры олар «жас сорпалап» жүріп үш жүз он алты қойдың басын мүжіп, оның алты жүз отыз екі құлағын балаларына ұстатты. Мұның бәріне Месқара бас болып қазір документ іздеуде. Әрине, өтірік-расты, жоқтан бар етіп құрап бірдеңе табар. Ал айқын тұрған араққа кеткен алпыс қойдың... Тойғанға берген тоғыз тайдың, Сағынаевқа берген сегіз сиырдың, тағы басқалардың ізін қалай жабар.
1951