Әдебиет
Өтірікке жүлде жоқ
О заманнан бу заман өтірікке жүлде беріледі дегенді естігеніміз жоқ. Дегенмен ондай атты күн бола қалса, үмітсіз шайтан дегендей, түйе басы тоғызды алып тартып тұрғысы келетін кейбіреулер де табылып қалады. Оны алыстан іздеп әуре де болмаймыз. Осы Алматы қалалық советі атқару комитетінің председателі Мамонов пен қаладағы көршілес аудандық советі атқару комитетінің председателі Ивандовтарды-ақ ала қойыңыз. Тамағын кенеп, мұртын сипап өтірікшілер бәйгесіне түскенде бұл екеуі қырық өтірігін өлеңмен, қырық өтірігін қарасөзбен тебіренте толғап берген жетім баладан ғана қалмаса басқаларға сөре берісе қоятын түрі жоқ. Бұл жарыс былай басталған еді:
Ерлі-зайыпты Мәлік, Мәлике Қарағұловтар алғаш Алматыға келгенде бес баласы бар болатын. Балалардың бәрі де сарыауыз, үрпекбас балапан сияқты, ана сүті аузынан кетпеген, бойы бекіп, бұғанасы қатпаған үйелмелі-сүйелмелі еді. Оның үстіне шешесі бар, барлығы сегіз жан еді. Олар бір үйден бір үйге көше жүріп Дүнған көшесіндегі 22 үйде пәтерге тұра қалды. Пәтер табылған соң үлкен семьяның бас-аяғы жиналды, бір ошарлы жан болды. Осы кезде пәтер иесі қыңқыл шығара бастады:
— Балаларың береке қоймады, ертеден кешке дейін шұбырып тыныш таппайды.
— Апыр-ау, баланың аты бала, бес бала көзіңе мыңғырған актылы қой, алалы жылқыдай көрінгені ме, шұбырады дейсің.
— Жоқ үйді босат. Ақшасы көп, адамы аз семья тауып аламын.
Қыңқылдың аяғы қиынға айналды. Ертеніне-ақ көктемнің аласапыранына қарамай пәтер иесі үйден оларды қуып шықты. Үлкенге бұл ештеме ете қоятын емес, мұрнының қаспағын, бетінің сатпағын сүрте алмай жүрген балаларға қиын болды. Әрең дегенде әлде кімнің үйіне бес баласын бес жерге орналастырып, елге пана болар, ақыл айтар, дана болар деп әке-шеше Алматы қалалық совет атқару комитетіне келді. Өтірікшілер бәйгесінің басталар жері де осы болды.
— Өздеріне керегі үй ме, үй дегенге әлі кіріп үлгірмейсіз, ол многодан да көп болады,— деді председатель Мамонов,— балаларың бар екен, ә, балалар біздің бақытымыз, балалар біздің болашағымыз. балаларды бағаламаушыларды біз аппараттан аластадық. Жұмыс істемейтін жалқауларды жойдық, пәтер бөлуге қара қылды қақ жаратын әділ адам қойдық. Бір айналып соғыңыз, сопаң еткізіп ордерді қолыңа ұстата саламын.
Ерлі-зайыпты Қарағұловтар қатты қуанып кетті. Қуанбағанда ше, анау-мынау адам емес, председательдің өзі, Мамоновтың өзі айтып отыр. Балаларды бағалай білгенін көрмеймісіз. Сол бір күндері жарғақ құлақтары жастыққа тимей, Алматыны алпыс аралап, тоқсан түгендеп жүріп, Қарағұловтар Байғанин көшесіндегі 15- үйге көшіп барды.
— Балаларың көп екен, ақшаны көбірек төле, — деді үй иесі.
— Пәтерге қарай төлемеймін бе?
— Онда үй тауып ал.
Қарағұловтар Мамоновқа қайта келді.
— Сізге деген үйді салып жатырмыз, я, я, балаңыз бесеу, шешеңізбен алтау. Екеуіңізбен сегіз. Сегіз жерде тоғыз жетпіс екі. Балаларға ауа көп керек, кең, жарық бөлмеде жайраңдап өссін түге! Балалар бөлмесінің терезесін оңтүстіктен түсіртіп беремін, күннің көзін көріп, күлімдеп ессін, түге!
— Ә, бәрекелде, рахмет рахмет, — десті ерлі-зайыпты Қарағұловтар.
— Жоқ, рахметті қойыңыз, рақатын көріңіз бумен жылытамыз, кемшілікті құртамыз.
Уәде әзірге үй бола алмады. Ертеңіне Қарағұловтар Гараж көшесіндегі 18 үйге көшіп бара жатты. «Балаларың маза бермеді, көш» дегенді естіп, Қарағұловтар қалалық советке тағы келді.
— Балаңыз бесеу, шешеңмен...
— Жоқ балам алтау.
— Я, алтау, шешеңізбен жетеу...
Бұл жолы қаулы шығарылып, қағаз жасалып, қай көшедегі. қандай үйден берілетінінің бәрі тегіс тізімге алынып, Қарағұловтардың қолына табыс етілді.
— Енді қанша тимес үй болса да алармыз, — десті Қарағұловтар.
— Мүмкін сенің үй алатынын, жайында хабар берерміз, — десіп қалжыңдасты Қарағұловпен радиохабар бас басқармасында бірге істейтін жолдастары.
Осы үйдің қаланған кірпішін күнде санаумен арада бір жыл екі ай уақыт өтіп кетті. Үй бітіп жөнелдемеге келгенде Мамонов бұрынғы айтқан сөзден, жазған қағаздан танып, үй берілмесін деп шыға келді. Міне, балалардың қамқоршысы, керек болса! . Осыдан кейін Қарағұловтар қыс көзі қырауда, ми қайнатқан ыстықта мұнша адресті жайлап, қыстап тарта берді. Тартпағанда амалы қанша, үйдің майын сатып күн көрген қызылқұлақтар балаң көп деп шыжғыра береді. Ол адрестер былай басталатын: Гараж көшесіндегі 18 үйден Восточная көшесіндегі 33 үйге, одан 14 линиядағы 76 үйге, одан Тастақтағы колхоз мүйісіндегі 6 үйге, одан Комсомол көшесіндегі 170-«а» үйге, одан 4 линиядағы 112 үйге, одан 4 линиядағы 42 үйге, одан қайтадан Комсомол көшесіндегі 170-«а» үйге, одан Қаракөл көшесіндегі 33 үйдің қорасына... Қорадан бірде күн өтіп, бірде су өтіп отырғанда Қарағұловтардың аянышты халін көрген Алматыдан көшетін бір азамат өзінің 12 шаршы метр үйін алып қалуды ұсынды. Қарағұлов екі өкпесін қолына алып, Мамоновқа келеді.
— Сізге ол үйді беруге болмайды, семьяңыз аз, балаңыз алтау-ақ.
— Ойбай-ау, ол бұдан бір жыл бұрынғы еді ғой, балам жетеу, шешеммен сегіз, екеумізбен он.
— Түу әлі де екі шаршы метрі артық қалды-ау, жарайды сізге қияйын!
— Уһ! — деп демін бір-ақ алды Қарағұлов.
Ал шынында бұл үй кісі басы бір шаршы метрден де келмеуші еді, оның үш шаршы метрін пеш, тамақ істейтін орын алатын. Сонда тоғыз шаршы метрдің он кісіге қаншадан келетінін есептей беріңіздер.
Бұдан кейін Мамонов Қарағұловтарға аудандық атқару комитетіне барыңдар дейтінді шығарды. Ауаткомының председателі Иванцов Қарағұловтардың жайын алғаш естігенде:
— Қалалық советте не бар, қазір бәрі ауданның қолында, үйді үстіңізге үйе саламыз, — деп еді. Қазір бұл көп өтірігінен алыстаңқырап, төрешілдікке таман барып қалды. Тіпті ол:
— Немене, балаңның көптігін міндет қыламысың, балаң болса қайтем, — дейтін болды. Шынын айту керек, Қарағұловтар бұл сөзді үй жалдаушы жолдастардың аузынан талай естігенімен аудан басшысынан ести қоямын демеп еді. Бұдан кейін олар аупартком секретары Әкежановқа жайын айта барып еді, ол коммунист адамның аузынан шықпайтын сөз айтты, көңіліне келсе де айтпасқа болмайды, оның бұл сөзі Мальтус теориясымен үндесіп жатты:
— Жағдайың жоқ екенін біле тұрып, баланы неге көбейте бересің.
Бұл сөздерді естіген Қарағұловтың нақ осы Әкежановтың өзінің үйді асықша атып, бірнеше үйге көшкенін ойлады. Ал Мамонов пен Иванцов туралы бір қорытынды жасады: ақылы жоқ басқа бадырайған көз бітеді, пәтуасыз ауызға судыраған сөз бітеді десті. Өтірікті аршындап өлшемейді, онда тұлдыр жоқ дегіміз келеді оларға. Өтірікші осындайдан суайт атанады. Бірақ оған әуес бола бермеңіздер, қанша келістіріп айтқаныңызбен ертегіде болмаса өтірікке жүлде жоқ.
1957