Әдебиет
Түпке жеткен қу мансап!
Жуалы ауданына қарасты Карл Маркс атындағы колхоздың осы бір мал жайылымындағы он шақты үйден құралған ауыл қазір күнде ізі шу, құм қуыт болады да жатады. Әуелі мұнда Дәуіт Айтқұлов бригадир болды. Өзіміздің сүйегімізге сіңген мансапқорлық, даңққұмарлық ауруға төтеп бере алмай Айтқұлов аттан түсті. Себебі не? Себебі «бірлігі жоқ елден без, қайыры жоқ көлден без» дегендей осы аз ғана ауыл бірін бірі қораштап, тышқан ұстайтын мысықтай аңдысады да отырады. Оның үстіне осы ауылдағы ендігіге ақыл айтар ата болған Сарыбай алпыстан жетпіске беттеп бара жатса да мансапқа таласуын, жастардың аяғынан шалуын қойған жоқ.
— Япыр-ай, Сарыеке-ай, балалармен таласпасаңыз етті, — дегендерге ол:
— Е, атамыз қазақ болғалы бері мансапқа таласып келген жоқ па еді, ол кәдемді өзім өлмей қоямын ба! Ақсақалсайды ақсақал билемей, иегін кектұқылдап қырып тастаған қырмасақал билемек пе!? Бозбала бастаған ел оңбайды, құралай бастаған киік оңбайды дегендей, Сақалым сапсиып мен тұрғанда, иегінде қылшық жоқ балалар жүрмек пе?!
Сарыбайға тақау отырған біреу: «қой асығы демегін қолыңа жақсы сақа қой, жасы кіші демегін ақылы асса аға қой» деп те айтпап па еді, сол атаң қазақ»,— деп ақыл айтқандай болып еді, Сарыекең саспады:
— Meн жүз жасап жүйкем құрып тұрғаным жоқ. Жетпісімде жетектегі аттаймын, — деп есе бермеді.
Міне Аксақалсайдағы ауылдың берекесінің кетіп қиыр-шиыр болатыны да осыдан басталды. Мұнда тұратын алты-жеті әскер семьясы, төрт-бес үй жасы асқан адамдар арасында алакөздік пайда болуы да осы Сарыекеңнен еді. Сарыбай алдымнан артым озсын дейтін тілеуші адам болмады, ол өзінің мансапқорлық пиғылын іске асырудың қамына қатты кірісті. Осы кезге дейін бұрын орындап, біріне бірі сүттей ұйыған ауылдың қаймағы сыпырылып, айран тамып, ашып кетті. Ақсақалсайға бригадир болу Сарыекеңе өмірлік мүддедей көрінді. Сөйтіп колхоз председателі мен ауылдық советтің председателін қонаққа шақырып жүріп Сарыекең ыңғайын келтірді де. Ақмағамбетті ақтарып, қазы қартаны көлденең тартып, сырын жайып салғанда Петровка ауылдық советінің председателі Валин:
— Сырдың суы сирақтан келмейді, ондайларды орайластыра саламыз, — деп те қалды. Үш күннен соң Сарыбай бригадир болып шыға келеді.
Бұдан бір жыл бұрын Сарыбайдың ұлы Қабыл алты айлық санитарлық курсты бітіріп, қай жолмен-болса да Жуалы ауданының мал отарының мал дәрігері болып белгіленді. Бір үйден аталы-балалы екі «өкімет» шығуы олардың көңілдерін көншітіп, кеуделерін аяққаптай қылып, арақ ішпей мас болды. Аяғын қайдан басарын білмей, шалқаңдап та, талтаңдап та жүретін болды. Пай, пай, шіркін мансапқорлық-ай!
Сарыбайдың бригадирлігі алақандай ауылдың апшысын қуырып, күнін бір тұтам етті. Аяқ астынан ұрыс көтеріп «көрсетермінді» көбірек айтатын болды. Сарыбай Ақсақалсайдағы он үйді жамандап, күніне күбітігі колхоз басқармасына жазба баяндама түсіріп жатты. Ауылдағылар да көре тұрып қарап қалмады. Сарыбай төбемізді ойып барады деп өткен-кеткенге шағым шертті. Мұндай суық сөз жата ма, қайта айналып Сарыбай құлағына шалынып, ол іштен «келістім кезекті» тосып жүрді.
«Сендерді ме» деп жүрген ашулы күннің бірінде ауылдық советтік председателі Валин, оның хатшысы Дученко, тағы бір екі кісі машинамен келіп сау етіп түсе қалды. Жоғары-төмен жан ұшыра шабуылдаған Сарыбай арақты әкеліп, қойын сойып, қолын қусырып мейманын күтті. Жайылып жастық, иіліп төсек болды. Мансап ағалары келгенде сырқырама бел, қарауындағы ел бәрі де ұмыт болып, оның көз алдына ерттеулі ат, қолдағы қамшы басына бақыт болып байланғандай сезінді. Айла-шарғының шаңырағын ортасына түсіретін Сарыбай танауы астынан сөйлей жөнелді:
— Мынау ауыл маған бағынбай барады, осында бірнеше жылдан бері салық төлемейтіндер бар, олар еркінсіп барады, соларды бір тезге...
Сарыбай тілегі табанда орындалып, шаш ал десе, бас алатын «ұр да жық» бастық Валин мен Дученко Сарыбайдың санатқа іліну намысын қорғап, ауылға тәртіп орната бастады. Сөйтіп олар әй-шай жоқ ауыл шетіндегі Рамазанов үйін тінтті. Мұнын не екенін түсіне алмаған кәрі әже үйге ұры кірді ме деп не істерін білмей, «аттан» салды. Әскер семьясының үйін әптер-тәптерін шығарып, олар көрші үйді, одан шығып бірнеше үйді тіміскілеп кетті. Сонымен басбұзар бастық Валин әскер семьясының қарттардың бәріне табанда салық салды. Тіпті не істерін білмеген соң олар үйде жатқан терілерді тиеп, ауылдың берекесін кетіріп жатқанда азамат соғысына қатысқан Болтай Барлыбаев шыға келгенде тінтуші тентектер теріні түсіре салып, қасқыр көрген қойдай быт-шыт болды, машинасына міне қашты. Байқай келгенде Сарыбайға тартқан бастық Валин де мансапты шоқпар деп түсінетін, шаш ал десе бас алатын дүмшелердің бірі екен.
Бірақ Валин мен Сарыбай жорығы онымен бітпей биыл ауылға тағы тінту жүргізді. Ауылға әлек салып, азан-қазан етті. Ақсақалсайдағы жәбірленген жұрт не істерін білмей, қынжылды. Ал мансапқорлар шапши түседі. Бұл не деген тінту? Бұл не деген совет адамын жәбірлеу, арына шек келтіру. Жамбыл облыстық прокуроры бұл жыл сайын болатын тінтуді не деп ұғады? Валинге қай прокурор рұқсат етті?
Жоқ, ешкім де рұқсат еткен жоқ. Оны облыстық прокурор өзі тексерсін. Алтауды ала қылған, ауыздағыны жырып әкеткен, түпке жеткен қу мансапқорлық-ай! Өзіңді ұстап алып жаназа маршын ойнап, салтанатпен көмсе, «шоқ, шоқ, сол керек» дер едік-ау!
1977