23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Қырық құрақ






Қылышын сүйреп қыс келеді. Жапалақтап қар жауып, жапырақ бетін жабатын уақыт та таяу. Қыс келетінін басқа ұмытса да жетісулықтардың ұмытатын жөні жоқ. Ми қайнатқан шілдеде де Талғар мен Саржалақ басынан көрініп тұратын қар қысты қалай ұмыттырсын. Тоңдырамын тоныңды сайла дейді.

Ақтауда тон тігетін де, пальто тігетін де, манто тігетін де кәсіпорындар жоқ емес. Бірақ, расын айту керек, ала жаздай жиналып айтқанымыз әләулай дегендей осындағы фабрикадағы көп жұмысшы сарыла бір жұмыс істеп көрген жоқ. Уақыттың көбі үздік-создықпен өтіп келеді. Олар істемейін демейді-ау, істеуге жұмыс жоқ. Осындай қыс қарсаңында бірі пальто, бірі манто тігіп отырса, оны тігіп отырғандар да, оны кигендер де жарасып қалмай ма? Жылы киіммен халықты қамтамасыз ету қандай ардақты міндет десеңізші.

Фабрикада ертелі-кеш елтірілер түсіп жатады. Үлкен-үлкен тендер жеткізіледі. Бума-бума бөлектері де болады. Жылмиған жылбысқа, салаба-салаба сенсеңдер де кездеседі. Сақалы салбыраған теке терілері де бар. Жеткізіліп жатқан нәрсенің көлемді шумағын, ауырлық салмағын көріп жұмысшылар қуанысып та жатады. Киімнің неше түрін жасап шығаратын болдық қой деседі.

Аздан кейін тең шешіледі. Әуелгі шешілген тең сарышұнақтың терісі. Жіп-шуы кесіліп, теңін шешісіп тұрғандар бір көңілденіп қалды. — Дұрыс, дұрыс! Шын, бізге керегі осы. Санап жібер, —деседі. Жоспар бойынша үш миллион болуы керек еді, бар жіберілгені бір жарым. Яғни жоспардағының жартысындайы ғана. Жарты болғаны жақсы болмаған ғой, жұмыс та, оның өнімі де жарым болады деген сөз ғой. Жұмысшылар ренжіп қалды.

— Істейтін жұмыстың өнімдісі осы сарышұнақтың терісінен болушы еді, оның өзі жарты болды ғой десті жұмысшылар. Нақ осы кезде бір жақтан бракердің ащы дауысы жаман естілді.

— Ойбай-ау, өзі жоспардағының жарымы кеміп отырғанымен тұрмай оның жартысы тағы брак болып шықты. Көпшіліктің көңілі «брак» деген дауысқа ауып кетті. «Өзім кесір таппай жүргенімде менен кесір сұрайды қыз антұрған» дегендей, өзіміз брактан құтыла алмай жүргенде...

Олар ерінбестен-ақ санай бастады. Сарышұнақтың әкелінген терісі жарым болса да жақсы болмады. Көпшілік терідегі түрлі тесік, теңбілдерді әңгіме ете бастады.

— Мына бір сарышұнаққа шешек шыққан екен,

— Мынауы қотыр болған шығар.

— Мынаны қақпан қырыққан екен.

Сөз осылай шұбала берді. Бәрі де мехпен айналысып келе жатқан адамдар сарышұнақтың терісін әп-сәтте-ақ сорттап бітірді. Брак бес жүз мың болды.

— Апыр-ау, мұны бізге жіберген кім?

— Баяғы қайыс-әбзел заводы да.

— Дәп өзі, одан басқа кім дейсіз?

— Сонымен бес жүз мың брак болып шығып, жұмысшылар үндемей қалысты.

— Қайта жіберу керек, бас басқармаға айту керек.

Оған уақытысымен-ақ айтылды. Бірақ басқармада үн жоқ. Бастығы Басымбек жаманатты болып қайтсін, жаман болған осы мех фабрикасы-ақ жаман болсын. Он қолын сол қолымен қалай кессін. Бәрібір өз жаны ауырмай ма? Қайыс-әбзел заводы да өзіне қарайды.

Тағы бір тең шешілді. Бірақ сабалақ жүнді тері болып шықты. Бұл жоспарда атымен жоқ нәрсе екен. Ештеме етпес десті тұрғандар. Осынша дүниенің ішінде бір тең сабалақ тері ешкімнің ішін жармас. Олар оны тәуірлеп тігіп жіберетіндіктерін айтып жатты Тағы бір тең тағы шешілді, сабалақ тері... желке жүні дүрдиіп, құйрық жүні қайқайып... Бұдан кейін тағысы-тағы сабалақ тері болып шыға берді, шыға берді. Осындай сабалақ терінің он бір мыңы шықты. Жоспарда белгіленбеген әупілдік терісінің осыншасын жіберген екен. Мол қол-ақ екен шіркін!

— Апыр-ау, жұрт сабалақ теріден басқаны кимесін деген бе, — деді біреуі, күйіп кетті білем.

Теңнің бірінен соң бірі шешіле берді. Бірінен қоян терісі шықты. Бір жылға қоян терісі де шыдайды, осы түгел болса екен деген тілектер болып еді, ол да жоспардағыға жетпей қалды.

Бұдан кейінгі шыққан мехтың бәрі де шұрық-тесік, салаба-салаба, ілуде болмаса іліп алар бірі жоқ. Сабалақтанған сенсеңдер, қызылшақа жылбысқа, жота жүні дүрдиген бөрібасар, шешек шыққан сарышұнақ. Қысқасы айтқанда тамтығы жоқ терілердің бәрі осында жіберілген. Жоспарда бар нәрсе жоқ болған соң жоспар қалай орындалсын, жаман болған осы фабрика жаман бола береді.

Осы кезде тағы бір тең шешіліп кетті де, жұрт соған аңтарылып қалды. Жеті мың түлкі шықты. Жоспарда жоқ нәрсе. Ленинградтан әкелінген.

— Мұны кім алдырған?

— Әрине Басымбеков шығар.

— Мұны не істейміз?..

— Бұл фабрика түлкі терісін тігуге икемделмеген екен. Оны зорға дегенде Москваға жөнелтпек болды. Бұл түлкі терісінің де арманы жоқ Ленинградтан, Алматыдан, Ақтауға, Ақтаудан Москваға жөнелтілді.

— Түрксибтің арқасы ауырмас, жібере сал, — деді Басымбек.

«Барыменен базар, жоқты қайдан қазар». Фабрика коллективі іске кірісті. Шоқпыт-шоқпыт сарышұнақ терісін тоқсан жамап, қырық құрап киім тіге бастады. Сеңсеңнен сабалақ, бөрікте жасалынды. Бәрібір айтып айтпай немене тері-аяқкиім өнеркәсібі бас басқармасының бастығы Басымбектің «тәуір» басшылығы арқасында. фабрика бес миллион сомға қарыз болды. Іске жарамсыз сарышұнағын қайыс-әбзел заводына қайтадан

ал деуге аузы бармай, оң қолын сол қолымен кесе алмай Басекең отыр. Ақтау мех фабрикасы қырық құрақ шығарып жатыр. Жоспар айдан айға орындалмай қала береді, қала береді. Қора төрінде жататын әупілдек терісі болмаса фабрика тақыр мұзға отырып қалғандай екен, оның болғанына да шүкіршілік.

1953