23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Ұрының еншісі






Әуе айналып жерге түскен июль айынын бір жексенбі күні еді. Күн түскіліктен ауса да әлі де шаңқайып түр. Көшеден асфальттың мүңсіген исі шығады. Ол ашық терезеден үйге жетеді. Қарт Алатау соншалықты бір адам айтып жеткізбейтін ерекше көрікпен Алматы үстіне үңіле түседі. Қаланың көшелері ми қайнатқан ыстықтан балбырап ұзын шынарлардың көлеңкесін тасалайды. Бар жан-жануар күн көзінің ыстығына шыдамайтындай жар қабақтарды, үйлерді, ағаш саяларын қуалайды. Менің де енді ғана біраз дамылдауға төсекке беттеген шағым еді. Есік қоңырауы шылдыр ете түсті. Мен есікті аштым.

Есік алдында еңгезердей қара жігіт тұр. Көзіме ә дегеннен түскені бетіндегі тыртығы. Беттен тыртық көрсем-ақ кеше бұзықтары есіме түседі. Бұрынырақта Қаскелеңдегі балалар үйінде беті тыртық Тайлақбай деген бұзық болып еді. Балаларды бір шыбықпен айдайтын. Тайлақбай осы жерде де ойыма орала кетті. Бұл жігіттің киімі жұпынылау. Көнетоз боз костюм бір кезде тәуір болғанға ұқсайды. Қазір жағасының қос қыртысы бүктеліп, ажымды беттей мыж-мыж болып қалған. Шалбардың қыры жоқ. Ол шамасы фабрикадан шыққаннан кейін сыну дегенді білмесе керек. Тізеге кептелген жері қалталанып шығып кетіпті. Бірақ тым былғаныш та емес. Сегіз шабулы боз кепкасын оң қолына қысып ұстап алыпты. Екінші қолында кенеппен тысталған кішкене қол чемоданы бар.

— Сіздің үйге кіруге бола ма?— деді ол маған тура қарамай.— Тура бір жыл іздедім сізді.

Өтірікшілердің сөзі осылай келеді деп тұрмын ішімнен. Республиканың барлық бұрышынан маған бума-бума хат келіп жатады. Тіпті олардың шала сауаттылары толып жатыр. Бірақ сол күпшегі бұзылған ескі арбаның ізіндей жазулар да тауып келеді. Кейде жолдастар мені сұраған біреулерді туысқаным болмаса да шатасып үйге жіберіп қояды. Солардың бәрі табатын адресті бұл тепсе темір үзетін және осы заманғы көзі ашық жігіт қалай таба алмасын.

— Ұзақ іздеген екенсіз,— дедім күліп.

— Егер келеке етсеңіз ізімше қайтамын. Бірақ мына чемоданды осында тастаймын. Онда кейін сіз мені іздейтін боласыз және сіз мені өмір-бақи таба алмайсыз.

Осы әңгіменің шет-жағасына үй-іші, бала-шаға тегіс үңілісіп қалды. Есіктен біреу қараса-ақ балалардың қоса жүгіретін әдеті. Өйткені үлкен қаладағы бірін-бірі білмейтін көршілерді балалар біледі, үйін, қай есік, қай пәтер екенін қатесіз айтып береді. Сондықтан да адасқан біреу болса адрес айту үшін анталайды. Ал бұл келіп тұрған адасқан біреу емес, біздің үйді төте тауып келген адам.

Көзім оның қатулы қабағына түсті. Бет-жүзін шолдым. Шынымен әңгімелесе алмай, осы үйге кіре алмай кетер ме екенмін деген ой оны тынышсыздандырып, бет« аузы құбылып, тықыршып кеткенін аңғардым. Ол қалтасынан кір-кір, термен әбден илектеніп қалған орамалын алып маңдайын сүртті.

— Мен сіздің қатал адам екеніңізді де білем, сонда да үйіңізге келіп тұрмын,— деді ол орамалын қалтасына салып.

Мен ойланып қалдым. Мүмкін шынымен жұмысы оңаша ғана айтуды керек ететін адам шығар. Өмірде адам баласы білмеген, біліп болмаған сыр көп қой.

— Кіріңіз!

Ол бір аттап үйге кірді де, аяғындағы көнеріп, ақ жұлықтанған, үлкендеу болғандықтан басы судан шыққан қайықтай қайқайған ботинкасын тастады. Бір қызығы аяғындағы шұлығы ең соңғы өрнекпен жасалған, ине-жіптен жаңа. Жігіт төргі бөлмеге өтуге азырақ қорсынғандай тұрды да, баяу басып келіп шеттегі орындыққа отырды. Қалтасынан орамалын алып, тағы маңдайын сүртті. Сонан соң:

— Менің әңгімемді мүмкін болса бөлмеңіз. Өзіңізден басқа кісі естімесін,— деді ол маған ә дегеннен кесімді шарт қойып.

— Жарайды. Құп.— Ол түнеріп, қабағын тарс түйіп жерге қарап кетті.

— Мен ұрымын,— деп бастады ол сөзін, қайта басын көтеріп, маған тура қарап, қасын қақпастан.— Менің атым әзірге сіз үшін Айтыртық болады. Мына сол бетімдегі тыртықты көріп отырсыз. Бұл табиғаттың менің бетіме әдейі басқан белгісі. Мен қарғыс атқан адаммын.

Бұл сөздерді естігенде зәре-құтым қалмады. Әйтсе де өзі тапа-тал түсте келсе, мені азды-көпті бір жыл іздеген болса, одан несіне қорқамын. Еш нәрсе білдірмеген болып отыра бердім. Ол тамағын кенеп, қайта сөйледі. Тамағын сәл кенеп, қоңыр даусымен сөзді бастап кетті.

— Мен қарғыс атқан адаммын,—деп қайталады ол. Қабағын шытып, бар бас терісін тас түйін етіп маңдайына жинап алды.— Сізге өмірімнің бәрін айтпаймын. Уақытымды көп алады екен деп қорықпаңыз. Жеті класс бітірген соң кездейсоқ жүргендерге елігіп, ілесіп кеттім. Әке-шешем ерте өліпті. Қазір жиырма беске келдім. Соңғы он жылда істегенімнің бәрін айтсам түңіліп кетесіз, сондықтан оны да айтпаймын. Бірақ өткен жылдан бері менің жолым болмады,—деп ол қатты күрсініп қойды. Мұның несін маған айтады екен деп біраз таңдансам да, майын тамызып, әдемі сөйлегеніне, әңгіме айта алатынына мән беріп, енді бөлмеуге, тегіс тыңдауға бел байладым.

— Нақ осы сіз туып-өскен қалаға өткен жылдың апрель айында жел аударған қанбақтай бір соққаным бар. Соқа басынан басқа ештемесі жоқ, біреудің қолына қараған адам не оңушы еді. Кәсібім ұрлық болатын. Сондай бір, кімнен нені жұла қашсам екен деп жүрген кезім болатын. Сіз жалпы адамның мінез-құлқын, оның ішінде қазақтардың мінезін жақсы білетін адамсыз. Біз де өз тарапымыздан олардың хал-жайын, жай-күйін зерттеп білетініміз бар. Адамсыз адамның күні жоқ деген халқымыздың қағидасын білесіз ғой. Ортадан бөлек жүрсек те, біз ұрылар да адамсыз күніміз жоқ. Оларсыз тамақ іше алмаймыз, оларсыз киім кие алмаймыз. Сіз, әрине, іштей мені жеп қоя жаздап, жек көріп отырсыз. Оны сезіп отырмын. Солай болуы керек те. Үйіңізге келген соң қазақ пейілімен үндемейсіз. Оны да жақсы біліп отырмын. Дегенмен де мені сабырмен тыңдаңыз.

Содан тамақ таба алмай таңертеңнен аш бұралып келе жатқанмын. Көшенің арғы бетінен ауылдан келген бір еркек пен бір әйелді байқай қалдым. Олар әдетте қаланың тік бақайларындай емес, молдау, еренсіздеу ғой. Философиясын қара мынаның деп кіжініп отырсыз ғой, олардың мол екенін, ондай-пұндайды есіне ала бермейтінін, қысқасы олардың жанынын кеңдігін сіз де жақсы білесіз. Кейде ұрылар олардың бірдеңесін ұрлап алып зар қақсатады. Сонда оларға жаны ашымайды деп ойлайсыз ба, тіпті де олай емес. Менің өз басым оларға қатты күйінемін. Бәрін ауылындағыдай ашып салады да жүреді. Сонан соң кейде қарның аш, киімің жыртық кезде оңай олжаны ала қоясың. Әйтпесе біз де тамақты қиналып тапқанды ұнатамыз. Ондай қиыншылықпен алғанымыз сіңімді болады деп есептейміз. Ұры да арамдықпен істегенімен, арам да болса еңбек етеді деп Горькийдің айтқанын білетін шығарсыз. Шынында ол да өз қадарынша енбек. Ұрлық істемей жан сақтау, ұрлық қылмай өмір сүру деген менің миыма кірмейтін нәрсе еді. Өйткені өзіңіз ойлаңызшы, бір нәрсеге машықтанған адамды қисық-қыңыр болса да, ол жолдан тайдыру қиын ғой. Мысалы шопанға шопан болу, қой бағудан оңай іс жоқ, ал комбайншыға егін орудан оңай жұмыс бар ма? Мәселен ғұлама дәрігер ғалымға, сіз жазатын кішкентай ғана фельетоннан, бір күн ішінде он кісінің соқыр ішегін кесу әлдеқайда оңай көрінеді. Осымды өтірік дей алмайсыз ғой.

Әрине менің айтқанымның бәрі дұрыс емес шығар. Бірақ олардың ішінде шындығы да бар. Міне сонымен маған ұрлық істеуден, қалта тілуден оңай нәрсе жоқ сияқты. Тіпті қарным тоқ, киімім бүтін болса да мен оны қоя алмаспын деймін. Сіз маған темекі тартуға рұқсат етіңізші,— деді ол менің бетіме тура қарап. Қалтасынан ең арзан шылым —«Арқар» шықты. Оның бірін алып тұтатып, түтінді үстін-үстіне сорып-сорып жіберді де, құмары қанғандай, ішке тартқан түтінді ішіндегі қапастан шығарып жатқандай қайта будақтатты.

— Содан жаңағы екеуінің жанына жақындасам, алдында тағы бір әйел кетіп барады. Ол қалаша киінген. Бірақ тым мәдениетті емес, ол да қалаға жана келіп тұрған адамға ұқсайды. Жанасыңқырап келіп әңгімелерінің түрін байқадым. Ауылдан келген әйел піскен бауырсақтай қып-қызыл, екі ұрты салбыраңқы, беті қалыңдау адам екен. Оның күйеуі сып-сыпа, қарны шықпаған, орта жасқа келе қоймаған, жауырыны қақпақтай адам. Ал олардың қапшығы алдынғы қала әйелінің қолында сияқты. Кейде қаладағы туысқандары ауылдан келгендеріне пысықситын, олардың көшені білмегенін келекелейтін жаман әдеттері болады. Оларға менің өзімнің тіпті жаман жыным келеді. Сонда бар өнерімді соған салуға тырысамын. Өнерін ұрлық болса, керемет екенсің деп отырсыз ғой. Егер маған тағдыр өнерді ұрлық етіп жазса, онда мен оған кінәлімін бе?

Сонымен әлгі үшеуінің біраз сөзін тыңдап бара жаттым. Ауылдан келгендердің екі ұлы бар екен. Өздері бүгін қалаға қоныпты. Балаларына киім-кешек алмақ. Байқауымша қаладағы әйел анау әйелге мәтібилеу сияқты. Өктем-өктем сөйлейді. Демек олай болса, ақша қала әйелінде болады деп түйдім де, жандарын сипай адымдап, алдарын кесіп өттім.

— Атанның басын аларсың,— деді алдыңғы әйел мені танығандай. Жалт қарап едім, ол тура маған қараған сияқтанды. Оларға өзімді ұмыттырыңқырап жіберіп, көк базардың қайнаған ішіне кіргенде, сыртынан бақылап жүріп тауып алдым. Көкбазарда өңкей кішкентай көк дүкендер тізіліп тұрады. Ауылдан келгендер көбіне осы жерде болатындықтан барлық дүкен мұнда өз өкілдерін ұстайды. Екі әйел келіп резина товарларын сататын кішкентай дүкенге кезекке килікті. Олар алдына таман жақындағанда мен де әркіммен жағаласа сүйкене-сүйене жеттім-ау. Қала әйелі әлгі қолындағы қара қапшықтың бауын иығына асып алған. Қапшықтың ақша тұратын негізгі бүйірін тура әйелдің қолының - қары басып тұр. Не де болса нақ сол жерде жатырсың ғой деп нобайлаймын. Қат-қат жатқан көк ала қағаздар көз алдымнан елестеп-елестеп кетеді. Шіркін, қолға бір тисе ғой.

Кезектің алдына келдім. Жанағы екі әйел қатар тұр. Артынан кимелей мен де тұрдым. Нақ осы бір сәтте маған ұқсас біреу кезекке кимелей кетті. Екеуміз көзбен ұғыстық. «Іздеп жүрсін бе» деді ол. «Ия, өзіміз» дедім мен. Қысқа қайырыстық. Алдыңғы әйел алдына алысырақта қойған балалар ботигін алуға ұмтылып, қомпаң етіп қолын соза берді. Міне, қағып кететін сәт осы. Қолымдағы ұстараның қылпып тұрған майысқақ жүзімен тартып жіберіп, кірпік қаққанша ішіндегі ақшаның бәрін қағып әкеттім. Оң қолымның сұқ саусағы удай ашып барады. Шаруаны бітірген соң «ал сендер-ақ алыңдаршы» деп кезектен шығып, ашуланған болып, еңкелектеп жүріп кеттім. Дүкенді айнала беріп, зытып берейін. Бүйтіп көрген күнің құрысын деп отырсыз ғой. Оныңыз рас. Бүйтіп көрген күні құрысын. Ондай кезде жаның тырнағыңның ұшында тұрады. Әлгі кезек алдында сап ете түскен бауырым бірге зытып келеді. Үлкен олжаға ортақтаспақ. «Қанша екен?» дейді. Мен оларға сенбеймін. Өйткені ондайлардан аузымның күйгені бар. Сондықтан бәрін жалғыз істеймін. Кейде, ондай қосамжарлап жүргендер әдейі жүрген милиция қызметкері болады. Сондықтан «әне қуып келеді» деп былай шыға жүгіріп жөнелдім.

Екі-үш көше айналып, әлгі өзімдей сұңғытқа қарамды көрсетпей ұзап кеттім. Қала әйеліне ерегісемін деп, ауыл әйелін құртып кеттім-ау деп іштей елжіреп те келемін. Сіз мені сөкпеңіз, ұрының да жүрегі бар. Ол да адам баласының басына кездескен тағдырға ортақтасады, Бірақ оларға тағдырды қолдан жасағаны есінен шығын кетеді. Сонысы болмаса оларда кәдімгідей адамша аяушылық білдіреді. «Ұрыға құдай жоқ» деген қазақ мәтелін мен өзім ұнатпаймын.

Сөйтіп сол жүгіргеннен тура вокзалға дейін жүгірдім.. Артымнан қуған ешкім болмаса да, аттандаған ешкімді көрмесем де қарамды үздіріп кетіп, көп ақшаға жалғыз кенелмек болдым. Вокзалдың арғы жағына өтіп, қаптаған қалың вагондардың арасына кіріп кеттім. Енді байқаймын, оңашарған сияқтымын. Қойынға тыққан ақшаны суырып қолыма алдым. Неге екенін қайдам жүрегім аттай тулап қоя берді. Әйтеуір жақсылық болса жарар еді. Кім біледі, кенелдім бе деп кекірейіп отырғанда біреу кеңірдегімді суырып аламын деп бас сала ма қайдам. Әйтеуір жүрегімнің жаман хабарды осылай беретін әдеті еді. Жан-жағыма қарадым. Түскі әлетте мен сияқты қаңғыбас сорлыдан басқа кім болушы еді. Қыбыр еткен жан жоқ. Тек анда-санда көшелерден өткен трамвайдың қоңырау даусы ғана келіп тұр. Темір жол басы тып-тыныш. Әуелі тызылдаған саусағыма қарадым. Сөйтсем ұстара өз қолымды да кескен екен. Сіз білмейтін шығарсыз, қалта тілетіндердің он қолы дәкемен ораулы болады. Оның себебі аңқаулар қолы ауру деп ә дегенде жабыса алмайды. Екіншіден қылпып тұрған ұстараны жалаңаш қолмен ұстағаннан дәкемен ұстаған тәуір. Дәке сырғып кетіп, ұстара саусағымды тіліп түсіпті. Қолымды тандым.

Қолымдағы ораулы ақшаның сыртқы газетін жаза бастадым. Газетте бір космонавтың суреті бар екен. Көзі тесірейіп маған өршелене қарап қалыпты. «Мен аспан әлемін шарлап жүрмін. Ал сен арамтамақ біреудің табан ет, маңдай терімен, адал еңбегімен тапқан ақшасын ұрлайсың. Ұятың қайда, қып-қызыл жігітсін» деп тұрғандай. Төрт бүктелген газетті теуіп жіберіп, алысқа түсірдім. Бірақ космонавтың өткір көзі өнбенімнен өтіп барады. Орнымнан атып тұрып, жүгіріп барып газетті төңкеріп тастадым. Көңілім жай тапқан сияқтанды. Ақшаның сыртын ораған газетті ақырын алдым. Жүрегім су ете түсті. Тағы тулап жүріп берді. Өйткені ішінен көрінгені ақша емес, тағы газет. Ендігі газетті тез аштым. Лақтырып жібердім. Ішінен тағы газет көрінді. Ерінімді қатты тістеп тастағанымды кейін білдім. Аша бердім. Ашқан сайын газет шығады. Мен жүйкемді жеп, колым-қолыма тимей ашуланып тез-тез аштым. Әлі газет, әлі газет. Ақыры соңындағы газеттің ішінен үміткер едім. Ол да зая кетті. Тартылып біткен бір шылымның түбі ғана шықты. Ырым етіп аузыма апарып едім; ерніме ілінбеді. Тартарың таусылып бітті деп тұрғандай. Газетті жерге былш дегізіп бір қойдым. Қайдан газет мен ош алатындай былш ете түсуші еді, жеп-жеңіл. Шамадан тыс зор парашютпен түскен ұшқыштай оп-оңай жерге қона қалды да менің жұлынғалы тұрған жүйкемде жұмысы не, көп макулатураның біріне айналып, апрельдің ызғын желіне бір шеті көтеріле түсіп, желпілдеп жатты.

Қалшылдап апрельдің жылы күнінде тоңғандай болдым. «Түпу, иттің баласы!» деп дауысымды шығара жерге бір түкіргенімді өзім де артынан сездім. Қазақта ішінен ойлаған нәрсесін сыртына естірте айту әдеті бола бермейді. Ондайларды қазекем жынды деп есептейтінін сіз де білесіз. Ал көшеде ашуланып сөйлеп бара жатқандарды көріп көп күлгенім бар. Сонда мұндай ойын бұрқыратып сыртқа шығармауы біздің халқымыздың қасиетінің бірі деп қатты қадірлейтінмін. Енді міне, менің де нақ сол бір сөйлеп бара жатқанын білмейтіндер сияқты даусым шығып кетті. Масқара емес пе, бұл. Ал сонша еңбектенген нәрсенің ішінде ақша болмай бос болуы, ақша бар деп екі-үш километр жерді арам тер болып босқа жүгіру—бұл жындандырмай қояр ма, сірә? Нақ осы жерде қарным да ашып жүріп берді. Ішектерім де біз бос қалдық дегендей шұрылдап барады. Жылап жібере жаздадым. Не істерімді білмей қатты састым.

Сіз білесіз бе, осындай сәтте мидың ерекше тез істейтін қасиеті бар. Миымның бір талшығы аян берді білем, бұл жер қауіпті ғой деген күдік ойыма сап ете қалды. Шынында мына қаптаған вагон арасында не қылып жүр демес пе? Тек мына вагондардан бірдеме жымқыра кеткісі келгендер ғана менше сағалап жүрсе керек-ті. Сонан соң бұл жерде қарауыл милиция қызметкерлері қаптап жүреді. Біреу «азамат документіңізді көрсетіңіз!» десе мұштай болмаймын ба? Зытып кеттім. Былай шыға бере ойыма әлдене түсе қалды. Бағанағы қала әйелі «атаңның басын аларсың» деп маған айтқан екен ғой деген ой басыма орнап алсын. Шынымен-ақ мені алматылықтар танып қалғаны ма? Мүмкін. Сол сәтте 1-Алматыға жөнелдім. «Бір айналдырғанды шыр айналдырады» дегендей қырсық бір айналдырса біріне бірі қабаттаса береді. Жортқанға жөргем ілінбей жүргенде тағы бір тосын пәле киіп кетпей тұрып бұл жерден жоғалмақ болдым. Қызыл ит қыңырт кеткенде тұрақ өзгерту кей елдің салтында бар. Қырсықты адастырмақ болдым. Келе-ақ аштығыма қарамай, бір товарлы поездың тормозына жармасып кеттім.

Ұрлықтың ақшасын, табысын ұстағанда жақсы-ау. Табыс дегенге күлмей-ақ қойыңыз. Ол біз үшін шынында табыс қой. Бірақ мәңгі артыңнан біреу қарап тұрған сияқты. Міне бұл жолы да мені бүкіл Алматы халқы іздеп жүргендей көрініп, үрей жайлап барады. Бүйтіп көрген күн құрысын. Бір адамның бетіне тура қарап сөйлей алмайсың. Бала да, шаға да сені ұстап берейін деп тұрғандай, жан-жағыңның бәрі анталаған жау сияқты. Содан ұзын сөздің қысқасы Жамбыл қаласынан бір-ақ шықтым. Бір айдан аса уақыт сонда өлместің, былайша айтқанда бұралқы иттің күнін көріп жүрдім.— Нақ осы бір кезде есіктен әйелім басын сұғып, «шай әкелейін бе?» деді маған.

— Мен біржола бітірейін, мұрсат беріңіз. Шайды ішерсіз.— Айтыртық менен жауап болғанша маңдайын оң қолымен сүйеп төмен қарап, тесіліп қалды.

— Жарайды, өзім айтармын,— дедім әйеліме. Айтыртық жеткерініп алып, ұзын сонарлы әңгімесіне қайта басты.

— Сонымен Жамбыл қаласында жүріп жаттым.— Бұл маған шошырлық болып естілді. Жамбыл қаласында дейді, ә. Япырай! Абыржыңқырап қалдым. Бірақ білгізбеуге тырыстым.

— Біліп отырсыз ғой, бұл былтырғы жылғы май айы еді. Одан бері міне, бір жылдан аса уақыт өтті.

— 13 май?!—дедім мен жұлып алғандай ашуым да келіп кетті. Айтыртық бұл жолы менің қобалжығаныма көңіл аударған жоқ. Солған сәбіздей сазарып өз әңгімесін соза түсті. Мен енді үндемеуге бекіндім.

— Иә, 13 май күні алпыс бесінші жылы тағы құдай екен не береді деп Жамбылдың вокзалына келдім. Құдай дегенімнің де жөні бар. Біз құдайға да кейде жалбарынып алатынымыз жоқ емес. «Қашқан да құдай дейді, қуған да құдай дейді» демей ме?! Ұры дегеннің өзі қайдан не түседі деген қасқыр сияқты ғой. Қасқыр да табиғатында ұры мақлұқ. Ол қырға шығып алып ұлиды екен дегенді естіген боларсыз. Сонда ол «жеті күн жерден бер, жеті күн елден бер» деп құдайдан тілеу тілейді екен демей ме. Біз де сол дала тағысы сияқтымыз. Айырмамыз аз. Ол дала ұрысы, біз қала ұрысы. Одан артықтығымыз тіліміз, адамша ойлай алатындығымыз. Ал ол құдайдан екі бірдей жағынан сұрайды екен. Ол бізден артықтығы. Неліктен дейсіз ғой. Өйткені ол «жеті күн жерден» деп тілегенде жерден қағатын тышқан, сары шұнақ, тағы басқаларын айтса керек. Ал «жеті күн елден» дегені жұрттың малын ұрлауы. Сонда қасқыр екеш қасқырдың да ырзық терер өрісі бізден гөрі кеңдеу болды ғой.

Вокзал басында біраз қаңғып жүрдім. Бір кездері Алматы — Москва жүрдек поезы келді. Одан көп адам түсті. Мен поезд вагондарына кірмек едім, оның ыңғайы келмеді. Сонан вокзал сыртына шықтым. Таңертеңгілік абыр-сабыр кез. Жаңбыр жауып өтіп ауаны тазартып кеткен. Таза ауаны сіздер тілейсіздер. Ал ұрыға күннің жарығынан түннің қараңғысы жақсы, күннің ашығынан боранды, тұмандысы жақсы. Біз де әдемі күнді, таза ауаны қалаймыз. Бірақ ол біздің кәсібімізге жарамсыз. Сондықтан күннің ашылып кеткені көңіліме ұнамай тұр еді.

Нақ осы кезде бірсыпыра адам поездан түсіп вокзалдың сыртына шықты. Есік алдындағы асфальтта тұрған бес-алты ғана жеңіл такси болатын. Шынын айтқанда біз ол таксилермен өшпіз. Өйткені олар жолаушыларды біздің қолымызға түсірмей алып жөнеледі. Бірақ әйтеуір ол әзір көп емес. Сонымен ол таксилерге қанша адам сыйсын, біразы кетті де, екі адам қалып қойды. Оның бірі қолында торы, онда екі батоны бар, киімі жұпыны, өзі бойы аласа адам. Көзге қораштау. Жанындағы адам бет-жүзі оқыған, зиялы адамға ұқсайды. Құбалау жігіт. Бірақ оның да киімі тым әдемі емес. Үстінде сары сүр жұқа сулығы бар, оның күлпарасы арқасында жатыр. Қызыл жіп атқан, мыжылмайтын, сары-қоңыр болгарлық костюмі бар. Басында болгар матасынан тігілген сары-қоңыр бұжыр кепка. Ал.қолындағы кішкене былғары чемодан іші толы болуы керек, оң қолы зорға көтеpiп тұр. Нақ осы чемодан менің көкейімді тесіп барады. Санаммен сартша байып ішіндегі қалаға барған соң киетін асыл киімдерді олжаласам бір жыл киім іздемес едім деп қоямын. Оның ішінде жатқан мойылдай қара костюм, қатырма жағалы ақ көйлек, түлкі тұмсық қара ботинка менің үстімде тұрғандай сезіндім.

Ол жігіт маған қой көздерімен ата бір қарады. Менің соңғы сәнмен тігілген әдемі костюмім оның көзін алдай алмады. Ол менің не ұры, не тентек екенімді сезе қойды. Жанындағы адам екеуі таныс па екен деп сөздерін байқап едім, ондайы сезілмеді. Ендеше құдай берді. Бірақ сезіп қалғаны қиын болды. Қазақта «аңдушыны алушы жеңіпті» деген мәтел бар, оны білетін шығарсыз. Ақыры ол менің ұры екенімді сезгенімен мен оны жеңдім.

Таксиге іліне алмаған екеу автобусқа келді, Автобуста адам онша көп емес еді. Әлгі кісі екі кісілік орындыққа жалғыз отырды. Мен оның артындағы орындыққа жайғастым. Былғары чемоданды өзімен қатар түкпір жағына қойды. Бірақ ол отырған орындықтың артқы көпшігі жоқ еді, ол оған мән бермеді. Мен оны әдейі нақ сол жерге отырғызу үшін кимелей барып, соның артындағы орындықты басып алғанмын. Екі аялдама өтіп, қала ортасына жақындағанда автобусқа адам Лық толды. Жаңағы кісінің жанына бір жуан сары әйел отыруға ыңғайланды. Жігіт оған ығысып орын бермек болды. Бұл кезде мен басқаларға білдірмес үшін еңкейе беріп орындықтың артынан былғары чемоданды суырып алып та қойдым. «Ойбай өтіп кетіппін» деп автобустан түсіп жөнелдім. Қолымда кетіп бара жатқан чемоданның кішкентай болғанымен ауырлығына қуандым.

Сіз енді әңгіменің қайда жылыстап соғарын біліп отырсыз деп шамалаймын. Бірақ шыдап арғы жағын тыңдаңыз.

Сол күні мен Жамбыл қаласынан шығып Байқадам селосына қарай жол тарттым. Оған бармай жолда Аса өзеніне түсіп қалдым. Майдың тамылжыған күні қыздырып барады. Бұл тақыр өзеннің жағасынан бойлап жүре-жүре жалғыз өскен бір оңаша селдір ешкіталды зорға таптым. Соның көлеңкесіне келіп отырдым. Екі қалтамдағы жарты-жартыдан бөлініп салынған батонның бір жартысын құр суға матырып, қарпып-қарпып жедім. Сонан соң айдалада Айтыртық батыр олжасына қарық болып батпақ еді. Чемоданның аузы кілтсіз екен. Оған ішімді бір жиып қалдым. Ашсаң аш, саған жарар мұнда ештеме жоқ дегендей оның аузы бос тұр. Ашып жібердім. Өңкей қағаз, кітап. Ауырлатып тұрған солар болып шықты. «Жоны қашқан итке дайрақ табылмас» дегенді білетін боларсыз. Мен бұл жолы шын жылап жібердім. Бұл менің өмірімде бірінші рет жылауым еді. Қанша таяқ жеп, қанша төбелесіп, қанша қиыншылық көріп жүргенде бір тамшы жас шықпайтын көзден жас парлады-ай келіп. Неге дейсіз ғой. Қайта-қайта ұрланған ыдыстың бос болуы ұрыларда жаман ырым. Алматыда болғаны анау — құр қағаз ұрладым. Қолға түссем сол үшін-ақ мені соттап жіберер еді. Енді міне тағы да түк жоқ. Демек бұл ұры қолын ит жалағаны — ебі кеткені, Ендеше бұдан былай не істейтінімді ойлауым керек, Чемоданды лақтырып жібердім. Е, оның маған не керегі бар? Итке темір не керек дегендей жан сақтай алмай жүрген менің қалың-қалың кітаптар не теңім. Көпке дейін Асаның әлсіз ағысына кеңкиіп құр қарап отырдым.

Әлден уақытта чемоданның жанына қайта келдім. Осы чемодан маған ыстық көрінді. Мен оған аз да болса (арам болса да) еңбек сіңірдім ғой. Чемоданды қолыма алып қарай берейін десем арасында қолжазба дәптерлер көрінеді. Кітаптар өзіне басқа. Дәптердің бір-екі бетін ашып оқып едім, әншейін балалық шалалықты жазған күнделік екен. Күнделік болған соң бұл кімдікі екенін білгім келеді. Аты жоқ. Оны басынан түсіп алып тұрып оқыдым. Біреудің кеудесіндегі сырын білгеннен қызық бар ма? Бас алмадым. Екі дәптерін бітіргенімде күн батты. Әртүрлі адамдардың аттары бар. Бірақ дәптердің бір жерінде ат-жөн, пәлендікі деген сөз кездеспейді. Не істерімді білмедім. Ымырт жабылып қас қарайғанша тағы бір дәптерін оқыдым. Онда бір қызық жай кездестірдім. Мен сықылды бір ұрының қалтаға қалай түсетіні, қалай ұрлайтыны, тек жүрген адамдарға қалай тиісетіні туралы жазылған екен. Соншалықты қызыға оқыдым. Бірақ ұры жайынан әлі кейбір нәрселерді білмейтінін де аңғардым. Енді осы жазылғанның бәрін не де болса оқымай қалаға қайтпауға бекіндім.

Бірақ ашпын. Жалғыз батонды жеп бітіргенмін. Сондықтан чемоданды осы жерге қалдырып үлкен қара жолдың бойына шықтым. Машиналар анда-санда болса да өтіп жатыр. Ойым бірер күндік нан сұрап алу. Екі «волга» тоқтамай зуылдап өтті. Осындай апақ-сапақта кім басына пәле тілесін. Ұры-қары деп ойлауы да ықтимал. Әлден уақытта үлкен жүк машинасы ыңыранып келіп тоқтады. Шофері зор орыс жігіті екен.

— Қайда бармақ, едің?— деді ол гүрілдей сөйлеп.

— Ешқайда да. Нан сұрайын деп едім.

Шофер одырая таңданып қарады. Жақын арада ел жоқ. Малды ауыл да көрінбейді. Сонда бұл қашып жүрген адам шығар дегендей басымнан аяғыма дейін қарап етті. Ақыры кабинасына қайта басын сұғып, үлкен бір булка қара нан берді.

— Рахмет!—дедім мен. Ол «саулығыңа же» деп жүріп кетті.

Мен ол күні далаға ұйықтадым. Ай далада өзім сықылды ұрының — дала ұрысының ұлығанын естідім. Мүмкін оны білмей ұйықтап-ақ қалар едім, жаурап жиде қағып шықтым. Ерте шығатын май күні көтеріле бере, Аса өзенінің батыс жақ жарлауыт қабағына отырып, күнделікті оқи бастадым. Бұдан кейін бірнеше қол жазба әңгімелер бар екен. Оларды да оқыдым. «Ынжық» деген әнгіменің аяғы жоқ болып шықты. Бірде бірінде фамилия, ат жоқ. Енді мен адам баласына үлкен қиянат жасағанымды есіме алдым. Мен өмірімде өз атымнан екі жол жазу жазған адам емеспін. Соған қарағанда жазу өнерінін қиын екенін нобайлаймын. Менің ойымда қалғаны —«оқу инемен құдық қазғандай» деген сөз. Қиын болмаса бұл неге айтылсын деймін.

Сіз білесіз бе, менің сол күнгі өзімді өзімнің жеп қоя жаздағанымды ешқашан айтып жеткізе алмас едім. Адам болып дүниеге келген жанның хайуанға айналуы қандай аянышты. Сол жерде, елсізде өзімді өзім өлтіргім де келді. Шынын айтқанда ол кезде өз жанымды қия алмадым. Ал, мысалы, бүгін маған өмір онша қымбат емес сияқты. Осылай менше көз түрткі болып, ит көзі түтін танымас өмір сүргенше, адамдық өмірді хайуандықпен өткізгенше өлген жақсы емес пе? Әрине өлім деген сөзімді сіздің жактырмайтыныңызды білемін. Сонда да шынымды айтып отырмын.

Ия, айтқандай чемоданның ішіндегі нәрселерді тегіс айтпаппын. Белинскийдің (үш томдық) жуан-жуан үш томы; күнделік дәптердің 1938 жылғы 15 апрелінен 1948 жылдың июнь айына дейінгі бөлегі. «Жаудың сарқыты» деген повестің нобайы түсірілген блокнот. Ұсақ-ұсақ қолжазба әңгімелер Олар бірнешеу. Екі-үш фельетон бар. Бір майка, бір ішкиім. Tic тазартатын щетка, иіс сабын, әтір. Бар болғаны осы. Әңгіменің, фельетоным сол елсізде бәрін оқыдым. Бұл басқа біреуге күлкі болып та көрінер. Бірақ елсізде жалғыз оқыған әңгімелер, сықақтар маған қатты әсер етті. Енді мені дүние, ұрлық қызықтыруды қойды. Тек осы чемоданның иесін тапқым келді. Не істеу керек?

Мен мейлі сеніңіз, мейлі сенбеңіз сол күннен бері ұрлық істегенім жоқ. Болар-болмас ақшасы бар деп бір чемоданды ұрлап, ішінде маған бір тиынға керексіз, бірақ түбінде халық мүлкіне айналатын нәрсені иесінің қолынан жырып әкеткеніме қатты өкіндім. Өкінгенде амал нешік. Ол мен сияқты шала сауат адамның қолында бір топ қағаз ғана. Дегенмен енді иесін белсеніп іздемек болдым.

Бір мекемеге, не кәсіпорынға, шаруашылыққа кіріп жұмыс істеуге бір жапырақ қағазым жоқ. Мен сияқтылардың жексұрын — арамтамақ ат алғанын да білемін.

Ондайларды Бақанасқа жібереді дегенді де естігенмін. Ол Бақанаста мен үшін онша қауіпті жер емес екен. Оны да бір кезек шолып сүзіп өттім.

Ақыры соңғы бір жыл ішінде қайда болдың дейсіз ғой. Талас өзенінің аяғы бөлініп-бөлініп ағысын баяулатады. Кәрі Талас Алатаудан тасқындап келіп, осы бір далаңқы төңіректе тоқтау су сияқтанып ойдым-ойдым болып қалады. Сол жерде атақты Талас қаракөл қой совхозы бар. Мен сол төңіректегі етек-жеңі мол қазақтардың арасында жүрдім. Бір жылдың жартысын әркімнің қызметін істеп, біреудің қойын қайырып, біреудің отынын жарып, біреудің суын әкеліп дегендей түрлі іс атқардым. Адал істедім. Сол кезде қай күні қайда жүрсем де былғары чемодан қолымда. Оны кейбіреулер мен құсап іші толған ақша шығар деп те жорамалдады. Бірақ кезі келген жерде жоқтан өзгені сылтауратып мен оның іші толған ешкімге керексіз қағаз екенін көрсетіп қалып отырдым. Әйтпесе бір Айтыртық қолтығына қысып кетсе, ендігі өміріме арқау еткен чемоданнан айрылып қалмаймын ба?!

Бір күні қоныс өзгертіп, Талас мойнындағы совхоздың тағы бірінің алыстағы бөлімшесіне келдім. Оның қай совхоз екенін сізге айтуымның керегі болмайды. Тентек қашанда тентектің тілін біледі. Ферма басқарушысының баласы маған үйір болды. Екеуміз бірнеше күн бірге жүрдік. Бұл кезде февраль болып, қар кете бастады. Қар астынан көк көрініп, жер бусанып, жіпсіп жатты. Өлмеген, тіршілігі бар адамға тағы жаз шеті көрініп келеді. Тек жібімейтін, мейірленбейтін мен ғана екенімді, қуанбайтын мен ғана екенімді осы жерде еске алдым. Күйініп кеттім. Күйгенде, өртенгенде не істемекпін. Басында бір бұзылған өмірді түзету оңай болмайды екен. Сізге мұның біразын әдейі айтып отырмын. Өйткені басыңыздан жарым-жартылай болса да жетімдікті кешірген адамсыз. Оларды сіз түсінуіңіз керек.

Ферма басқарушысының тентегі кез-келген шофердің машинасына отырып жүргізе береді. Оны шоферлар еркелетеді. Бір күні кеш алдында ол бір машинаның рулінде отыр екен. «Сені басайын ба?» демесі бар ма әлгі есіріктің. Мен қай оңып тұрған адам, «басып көр» дедім. Ол машинаны жүргізіп келіп жіберді. Мен бұлт ете түстім. Әйткенмен машина мені қағып кетті. Етпетімнен құладым. Жұрт жиналып қалды. Көзімді ашып чемоданымды іздедім. Оны біреу алып берді. Қайта құлап түстім. Тіл-ауызды қойдым. Сұлық жатырмын.

Машина тез даяр болды. Мені аудан орталығына әкетіп барады. Көзімді ашып «Жамбылға, танысым, докторым бар» деп бөліп-бөліп айтып, қайта құлап түстім. Төрт сағат бойы ыңыранып жүк машинасының қорабында жатырмын. Басымда тентектің өзі отыр. Аяғымда тағы біреу.

Жамбыл қаласындағы үлкен аурухананың біріне әкелді. Шекемдегі болар болмас шыққан қанды аналардың көзін ала беріп бет-аузымның бәріне жақтым. Оным әйтеуір аурухана алсын дегенім. Мені тез қабылдады. Біздің еліміздің керемет жақсылығының бірі емнің тегіндігі ғой деп ойлаймын. Әкелгендер менің оларға танысқандағы фамилиямды айтып жаздыртты. Чемоданымды да өткізгенін біліп жатырмын. Үш күннен соң есімді жиған болдым. Міне, нақ осы ауруханада жатып чемоданның иесін іздедім.

Әуелгі бір ай ішінде «Жұлдыз» журналының бес жылдық номерін тегіс оқып шықтым. Одан «Ара» журналын қарадым. Сондағы іздеп жатқан әңгімем «Ынжық». Оны іздеуімнің мәнісі мынада. Мендегі әңгіме білгіштердің айтуына қарағанда екінші дана. Сондықтан ол газет-журналдың бірінде басылуы тиіс. Ауруханада «емделген» бес ай ішінде (онда тіл-аузым жоқ, мылқау болатынмын) екі жүздей кітап, Қазақстан журналдарын қоймай бәрін оқыдым. Ақыры «Ынжықты» таптым. «Мәдениет және тұрмыс» журналының бұрнағы жылғы бір номерінде екен. «Таптым» деп бар дауысыммен айғайлап жібердім. «Таптым, таптым» Дәрігерлер, сестралар жүгірісіп, мына жігіттің тілі шықты десіп шуласты. Жиырмадан жасы жаңа асқан адамның мылқау болып қалғанын кім қаласын. Оны тіпті ойлап отырсам, адам баласының басына бермесін дейтін нәрсе екен.

Мен тұңғыш рет адамның адамға деген қамқорлығын осы ауруханада көрдім. Осы ауруханада бірталай білім алдым. Бір жаман жері бір айлық аурумен ауруханада бес ай жаттым. Мұның да мемлекетті алдау, қылмыс екенін білемін. Алайда бұл жолы мен жақсы үмітпен, арам пиғылдан арылу үшін қылмыс істедім. Бұл жолы арамдық уын езген құрттай рахаттанып іштім, ішкенде келешекте оның тамшысын татпау үшін іштім. Мен мұны өзіме айып көрмеймін. Өзін өзі жұбатты деп ойламаңыз. Имандай сырым осы, Мүмкін бұл менің істеген соңғы қылмысым шығар. Менде әлі де үміттің оты бар. Ол өшкен жоқ. Сол мені осында жетелеп келді. Адам өмірбақи үмітпен өмір сүреді. Мен ұрлық істеп, тентіреп жүргенде үмітті едім. Ол үмітім арам пиғылдың, қатыгездіктің қаныпезерліктің үміті болатын. Адамшылықтың жылт етер үміті болса, ол менде енді тұтанды, енді ғана шоқтанды. Енді оны бір уәлі ауыз тамызық салып үрлеп, жағып жіберсе, бәрі де орнына келеді.— Осы жерге келгенде ол сөзінің аяғын тығылып айта алмай, булығып, жылап жіберді. Екі-үш рет өксіп-өксіп алды. Мен тіпті есеңгіреп қалған сияқтымын. Не істерімді білмей ойланып, ойланып емес-ау, ештеме есіме түспей меңірейіп қалдым. Айтыртық желкесі өсіңкіреп кеткен, көзіне түскен қап-қара қайратты шашын сілкіп артына қайырып тастады. Көзінің жасын бұл жолы орамалмен емес, жеңімен құрғатты. Ол бірер минут үнсіз тығылып қалды. Сөзін қайта жалғастыру оған қиын болып отырғанын байқадым. Ол көптен ішін кернеп, ащы шындықты жалқаяқтай сыртқа ақтарып тастағанына жеңілденіп, арқасындағы батпан мойнынан түсіп қалғандай кеудесін көтеріңкіреп отырды. Мен үндей қоймаған соң осма жағып әдейі көргендей әдемі қара қасын қабағымен бір көтеріп қойып, қайта сөзге ойысты.

— Мен адам қамқорлығын,— деп бастады Айтыртық,— ауруханадан көрдім. Одан бұрын адамның адамға жаны осынша ашитын бауырмалдығын білмеуші едім. Әркімнің есігінде өскен менің көргенім босаға, естігенім «иттің күшігі». Бұдан кейін менен қандай адамгершілік күтесіз. Чемодан иесін журналдан көрген соң-ақ сол күні кетпек едім, дәрігерлер бес-алты күн бойы жібермеді, қайта енді бұрынғыдан жақсы күтті. Ақыры қайда баратынымды сұрап, жолыма билет алып берді. Сол соңғы бес-алты күн тіпті жақсы өтті. Маған біреу «Социалистік Қазақстан» газетінің тігіндісін әкеліп берді. Онда мен іздеген әңгіменің авторы жиі басылып тұрады екен... Енді маған оны табудың ауырмалдығы жоғын шамалаған шығарсыз. Кететін күні маған науқас адамдар ешкімім жоқ екенін білген соң ақша жинап берді. Сол қаражатпен осында жеттім. Білесіз ғой, мейманхана қабылдамайды. Өйткені оған да документ керек. Сондықтан үш күннің ақысын төлеп, біреудің үйіне қондым. «Жаман б