23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Ақ сайтан






Шымбай табиғатында момын жаратылған адам. Бірақ жаманның да жаманы, адам таппас амалы болатыны сияқты, ол өзін танылмаған талант, жұрттан асқан данышпанмын деп ойлайды. Өйткені сонау елуінші жылдардың басында үлкен бір шеберханада істеп жүргенінде киіз үйдегілер пайдаланатын дөңгелек стол төңірегіне қойып адам отыратын үлкендігі отау үйдің темір ошағындай тапал орындықтар жасағаны үшін өндірістік жиналыста мақталғаны бар-ды. Осы мақтау Шымбайға пәле болып жабысты. Осыдан кейін-ақ ол өзін осы заманның алып әуе кемелерін жасаған Туполевпен, Яковлевпен қатар қоятынды шығарды. Тіпті бір жиналыста ол тура былай деді:

— Конструктордың бәрі бір!— Бұл өзім де конструктормын, өйткені тапал орындықтар жасадым дегені екенін жұрт жақсы.түсінді. Естіген әйелдер жағы бетін шымшып, енді біразы еріндерін қымқыра тістеп, еркектер озу тартып теріс айналды. Ақыры осы кішкентай нәрседен туған үлкен «мен» Шымбайды біздің сормаңдайымызға сыйғызбады. Партия ұйымы мәселе қойып, жергілікті комитет қолдап ол бізден кетті. Бізден кетерде ол тура былай деді:

— Сорларың бар байқұссыңдар, маңдайларыңа мен сыймадым ғой.— Мұны алғаш естіп, шынымен біздің ырысымыз ығысып бара жатыр ма, егер олай болса Шымбай өзімізде қала берсін деп басшыларға айтқандарымыз да болды. Кім біледі, бақ таздың басына, пұшықтың мұрнына қонады деген бар. Шеберханадағы бар пақырдың бақ-дәулеті осы теке көз, қортиған Шымбаймен бірге ере кетсе бәріміз апаннан бөлтірігін алғызған шуландай алас ұрып қалып жүрсек пәле емес пе? Оның үстіне «бәкенеден пәле шығады» дегенді былай қойғанда дүние тарихында кішкентайдан шыққан ұлы адам аз ба? Сондықтан да әдепкіде ішімізді жиып-ақ секем алып-ақ қалғанбыз. Бірақ Шымбай айтқандай шаңырағымыз шарт келіп, ортаға. түсіп қалған жоқ, керегеміз көгінен сетінеген жоқ. Бұрынғыдай-ақ түтін түтетіп, шеберханамыздың есігіне іргенек, босағасына таяныш болып жүре бердік. Бір тәуір жері Шымбаймен бір цехта жұмыс істейтін төртеуміздің құлағымыз да тыншып қалды. Өйткені екі күннің бірінде қитықтан ситық тауып, іліп-қағып бізді сілкілеп-сілкілеп алатын бастық аузына құм құйылғандай үнсіз қалды. Бастықтың бұлай үндемей қалуынан төртеуміз де іш жиып, ұлы дауыл алдындағы тымық ауа емес пе екен деп есіміз кетіп, етегімізді басын жүрдік. Бірақ артында ештеме болмады.

Бір күні көрші комбинатқа орналасқан Шымбайдың аузы-мұрны қан болып құлап жатыр дегенді естіп, «байқұс-ай, қиын болғам екен» дестік. Сөйтсе...

...Ауыз деген құрғыр тек тамақ ішу үшін жаралмаған ғой. Тіпті тамақтап бұрын оның міндеті сөйлеу сияқты. Әрәдік сөйлеп қоятын, тіпті артық айтып кетіп, артынан тамақты көп ішіп қойған адамша бей-жай тартып, ренжіп жүретініміз қанша? Сондай бір кездері көрші шеберхананың бір бөлмесінде іс тігіп отыратындардың бірін шеберхана бастығы Күркей шақырар еді. Алдымен жайбағыстап халды, бала-шағаны, үй-ішін сұраған болады. Артында не жатыр екен деп шеберлер абыржып отыратын. Қап! Осындайда құм құйылғыр ауызға құм құйып тастамасам деп іштей әлденеше уәдені де байлап-байлап тастайтын. Бастық білгізер-білгізбес, шалажансар қылып бірдеме айтады:

— Осы менің үйіме кім келіп, кім кеткені сендерге не үшін керек? Әлде мені әңгімелемесеңдер ішкен астарың сіңбей ме?— Ол күлген болады. Онысы шеберлерге күмірем қаптырамын дегендей көрінеді.

Қап! Тіліңе тыйым сал! Бір елі аузыңа екі елі қақпақ қой деп бабаларымыз қалай дұрыс айтқан. Бұдан былай бір сөз аузымнан шығарсам аузыма қара қан толсын деп олар іштей қарғыстанады. Келген соң бірер күн төртеуі бұртиысып үндеспей қалады. Сонан соң үндеместік бұлтын шыдамсыздық желі көтеріп әкетеді де, аспан ашылғандай сөйлеп үйренген ауыз қайта жыпылдай бастайды. Қайсысы бұрын сөз бастаса басқалары соған күдіктене қарап тұрады да, ескі әдет қала ма, төстен қашқан түлкіге қосылған тазыдай қалын шаң ішінде бара жатқандарын өздері де байқамай қалады.

Мынаны, деген еді қолында күзен терісінен құрастырып отырған жағаны нұсқап Әлтай деген жігіт — шамасы бастықтың әйелінің елінің аманатымен істетіп жатса керек.

— Әй қойшы,— деді Өркен,— тағы біреуіміз жеткізіп жүрерміз.— Бәрі де жым болды. Төртеуі де үндемей іске кірісіп кетті. «Енді сөйлесем аузыма қан толсын!» дескендей. Бәрі де орнынан қозғалған жоқ еді. Жаздың жаңа келе жатқан шағында қысқы зәк, дымқылдан жаңа арылған есік сықырлап ашылды да, арғы жағынан хатшы қыз көрінді.

— Әлтай, сізді бастық шақырады!— Әлтайдың түсі бұзылып жүріп берді. Ол шыға бергенде қалған үшеуі біріне бірі қарасты.

Көп айналмай, Әлтай тез келді. Қап-қара болып түтеп кетіпті. Мұрнының үстінен шып-шып тер шығып тұр.

— Мына бастықтың ақ сайтаны бар шығар. Қазір ғана менің айтқан сөзімді біліп .отыр.— Өркен орнынан қарғып тұрды. Дереу орындығының астын аударып жіберіп, көңілі орнына түскендей «уһ» деп оны жерге тарс еткізіп қайта қоя салды. Төңірегінің бәрін тінтініп кетті. Басқалары да түсініп, бүкіл бөлмені тінтіп шықты. Бұлардың сөзін жеткізетіндей еш жерде қауіпті ештеме көзге түспеді.

— Бір сұмдық болды ғой,— деді күйінген Әлтай. Ал ол жоқта қалған үшеуі Әлтайдың өзі өңін айналдырып жеткізіп жүрмесін деген күдікті де айтты. Кім біледі, кімнің ішіне кім кіріп шығыпты?! Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында.

Сөйтіп төртеуі сырттай білгізбегенмен іштей алакөзденіп, бірін бірі атарға оғы болмай жүрді. Бірақ таңертең келісімен олар қызметті төрт адам іс тігетін бөлмені тінтіп, сөз жеткізіп қоятын ештеме жоқ па деп қараудан бастайтын болды. Кейде шеберхана бастығы Күркей әңгіме арасында төртеуінің біріне қарап, кешегі бәлен деген кино қызық па екен дейді. Мұндайда алғаш бірге отыратын төртеу, бастығымыз да біз барған киноға барған екен, бізді сыртымыздан көрген екен ғой деп қоя салушы еді. Жоқ, олай емес екенін бұлар сезе бастады.

Япырмай, шынымен бастықтың ақсайтаны бар ма?— деді Әлтай арада екі-үш күн өткен соң жолдастарына қарап.— Тіпті істің жайын сөйлесе алмайтын болдық қой. Киноға барғанымызға дейін біліп отырады. Айтқанымыз айтқан заматта өңі айналып бастыққа жетеді.

Күнді күн қуып жетіп жатты. Календарьдың кішкентай парағы он рет аударылған соң өндірістік жиналыста Күркей азғантай сөз сөйледі де, аяғын былай аяқтады.

— Жұмыстарыңызды алаңсыз істей беріңіздер, менің ешқандай ақсайтаным жоқ, ақсайтандар жазасын алады!

Жұрт үндемей тарасты. Бір бөлмеде отыратын төртеу иеде болса үлкен машиналы цех тез бітсе екен, мына бір аядай бөлмеден құтылсақ екен. Үлкен цехқа көшкенше тіпті жұмыстың жайын ыммен сөйлессе де, үндеспеуге келісті. Күркейдің соңғы сөзін бұлар түсіне де алмай қалды. Соңғы сөзді өздеріне айтқан дейін десе, «жұмыстарыңды алаңсыз істей беріңдер» дейді. Неде болса әліптің артын баққан жақсы ғой десті.

Сөйтіп жүргенде бір қолайсыз жай болды. Соңғы күндер! бастығының айтқанын көбірек ойлап мазасызданды ма, әлде тіпті осы заманның жабысқақ ауруы тумау келіп қалды ма, Әлтай төрт-бес күннен бері ұйықтай алмай жүргенін, содан ба басы ауыратынын айтып еді, Күркей тіпті мұны да біліпті.

— Үш-төрт күннен бері ұйықтамай менің үйімді аңдып жүргендерді де білемін,— деді де, ол неге екені белгісіз, осы сөздердің артынан ішек-сілесі қата келіп күлді. Ұзақ күлді. Бұл да Әлтайға әсер етті ме, кім білсін, іс тігіп отырғанда аяқ астынан мұрнынан дірдектеп қап кетті. Ол есікке тұра жүгірді. Бар пәрменмен қатты жабылған есіктің бірдеңеге дүрс етіп қатты соғылғаны белгілі болды. Есіктің сыртқы жағында ағаш еденге әлдене дүрс етіп құлады да, тапыр-тұпыр дыбыс естілді. Басқа бөлмедегілер де, Әлтайдың жолдастары да есіктен пе болып қалғанын көруге мойнын созды. Үсті шаң-шаң болып, бет-аузы қан Шымбай үйелеген тоқтыша жерден тыпырлап зорға тұрып жатыр. Бет пішіні әлем тапырықтанып, түрінен адам шошығандай. Шамалы қыли қарайтын екі көзі бұл жолы тіпті қиястанып, біріне бірі атысып тұр. Көптен өтек көрмей гармонның көрігінше көп қыртыстанып кеткен шалбар тізесіне қарай тартыла түсіп, қоян сирағы ашық қалыпты. Мұрнынан қаны сорғалаған Әлтайдың ие болып жатқанына қарауға мұршасы жоқ, жуынатын жерге қарай жүгіріп барады. Аузы-мұрны қан болған екеуді сырт көрген кісі төбелесіп қалды деп те ойлар еді. Біреуі мұрнын, біреуі бетін басып алған,

Анау бұрышта хатшы қыз жер-көкті жаңғыртып күліп жүр. Күлкіден әбден сілесі қатса керек, ішін қос қолдап басын алыпты. Күлкіден тыйылайын дегенде:

— Оған сол керек,— дегенді бөліп-бөліп зорға айтады да, сөзінің аяғын күміс күлкісімен көміп жібереді. Ауызы аңқиып, не болғанын біле алмай тұрғандар да көп. Қап жалаған ауызға аяушылық білдіріп жатқандар да бар.

— Не болды?—дегендерге Шымбай бұрынғысынша көзі қылиланып, қыртиған мойны бұрынғыдан да ішіне тартыла түсіп, теріс жауап береді:

— Сенің не жұмысың бар?!

Ер болсаң бұдан кейін оған сөйлеп көр. Ол тура амандық сұраған адамнан пәле іздейді. Сонымен сәлден кейін-ақ бәрі де жым-жырт болды да, қызметкерлер қайта жұмыстарымен шұғылданып кетті.

Үш күннен кейін көрші комбинаттан да Шымбайдың жұмыстан шығарылғаны әп-сәтте-ақ кәсіпшілік комбинатының ішін жарып өтті. Бәріміздің тауқыметімізді көтеріп, бар бақ-дәулетіміз бір басына оралып жүрген Шымбай ертеңіне типыңдап, екі тізесі жазылмай кетіп бара жатты. Алғаш бәріміздің қызырымыз Шымбайдың бис сауар көнектей қапшығында кетіп бара жатқандай көрдік. Бірақ көрші шеберханадағылар сияқты Шымбайдың кеткенінен кесел келген жоқ. Ол аз уақытта-ақ ұмыт болды. Әлтайлар бұл кең дүниеде бастығы барын ұмытқандай, бір шатырдың астында өмір кешіп жүріп-ақ хабарсыз қалды. Ақсайтанынан айрылғандай Күркей де үнсіз.

1971