30 Желтоқсан, Дүйсенбі

Әдебиет

Әдина Жүсіп
Әдина Жүсіп Әбдібайқызы (1981 ж.т.) — жас жазушы.

Қара қошқар


Қыс бойы жылы қорада, жуас қойларға жалғыз өзі бастық болып үйренген қара қошқардың іші пысайын деді. Ана қойды бір сүзді, ол бұғып қалды. Мына қойды бір сүзді, ол құлаған орнында жатып қалды. Ешқайсысы қарсы тұрмады. Қошқар есіктің тесігінен даланың иісін иіскеді. «Қар иісі әлі бар. Тұра тұр, көк иісі де алыстан талып келе ме қалай?» Сол-ақ екен, қара қошқар есікті қолақпандай мүйізімен бір сүзіп құлатты да, далаға қарай шаба жөнелді. Пах, шіркін! Жолында тұрар бір мықты жоқтай. Жерді жалпағынан басып, танауды аспанға қарата ұстап еді, суық ауа мұрнын қышытып жіберді.

Артына қайырылып қарай алмай екпіндей берді. Бір төбені асты. Төбе дегенің мынау тұрған жер. Бірақ ол қошқарға көп болып көрініп тұр. Кенет, қайдан шықты, жерден шықты ма білмейді, шәуілдеген бір күшік шәу-шәу етіп бұған қарай тұра жүгірді. Дәу қошқардың зәресі ұшып, қорыққанынан бұтына жіберіп қойды. Дәу қошқар, семіз қошқар, қойларға күн бермеген қошқар, мүйізді қошқар шалт бұрылып қораға қарай тұра қашты. Кішкентай күшік соңынан қалар емес, шәуілдеп келеді. Шамасы, оған дәу қошқардың өзінен қорқып қашқаны күлкілі секілді. Жолда қошқар сәл-сәл ес жияйын деді. Іштей: «Ойбай, мына түрімді қойлар көрмесе екен. Көрмесе екен. Соларға күлкі болмасам екен», деп тілеп келеді.

Қайдағы, қойлар ашық қалған қорадан таза ауаға шығып, рахаттанып бой жазып тұр екен. Қара қошқардың, кішкентай күшіктен зәресі қалмай қашып келе жатқанын көріп, бәрі: «Мә-әә-әә-әә-ә!» - десіп күліп алды. Қара қошқар сол екпінмен қораға қойып кетті де, анау басынан бір-ақ шықты. Кішкентай күшіктің дауысы қойлардың да тізесін қалтыратып, оларды да қораға қуып тықты.

Сол күннен бері Қошқар қатты ойға берілген. Құтырып, қойларға бет жоқ тиіспейді. Тіпті оларды ұмытып та кеткендей. Қошқардың ойы: «Бір күшіктен қорқып соншама қашқанымды-ай! Өзінің тісі де өсіп жетілмеген шығар. Енді неге соншама зәрем ұшты? Бар бәле тілінде. Итше үрген тілі құтымды қашырды ғой. Жоқ, бұлай қорқақ бола беруге болмайды. Иттің тілін үйренем». Ойлана-ойлана қошқарға иттің тілі дым еместей көрінді. «Жоқ, одан да, бірден қасқырдың тілін үйренейін». Бірақ қошқар қасқырдың да тіліне қанағаттанбады. Бірден арыстанның тілін үйренгісі келді. «Арыстан қасқырдан да мықты» деп ойлады.

Мынау ой қошқарға маза бермеді. Күндіз-түні қора төрінде тұрып алып, бір жат дауыс шығара бастады. Тіпті, түсініксіз. Қойлар басында үрпійіп қараса, уақыт өте келе оған үйренісіп те алды.

Нағыз көктем шығып, қойлар да қорадан шықты. Баяғы оқиғаны қойлар ұмытып кетсе де, қошқар ұмытпады. Қорадан қойлардың соңын ала шықты. Өзін-өзі әбден дайындаған. Күш жетеді. Жүрек жетпесе де, күшпен жеткізу керек. Күшіктен қорықпау керек. Қошқардың ойын оқып қойғандай сары күшік қора маңында тұрып, дәу қошқарға үріп қалды. Қошқар да дайын тұр екен, бір-екі рет мүйізін сермеп, күшікке тап беріп, арыстанша ақырды. Аяқ астынан не болғанын түсінбей қалған күшік құйрығын қысып, қыңсылай қашты. Қошқар мәз. Бір ай бойғы еңбегі далаға кетпепті. Өрісте жүріп өз-өзін кеудеге ұрып мақтап келеді. «Міне, енді нағыз арыстан болдым!» деп қояды.

Күнде өріске барып, кешке адамның жіп-жіңішке таяғынан жасқанып, қайырғанға көніп, қораға кеп түнеу қошқардың тағы да ішін пыстырды. «Бұл маған сай өмір емес. Аң патшасы арыстанның тілін білемін. Маған кім кедергі. Әйдә, кеттім орманға» - деді де өрістен қайтар жолда жыңғыл бұтағына тығылып қалды.

Орман қап-қараңғы екен. Шын қорқынышты. Қораға мүлдем ұқсамайды. Иісі де басқаша. Кенет, алдынан бірдеңе сықыр ете қалды. Тілерсегі дірілдеп кеткен қошқар арс ете қалды. Әбден арыстанша арсылдап, арыстанша сөйлеп үйренген қошқар, аяқ асты жауынан тек арыстанша қорғанатын еді. Сөйтсек, шөпті сықырлатып жүрген қоян екен. Аяқ астынан шыққан арыстанның дауысынан шошынып, зып берді. Бірақ қоян қу боп шықты. Қошқардың арыстанша ақыра алатынын біліп қалды. Өзіне төніп тұрған қауіптің жоқ екенін білгеннен кейін, бұта-бұтаны тасалай келіп:

— Ә-й-йй! — деді.

Түннің ішінде, қап-қара орманда біреудің жай ғана «ә-й-йй!» деген сөзінің өзі қандай үрейлі естіледі. Қошқар арс етіп, мүйізімен шөпті сүзгілей берді. Қошқардың мына қылығына тырқылдап, әбден жер сабалай күлген қоянның күлкіден әлі кетіп, жасырынған жерінен шығып қалды.

— Өй, тағы сен бе? — деді қошқар еңсесі түсіп.

— Сен не, арыстанның тілін үйреніп алғансың ба? — деді қоян шын қызығып.

— Мен арыстанның нағыз өзімін ғой, — деді қошқар сыр алдырғысы келмей.

— Өй, қойшы, алдамашы, — деп қоян тағы біраз күліп алды. — Сен кімсің? Бұғының баласысың ба?

— Жоқ-әй, қошқармын! — деді ол қу қоянды алдай алмасын біліп.

— Ал сенің шын арыстан болғың келе ме?

— Келеді, — деді қошқар.

— Онда былай істейміз. Мына жерден үлкен апан қазамыз. Сен ішінде жатасың. Мен қызметкерің боламын. Сен іште жатып алып арыстанша ақырып, аңдарға бұйрық бересің. Сөйтіп екеуміз рахат өмір сүреміз, — деді қоян.

Болашақ жоспарлары туралы екеуі ақылдасып алды. Қошқар апанда. Сыртқа шықпайды. Себебі науқас. Қоян оның елшісі. Барлық істі елші арқылы тындыратын болып шешті.

Сөйтіп қоян бүткіл орманның аңдарын жинап келді. Шыныменде қоянның айтқаны болды. Орманның азулы болса да аңдары аңқау екен. Арыстанша ақыратын қошқардың дауысына сенді.

Апан ішінен қошқар:

— Маған көп қылып дәмді, тәтті шөп жинап келіңдер! — деді.

— Шөп дәмді бола ма? Ет дәмді болады! — деді қасқыр арыстанның мына сөзіне қарсы шығып.

— Асекеміз науқастанып, тек шөптен жасалған дәрі-дәрмекпен емделіп жатыр. Сондықтан тек шөп жинаңыздар, — деді қоян, аяқ асты ашылып қала жаздаған қулықтарын жуып-жайып.

Қасқыр да, басқалары да ештеңеден қауіптенбей шөп шабуға аттанды. Апан аузы түрлі дәмді шөптерге толды. Қоян екеуі шөпті таңдап жеп, аз күнде қатты семірді.

Қошқар өз өтірігіне өзі сеніп, өзін мынау орманның жалғыз қожасындай сезіне бастады. Сенгенде де тіпті қорқуды білмей сенді. Шөп көп, апан кең, салқын әрі жайлы. Қоян алдында құрдай жорғалап, барлық істі тындырып жүр. Енді қошқар:

— Аңдар алдына шығып өзім сөйлеймін. Бұйрықты тікелей беремін! — деді.

— Ойбай, Асеке, олай ете көрмеңіз. Мына мүйізді қайда тығасыз. Мынау қарынды қайда жасырасыз. Қасқыр тез таниды. Таныса ол өзін алдағанымызды біледі. Білсе болды екеумізді де құртады, — деп шыж-быж болды қоян.

— Жоқ! Кім ол қасқыр деген. Күші көп пе өзінің? Арыстанға қарсы тұра ала ма? — деді әбден тойынған қошқар.

— Ой-бой-оуууу, тісі бар ғой, оның тісі. Ол арыстанға емес, қошқарға қарсы тұра алады. Сен қошқар екеніңді ұмыттың ба?

Қоянның көп сөзі қошқардың құлағына естілсе де, санасына жетпеді. Ол жерді тұяғымен тарпып-тарпып жіберіп, мүйізін сермеп, апаннан атып шықты. Арыстанның апанынан қошқар атып шыққанда қасқыр мырс етті.

— Мынаусы несі тағы?! — деді жан-жағындағыларға иек қағып.

Оны аңғаратын қошқарда ес жоқ. Жерді тарпып-тарпып қойып:

— Бүгін шөптің ең дәмдісін жинаңдар! — деді.

Күнде беретін бір бұйрығы осы еді. Қасқырдың көзі жалт етті. Ашудан қып-қызыл өрттей боп барады. Себебі ол қошқардың сөзінен бәрін түсініп қойған еді. Әр қадамын санап басып, қошқарға тақалды. Қасқырмен бетпе-бет келгенде ғана қошқарға ес кірді. Өзінің не істеп қойғанын сонда түсінді. Қорыққанынан аяғы дірілдеп кетті. Ол өзі құлады ма, әлде қасқыр алып жықты ма, білмейді. Себебі есі аспанға ұшып кеткен еді. Аспан төңкеріліп кеткендей болды. Одан арғысы есінде жоқ. Қап қараңғы әлем...

Міне, осылайша көп құтырған қошқар орманның бір бұрышында жайрап қала берді...