16 Oct, Сәрсенбі

Әдебиет

Әдина Жүсіп
Әдина Жүсіп Әбдібайқызы (1981 ж.т.) — жас жазушы.

Үш жуа


Бiр түпте үш Жуа қатар өстi. Олардың бойлары да үш түрлi болды. Бiрi ұзын, бiрi орташа, бiрi өте қысқа едi. Бұлардан басқа Жуалар жеке-дара өсiп шықты. Бiр күнi алай-дүлей дауыл тұрып саяқ өскен Жуалардың бiрнешеуiн жұлып әкеттi. Үш Жуа аман-есен қалды. Дауыл басылған соң үш Жуа көршi Жуаны дауыл ұшырып әкеткенiн бiлдi. Сонда ең үлкен Жуа:

— Менiң арқамда аман қалдыңдар, өйткенi мен сендерден iрiмiн. Маған Дауылдың әлi келмедi, — деп қалған Жуаларға сес көрсете бастады. Күндер өтсе де, үш Жуа сол үш түрлi қалыптарын сақтай өстi. Iрi Жуа бұрынғысынан да ұзарып өстi. Ол ендi екi бауырын басқа жаққа қуа бастады.

— Сендер менiң сәнiмдi кетiресiңдер, бұл жерден кетiңдер! — дедi. Екi Жуа бауырларынан бөлiнiп, сол маңға орналасты. Олар бiр түпте екеуi өсiп жатты. Арада бiраз күн өткенде iрi Жуа одан әрi толысып, әп-әдемi айдай сұлуланып кеттi. Оның сабағының ұшына сүйiрленiп дән қауыздана бастады. Оның мақтанышы қойнына сыймай екi бауырына:

— Сендердi қуып жiбергенiм қандай жақсы болған. Әйтпесе бұлай сұлуланбас едiм, — дедi. Сонда екi Жуаның бiрi:

— Үшеумiз бiр түпте қатар тұрғанымызда бiздiң сұлулығымыз ерекше көзге түсер едi. Жұрт таң қалып “Қарашы қандай керемет, бiр түпке үш Жуа бiрдей өскен. Қандай тату, бауырмал. Бұларды үш қанат боп бiрге тұрғанда ешқандай жау жеңе алмайды” деп тамсанатын едi, — дедi.

— Қандай жау, кiм менi жеңбек. Тоқтатшы осындай сөзiңдi! — дедi iрi Жуа.

Кенет аяқ астынан қатты дауыл тағы да соқты. Бұл жолғысының екпiнi бұрынғысынан да қатты болды. Ол iрi Жуаны қақ белден морт сындырып дән шашып үлгермеген қауызын ұшырып әкеттi. Ал екi Жуа бiр-бiрiн тас қып құшақтап дауылға төтеп бердi. Дауыл басылған соң олар бассыз қалған бауырларын көрiп қатты аяды. Оны дереу өз қамқорлықтарына алды. Жуаның сынып кеткен басы сап-сары боп дөңгелене бiттi. Екi Жуа бойларындағы бар құнарын бауырларына берiп, аз-ақ күнде оның күш жинауына көмектестi. Олар қайта бiр түпке шоғырланды. Бiрақ сыптай әп-әдемi екi жуаның қасында морт сынған жуа көзге қораш көрiнiп тұрды.